Әдебиет • 15 Тамыз, 2018

Анасын сағынғандар оқитын кітап

1200 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

КСРО тұсында «біз 60-шы жылдарданбыз» (бұл сөздің авторы бәлкім Евтушенко, бәлкім Рождественский болар) деген танымал тіркес төрге шықты. Классикалық негізі бар қазақ әдебиеті осы жылдардан бастап қайта өрлеу дәуірін бастан кешті десе болады. Күй тілімен айтқанда кіл бір қосбасарлар мен ақжелеңдер туып, шедеврлер шеруі салтанат құрды. 

Анасын сағынғандар оқитын кітап

Міне, сол жылдары ұлт әдебиетіне ағаларымызды былай қойғанда бір тұстан Фариза, бір тұстан Марфуға, бір тұстан Қанипа, бір тұстан Күләш, енді бір тұстан Ақұштап келіп, Жарасқанның жазғанындай, ақбұлақтардай шапқылап, енесіне жамыраған қозы-лақтай сүйсіндіріп, жылдар жылжи келе әрқайсысы бір-бір ағысқа, арнаға айналды. Ақұштапқа деген оқырман махаббаты «Ақжайықтың ақ шағаласы» деген теңеумен түрленді. Сөйтіп осынау аламанның ішінен оның да ақындық сапары, Айбергеновше айтқанда, арман сапары басталды. 

Сол күндерден бастап ұлт поэзия­сында Ақұштап Бақтыгереева да өз өрнегін салды. Кілең бір аршылған жұмыртқадай ақ қанатты, ақжал толқын жырлар жаныңның бір нәзік қылын шертті. Әлдебір күрделілікке ие жасандылыққа ұрынбаған өлең­дер өртеңге шыққан гүлдей болып үлбіреп, ел көңіліне тез ұя­лап жатты. Себебі оның таңғы шық­тай кірпияз, кіршіксіз лирикасы халық шығармашылығымен, мәңгілік мағынасынан ажырамас ха­лық мақамымен қабысып жатқан­дығынан еді. Небәрі 30 жасында қа­зақ поэзиясында құбылыс жасаған Төлеген Айбергеновтің осы тұста ғой, Ақұштапқа, Марфуғаларға жалын жыр арнайтыны.

Талантты тану үшін де талант керек. Талантты тай кезі­нен тап басып таныған, сағы­нышты поэ­зияның бір жанрына айналдырып жі­берген Айбергеновтің тамсанып жыр жазуындай бар екен. Ақжайықтың ақ шағаласы сол күннен бастап-ақ қанаты шолпы суға қанбайтұғын шағаладай шарық­тап келеді. Егер мықты болмаса Мұқағали Фаризаға мұң шаға ма, Төлеген Ақұштапқа назданып сыр аша ма? Бірін-бірі көтерген осындай жүйріктердің арқасында ұлт поэзиясы бүгінде кемерінен асқан жоқ па? Әл­гінде айтылған ару ақындарымызбен қатар Ақұштаппен «ауырған» ақын сің­лілерінің де қатары көбейе бастады. Бүгінде де сол биігі­нен қол бұлғайтын ақынның «Ана сыры» атты кітабын бас алмай оқып отырмын.
Белгілі сендік аттан жаңылмасым,
Атыңды жырға қостым
сағынғасын.
Көк тас та жып-жылы боп көрінді, 
апа,
Бетіне сенің бейнең салынғасын.

Ақ айдын айырбас боп тас қалаға,
Тұрсам да жанға жайлы баспанада.
Парлатып көздің жасын Жайыққа
ұшқан
Мен, апа, секілдімін ақ шағала.
Әркімнің де өз архиві болар. Әсіресе шығармашылық адамында. Менің де архивімде түрлі жағдайларға байланыс­ты қарапайым, тұлғалы адамдардың тебіреніске толы хаттары, ілтипаты, лебізі бар. Бірақ солардың бірде бірі де шешемнің жазған хатындай бола қоймайды десем, сол кісілердің қайсысы да келісер деп ойлаймын. Шешем бас­тауыш сыныптардың мұғалімі болды. Жазуы маржандай еді. Студенттік жылдарда көп хат жазды. Кейбір хаттары арнайы посылкамен келетін. Сол хаттардың көшіп-қонып, пәтер азабын тартып жүрген ұзақ жылдарда жоғалып кетуі күні бүгінге дейін өзегімді өртейді. Бірақ әр жолы санамда сайрап тұр.

Өмірдің бұлағай кездерінде сол хаттар маған ерекше күш-жігер, рух береді. Ақынның мына бір жыр жолдары сол бір қап алтынға да айырбастамайтын анамның хаттарын еріксіз есіме түсіріп, көңілімді босатты. Жан сырымдай жағдайды айтқызып отырған да ақын жырының қасиет-құдіреті. Анаға бұл дүниеден ана дүниеге жазылған хаттар. «Әріп білмес оқымыстысына» жазған хаттары. Анасын сағынғандар оқитын кітап екен бұл. Сағыныш деген де бір жанр ғой. Ал  шын суреткер сағындырып жаза алатыны және ақиқат. 

Осы бір жазылу формасы мүлдем бөлек хаттар сіздің ойыңызды әр қияға тартады. Себебі әрбір өлең әлдебір күр­делілікке ұрындырмай, өмірдің өзінен өріледі. Ананың анаға сыры, жүрек жыры. «Күнде шықты ата-анадай елжіреп» (Абай) демекші, сені бәрібір анаңнан артық ешкім түсінбейді. Тіпті бауыр да, бәрі де уақытша. Олардың да өз тірлігі, өмірі бар. 

Бір сыныптасым бар. Өнерден алыс адам, тіпті мұрнына исі бара қоймайды деуге де болады. Сол дос «Құдайдың құдіреті, ешқашан ән салған адам емеспін. Ал енді бар ғой Шәмшінің «Ана туралы жыры» айтылған жерде қалай қосылып кеткенімді білмеймін, тіпті тынысым ашылып, кәдімгідей жеңілдеп қаламын» дейді. Ақұштап ақынның ақиқаты да әркімді еріксіз өз ішкі әлеміне үңілдіреді. Өнердің негізгі миссиясы да адамдармен сырласу, пікірлесу ғой. Ал мына кітаптағы сырдың ұшы-қиырына жетпейсің. Әр бетті ашқан сайын өмірдің ашылмаған не өзіңе таныс, бейтаныс қыр-сырымен бетпе-бет келіп, нұрланып бара жатасың. 

Бақилық болса да, қасыңда отырса да анасын кім сағынбайды дейсіз, анасына есейіп кетсе де кім еркелемейді дейсіз? Тіпті ертеректе аты-шулы­ қыл­мыскердің түрмеде отырып ана­­­сына жазған сағыныш хатын, Ә.Бөкей­ханның әңгімесіндегі соқыр балаға не арманың бар дегенде көзім ашылса, анамды бір көрсем болды деп армандайтыны бар емес пе?! Міне, бұл кітап та сол адамзаттың асылы ана алдында бәріміздің де бас иетінімізге тағы бір мәрте иландырады. 

Ақынның ағыстары – нұрлы ағыс. Оның жазуында аналардың бәрі ақын тәрізді көрініп кетеді. Сәт сайын сені иіріміне тарта береді, өлеңдері өмірдің өзінен өрілген соң ба, көңіліңде тез жатталып, «адамдардың тағдыры, анасын сағынуы қандай ұқсас» деген пікірге ден қойғызып, өз ойыңдағы өмір көріністерімен ұштасып жатады. Бұл ақынның автопортреті. Ана деген ұлы ұғымның көп мағынасының бірі, сірә, ең бастысы мейірім болса керек. Қазіргі жаһандану заманында сол мейірімнің жетпей жатуы керек болса ғаламдық проблемаға айналды. Ана мен баланың көз жасын сүрте алмай дәрменсіз отырған елдер де бар. Бүгінде әдеби зерттеулер нәтижесінде белгілі болғанындай, ең демократиялық ел, алпауыт Америкаңызда аналар туралы туынды көп оқылатын көрінеді. Адам құқықтары айрықша қорғалады дейтін елдің өзінде мейірімге зәрулік бар деген сөз ғой. Бұл кітапты да сол мейірімге қойылған ескерткіш деуге болады. Күләш Ахметова айтқан­дай, «оның анасына арнаған өлең-жырларының әрқайсысында асыл тастай қыз тағдырының қырлары ашы­лады».

Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұш­тап Бақтыгереева бүгінде Алаштың «амазонкасы» атанды деуге де болады. Алаш аты аталған жерде ақиқат та оның баламасындай көрінетіні рас. Міне, сол рухты жырдың шоғын үрлеп, сөзді семсер етіп ұстанған ақынның азаматтық болмыс-бітімін жоғары ұстап, ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап қайраткерлік жолда жүргені де жақсы мәлім. Бүгінде түңілу, торығу басым болып жататын, Құдайдың өзін «құрдасындай» қағытатын қағынған өлеңсымақтарға («Құдайдың өзіне көп сұрақ қоятын адам баласы алдымен өзіне сұрақ қоюы керек» – Әбіш.) ақынның азаматтық, арлы поэзиясынан келті­ретін нақты мысал жеткілікті. Ол надандықтың исі шыққан жерден қашып жүретін, даналықтың исі шыққан жерден шалқып, тасып шығатын ақын. Оқиық: 

Ақ сөйлеп, адал күлетіндермен, 
Шындықты жақтап жүретіндермен,
Сыйластық сырын білетіндермен
Танысқым келеді менің.
Жаманға жағынбайтындармен,
Жоқтыққа тарылмайтындармен, 
Арманнан арылмайтындармен
Танысқым келеді менің.
Жанары мөлдірегендермен,
Жүрегі елжірегендермен,
Үмітке сендіре білгендермен 
Достасқым келеді менің.
Мұң-қайғы жеңбейтіндермен,
Өсекке сенбейтіндермен,
Наданға ермейтіндермен –
Бас қосқым келеді менің.
Бұл оның өлең-өнердегі өмірлік ұстанымы, позициясы. Осы ұстаны­м­нан ешқашан танған емес, жалтақ жыр жазған емес. 

Бүгінде батыр көп заман. Со­ның ішінде псевдопатриоттар да бар­шылық. «Патриотизм – алаяқ­тардың жа­мыл­­ғысы» деген екен бір данышпан. Бұл тұрғыдан келгенде оның парасатты поэзиясы сол псевдопатриоттар-популистерге арналғандай болады да тұрады. 

Оның өлеңдері неге оқылымды? Ол өнердегі егіз стихия қуану мен қайғырудың бағын жандырады. Қолымызға алып, құнығып оқыған «Ана сыры» кітабының әр жолынан кезігетін осынау егіз стихиялар сізді тереңге тартады да отырады. Егер режиссері табылса, кітаптағы кейбір өлеңдердің өзі бір спектакльге сұранып, соның жүгін көтеріп-ақ тұр. Осындайда бір заманда жыр кітаптары негізінде поэтикалық драманың бағын ашқан Райымбек Сейтметов еске түседі. Райымбек дегенде оның жан досы Қадыр Мырза Әлі есімі де қоса аталады. Ал енді «Ана сырындағы» ұлт тұлғаларының болмысын биік бедерлеген туындылардың өзі бір төбе десем, қазақтың Қадырына арналған «Көк дөненнің кісінеуі» атты баллада іспеттес жырдың бітімі бөлек жатыр. Өлең емес-ау, кәдімгі картина, сурет, мөлдір мұңды реквием дейікші. Оқиық:

Көрсін деп елдің сыйын ақын аға,
Ақынды сүймесе олай шақыра ма? 
Оюмен жабулаған көк дөненді
Мүтәлі алып шықты сахнаға. 

Бір нәрсе мынау жылқы түсінеді,
Сезім бар онда жоқ кей кісідегі.
Тізгінді Қадыр ақын ұстағанда, 
Көк дөнен ышқынып кеп кісінеді. 
Халыққа кісінеді толып тұрған,
Ақыннан кеткісі кеп болып құрбан. 
Көк дөнен кісінеді ақынды аяп,
Шал кезде шаба алмайтын
жолықтырған. 
Көк дөнен залға келген айдаладан,
Тұрғандай жауап күтіп, айналадан. 
– Құйғытып, атқа шабар дәуреніңде,

Бұл қазақ ат мінгізсе қайда болған? 
Бұйыру бақытым ғой ақын ұлға,
Болар ең өзің ием, жақыным да. 
Ал сізде төрт ай ғана ғұмыр қалған. 
Мен сорлы кетем кімнің
тақымында? 

Көк дөнен сахнадан кісінеді.
Сезді екен жануардың іші нені? 
Заманда адамды-адам ұқпай
жүрген,

Тәйір-ай, жылқыны кім түсінеді?..
Ақында аз болады сайраңдар күн,
Шын бақыт табады ақын, ойдан
бәлкім. 

Асылды жоғалтқан соң, жоқтау
айтып,
Кешігіп жүресің-ау, қайран
халқым!

Өлеңнің өміршеңдігі, тартым­ды­лығы, құдіреті сонда сіздің көңіл күйіңізді тап басқаннан бұрын, ойы­ңыз­ға ой қосып, шартарапты шар­латады.

Осы Қадыр ағаның 75 жылдығында оралдық фотосуретші Рафхат Халелов ғажап сурет түсірді. Қадыр ақын Сырым бабасы ескерткішінің тұғы­рына маңдайын сүйеп, қаратасты сүйіп, ағыл-тегіл жылап тұр. Санау­лы айлардан соң бабасының жанына барып, өзі де ескерткішке айналатынын, сол күндердің сұмдық сұрапылын жүрегіне жиып жүрген Ақұштап ақын қандай алапат жырға айналдырған. Осы өлең бүгінгі Қадыр ақынға қойылған ескерткішпен бірге биіктеп тұрған жоқ па?! Кітаптағы Мұхит бабамыздың, Мұқағалидың, Елбасының, т.б. болмысын ашуда ақын іргелі ізденістерге бой ұрып, тұлғатану саласында үлкен рухани олжа салып кетеді. 

Буырқаныстар. Тербелістер. Сер­пілістер. Сілкіністер. Қарама-қай­­шылықтар. Ақын дарынының биік өлшемін көрсететін осынау стихиялық сұрапылдар (С.Ақсұң­қарұлы айтқан­дай, стихи сөзінің сол түрлі стихия­дан тұратыны рас болар) сізді дамыл­сыз жетелейді де отырады, теңіз тол­қын­дарындай бір келіп, бір кетіп жатады. 

Жалпы, дарынды адамның ойында қоғамдық процестердің бәрі сүзгіден өтіп жатады. Әлгінде айт­қанымыздай, оған қарама-қай­шылықтар да тән. Ал енді елді, жерді сүюге келгенде, Отанын аялауда ақын сол азаматтық биігінде қашанда жарқырап көрінеді. Сол көңіл күйін де былай бедерлейді. 

Есілдің бойын бөлеген нұрға,
Еңсесі биік жас қала 
Бөленіп жатыр әсем ән-жырға
Елбасы салған Астана.
Шомылтып бүгін ұрпағын азат
Еркіндік таңның нұрына,
Тағдырын сеніп тапсырды қазақ
Нұрсұлтан атты ұлына.
Егемен алған Даланың көркін
Танытып тегіс басқаға,
Әлемге құшақ жаяды еркін
Елбасы салған Астана! Тұлғаға, Елбасына құрмет – елге құрмет. Бүгінде өзі де сол құрмет биігіне көтерілген Алаштың бір айымы Ақұштап ақынға қандай құрмет көрсетілсе де жарасып тұр. 

Қали СӘРСЕНБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері