
Ассалаумағалейкум ақсақал, сізді жеті атаңыздан дәстүр жалғаған бүркітші деп естідік...
– Е.., айтқаның рас қарағым, арғы атам Тұрсынбай атақты құсбегі болыпты. Оның баласы Шалша да балдағына құс қондырған саятшы адам екен. Осы Шалшаның тұсында біздің ауыл Алтайдан ауып Қобда бетіне келсе, Сағынған деген жамағайынның қорасында 15 бүркіт көгендеулі тұрғанын көріпті. Сақаң ерулікке бір-бір бүркіт берген екен. Менің әкемнің інісі Қаныкейге бұйырған ақ балапан кейін қасқыр алатын қыран бопты. Ал нағашым Әліпбай 10 байталға бүркіт сатып алған адам. Мен солардың жалғасымын. Қазір қолымда тұрған бүркіт менің 33-ші құсым.
– Жалпы құсбегілер бүркітті жеріне, мекеніне қарап атау беріп жатады. Қобда бетінде қандай бүркіттер көп кезігеді?
– Қобда бетінде «Алтайдың ақиығы» мен «Қобданың саршолағы» көп кездеседі. Баяғыда біздің ауылда құсбегі Бейіс дейтін адам болды. Сол кісі айтатын:
Қыран ұстау қазақтың
ен-таңбасы,
Сыйласқан қисық сүйек
бір жамбасы,
Жатсам-тұрсам ойымнан
бір кетпейді,
Бүркіттің салпы тұяқ, қарақасы.
Өзі қағып, өзі алар саршолағым,
Құзғын тұмсық, қысық көз,
қарагерім,
Қайқы құйрық, май қара,
шөңгелсарым,
– деп. Осында айтылған құстың бәрін көрдім.
– Сіз 60 жыл құс салғанда қолыңызға әсіре қызылкөз қыран көп түсті ме?
– Болды қарағым. Әкем құсты қатты танушы еді. Сол кісі «нағыз қыран тілеп түседі» дейтін. Осындай бір «тілеуші» бүркітті жеті жыл салдым. Оны көрген көнекөз құсбегілер мынау сирек кездесетін «Оймақ аяқ» қыран дейтін. Денесі тұйнақтай шап-шағын еді. Соны көрген біреулер мені «Сарша салып жүр» деп күлді. Осы «Сарша» жарықтық бір жылы 32 түлкі алды. Кей күндері күніне бес түлкіден алып жүрді. Қасымдағы қағушыларыма үшеуін байлап, екеуін өзім қанжығалап қайтқан күндер болды.
– Бұрынғылар саршадан қыран шықпайды деуші еді ғой?
– «Сарша» деп біздің жақта бүркіттің еркегін айтады. Ол ұрғашысына қарағанда денесі шағын әрі әлсіз келеді. Сондықтан Сарша салмайды. Менің құсымды басқалар денесіне қарап Сарша дегені болмаса, ол тіптен өте аз кездесетін басқа құс.
– Бұл ерекше құс қолыңызға қалай түсіп жүр?
– Әкем әкеліп берді. Бірде алыста тұратын жездеміз әкейге сәлем айтып жіберіпті, «осылай да, осылай, Бұғыты тауына бір құс ұя салып, жалғыз жұмыртқа басқан болатын, ол жарғанда егіз балапан шықты, бұндай қызықты көрмеген де, естімеген едім» деп. Хабарды естіген әкей «құстың егізі деген болушы еді, шын болса бұл соның өзі, денесі кішкентай болады, одан әсіре қыран шығады» деп аттанып кетті. Сөйтіп әкеліп берді.
Бір қызық айтайын, осы Сарша қыраным төрт жылдай керген түлкіге түсе алмай тайсап жүрді. Содан тастүлек шыққанда жаңадан бір қауырсын пайда болды. Осы қауырсын қанаты түсіп, қайта көктеп шыққанда барып, керген түлкіні керген күйінде басып қалатын дәрежеге жетті.
– Өз тәжірибеңізде қыран құсты қалай танисыз?
– Көзіне қарап танимын. Қыранның көзі күрең болады. Ақшегір, құмшегір қырандар да болады. Қанқүрең көзді бүркіт ешнәрседен қайтпай түседі. Оның көзі қанталап, қызарып тұрады. Содан кейін желке шудасы, яғни, шүйде жүні жапырақ жуан болады. Мұны «Жапырақ қыран» дейміз. Бұл көп күй талғамайтын құс. Құстың аяғына қарау керек. «Оймақ аяқ», «Ұлар аяқ» дейтін түрлері болады. Бүркіттің жембасары төрт тасты болып келсе, бұл нағыз қыран. «Тас» деп отырғаным, тұяқтың буындарында шорланып біткен қатты сүйел. «Жазық тұяқ» құстар да болады. Бұл құс көп күй тілемейді.
– Одан басқа қыранның қандай белгілерін білесіз?
– Кеуде сүйегіне қарау керек. Бүркіттің төс сүйегінің басы қозының жауырыны сияқты келеді. Кейбір құста осы екі бас болады. Бұл алғыр қыранның сипаты. Өз басым қос сауытты (кеуде сүйегі қос қабат) құс көрдім. Мұндай құс желді жарып ұшқанда қиналмайды және аңға түскенде мығым келеді, тайсалмайды. Сол сияқты, құстың тұмсығы қаракөктеніп тұрса, бұл нашар. Қыранның тұмсығы ақшыл келсе жақсы. Жағы түзу, ержақтылау болса, оны «Ержақты қыран» дейді. Жақсы бүркіттің құйрығы бүкір болады. Оны «Бүкір құйрық» құс дейміз. Бұдан басқа «Бір құйрық», «Кір құйрық», «Күрек құйрық» дегендері бар.
Содан кейін нағыз қыранның қанаты бір құлаш болады. Ертеректе Қайырбай деген бүркітшінің «Құлашкер» деген қыраны болды. Осы құсты Қайрекең Дайынның (жер аты) Бәйгетөбесінің етегіндегі жер ошаққа жұмыртқалаған жерінен алыпты. Нағыз қыран айлалы келеді. Шыңдағы балапанын адамдар үнемі ала берген соң, жасырып жайдақ жерге ұя салған сияқты. Осы құс зар күйіне келгенде өзі тілеп қасқыр ұстайтын. Ақыры ажалы қасқырдан болды.
– Қалай болыпты?
– Бірде Қайрекең құсын көтеріп аңға шығады. Қасында Мәлібай дейтін шал бар. Екеуі жіңішке Тошатыға шыққан екен, құс тіленіп болмапты, содан қоя беріп, артынан ереді. Бір түс шабады құс жоқ. Әбден титықтап бүркіт кеткен Көксайды қиялап келе жатса, бір жерде құстың жарты денесі жатыр. Бір аяғымен үшқаттан шеңгелдеп ұстаған екен, аяғы ажырамай бүрген күйі қалып қойыпты. Жарты денесі жоқ. Сөйтсе, қыран арлан қасқырға түскен. Қасқыр күш бермей дендеп бара жатқан соң, бүркіт бір аяғымен үшқаттан бүре ұстаған да қатып қалған. Қасқыр бұлқынып тартқанда құс қақ айырылып кетіпті.
– Жалпы Қобда бетінде қандай құс қыран болып келеді?
– «Қобданың жапырақ қарагері» дейтін құс бар. Сирек кездеседі. Бұдан өткен қыран жоқ.
– Бұл құс қолыңызға түсті ме?
– Бір рет түсті. Түзден ұстадым. Тура қыс түсе бастаған мезгіл еді. Қалқабай деген атамыз құсты көріп жіберіп: «Япырмай, сен қолға түспейтін жапырақты ұстаған екенсің, бұл тек асылға түседі деуші еді, асыл жердің бетінде емес астында болады, қайтер екенсің...» дегені. Осы құс 13 күнде бау ашты.
– Қасқыр алдырып көрдіңіз бе?
– Екі бүркітім қасқырға түсті, бірақ алмады. Бірде наурыз айының ортасы еді, мал төлдеп жатқан. Қойшылар: «Бәке ана тұрған Жүгенбай шоқыда қап-қара түлкі жүр соны, қақпайсыз ба?» деген соң құсымды көтеріп бардым. Шоқының жері күдір екен. Теріскей беті қарлы құрғақты қуалап өрлеп келе жатсам, тура астымнан қасқыр шыға келді. Қайтер екен деп құстың томағасын сыпырып едім, жұлып әкетті. Барды да, түсті. Шеңгелдей алмай асып барып салақтап тұрып қалды. Қасқыр ата жөнелді. Мен атыма қарай жүгірдім. Шашылып жатқан биялай, анау-мынауымды жинап шауып келсем, бүркітім өз жайында жаңа өлген тайдың етін шоқып отыр. Қасқыр құсымды алдап, жаңа жеген тайдың жемтігіне түсіріп кетіпті.
Тағы бір жолы көзбе-көз қасқырға жібердім. Шіркін-ау алып-ақ жіберіп еді, Алла тағала маған «бүркіті қасқыр алды» деген атақты қимады, бөрі көткеншектеп барып екі тастың ортасына кіріп кеткені. Бүркітім шырылдаған күйі отырып қалды.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»