
ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшіміз Шахрат Нұрышев мырза Мұқали бабамыздың қазақ халқының ғана емес, барша түркі жұртының мақтанышы екендігін, қытай халқының да баһадүрімізді ерекше қастерлейтінін, соның белгісіндей кесене тұрғызылып, көңілдегідей күтімделіп отырғандығын тілге тиек ете келе, бабалар ізімен жалғасқан бұл сапардың да Қазақстан мен Қытай арасындағы татукөршілік және достық байланыстары тереңдетудің бір тегершігіне айналары сөзсіз деді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің тұрақты түрде өтіп келе жатқан кездесулерінде де мәдени-гуманитарлық байланыстарға жете мән берілетіндігін атап өтті. Кездесу үстінде он жеті адамнан құралған экспедиция мүшелері де өз ой-пікірлерін кеңінен ортаға салды.
Осы арада Мұқали бабамыздың жерленген жерін әлденеше жылдар мұғдарында аяғынан тоза жүріп іздеп тапқан, ханзулық деректерді арқау ете «Мұқали» атты тарихи роман жазған бауырымыз Ақбар Мәжитұлына айрықша алғыс білдіргіміз келеді. Ол апта бойына өзімізбен бірге жүріп, сапарымыздың сәнін де, мәнін де кіргізді.
Асқан ақыл, айдынды айбынымен түп атасы Боданшардан тараған туыстарының бірсыпырасының басын біріктіріп үлгерген Шыңғысхан керейдің Тұғырыл ханымен бірлесе ежелгі жауы – татарларға қалың қолмен бет бұрушы еді ғой. Бұл шақыруға шатқаяқтай көнбеген қандас жүркіндіктерді қылықтарына сай қырып салып, қалғандарын алдыға сала айдап қайтқанында, арасында Мұқали да жүр еді. «Құпия шежіреде»: «...олардың ішінде Жалайырдың Төлегет байының ұлдары: Гүң сері (Күнқуар), Шұлуын қайшы, Зелме үшеуі бар болатын. Гүң-сері Мұқали мен Бұқа деген екі ұлын Шыңғысханға ертіп әкеп, бүй дейді:
Болсын құл –
Босағаңа ес.
Безсе бұл
Борбайын кес.
Еткей құл –
Есігіңе ес.
Екі етсе бұл,
Езуін тіл! (70 б.)
Көп ұзамай-ақ ол тепсе темір үзіп, шаншыса жаудың желкесін тесетін Шыңғысханның ең сенімді тоғыз өрлігінің маңдай өрлігі атанады.
Содан былай ол Теміршінің үзеңгілес серігіне айналды. Өзінің інісі Бұқамен бірге Шыңғысхан Еке Моғол ұлысын біріктіре бастаған алғашқы жылдардан-ақ оған адал қызмет етті. Он төрт жасында табысқан досына өмірден өткенінше қырық жыл ғұмырын арнады. Шыңғысханның бүкіл шығыстағы әскерінің иесі және оның Қытайдағы ұлық әмірі болды. Арда туған ақберен перзент антта тұрып, сөз жұтып, Шыңғыс ханның тарихта таңбаланған төрт күлігінің бірегейіне айналады. Тепсіне төртеуі атқа қонғанда жау үрпиіп, жер қуырылып сала беретін-ді. Түркілердің түбегейлі жұрты Моғол үстіртіндегі киіз туырлықтыларды түгел біріктіру жорықтарында жойқын бейне көзге түскен ол 1206 жылғы үш тарап шекаралық әскер бөлісінде Шығыс беттегі сол қанат түмен нояны атанады.
Шыңғыс қаған және оның айналасын індете зерттеген Мұхтар Мағауин ағамыздың пікіріне ден қоялық: «Мұқалы – жалайырдың беделді батыры және Шыңғысханның әйгілі қолбасшыларының бірі. 1170 жылы дүниеге келіп, 1223 жылы қайтыс болған. 1206 жылы құрылтайда Шыңғысхан өз мемлекетінің шаңырағын көтеріп, қоластындағы елін тоқсан бес мыңдыққа бөледі. Сонда Мұқалы бірінші мыңдықтың басқарушысы болып тағайындалады. Сондай-ақ Шыңғысханның ең мықты тоғыз қолбасшысының ішіндегі төресі де осы Мұқалы болды. 1215 жылғы, Пекинді алған шешуші жеңістен соң Шыңғысхан Мұқалы-ноянды бас қолбасы әрі ұлық әмір ретінде Шүржен шегінде қалдырады».
Мұқали патшаның Шыңғысхан аманатын қалай орындағаны кешегі кеңестік кезеңде де мойындалған-ды. Қазақ Совет энциклопедиясында: «Мұқалы Куянг (Мұқали-Куняк, Мұқыли, Мұхали (туып-өскен жері белгісіз) – XIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген әмір, Шыңғысхан әскерінің үш ірі қолбасшысының, моңғол империясындағы тоғыз сайд, орлуктерінің (орлук – құрметті атақ) бірі. Мұқалы Гауин Жалайыр тайпасынан шыққан. Әкесі Гао (шын аты Күнқуар) Жалайыр оны басқа балаларымен (Құлыққор, Шіреген, Бұқа, Тайсұн) бірге Шыңғысханға қызметке берген» деген анықтама бедерленген.
Расын айтсақ, экспедициямыздың темірқазық мақсаты – Мұқали баһадүрдің басына баруға аспан асты еліне келгеннен асықтық. Алты жүз мыңнан астам тұрғыны бар ауқымды қала құшақ жая қарсы алды. Жайлы қонақ үйге орналаса салысымен жол бастаушыларымызбен қалалық билік үйіне бағыт алдық. Юлинь қаласының басшысы Ли Шинлин мырза нөкерлерімен қуана қабылдады. Ли Шинлин мырза былайша толғанды:
– Мұқали – қазақтардың ата-бабасы. Біздің еліміздің біртұтас, іргелі мемлекет болуына атсалысқан айтулы тұлға. Құрмет тұтамыз. Қазақстаннан арнайы делегация келгендігін құптаймыз. Бұл екі ел арасындағы ежелден келе жатқан достығымызды нығайтады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бірлесе өмірге әкелген көптеген бастамаларының үдесінен де шығады бұл сапарларыңыз, деп сөз қозғаған Ли Шинлин Юлинь және Талдықорған қалаларын бауырлас қалалар жасауды ұсынды.
Өз кезегінде Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әлиұлы да Қытай тарапына жылы қарсы алғаны үшін ризалық білдірді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық байланыстарын халқымыз қолдап отырғанына тоқталды. Халықаралық «Мұқали» тарихи-танымдық экспедициясының жұмыс сапары да өзара байланысымыздың беки түсуіне ықпал етеді деп есептейтіндігін жеткізді.
Мұқали дүние есігін ашқанында үйдің ішін ақ тұман торлап, біразға дейін сейілмей қойған екен. Сонда бақсылар мұны шарана аман болса, дәуір дөңгелегінде жұлдыздай жарқырап шығарына жорыпты. Айтары не, жолбарыс жон, бидай өң, қияқ мұртты, батыл да парасатты, шешен де мерген болып ержетіпті.
Ұлы қағанның ес білгелі жүрегінің түбіне беріштей қатқан дүние – арғы атасы Әмбағайды шүржендердің азаптап өлтіргендігі еді. Өзінің үшінші атасы Қабыл ханның алты ұлы болған екен. Тұңғышы Өкім Тарханды татарлар қытайдың Алтан ханына ұстап беріп, ағаш есекке байлап, азаптап өлтіртеді. Әмбағайды да тура осындай жолмен жазалайды. Оның: «Түбінде менің ұрпағым сендерден кек алмай қоймайды» деген аманаты Теміршіні қаршадай күйінен қатты толғандыратын, есіне оралса, жегені желім, ішкені іріңге айналар еді. Кіндігінен өрген өз ұрпақтары қайтара алмаған осынау қанды кекті Мұқалидың қайтаруы Шыңғысханды айтып жеткізгісіз риза күйге бөлейді.
1221 жылы Бейжіңде Мұқалимен жүздескен оңтүстіксундік елші Чжао Хунның былай деп жазғаны бар: «Ол – қара татар. Соңғы он жыл көлемінде шығыс пен батысқа жазалау жорықтарын жасап, варварлар мен қытайлықтарды қорқытып, есінен тандыруда. Жорықтар мен әскерилерге тән барлық маңызды мәселелерді жеке-дара шешеді. Сондықтан да оны императордың міндетін уақытша атқарушы деп есептейді. ...Сымбаты көз тартады, төбесіндегі айдарды (текті әулеттерге тән – авт.) өзге татарлар секілді қырып тастауды қаламайды, тек басына орамалды шарт байлап алады, тар жейде киеді және түрлі елдердің тілінде сөйлей алады». («Мэн-да бэй-лу»).
Ұлы қаған Мұқалиды жанындай жақсы көрген.
1217 жылы тамыз айында Қытайға қатысты билік лауазымына жарлық түсіріп, ант беру бумасына алтын әріппен: «Гоуандық мәртебесі үрім-бұтағына дейін жалғассын, замандар бойы өзгермесін», деп жаздырғаны, бұған қоса хан күймесіне арналған тоғыз өрлік туын тарту етіп, шербасыларына: «Мұқали бұл туды көтеріп жарлық шашқанда, құдды мен жарлық шашып тұрғандай болыңдар», деп нұрлана кесіп-пішуі адамзат атаулыға тән сенім құдіретінің биік шыңы еді.
Рулық, тайпалық құрылымында күн кешкен бабаларымыз әу бастан ағайындықты ту ете көтере білген. Айталық, Иесуге батыр Есукей ханның елдің төбе биі дәрежесіне көтеріле білген қимас досы. Ал ұстаздық билік Шыңғысхан тұсында Саба ноянға (Қадырғали Жалайырдың арғы атасы) өткен. Меркіт қолына түскен Бөртені замандасы Тұғырыл ханның қолынан аман-есен алып қайтқан да осы Саба еді. Қысқасы, Шыңғысханның батыл да шешен, көсем де көреген тоғыз өрлігінің бәрі дерлік өзінің ет жақындарынан құралған!
Өзіне төтенше жүктелген Қаған бұйрығының қалтқысыз орындаларына көзі жете тұра Мұқылай әу бастағы туабітті табиғатына тартып, жаудың қарасынан жақтасты көре білуге ұмтылды. Қарамағына бекітілген бар-жоғы он үш мың сарбазбен қарсы беттің бір миллион күшіне айбаттана қарсы шапқан ол цзиньдіктер (шүржендер) ортасындағы ежелден оты өшпей келе жатқан сеператизмді (жікшілдік) оңтайлы пайдалана білді. Жүректеріне жол тапты. Жарық дүниені қымбат санаған жау қолбасшылары қалың қолымен аяғына жығылды. Цзиньдегі қытай, қидан-шүршіттер арасындағы ірі әскери күш осылайша Мұқалидың қатарын толқындай толтырып жатты. Қытайланған түріктер болып саналатын оңғыттардың өзі он мың қолымен бері өтті. Міне, Тәңірдің өзінің алқауы арқасында дәл осылай миллиондаған жау күшін аз қолмен-ақ сындырудың сәті оңынан келе берген еді.
Әдетте, генералиссимус – әскерді басқару қабілеті, сіңірген еңбегімен қатар Отанға деген шексіз махаббаты мен көзсіз батырлығы ерекше ескерілер әскерилер алатын жоғары атақ. Осынау атақты көк Тәңірі алқауымен жер-жаһанды ғасырлар бойына жұдырығында ұстап келген түркілерге шекеден қарар еуропалықтардың көпке дейін қимай келгендігі рас. Әйтсе де, ақиқаттан асқан төреші жоқтығына енді көзіміз жетіп отыр. Бұған да мың шүкір... Француздық тарихшы К. Д’ Оссон өзінің «Шыңғысханнан Темірланға дейін» (1935 ж.) деп аталар беделді кітабында Қытайдағы соғыс турасында былайша қалам тербейді: «1220 жылы моғолдық генералиссимус Мұқали Шаньсиді бағындырып жатқан шақта сондағы қолбасшы Шитян-ни жауланған елдердегі әскердің аса қатал әрекеттерін батылы жете айтып қалады. Тумысынан мейірімді Мұқали бұл ақиқатқа ден қойып, дереу тонаушылықты тоқтатып, тұтқындарды босатуға жарлық береді». Жалпы бұл шығарманың өне бойында автор жүрек жұтқан батырымызды әлденеше рет генералиссимус деп атап өтеді.
Асылы, көшпенділердің әскери тактикасы мен күш-жігері ежелден ешкімге дес бермеген. Шыңғыс қағанның сарбаздары бұл ретте асып түспесе, кем соққан жоқ. Темірдей тәртіптің арқасында жеңіліс таппаған олар жаһан тарихында айрықша дәріптелді. Кезінде олардың осындай ерекшеліктерін біліп келуге әдейі жіберілген Рим папасының оқымысты монахы Плано Карпини: «...Олар реті келсе, шайқасқа бірден кіріспейді, әдепкіде садақтарымен ат пен адамдарды жаралап, өлтіруге тырысады, осылайша әбден әлсіретіп барып шешуші ұрысты бастайды», деп жағасын ұстай ескерту жасаған.
Мұқалидың мергендігі мен өлшеусіз күші замандастарын қашанда тәнті етер еді. Үш жасынан атқа шауып, садақ көздеген ол қою қара түннің өзінде отты қарудан оқ жаудырғандай дәрежеге жеткен. Оның садағының серпіні 150-200 келіге тең келген. Ал жалпы моғолдық сарбаздардікі орташа есеппен 75 келі деп табылса, шүржендердікі 46, европалықтардікі 34-тен аспаған.
Телегет байдың баласы Күнқуардың талантымен адамзатты тамсантар асып та, тасып та туған асыл перзенті Мұқалидың әдепкіде жан досы Шыңғысханның бірінші түменінің тізгінін ұстап, әскерінің сол қанатын (түркілерде ең негізгі) басқарып, тоғыз өрліктің сөз ұстарына айналғаны аян! Кейінгі жерде Бейжіңнің төрінде Шыңғыс қағанның өзі сыйлаған тоғыз шашақты Туды желбіретуі ерліктің өлшемін айғақтаса керек. Кореяны тізе бүктірген ерлігі де тасқа қашалған!
Жүрегіміз аттай тулайды. Юлинь шаһарынан қырық шақырымдай жердегі Мұқали бабамыздың зиратына беттеп келеміз. «Бабамыздың мәңгілік мекенінен бір уыс топырақ алып қайтайық», деп қояды алдыға жіті көз тігіп отырған Наурыз Қылышбаев ағамыз. «Шекарадан сол топырағы-мызды өткізе қояр ма екен?» – деп Нұрғали Нүсіпжанов пен Ырым Кенен-баев ағаларымыз үркітіп те қойды бәрімізді әзіл-шыны аралас. Алдын ала айтып қояйын, сол бір уыс топырақты құтыға салып, елге жеткіздік.
Оң қапталымыздағы көмір шахтасының үстіндегі жотаға орналасыпты кесене. Әрі биік, әрі аумақты мекен. Қонақтарды күткен жергілікті халықта есеп жоқ. Кеше өзіміз жүздескен қала мен осындағы аудан басшылары қолымызды алып мәз-мейрам амандасып жатыр. Әдеттері көрінеді, моғолдардың (түріктердің авт.) байырғы дәстүріне сай алдымен дастарқанға шақырып, дәм татқызды.
Ендігі кезекте ақ мәрмәр тас төселген көлемді алаңқайға көтерілдік. Осы арада табалдырықтың қос қанатындағы үш метрдей биіктікке созылар бағаналардың ұшар басындағы күміс жалатылған жалайыр тайпасының ежелгі қос тарақ таңбасы көзімізге оттай басылды.
Тас басқыштармен жоғары өрлеп, төбеге шықсаңыз, оң қанатта аралары 2-2,5 метр жерде орналасқан, таспен өрілген адам бойындай шағын қорымдарды көрер едіңіз. Бұлар Мұқалидың жолын қуып ерлік көрсеткен және ұлық билікке араласқан ұрпақтарына арналыпты. Қорымның үстінен шоқ-шоқ тал шыбықтарды байқайсыз көкке ұмтылып тұрған. Бұл аталмыш әулеттің одан әрі өсіп-өніп жатқандығының белгісі екен. Осыдан-ақ ханзулардың көңіл қоя қолға алған дүниесін барынша мәнді де сәнді күйге жеткізетіндіктеріне қанығар едіңіз. Жиынның ресми бөлігінде ұлық әмір Мұқалиға бір топ бауырларымыз бұған дейін әзірлеп орнатқан еңселі тас-белгінің ашылу салтанаты өтті де жергілікті басшылармен бірге Еуразиялық академияның ректоры Өмірәлі Жалайыри, белгілі жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлы, бауырымыз Ақбар Мәжитұлы тебірене лебіз білдірді. Қалай толқымассыз, Ұлы Даланың шайқаста маңдайы тасқа тиіп көрмеген арда перзенті сегіз жүз жылдан кейін туған халқын тауып, жаһанға жария жайылған есімі елдігімізді әуелетіп жатса!
Мұқалидың батырлығымен қоса білім-білігі, шешендігі ұрпағына дарыған. Шыңғысхан аманатына сай Үгедей, Мөңке, Арықбұқа, Құбылай хандар да Мұқали ұрпағынан шыққан уәзірлер мен кеңесшілер пікірімен санасып, олардың адалдығын, ақыл-парасатын жоғары бағалап отырған. Ақбар Мәжитұлы бауырымыздың айтуынша, Мұқали баһадүрдің ұрпақтары Юан хандығы жойылғанға дейін Шыңғысханнан бастау алған көне дәстүрге сай, ордадағы биік лауазымға тағайындалып келген. Тіпті Миң патшалығының алғашқы кезеңінде де осы үрдіс жалғасыпты.
Құйын ойнаған құба жонда құрыштай құйылған алып тұлғалар – ұлттық мәртебеміздің мәңгілік тұғыры. Өшкенімізді жандырып, өткенімізді ұлықтауға арналған бұл жолғы сапарымыз осылайша біз күткендегіден де шырайлы шықты.
Әміре ӘРІН,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты