Тәрбиеледі, шыңдады, шынықтырды
...Алматының аптабы дәл осы күні айрықша «асқынып», шақырайған күннің көзі төбені тесердей жерге төніп тұр. Бірақ біздің көптен жоспарлаған кездесуімізге мәдени шаһардың 40 градус ыстығы та кедергі бола алмады. Келісілген уақытта межелі жерде болуды көздеп, жолға әдеттегіден артығырақ уақыт алып, театрға қарай аяңдадық. 20 минутқа ерте жеткенімізге марқая бергеніміз сол еді, күзетші актрисаның әлдеқашан келіп, бізді өзінің грим бөлмесінде күтіп отырғанын жеткізді. Әлгінде ғана ғимаратқа еркінси енген бойымызды енді тез жинап, төртінші қабатқа имене көтерілдік. Өнер иесі бізді жадырай қарсы алды.
– 5-сыныптан бастап Алматыдағы №12 мектеп-интернатта оқыдым. Жастайымнан интернаттың тәртібі бойыма сіңгендіктен болар, мен үшін қай кезде де уақыт қымбат. Міне, театрда қызмет етіп келе жатқаныма 60 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде мен бірде-бір мәрте жұмысқа кешіккен жан емеспін. Ең кемі 15 минутқа ерте келетінмін. Әлі де солай. Алғаш театр табалдырығын аттағаным 1961 жыл болатын. Қарап отырсам, қызым, 60 жыл деген – бір адамның ғұмыры ғой. Ал біз сол өмірді сахнада кешіп келеміз. Тәубе, бақыттымын. Тағдыр Асқар Тоқпановтай кемеңгер ұстаздан тәлім алуды, Әзірбайжан Мәмбетовтей жаңашыл режиссермен жұмыс істеуді нәсіп етті. Әнуар Молдабеков, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Боранбаев бастаған сахналық әріптестерімнің өзі бір төбе! Әрине бастапқыда қиналдық, қинала жүріп шыңдалдық. Біздің бағымыз сол – Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков бастаған қазақ өнерінің тау тұлғаларының тәлімін көре жүріп театрға келдік. Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Хабиба Елебекова, Бикен Римова сынды нағыз сахна майталмандарының қамқорлығын көрдік. Бикен апам туған анамдай болды. Тіпті өзінің мен жайындағы естелігінде: «...театрымызға көк көзді сары қыз келді. Келгенінен-ақ барлығымыз сол қызға ғашық болдық» деп жазыпты. Шолпан апам да жанына ерекше жақын тұтты. Менің табиғатым негізінен лирикалық ампулаға жақын болғандықтан, Шолпан апай екеуміз жиі бір рөлге түсіп қалатынбыз. Ол кісі бірінші құрам, мен екінші құрамда қатар ойнап жүрдік. Сахналық киіміне аса кірпияздықпен қарайтын апай, сол талабын мен үшін тұңғыш рет бұзып, өз костюмін маған бергені бар. Қай кезде де сахналық келбетіме, шеберлігіме алаңдап, үнемі гримімді тексеріп, ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Үлкендердің сол тағылымы, қамқорлығы бізді кәсіби тұрғыдан ғана емес, адамгершілікке де тәрбиелеп, шыңдады, шынықтырды.
Сахнаға 60 жыл еркеледім
Актрисаның бағы – ойнаған рөлі. Бұл жағынан келгенде де Қазақстанның халық әртісі Торғын Тасыбекованың жұлдызы жоғары болды. Ең алғаш 1962 жылы Әзірбайжан Мәмбетов қолтаңбасында сахна көрген Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Мағыш (Мағрипа) рөлі өнер иесінің шығармашылық ғұмырбаянының жолашар жауһарына айналды. Мағыш бейнесінен кейін-ақ сахнагердің сан тарапты сыршыл кейіпкерлер галереясы қызықты бейнелермен толыға түсті. Олардың қатарында: Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі – Әлиман, төл драматургиямыздан: М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысындағы» – Құртқа, «Қарагөзіндегі» – Ақбала, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» – Баян, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» – Катерина, Ә.Тәжібаевтың «Майрасындағы» – Майра, Б.Римованың «Абай-Әйгеріміндегі» – Әйгерім және тағы басқа бейнелер, әлемдік классикадан: У.Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» – Бьянка, М.Фриштің «Дон Жуанның думанындағы» – Донна Анна, Н.Гогольдің «Ревизорындағы» – Мария Антоновна, қазіргі заман драматургиясынан – Ә.Таразидің «Ақын... Періште... Махаббат...» қойылымындағы – Беймаза әйел, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі – Қатира, Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуіндегі» – Зейнеп, Шахимарден мен Қ.Ысқақтың «Томирисіндегі» – Елес, «Қазақтарындағы» – Ана, Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайындағы» – Күлегеш әйел, У.Гаджибековтің «Аршын мал аланындағы» – Жихан әпке, И.Ғайыптың «Естайдың Қорланындағы» – Қорлан сынды бейнелер актрисаның сан тарапты бағыт пен мінезде көрінуіне, сахналық шеберлігін шыңдауына теңдессіз мүмкіндік сыйлады. Торғын Тасыбекованың кинематография саласындағы ізденісі де елеулі. Арасындағы ең шоқтықтысы – Әзірбайжан Мәмбетовтің кино өнеріндегі тырнақалды туындысы – «Ән қанатында» фильміндегі Майра Уәлиқызының прототипі – Сәбираның рөлінде ойнауы дер едік. Сондай-ақ «Фархад-Шырын» мен «Король Лир» фильмдерінің кейіпкерлерін, кинодағы Ақбала мен Мағыштың сөздерін дыбыстап, әсем даусымен қазақ көрерменімен қауыштыруы да ұлт өнерінің өркендеуіне қосылған қомақты үлес.
– Біз театрға келген алғашқы жылдарда Әзірбайжан Мәмбетов Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясын сахналады. Сондағы Мағыш рөлімен танылдым ғой. Мағыштың жолы жеңіл болды. Содан кейін-ақ кілең басты рөлдерді ойнай бастадым. Баян мен Құртқадан бастап, талай күрделі рөлдерде өзімді сынап көрдім. Әйтсе де, адам армансыз болмайды. Жастайымнан Ақтоқты мен Қарагөз рөліне ерекше қызықтым. Кейінірек Ғабит Мүсіреповтің Ұлпанын сахнаға шығаруды іштей армандадым. Бірақ, бұйырмады. Әйтсе де оған өкінбеймін. Сахна мені 60 жыл еркелетті. Әлі де еркелегім келеді. Көңілге бір кірбің салар тұс – замандас құрбы-құрдастарымның қатары сиреп, көзкөргендерден ешкім қалмай бара жатыр. Небір дүлдүл таланттар дүниеден өтіп кетті. Әнуар Молдабеков қандай еді! Құдайберген Сұлтанбаев пен Құман Тастанбековтің кәсіби шеберлігінен бөлек, адамгершілігі де аңызға бергісіз әңгіме. Соларды ойласам, көзіме жас келеді. Сағынамын. Біз осындай таланттармен серіктес бола жүріп шеберлігімізді шыңдадық. Өзгені айтпағанда, әрқайсымыз бір-біріміз үшін үлкен мектеп едік. Мәселен, Б.Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектаклінде Құман екеуміз қатар ойнадық. Сондай шынайы шықты. Театр репертуарындағы өзімізге жақсы келетін, жақсы көріп ойнайтын қойылымдардың бірі болды. Әр ойнаған сайын жанымыз рахаттанатын. Өткенде Асанәлі драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа осы «Жүрейік жүрек ауыртпай» драмасы секілді театрдың үлкендері ойнайтын пьесаға тапсырыс бердім деп қуантып қойып еді. Соны күтіп жүрміз (күлді). Балаларым болса: «Мама, осы күнге дейін 200-ге тарта рөл ойнадың, енді қайтесің, демалсаңшы. Өзің аман-есен жүрсең болды» дейді. Бірақ біз актрисамыз ғой. Біз сахнасыз өмір сүре алмаймыз. Біздің тәңіріміз – ұлы мәртебелі театр! Шығармашылық шабыт беретін, жанымызды бар дерттен арылтатын қасиетті орын – сахна. Сахнаға шықсақ аурудан жазылып кетеміз. Міне, жасымыз 80-ге келсе де әлі күнге театрды аңсап тұрамыз. Рөл берсе жасап, жасарып қаламыз. Осындайда жүрекке әжім түспейді деп қалай дәл тауып айтқан. Біздің де жүрегіміз жас, көңіліміз – бала! Бұрынырақта қойылған бірді-екілі рөліміз болмаса, қазір жаңа қойылымдарға қатыспаймыз.
Мәселен, жақында театрымызда «Қыз Жібек» қойылды. Сонда Төлегеннің анасын ойнап шығуға жағдайымыз келетін еді. Әнімізді де айта аламыз. Сондай кездерде «Шіркін, біздің де бойымыздағы барды сарқып пайдаланса, театр өнері ұтпаса, ұтылмас еді ғой» деп іштей ойлап қоямын.
Егіз жүрекпіз
Театр табалдырығын аттағанынан-ақ сахнаның сәні, көрерменінің сүйіктісіне айналған талантты актриса өмірлік серігін де осы театрда жолықтырған еді. Сонау бір жылы Гоголь көшесінде кездейсоқ жолыққан сұлу бойжеткен студент Әшірәлі Кенжеевтің жүрегіне сөнбейтін махаббат отын жаққан. Абай мен Әйгерім болып өнерде де, өмірде де қол ұстасып, өнегелі өмір кешкен Қазақстанның халық әртісі Әшірәлі Кенжеев пен Торғын Тасыбекованың ғибратты ғұмыры қай кезде де замандастары мен соңынан ерген іні-қарындастары үшін тек аңыз-ертегілерде кездесетін мінсіз махаббаттың үлгісіндей.
– Тағдырдың маған тарту еткен үлкен сыйы – Әшірәлі Кенжеевтей асыл жарды өмірде де, өнерде де ғұмырлық серік етуі дер едім. Ең алғаш тас жолдың бойында ұшырасып қалған сол бекзат бейне арада көп уақыт өтпей-ақ менің ең жақын сырласым, қорғаныма айналарын білген, тіпті сезген де жоқпын. Есесіне, театр репертуарында жүрген режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша қойылған «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман рөлі арқылы мені жанына жақын тартып үлгерген бозбаланың сезімі де, өмірлік байламы да берік болып шықты.
...Ол кезде менің театрға қабылданғаныма біршама уақыт өтіп, қадау-қадау рөлдеріммен көрермен арасында азды-көпті таныла бастаған кезім болатын. Сондай рөлдердің бірі – «Ана– Жер-Ана» қойылымындағы Әлиман бейнесі. Алматы консерваториясының «Актер мамандығы» бөлімінің студенттері аталған спектакльді жиі келіп көріп жүреді. Арасында Әшірәлі де бар. Сонда Әлиман рөліне сырттай ғашық болып, спектакль қойылатын күні Әшірәлі мені көру үшін театрға келеді екен. Сөйтіп жүргенде көшеде жолығып, енді шын ұнатып қалады. Арада көп уақыт өтпей Әшірәлі оқитын топтың бір топ студенті спектакльдердің көпшілік сахналарына қатысу үшін театрға қабылданады. Бірде сахнада М.Фриштің «Дон Жуанның думаны» спектаклі жүріп жатқан. Онда мен Донна Аннаның рөлін ойнаймын. Қойылым барысында кейіпкерім өліп қалады да, Әнуар Молдабековтің мені сахнаға көтеріп алып шығатын жері бар. Содан бір күні Әнуар келіп: «Торғын, ренжімеші. Мен бүгін бір жаққа шұғыл кетуім керек. Менің орныма сені сахнаға мына жігіттер көтеріп шығады» деп әлгі студенттерді нұсқады. Әжептәуір қалыптасып қалған актрисамын, сахнаның артында қаз-қатар тұрған студент 3 жігітті аса менсініңкіремей: «Көтере алмайсыңдар ғой» дедім. Сол сәтте арасынан Әшірәлінің даусы қаттырақ шығып: «Байқап көрелік» деді. Сөйтіп Әшірәлі, Әнуар Боранбаев және Сәулебек Асылханұлы үшеулеп жүріп мені сахнаға алып шықты. Содан бастап бір-бірімізбен танысып, жақын араласып кеттік. Театр сахнасында талай бейнелерді бірге кейіптеп жүріп, жанымыз бен жүрегіміздің егіз болып кеткенін тіпті аңғармай қалыппыз. Аз ба, көп пе білмедім, маңдайға бірге болу бұйыртқан 35 жылдық ғұмырымызда өмір мен өнер сахнасында қол ұстасып жүріп талай рөлдерді кемеліне келтіре кейіптедік. Біз үйленгенде Құрманбек Жандарбеков батасын берді. Жақындарымыз, достарымыз тілеулес болды. Айнұр, Азамат, Айжан есімді алтын асықтай ұл мен қыз тәрбиеледік. Шүкір. Қозы мен Баян, Абай мен Әйгерім болып талай көрерменді шынайы сезім, мәңгілік махаббатқа сендірдік. Ол біздің тек сахнадағы актерлік жұмысымыз емес, шынайы жан сырымыз еді. Сондықтан болса керек, 10 жыл бойы сахнадан түспей, көрерменнің қошеметіне бөленген «Абай-Әйгерім» халыққа ерекше жақын, ыстық болды. Бикен Римова «Абай-Әйгерімді» Әшірәлі екеумізге арнайы жазған еді. Рөлім болмай қиналып жүрген бір шақтарда апа: «Мына Әйгерімді саған арнап жазамын. Бойың да, ойың да, даусың да Әйгерімге келіп тұр» деп осы пьесаға қалам тартты. Жақып Омаровтың режиссерлігімен қойылған спектакльге Сыдық Мұхамеджановтың сыршыл музыкасы ерекше мазмұн берді. Осы қойылыммен Семей жерін аралап, Әйгерімнің ауылына бардық. Тобықты елі спектакльді ерекше қошеметпен қарсы алып тұрып: «Біз сахнадан талай Абайды көріп жүрміз. Бірақ дәл мұндай келбетті Абай мен сұлу Әйгерімді көрмедік» деп ризашылықпен батасын берді. Әйгерімнің ауылындағы ақсақалдар болса «Әжеміз тіріліп келіп, ортамызға оралғандай болды» деп зор құрмет көрсетіп, шапан жауып, ат мінгізгені бар еді. Бұл да болса өнердің құдіреті. Жасаған жұмыстың, тудырған бейненің жүрекке жеткені деп білемін.
Кейде маған жастар, өзің сияқты журналистер «Әшірәлі аға екеуіңіз үйде де, сахнада да, гастрольде де бірге жүрдіңіздер. Бір-бірлеріңізден жалығып кететін кездер бола ма? Жалпы, екі өнер адамының бір шаңырақ астында бірге тұруы қиын емес пе?» деп жиі сұрақ қояды. Жоқ, ондай жағдай болған емес. Неге десеңіз, жақсы көрген адамдар бір-біріне үйде – дос, түзде – жанашыр, қамқор. Үнемі спектакльден соң үйге бірге қайтып, дастарқан басында да өнер жайлы әңгімеміз таусылған емес. Біз махаббатымызды тұрмыстық деңгейге түсірмедік. Барынша ұғысып, сыйласуға тырыстық. Бүгінде міне, сол Әшірәлімнің өмірден өткеніне 18 жыл өтіпті. Ғаламат актерлігінен бөлек, ақсақалдыққа дайын тұрған азамат еді ғой. Мінезі ақжарқын, әсіресе жастарға үйірсек еді. Жастарды жанына шақырып алып, ақылын айтудан бір сәт те жалыққан емес. Отбасына да, балаларына да ерекше қамқор болды. Амал қанша, 55 жасында бақилық боп кете барды. «Бәрін уақыт емдейді» дейміз. Бірақ өмірде бір-ақ рет берілетін ондай махаббат ешқашан ұмытылмайтын көрінеді. Керісінше, жылдар алға жылжыған сайын сағынышың еселеніп, биіктеп кете береді екен...
Талантты жастар өсіп келеді
60 жыл бойы көркем келбет, сыбызғыдай сызылған әсем даусымен сахнаның сәнін кіргізіп, сан тарапты сұлу бейнелерді көрерменімен қауыштырған Қазақстанның халық әртісі, ғибратты ғұмыр иесі Торғын Тасыбекованың жеміс пен жеңіске толы шығармашылық жолы қай кезде де тағылымды. Бүгінде Сәбира, Хабиба, Хадиша, Шолпан, Бикен апаларының жолын жалғап, өзі де театрдың анасына айналған актрисаның жастарға айтар ақылы да, өнегелі өмір ғибраты да таусылмақ емес.
– Жастар үнемі ақыл сұрап келіп тұрады. Біз де кезіндегі Шолпан, Бикен апаларымыз секілді қолымыздан келгенінше білгенімізді үйретіп, ақылымызды айтуға тырысамыз. Кезінде үлкен апаларымыздың мінезі мен әрекетінен бойымызға дарыған тектілікті кейінгі өскелең буын да сезініп, біліп өссе дейміз. Шүкір, қазір театрдың ішінде жастар жаман емес. Ешқайсысы алдымыздан кесіп өтпейді, сыйлап тұрады. Бұл – киелі қарашаңырақ М.Әуезов театрының бағзыдан келе жатқан бұзылмас дәстүрі ғой. Театрдың ішкі тәрбиесі, сыйласымы тереңнен тамыр тартады. Мұнда Қаллеки, Серағаң, Елағаңдардың тағылымды ізі сайрап жатыр. Соны жастар жағы жіті сезінеді. Талантты балалар өсіп келе жатыр. Мені сол қуантады.
P.S: Осыдан біраз уақыт бұрын сыншы Әлия Бөпежанованың актриса жайлы «Жаны жарық сахнагер» атты мақаласын оқыған едік. Сондағы жазба тақырыбы бізді ерекше елең еткізген. Өнер иесімен таныса, сырласа келе сыншының актриса табиғатын тап басып танығанына тәнті болдық. Есіктен кіргеннен-ақ жүзінен нұр шашып, мейірім шуағына бөлеген сұлу жанның әңгімесі де әсерлі, көркем. Кемеңгер Абай айтпақшы, саф сұлу өнер көңілі бықсық адамнан тумайды, нағыз өнер – жаны таза адамның ғана табиғатына тиесілі екен. Тыңдап отырып, өзің де ғажайып бір әлемге еніп кеткендей әсерленіп, толқисың. Ал актрисаның сахнадағы рөлдері қандай! Бәрін болмаса да, Торғын Тасыбекованың кейінгі жылдары кейіптеген бірнеше кейіпкерін сахнадан көру бақытына ие болып, жан әлеміміз бір сілкініп қалған. Басқаны айтпағанда, актрисаның көрермен алдына жалқы мәрте шығуының өзі сахнаны жайнатып, жарқыратып жібереді. Бұл – санаулы дарындарға ғана тиесілі даралық. Иә, 80 жыл бойы жүрегіне әжім тұрмақ, дақ түсірмеген актрисаның жан әлемі шын мәнінде аппақ, жап-жарық...
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»