Өнер • 10 Тамыз, 2018

Бішкекте Құттыбек Жақыптың «Ұлы Дала әуені» көрмесі ашылды

1524 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бішкектегі Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнері музейінде қазақтың майталман суретшісі, гобелен-түкті тоқыма өнерінің хас шебері Құттыбек Жақыптың «Ұлы Дала әуені» атты көрмесі ашылды.

Бішкекте Құттыбек Жақыптың «Ұлы Дала әуені» көрмесі ашылды

Көрме заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жыл­дық мерейтойына және қыр­күйектің бірінші аптасында Ыстықкөлде өтетін III Дүние­жүзілік көшпенді­лер ойын­дарының қарсаңында ұйымдастырылды.

Көрмені қырғыз жұрт­шылығы, өнер сүйер қауымы жылы қабыл алды. Сурет­шінің қолдан тоқылған гобе­лендерінің көркем­дігіне сүйсінген көрермен көп болды. Оларды Құттыбек Жақып туындыларының өзіндік өрнегі, пәлсапасы қызықтырды.

Құттыбектің құтты қолы­нан шыққан суреттердегі ою-өрнек­тер мен айшықтардан бауырлас қазақ пен қырғыздың қолөнері­нің бас­тауы бір екені айқын аңға­рылды. Мүмкін, қырғыз көрер­мендерін баурап алған суреттегі осындай құбылыс болар.

Көрмеге суретшінің «Ұлы Дала», «Балдәурен», «Қан­сонар», «Ақ түйе», «Тұйғын», «Ұршық», «Ағаш өмірі», «Театр» және басқа елуден аса түкті тоқыма полотносы қойылған.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

Бішкек