
Ақтөбе қаласының аумағы мен шекарасы жылдан-жылға өсіп келеді. Қазіргі кезде облыс орталығының ішінде де, сыртында да жаңа көшелер мен орамдар пайда болуда. Оның бәріне атау керек екені белгілі. Әйтпесе ел-жұрт жаңа мекенжайлар мен ғимараттарды қайдан іздеп табарын білмей, әуре-сарсаңға түспей ме? Оның үстіне Ақтөбе қаласының құрамына кіретін Ақжар, Ақжар-2, Заречный, Кірпішті, Рауан және Ясный секілді тұрғын үй аудандарында біраз көшелер әлі күнге дейін атаусыз қалып келіпті.
Осыған орай Ақтөбе облыстық мәслихаты 2018 жылдың наурыз айында 67 көшеге атау беру жөнінде шешім қабылдаған еді. Міне, сол кезден бері 4-5 ай сырғып өте шығыпты. Осы уақыттың аралығында жаңа көше атаулары әділет органдарында тіркеліп, тиісті құжаттары реттелген. Бүгінгі күні қай көше екенін айғақтайтын көрсеткіштер мен белгілерді ілу мен орнату жұмыстары қолға алынған.
Сонымен бір мезгілде тәуелсіздік пен бүгінгі жаңа Қазақстан қоғамы талаптарымен сәйкесе алмайтын көшелерді ел-жұрттың зердесінде сақталып қалған бұрынғы төл атауларымен алмастыру немесе оны басқаша атау шаралары да мәслихат шешіміне сәйкес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева айтып берді.
Айталық, нақты деректерге сүйенсек, қаланың қақ орталығындағы Ғазиза Жұбанова көшесімен қиылысатын атаусыз көше бүгінгі Конституциямыздың түпкі төркіні – «Жеті жарғыны» өмірге келтірген Тәуке ханның есімін иеленуі қай тұрғыдан да қисынды әрі жарасымды көрінеді. Осы ыңғаймен тағы да әрі қарай тізбелей түссек, Қабанбай батыр, Жүсіп Баласағұн, Ақан сері, Ақтан Керейұлы және Ер Қосай секілді тарихи тұлғалардың аты-жөндері халқымыздың арғы-бергі тарихымен тығыз үйлесім тауып тұрғаны талассыз. Сонымен бірге Қозы Көрпеш, Қалқаман – Мамыр, Нарын, Сәйгүлік және Оқжетпес сынды атаулар да бүгінгі ұрпақ өкілдерін асыл да асқақ сезімді пір тұтуға және туған топырақ пен ежелгі салт-дәстүрлерді қастерлеуге үндей алары анық.
Бұл арада көше атауларынан көрініп тұрғанындай, облыстық мәслихат депутаттары аймақтық тар өрістіліктен бойларын аулақ салып, тұтастай еліміз мақтан тұтатын тарихи тұлғалардың есімдері мен киелі жер атауларын асқақтатуға басымдық бергені айқын байқалады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ