Аймақтар • 21 Тамыз, 2018

Қаратөбенің қайырымды тұрғындары

1269 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы құрылғанына 90 жыл толуын дүркіретіп атап өтті. Қазақстанда кеңес өкіметі күшіне кіріп, ірі байларды кәмпескелеп, мал-мүлкін сыпырып алған 1928 жылы жаңадан аудан-ауылдар құрылып, әкімшілік бөліністер пайда болған екен. Басы қатты болған осынау өзгерістерге де ғасырға таяу уақыт өтіп, бүгінгі жүйеге ел үйренді. Бұл да тарихқа айналды.

Қаратөбенің қайырымды тұрғындары

«Той десе қу бас домалайтын» халық­пыз. Оның үстіне Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Атамекен» кіші бағдарламасының «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты бойынша меценаттардың туған жеріне тартуы дәл осындай торқалы той, мерейлі мерекемен қатар жүреді ғой. Қаратөбеде екі күнге созылған мерейтой кезінде осы топырақтан шыққан кәсіпкерлер мен мықтылар мәрттіктің майданына түсіп бақты.

Ең әуелі аудан орталығы Қаратөбе ауы­лында «Астана» саябағы ашылды. Сая­бақтың ашылу салтанатында аудан әкімі Жанат Асантаев аудан тұрғын­дарына осындай сый жасап отырған елжанды азаматтарға алғыс айтты.

Жаңа саябақта тұрғындардың демалуы үшін барлық жағдай жасалған. Саябаққа Астананың символына айналған биіктігі 9,7 метр «Бәйтерек» монументі мен субұрқақтар, балалар ойын алаңы, әсемдігімен көз тартар жарықшамдар ерекше сән беріп тұр. Сонымен қатар күннен қуат алатын құрылғылармен жабдықталған WI-FI тарататын орындықтар да орнатылған. Бұл кешен – осы өңірде туып-өсіп, бүгінде сан түрлі кәсіп соңында жүрген Жандос Айталиев, Талаптан Дауылтаев, Құсайын Мұқанов, Ермұрат Сариев, Радик Хайыров сынды азаматтардың тартуы екен.

Осы той күндері аудан орталығындағы академик, филология ғылымдарының докторы, Қаратөбе өңірінің перзенті Қажым Жұмалиев көшесінде ғалымға мүсін орнатылды. Мүсінді ашу құрметі ақын Айсұлу Қадырбаева мен профессор Мәлік Шәлменовке ұсынылды. Бұл бюст те жеке адамның – қаратөбелік кәсіпкер Болат Қамиевтің демеушілігімен бой көтеріп отыр.

Мәдени шаралардың жалғасы аудандық мәдениет үйінің фойесінде «Құлпытас сырын ашайық» атты ескерткіш жинақ пен «Қасиетті Қаратөбем» фотоальбомының таныстырылымына ұласты. Түрлі-түсті, иллюстрациялық бұл жинақтар осы өңірдің түлегі, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллиннің жетекшілігімен шығарылған. Батыс Қазақстан облысы аумағында сақталған ХVIII-XX ғасыр ескерткіштері – араб жазулы құлпытастарды зерттеу ісін жүйеге қойған Жантас Набиоллаұлы Қаратөбе ауданының әр ауылдық округіндегі көне зираттар мен ондағы тарихи тұлғалар туралы толымды еңбекті осы той қарсаңында жариялап, өлке тарихына өлшеусіз үлес қосты.

– Ақ Жайық өңіріндегі көне құлпытастарды зерттеу барысында үш ханның, батырларымыз бен билеріміздің, басқа да тарихи тұлғаларымыздың жерленген орындары табылды. Бүгінгі жинақта Қаратөбе ауданы аумағындағы 73 қорым жинақталды. 433 құлпытастың 113-і жазуларының өшуіне байланысты оқылмады. Оқылған құлпытастардың ішінде сегіз рудың өкілдері болды және екі құлпытастың әрқайсысына Уфа, Қазан деп көрсетіліпті. Тарихымызды түгендеу барысында суретке түсірілген құлпытастың барлығын бірдей оқу мүмкін болмады. Себебі көпшілік құлпытастардың сақталу деңгейі өте төмен, күн мен жаңбырға, желге мүжілген, сынған, жазулары көрінбейді, – дейді Жантас Сафуллин.

Осы күндері Қаратөбенің орталық алаңында Қалдығайты ауылында туып-өскен белгілі фотограф Рафхат Халеловтің фотокөрмесі және белгілі жазушы, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында туып-өскен Кұрманғазы Қараманұлының қызы Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» атты сурет көрмесі өтті.

Мерейтой аясында Елбасының бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыруға негізделген «Туған жерге бір себің тисе, сен де бақыттысың!» атты жерлестер форумы өтті. Форумда ел абыройын асырып, мерейін үстем етіп жүрген бір топ жомарт жүрек жерлес­тер сөз сөйлеп, қаратөбелік ағайынды ауданның 90 жылдық мерекесімен құттықтады. Аудан әкімі Жанат Асантаев Қаратөбе өңіріне сүйіспеншілік танытып, туған жердің өркендеуіне қол ұшын беріп жүрген бір топ ел азаматын алғыс хатпен марапаттады. 

Салтанатты шарада әр жылдары Қаратөбе ауданын басқарып, осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан Наурызбай Қарағойшин мен Асхат Шахаровқа, жерлес ақын Айсұлу Қадырбаеваға, ғалым Мәлік Шәлменовке, кәсіпкер Болат Исмағұловқа, әнші Сағадат Рахметжановқа, ақын Талант Арғынғалиға «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Мерекелік шара қас қарая орталық алаңда өткен «Туған жер – алтын бесігім» атты «Жомарт жүрек» меценаттар форумымен қорытындыланды. Аудан басшысы Жанат Асантаев ауданның биылғы «Жомарт жүрек» сыйлығы лауреаттарын құттықтап, жерлестердің аудан игілігі үшін атқарып жүрген ізгілікті істеріне алғыс білдірді. Нәтижесінде ақын Шолпан Қыдырниязова – «Ерен еріктілік» аталымымен, кәсіпкерлер Жарқын Тәжіғалиев, Құсайын Мұқанов, Мұратбек Мұханбедиев, Болат Исмағұлов, Айбар Бралиев, Талаптан Дауылтаев, Ержан Хасанов, Ермұрат Сариев, Радик Хайровтар – «Туған өлке» аталымымен, «Мұхит жастары» жастар қоғамдық бірлестігі – «Жылдың үздік ұйымы» аталымымен марапатталды.

Саналы ғұмырын Қаратөбе өңірінің тарихын зерттеуге арнап, 100-ден аса кітап шығарған ардагер журналист, жақында ғана өмірден өткен өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыздың ұлдары Ержан мен Нұржан Хасановтар да туған жерінің 90 жылдық мерейтойы­на белсене үлес қосыпты. Қаратөбе ауданы шекарасына кірер тұста жол үстіне орнатылған зәулім қақпа – осы азаматтардың еңбегімен тұрғызылған. Бір қызығы, бұл азаматтар осы іске қаржысын ғана қосып қоймай, тікелей қол көмегін беріп, қарапайым жұмысшылармен бірге еңбек еткен. 

– Әкеміз Қайыржан Хасановтан ел мен жер тарихына қатысты мол мұра қалды. Біз, ұрпақтары, Қаратөбе ауданы әкімдігі қолдаса, аудан орталығындағы Алаш саябағының бір бұрышынан музей үйін тұрғызып, өлкеміздің өткені мен бүгіні, тарихи тұлғалары туралы жәдігерлер мен құжаттарды жинақтағымыз келеді. Ол орталықтың ішінде үлкен жиындар, дөңгелек үстел мәжілістері өтетін конференц-зал болады. Бұйырса, туған жердің тарихы түгенделіп, халық назарына ұсынылса дейміз. Болашақта әкеміздің атында өлкетанушылар байқауын да ұйымдастыру жоспарымызда бар, – дейді Нұржан Хасанов. 

Міне, тоқсан жылдың тобықтай түйінін жасаған торқалы той да өтіп кетті. Ең бастысы ел есінде қалатын, тұрғындар игілігін әлі талай жыл көретін ғибратты істер көп болды. Ел осыған разы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше