Тарих • 23 Тамыз, 2018

Қыран ұстау – қазақтың ен-таңбасы

278 реткөрсетілді

Соңғы жылдары Моңғол елінің батысы – қазақтар шоғыр қоныстанған Бай-өлке аймағындағы ежелгі құсбегілік өнер жайлы АҚШ, Қытай және Еуропаның үлкен телеарналары мен кинематографистері қызықты фильмдер түсіруде. Осы туындылардың бас кейіпкері ретінде әлемге танылған 85 жас­та Бәйтей Бабиұлы дейтін ақсақал бар. Бәкеңнің қолына құс қондырып, бүркітшілікпен айналысқанына 60 жыл болыпты. Жуықта қария Астана маңында тұратын туыстарына қыдырыстап келген екен, арнайы жолығып сұхбаттастық.

 Ассалаумағалейкум ақ­сақал, сізді жеті атаңыздан дәс­түр жал­ғаған бүркітші деп естідік...

– Е.., айтқаның рас қарағым, арғы атам Тұрсынбай атақты құсбегі болыпты. Оның баласы Шалша да балдағына құс қондырған саятшы адам екен. Осы Шалшаның тұсында біздің ауыл Алтайдан ауып Қобда бетіне келсе, Сағынған деген жама­ғайынның қорасында 15 бүркіт көгендеулі тұрғанын көріп­ті. Сақаң ерулікке бір-бір бүркіт берген екен. Менің әкемнің інісі Қаныкейге бұйырған ақ балапан кейін қасқыр алатын қыран бопты. Ал нағашым Әліпбай 10 байталға бүркіт сатып алған адам. Мен солардың жалғасымын. Қазір қолымда тұрған бүркіт менің 33-ші құсым. 

– Жалпы құсбегілер бүркітті жеріне, мекеніне қарап атау беріп жатады. Қобда бетінде қандай бүркіттер көп кезігеді?

– Қобда бетінде «Алтайдың ақиығы» мен «Қобданың саршо­лағы» көп кездеседі. Баяғыда біз­дің ауылда құсбегі Бейіс дейтін адам болды. Сол кісі айтатын: 

Қыран ұстау қазақтың 
ен-таңбасы,
Сыйласқан қисық сүйек 
бір жамбасы,
Жатсам-тұрсам ойымнан 
бір кетпейді,
Бүркіттің салпы тұяқ, қарақасы.
Өзі қағып, өзі алар саршолағым,
Құзғын тұмсық, қысық көз,
 қарагерім,
Қайқы құйрық, май қара, 
шөңгелсарым,
– деп. Осында айтылған құстың бәрін көрдім. 

– Сіз 60 жыл құс салғанда қолыңызға әсіре қызылкөз қыран көп түсті ме?

– Болды қарағым. Әкем құс­ты қатты танушы еді. Сол кісі «нағыз қыран тілеп түседі» дейтін. Осындай бір «тілеуші» бүркітті жеті жыл салдым. Оны көрген көнекөз құсбегілер мынау сирек кездесетін «Оймақ аяқ» қыран дейтін. Денесі тұйнақтай шап-шағын еді. Соны көрген біреулер мені «Сарша салып жүр» деп күлді. Осы «Сарша» жарықтық бір жылы 32 түлкі алды. Кей күндері күніне бес түлкіден алып жүрді. Қасымдағы қағушыларыма үшеуін байлап, екеуін өзім қанжығалап қайтқан күндер болды.

– Бұрынғылар саршадан қыран шықпайды деуші еді ғой?

– «Сарша» деп біздің жақта бүр­кіттің еркегін айтады. Ол ұр­ға­шысына қарағанда денесі шағын әрі әлсіз келеді. Сондықтан Сарша салмайды. Менің құсымды басқалар денесіне қарап Сарша дегені болмаса, ол тіптен өте аз кездесетін басқа құс. 

– Бұл ерекше құс қолыңызға қалай түсіп жүр?

– Әкем әкеліп берді. Бірде алыста тұратын жездеміз әкейге сәлем айтып жіберіпті, «осылай да, осылай, Бұғыты тауына бір құс ұя салып, жалғыз жұмыртқа басқан болатын, ол жарғанда егіз балапан шықты, бұндай қызықты көрмеген де, естімеген едім» деп. Хабарды естіген әкей «құстың егізі деген болушы еді, шын болса бұл соның өзі, денесі кішкентай болады, одан әсіре қыран шығады» деп аттанып кетті. Сөйтіп әкеліп берді. 

Бір қызық айтайын, осы Сарша қыраным төрт жылдай кер­ген түлкіге түсе алмай тайсап жүрді. Содан тастүлек шыққанда жаңадан бір қауырсын пайда болды. Осы қауырсын қанаты түсіп, қай­та көктеп шыққанда барып, кер­ген түлкіні керген күйінде басып қалатын дәрежеге жетті. 

– Өз тәжірибеңізде қыран құсты қалай танисыз?

– Көзіне қарап танимын. Қыран­ның көзі күрең болады. Ақшегір, құмшегір қырандар да болады. Қанқүрең көзді бүркіт ешнәрседен қайтпай түседі. Оның көзі қанталап, қызарып тұрады. Содан кейін желке шудасы, яғни, шүйде жүні жапырақ жуан болады. Мұны «Жапырақ қыран» дейміз. Бұл көп күй талғамайтын құс. Құстың аяғына қарау керек. «Оймақ аяқ», «Ұлар аяқ» дейтін түрлері болады. Бүркіттің жембасары төрт тасты болып келсе, бұл нағыз қыран. «Тас» деп отырғаным, тұяқтың буындарында шорланып біткен қатты сүйел. «Жазық тұяқ» құстар да болады. Бұл құс көп күй тілемейді. 
– Одан басқа қыранның қандай белгілерін білесіз?

– Кеуде сүйегіне қарау керек. Бүркіттің төс сүйегінің басы қозы­ның жауырыны сияқты келеді. Кейбір құста осы екі бас болады. Бұл алғыр қыранның сипаты. Өз басым қос сауытты (кеуде сүйегі қос қабат) құс көрдім. Мұндай құс желді жарып ұшқанда қиналмай­­ды және аңға түскенде мығым ке­леді, тайсалмайды. Сол сияқты, құс­тың тұмсығы қаракөктеніп тұрса, бұл нашар. Қыранның тұм­сы­ғы ақ­шыл келсе жақсы. Жағы түзу, ер­жақ­тылау болса, оны «Ержақ­ты қыран» дейді. Жақ­сы бүр­кіт­тің құй­рығы бүкір болады. Оны «Бүкір құйрық» құс дейміз. Бұдан басқа «Бір құйрық», «Кір құйрық», «Күрек құйрық» дегендері бар. 

Содан кейін нағыз қыранның қанаты бір құлаш болады. Ертерек­те Қайырбай деген бүркітшінің «Құлашкер» деген қыраны болды. Осы құсты Қайрекең Дайын­ның (жер аты) Бәйгетөбесінің етегін­дегі жер ошаққа жұмыртқалаған жерінен алыпты. Нағыз қыран айлалы келеді. Шыңдағы балапанын адамдар үнемі ала берген соң, жасырып жайдақ жерге ұя салған сияқты. Осы құс зар күйіне келгенде өзі тілеп қасқыр ұстайтын. Ақыры ажалы қасқырдан болды.

– Қалай болыпты?

– Бірде Қайрекең құсын көтеріп аңға шығады. Қасында Мәлі­бай дей­тін шал бар. Екеуі жіңішке Тоша­т­ыға шыққан екен, құс тіленіп бол­мапты, содан қоя беріп, арты­нан ереді. Бір түс шабады құс жоқ. Әбден титықтап бүркіт кеткен Көк­сайды қиялап келе жатса, бір жерде құстың жарты денесі жатыр. Бір аяғымен үшқаттан шең­гел­деп ұстаған екен, аяғы ажырамай бүрген күйі қалып қойыпты. Жар­ты денесі жоқ. Сөйтсе, қыран ар­лан қасқырға түскен. Қасқыр күш бер­мей дендеп бара жатқан соң, бүр­кіт бір аяғымен үшқаттан бүре ұста­ған да қатып қалған. Қасқыр бұл­қы­нып тартқанда құс қақ айырылып кетіпті. 

– Жалпы Қобда бетінде қандай құс қыран болып келеді?

– «Қобданың жапырақ қара­гері» дейтін құс бар. Сирек кез­деседі. Бұдан өткен қыран жоқ. 

– Бұл құс қолыңызға түсті ме?

– Бір рет түсті. Түзден ұста­дым. Тура қыс түсе бастаған мез­гіл еді. Қалқабай деген атамыз құс­ты көріп жіберіп: «Япырмай, сен қолға түспейтін жапырақты ұст­а­ған екенсің, бұл тек асылға түсе­ді деуші еді, асыл жердің бетін­де емес астында болады, қай­тер екенсің...» дегені. Осы құс 13 күнде бау ашты. 

– Қасқыр алдырып көрдіңіз бе?

– Екі бүркітім қасқырға түсті, бірақ алмады. Бірде наурыз айының ор­тасы еді, мал төлдеп жатқан. Қой­шы­лар: «Бәке ана тұрған Жүгенбай шоқы­да қап-қара түлкі жүр соны, қақ­пай­сыз ба?» деген соң құсымды көтеріп бардым. Шоқының жері күдір екен. Теріскей беті қарлы құр­ғақ­ты қуалап өрлеп келе жатсам, тура астымнан қасқыр шыға кел­ді. Қайтер екен деп құстың то­ма­­ғасын сыпырып едім, жұлып әкет­ті. Барды да, түсті. Шеңгелдей алмай асып барып салақтап тұрып қалды. Қасқыр ата жөнелді. Мен аты­ма қарай жүгірдім. Шашылып жат­қан биялай, анау-мынауымды жи­нап шауып келсем, бүркітім өз жа­йында жаңа өлген тайдың етін шо­қып отыр. Қасқыр құсымды алдап, жаңа жеген тайдың жемтігіне түсіріп кетіпті. 

Тағы бір жолы көзбе-көз қас­қыр­­ға жібердім. Шіркін-ау алып-ақ жіберіп еді, Алла тағала маған «бүр­­кіті қасқыр алды» деген атақ­ты қима­ды, бөрі көткеншектеп ба­рып екі тас­тың ортасына кіріп кет­кені. Бүркі­тім шырылдаған күйі отырып қалды. 

Әңгімелескен

 Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»
 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Үйретері көп үйірме

Аймақтар • Бүгін, 08:59

Медицина музейі ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:57

Корей асханасы елордада

Қоғам • Бүгін, 08:55

Омыртқа – бүкіл ағзаның ұстыны

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Ұлы есімдер ұлықталады

Руханият • Бүгін, 08:35

Тектілік феномені

Руханият • Бүгін, 08:27

Ұлық жырдың ұзаны

Руханият • Бүгін, 08:25

«Егеменнің» тойы – елдің тойы

Руханият • Бүгін, 08:10

Ұқсас жаңалықтар