
– Бұл сын жай жарыс емес, оның мәні – жауынгерлеріміздің сайыскерлік рухын көтеру, әскери әріптестік сенімін арттыру, – деді шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. – Осы бәсекеге қызығушы әскери қызметкерлердің қатары біздің елімізде де, шетелдік әріптестеріміздің арасында да жыл сайын артып келеді. Мергендер сайысы дегеніміз, нысанаға дөп тигізу машығын, қаруды меңгеру шеберлігін көрсету, түрлі стратегиялық және барлау тапсырмаларын орындай білу. Бұл сайысқа қатысушы елдердің үздік мергендері келіп отыр. Яғни біз нағыз сұрмергендердің өнеріне куә боламыз.
Ал Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өз сөзінде бұл шара терроризммен бірлесе күресуге жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.
– «Алтын үкi» әскери өнердің дәстүрлі мерекесіне айналғанына қуаныштымын, – деді Ерлан Жақанұлы. – Елбасы айтқандай, «Терроризм шекара талғамайды және елдерді бай-кедей деп бөлмейді». Осындай сайыстар ортақ жауларымызбен күресуге септігін тигізеді деп сенемін. Мергендер – кез келген армияның элитасы. Нағыз мергенге тән табиғат пен мінез әркімге бұйырмаған. Тарихта Әлия Молдағұлова, Төлеуғали Әбдібеков сияқты қаһарман мергендер жайлы аңызға бергісіз әңгімелер аз емес. Сол батырлар сіздерге кәсіби де, өмірлік те үлгі болсын.
Ұйымдастырушылар жарысты шынайылыққа мейлінше жақын етуге тырысқан. Қатысушылар классикалық атудан, қозғалыстағы нысананы атудан және түрлі қиын жағдайда күрделі тактикалық түйіндерді шешуден, жасырыну мен тұрған жерін бағдарлаудан сынға түсті. Бұлардың бәріндегі негізгі талап – дәлдік пен жылдамдық. Айта кету керек, биыл жауынгерлерге өз қаруларымен, арнайы киім-кешектерімен келуге рұқсат етілген. Бұл олардың өздерін неғұрлым жайлы сезінуі үшін де қажет.
Қатысушылар өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Командалық есепте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлері жеңімпаз атанды. Екінші орынға Беларусь, үшінші орынға Қытай елдерінің құрамалары ие болды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ