23 Желтоқсан, 2011

Сауда өркендесе, өмір көркемделеді

3967 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

__________________

Бүгінде, әсіресе нарық жағдайында саудасыз өмірді көзге елестету қиын. Олай болса, осы саланың хал-ахуалы қандай? Осы және өзге де сауалдарға Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар ҚАЗЫБАЕВ жауап береді.

– Айдар Қалымтайұлы, сауда саласы Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында ұлттық экономика­ның қозғаушы күші болды деуге болады. Сіздің ойыңызша, осы жылдары қандай өзгерістер болды және қандай жетістіктерге жеттік?

– Сауда – кез келген мемлекеттің экономикасындағы маңызды құрам­дас­тардың бірі. Ежелден-ақ сауда жолдары қалалар мен мемлекеттерді байланыстырып, әртүрлі халықтардың мәдениетін, ғылымы мен озық ой­ларын сабақтастырған. Қазақстанда на­рық экономикасы мен барлық эко­номикалық жүйенің қалыптасуы сауда саласынан басталды десек, артық айтпаспыз.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жас республика үшін ауқымды эконо­микалық дағдарысты, оның ішінде, гиперинфляцияны, өндірістің толық тоқырауын, төлемдердегі тоқырау­ды, халықтың өмір сүру деңгейінің тө­мендеуін жеңу үлкен сын болды. Осы кезеңде кәсiпорындар мен ұйым­дардың жаппай жабылуы және өн­дірістің құлдырауы салдарынан жұ­мыссыз қалған еңбекке жарамды тұрғындардың едәуiр бөлiгін ішкi сауда жұмыс орындарымен қамтамасыз еттi. Ал сыртқы сауда елге шетелдiк валютаның құйылуы мен әлемдiк сауда жүйесiмен бiртiндеп кірігуге жол ашты. Әлеуметтiк маңызы бар құ­былыс – «дорбалы» сауданың алғаш­қы өркендерi пайда болды. Қызметтiң осы түрi нарық сұраныстарына жедел икемделдi.

Қазақстандық «дорбашылар» ха­лық үшiн қажеттi тауарларды қол­жетімді бағамен негізінен Қытай мен Түркиядан әкелді. Бұл iшкi рынокта тұтыну тауарлары тапшылығын тө­мендетті.

90-шы жылдардың ортасында сау­да инспекциялары, мемлекеттік жабдықтау мен мемлекеттік тұтыну одағы жүйесі жойылды, ал мем­ле­кеттiк сауда кәсiпорындары монополиядан шығарылып, нарыққа тапсы­рылды. Олардың қысқарып, жеке меншiк түрiне өтуінен кейін сауда биржалары, жеке меншік дүкендер, көтерме сауда қоймалары мен терминалдар пайда болды.

Соңғы 15-20 жылда сауда сала­сында болған өзгерiстер деңгейiн статистика көрсеткіштеріне жүгіне оты­рып байқауға болады. Мәселен, 2010 жылы бөлшек сауда тауар айна­лымы 1993 жылмен салыстырғанда 700 есе ұлғайды және 3 трлн. теңге­ден асты. 2010 жылы тауар айналымы әр адамға шаққанда 1993 жылдағы 290 теңгеден 200 000 теңгеге дейiн ұлғайды.

Құқықтық алаң құрудың арқасын­да, тұрғындардың төлеу қабілетінің өсуі мен жалпы халықтың әл-ауқа­тының жоғарылауы нәтижесінде Қа­зақстан iрi инвесторлар мен сауда желілері үшін тартымдылыққа ие болды. Оған «Рамстор», «ГРОС» және басқа да әлемге әйгілі сауда желілерінің өз ірі сауда орталықтарын ашуы дәлел бола алады. Әлемдегі ең ірі сауда желілерінің бірі «МЕТРО Кэш энд Керри» желісі Қазақстанның бес қа­ласында көтерме-бөлшек сауда орта­лықтарын ашу арқылы жалпы алғанда Қазақстан экономикасына 170 млн. еуродан астам инвестиция салды.

– Республика тәуелсіздік алған кезең мен қазіргі Қазақстан эконо­микасы үшін сауда саласының рөлі қандай?

– Менің ойымша, кез келген мемлекет үшін сауда саласының рөлі мен орны экономикалық саясатта бастап­қы кезекте болу керек. Біріншіден, халықтың жұмыспен қамтылуының ең жоғарғы деңгейін сауда қамтама­сыз етеді. Қазіргі таңда Қазақстанның экономикалық белсендi халқының 15 пайызы немесе 1,2 млн. адам сауда саласында жұмыс істейді, ел ІЖӨ-інде сауданың үлесі өсуде және ол 12,8 пайызға жеттi. Шамамен заңды тұлға­лардың 40 пайызы ішкі сауда са­ла­­сында қызмет атқарады. Екіншіден, бұл сала соңғы тұтынушыға барынша жақын және тұтынушылық қажеттілік­тер мен мүмкіндіктер құры­лымын, со­ны­мен қатар халықтың өмір сүру дең­гейінің динамикасын талдауға мү­мкін­дік береді. Былайша айтқанда, тауар­дың экономикалық құрылымы болып табылатын көрсеткіш – баға арқылы мемлекеттің экономикалық дамуы мен инфляциялық үрдістерін бағалауға бо­ла­ды. Үшіншіден, нарық­тық экономи­ка­сы бар елдерде сауда барлық эконо­микалық үрдістерге ай­тар­лықтай әсер етеді. Оған айқын мысал Бүкіләлемдік сауда ұйымына өту немесе елдер ара­сындағы экономика­лық заңнама үйлес­тіретін және эконо­микалық жоспарды ретке келтіріп оты­ратын еркін тауар алмасу мен қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін Қазақстан, Ре­сей, Беларусь ара­­сында Кеден ода­ғының құрылуы.

– Сіз атап айт­қандай, мемле­кет­тің басты мақсаты құқықтық алаң құру және іскерлік белсенділікті жетілдіру болып та­бы­ла­ды. Қазіргі таңда комитет қан­дай заң жобаларын әзірлеуде?

– Соңғы үш жылда ішкі сауда саласындағы дамуға қосымша серпін берген бірқатар заңдар қабылданды. 2009 жылы қараша айында сауданың ұйымдастырылған түріне өту мақса­тында «Тауар биржалары туралы» заң күшіне енді. Соған сәйкес тауар бир­жалары меншіктің акционерлік түріне көшті, тауар биржасын ретке келтіріп отыруда Үкімет пен мемлекеттік орган­дардың өкілеттіліктері нақты айқын­далды, ал биржалардың қызметі сауда биржаларының заманауи түріне барын­ша жақындастырылды.

Қазіргі таңда тауар биржаларының, брокерлік-дилерлік ұйымдардың саны өсуде. Осылайша, Қазақстан аумағында лицензия алған 300-ден аса брокерлік-дилерлік ұйымдар мен 11 тауар биржалары қызмет көрсетеді.

Заң қабылданғаннан кейін бір жыл­дың ішінде биржалық мәмілелердің жалпы көлемі шамамен 90 млрд. тең­гені құрады және 2009 жылмен салыстырғанда 57,2 пайызға өсті. 2009 жылмен салыстырғанда (94,5 млрд. теңге) саудаға ұсынылған тауарлар көлемі 9 есе (884 млрд. теңге) өсті. 2010 жылдың қорытындысы бойынша жасалған мәмілелер саны 2009 жылғы 1100-ден 10 000-ға дейін ұлғайды.

2010 жылы кәсіпорындар өндірген өнімдердің сапасы үшін жауапкершілігін арттыратын және тұтынушылардың құқығын қорғайтын тәуелсіз институт­тардың рөлін арттырған «Тұтыну­шылардың құқығын қорғау туралы» заң қабылданды. Үстіміздегі жылы «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы күшіне енді. Заңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлiк тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар жүйелiк шаралар қарастырылған. Оның ішінде әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына қойылатын бастапқы және шекті бөлшек сауда бағаларын анықтау реті көрсетілген.

2010 жылы Қазақстанның тәуел­сіздігі жылдарында алғаш рет 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында сауда қызметін дамытудың салалық бағдарламасы бекітілгенін атап өткен жөн. Бағдарламада сауданы орта мерзімде дамытудың жал­пы мәселелері, оның ішінде, бөлшек, көтерме, биржалық, электронды сауда және қоғамдық тамақтандыруды біріктірген сыртқы және ішкі сауда мә­селелері көрініс тапқан. Осы бағдар­ламаны іске асыру шеңберінде  Үкімет ел өңірлерінiң сауда алаңдарымен қамтамасыз етілу нормативтерін бекітті, алғаш рет сауда рыноктарының төл­құ­жатын беру ұйым­дастырылды, ком­му­налдық рыноктарға талаптар бекітілді.

Қазіргі уақытта комитет «Элек­тронды сауда туралы» заң жобасын әзірлеуде. Жедел өсiп келе жатқан сауда сегментінде құқықтық вакуум байқа­лады және осы заң жобасы 2012-2013 жылдарда қабылданады деп ойлаймыз. Сонымен қатар «Сауда биржалары ту­ралы» заң жобасына өзгерiстер енгi­зiледі. Себебі биржалық сауданың қар­қынды дамуы кейбiр заңдағы қайшы­лықтарға әкеп соқтырды және сауданың осы сегментi негiзiнен бұдан әрi бир­жалық сауданың халықаралық стан­дарт­тарына сәйкестендіруді қажет етеді.

– Яғни қазіргі таңда ішкі саудаға үлкен көңіл бөлініп отыр. Ал сырт­қы саудаға ше?

– Ішкі сауда – бұл сауда-саттықтың ең қиын, болжап болмайтын, сезімтал сегменті. Ал сыртқы саудада 2007-2009 жылдарда негізінен экспортты жетілдіру мә­селесінде бірқатар өзгеріс­тер енгізілген болатын. Бұл өз­герістер қазірдің өзінде республика экономикасына жақ­сы нәтижелер беріп отыр.

2007 жылы Ұлттық экс­порттық стратегия жобасы жа­­салды, Экспорттаушылар кеңесі құрылды, сонымен қа­тар алғашқы «Үздік экс­порттаушы» республикалық конкурсы өткізілді. 2008 жы­лы экспортты жетілдіру бойын­ша «KAZNEX» корпо­рациясы, ал 2009 жылы ши­кізаттық емес экспортты қол­дайтын тағы бір институт «Казэкспорткепіл» АҚ құрыл­ды. 2008 жылдан бастап орыс және ағылшын тілдерінде шетелдік оқырмандарға бағыт­тал­ған «Экспорттаушы» жур­на­­лы шығарылады. 2010 жылы 700-ден аса қазақстандық кә­сіп­орын тіркелген www.kazimc.kz Қазақ­стан Республикасының Электронды ақ­парат­тық маркетинг орталығы веб-порталы іске қосылды.

– Алдағы уақытта сауда сала­сында не нәрсеге көңіл бөлінеді?

– Үстіміздегі жылғы 25 қарашада Елбасы «Қазақстан. Мақсат­тар-2017» ұлттық іс-қимыл жоспарын белгіледі. Осы жоспарға сәйкес 2018 жылы Қазақстан халықтың табысы жоғары елдер қатарына қосылуы қажет.

Бұл қазірдің өзінде тауарлық қыз­мет­тердің сапасын арттыру, бөлшек желілерде тауар түрлерінің ұлғаюы мен сауданың заманауи форматына көшу үшін заңдық, қаржылық және ұйымдас­тырушылық шарттарды құруды талап етеді. Сонымен бірге сауда саласының инвестициялық тартымдылығын артты­ру жұмыстары жалғастырылады. Бұл жаңа әлемдік ритейлердің келуі мен отандық ритейлердің пайда болуына ықпал жасауы тиіс. Қазақстандық тауар­лардың бөлшектік желіге енуге тосқауыл қою жауапкершілігі күшейеді.

Ұлттық банкпен бiрлесiп бөлшек сауда желiлеріндегi ақшасыз есеп айы­рысуды ынталандыру және ақшасыз есеп айырысу кезіндегі транзакциялық шығындарды азайту бойынша шаралар өткізу жоспарланған, бұл өз кезегінде саудадағы көлеңкелі айналым деңгейін азайтуы тиіс. Әлемдік тауар биржа­ларының жұмыс тәжірибесіне сәйкес биржалық сауда әдістері дауыстық әдіс­тен электронды әдіске ауыспақ. Сон­­дай-ақ, тауар биржалары мен бир­жа­лық брокерлер қызметінің сапасы артады.

Қазақстан экономикасында сауда-саттық ісінде қамтылғандар саны 1,5 млн. адамды құрап отыр, яғни осы салада ең көп адам қамтылғанын атап өткім келеді. Өкінішке қарай, сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Сау­да қызметкерлері күні жоқ. Әлі де болса сауда-саттық қызметкерлерін, әсіре­се, сауда рыногындағы қызметкер­лерді әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік кепілдендіру мәселелері толығымен шешімін таппаған. Сауда саласында үкімет­тік емес ұйымдар институты дамыма­ған және сауда саласын дамыту мен қолдау шаралары бойынша тауар бир­жа­лары мен ірі ритейлер арасында бірегейлік байқалмай отыр.

Жалпы алғанда, сауда саласында бірталай жұмыс атқарылды, бірақ алда қыруар жұмыс күтіп тұр. Өйткені, мемлекет жоспары неғұрлым өршіл болған сайын соғұрлым экономика салала­рының бәсекеге қабілеттілігі де арта түседі.

Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.