21 Тамыз, 2018

Алматы: қала мен сана өзгерісі

672 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда өткен қоғамдық ке­ңесте қала әкімі Бауыржан Бай­бек «Алматы-2020» бағ­дарламасының аясында қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету­дің жеті бағыты туралы айтып, әр бағытты кең ауқымда талқылауға ұсынды. 

Соңғы бес жылдың ішінде қала аумағы айтарлықтай кеңей­іп, хал­қының саны екі есеге ұлғай­ға­нымен қаладағы қоғамдық тәртіп сақ­шыларының саны әуелгі қалпында қалған болатын. «Естеріңізде болса, – деді Б.Байбек, өткен күндерді еске алып: – Күні кеше ғана Наурызбай аудандық полициясы жертөледе тұ­рақтап, тіпті келушілерді қабыл­дайтын орын таппаған болатын», деді. Бүгінде ол олқылықтардың орны толтырылғандай. Қазақстандағы ең ірі экономикалық орталықтың ішкі істер департаментінің қызметін жандандыру үшін осы мерзім ішінде қала бюджетінен 31 миллиард теңге бөлінген. Бұл арада ең алдымен Алматы полициясының ақпараттық «ақылды» шешімдерге сай цифрлы жүйеге жаппай көшірілгені назар аударарлық жайт. 2015 жылы қала қозғалысын небәрі 64 бейнекамера бақыласа, қазіргі таңда оның саны 118-ге жеткен. Тек қана 2017 жылдың ішінде көшедегі бейне бақылаулардың арқасында 21,5 әкімшілік тәртіп бұзушылық анықталған. Барлығы 1218 қылмыс ізі суымай әшкереленген. Мұның сыртында жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында автоматтандырылған ақпараттық жүйеге көшу үшін қосымша 15 миллиард теңге бөлініп отыр.

Осыдан 3 жыл бұрынғы қала­ның күллі инфрақұрылымы мен экономикалық ахуалына бүгінгі цифрлы және ақпараттық мәліметтер өлшем болмасы ақиқат. Дегенмен қала тұрғындарының жайлы өмірі мен тыныштығына  кепіл болатын кезек күттірмес тұғырлы талаптар әрқашан шаһар басшысының назарында екенін айта кеткен жөн. 

Сол себепті бүгін де Қоғамдық кеңестің мүшелері алдында Алма­ты­дағы сел қаупі, сондай-ақ сейсмикалық қауіпсіздігі туралы айтып өтпеу мүм­кін емес. Қазір Алатаудың қой­на­уын­дағы Мыңжылқы бөгетін біртіндеп толықтай жаңғыртып шығу жобасы іске кіріскен. Келесі жылдан бастап Аюсай мен Ақсай аңғарларындағы селге тосқын болатын құрылыс бөгеттері салына бастайды.

Сонымен қатар қазір Алматы қаласының 3D автоматтандырыл­ған геоақпараттық картасын жетілді­ру жұмысы жалғасуда. Оның өзі мегаполистің құрылысына қатысты көптеген рәсімдерді онлайн тәртібіне аударуға мүмкіндік берді. Картада 169 қабат бойынша құрылысқа қажетті қызыл сызықтар, инженерлік желілердің қуаты, жел бағыты немесе топырақтың құрам-жайы сияқты техникалық деректер көрсетіледі. Осылайша 2019 жылға дейін Алматы қаласының дизайн-кодын жасауды аяқтау жоспарлануда.

Қазір Алматы қаласының алдын ала әзірленген дизайн-кодының екін­ші кезеңі бойынша іргелі жұ­мыс жүруде. Қаланың сәулет және қала құ­рылысы басқармасы мәлім­дегендей, 2020 жылға дейін Алматы қаласының орталық бөлігінің барлық көшелері даниялық сәулетші Ян Гейлдің жобасына сәйкес қайта жаңартылмақ. Басқармада 15 кө­ше­нің және екі жағалаудың қайта қал­пына келтірілуіне арналған жоба-сметалық құжаттамалары қаттаулы тұр. Мамандардың айтуынша, алдағы екі жылдың ішінде Алматы адам танымастай өзгереді. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың басында Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының сайтында әр тұрғын өзінің қалаған жобасына дауыс бере алатын азаматтар мен азаматтық-тұрғын үй нысандарын трансформациялау бойынша сауалнама жүргізілді. Қазір қаланың 150 көшесінде құрылыс-жөндеу жұмыстары қайнап жатыр. Алматының көшелеріндегі қарбалас қыркүйек айында толық аяқталады. 

 Алматы – жастар қаласы. Қала әкімінің тікелей басшылығымен 2020 жылға дейінгі жастардың қалалық жол картасы жасалып, сырттан келген жастарды іскерлікке, түрлі кәсіптерге баулитын лофт-орталық ашылды. Орталықта қазірдің өзінде 7,8 мың адам жұмысқа тұрды,  2,5 мың адамға тегін кәсіби білім берілуде. Әрине жастарды баспанамен қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен жоқ. Осы мақсатта қалада «Алматы жастары» атты тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асуда. Мұнда 35 жасқа дейінгі жастар жеке пәтер алу үшін банк­тен жеңілдетілген несие алады. Биыл «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген.

Алматыда өткен алқалы бір жиында өңірдегі БҰҰ-ның өкілі А.Мунхтуя дүние жүзі бойынша ең мәртебелі 15 қаланың тізімі жасалу үстінде екендігін, оның қатарынан орын алуға Алматының мүмкіндігі барлығы туралы мәлімдегені есімізде. Демек, бұл Алматы мен шаһар басшылығына халықаралық дәрежеде сенім көрсетіліп отыр деген сөз. 

Алматы – Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 20,9 процентін, барлық салық пен салықтық емес түсімнің 32 процентін, барлық сауда операцияларының 41 процентін иеленіп, республикадағы еңбекке жарамды халықтың 15%-ін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше