Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Оралда «Рухани жаңғыру» музейі бар

2204 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

2017 жылдың соңы, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 26 жыл. Дәл осы күні Орал қаласында «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысында пайда болған сүбелі жұмыстың бірі де біре­гейі де осы болды.

Оралда «Рухани жаңғыру» музейі бар

260,2 шаршы метр жерді алып жат­қан музей үйінің өзі сәтті таңдалған – ХІХ ғасырдың аяғында, 1893 жылы арнайы жоба бойынша мавритандық стилде салынған тарихи ғимарат болатын. Жыл соңында, алдын ала жос­парлаусыз ашылған музей ғимаратын күрделі жөндеуге жергілікті кәсіпкерлер көмектесті. Сөйтіп аз уақытта 4 экспози­циялық залдан тұратын заманауи музей дүниеге келді.

Музей «Батыс Қазақстан облысының киелі жерлері», «Қазақ ұлттық баспасөз тарихы», «Алаш қозғалысының тарихы» және «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын 4 залдан құралған. Бұдан бөлек, түрлі жиын, дөңгелек үстел мәжілістері өтетін конференц залында айына екі мәрте басқосу ұйымдастырылады. Ашыл­ғанына аз уақыт өтсе де музей тарихшылар мен өлкетанушылар жиі жиналатын рухани орталыққа айналған.

– Музей ашылғалы бері арада өткен 8 ай ішінде бізге 6,5 мыңнан аса адам келіп, экспозициямызды тамашалады. Қала­мызға Астанадан келетін лауазым­ды тұлғалар мен депутаттар, алыс-жа­қын шетелден келетін меймандар біздің музей­ді көрмей кетпейді, – дейді музей қыз­мет­кері, экскурсовод Арайлым Қонысбаева.

«Рухани жаңғыру» музейінің бірінші залы – «Батыс Қазақстан облысының киелі жерлері» деп аталады. Жалпы, Қазақстанда киелі жерлер географиясын түгендеу жобасының өзі осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан басталды ғой. Сондықтан «Рухани жаңғыру» музейінің бір қанаты дәл осы киелі жерлерге арналғаны ақылға сыйымды-ақ.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақ­стан» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақ­стан­ның жалпыұлттық киелі орындары қа­тарына кіретін 100 нысанның тізі­мін алғаш жариялаған кезде бұл тізімге Батыс Қазақстан облысынан небәрі екі нысан – ортағасырлық Жайық қаласы мен «Бөкей Ордасы» тарихи музей-кешені енгені хабарланды. Кейін арнайы іссапармен Ақжайық өңіріне келген «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы мамандары облыс аудандарын аралап, тарихи орындарын көрді. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі және тарихи ескерткіштерді қор­ғау­мен айналысатын облыстық мем­ле­кеттік инспекция ұсынған тізімге сәй­кес тарихи ескерткіштермен, өңір­дің киелі жерлерімен танысты. Осы сапардың нәтижесінде Қазақстанның жалпы­ұлттық киелі орындары тізіміне Ақжайық өңірінен тағы 5 нысан қосылды.

Сөйтіп Батыс Қазақстан облысы бойынша алты алаш ардақтайтын киелі орынның саны жетіге жетті. Оларды жеке-жеке таныстырып өтейік:

Ортағасырлық Жайық қаласы. Орал­­­д­ан Атырау бағытына шығатын тас жол­дың бойында, Желтаудың Жайық өзені­не жақындап еңкейген тұсында ор­наласқан. Жайық қаласы туралы көне сая­хат­шы­лар жазбаларында айтылып, кар­таларға түссе де нақты орны 2001 жылы ғана табылды. Бүгін­гі Орал қаласының оңтүстік-баты­сына қарай 12 шақырым жерде орна­ла­сқан қалашықтың сақталған аумағы 50 гектардай, ал кесенелер орны қал­ған нек­рополь аумағы – 300 гектар. Ғалым­дар Жайық қаласы XIII-XV ғасыр­ға дейін өмір сүрген деп болжайды. Архео­логиялық қазба жұмыстары барысында кірпіш­ күйдіретін екі пеш, әк өртеуге арна­лған пеш, шығыс моншасы, үш тұрғын үй, екі мавзолей және әртүрлі құрылыстардың орны зерттелді.

Қазба жұмыстары кезінде табылған нысандар ХІІІ-ХV ғасырға тиесілі бол­ғанымен, жалпы қала туралы дерек ІХ ғасыр­­дағы араб саяхатшысы Ибн Фад­лан­­ның жазбасында айтылады. Ғалым­­­дар Жайық қаласын қазіргі Орал қала­­сы­­ның ізашары санайды. Болашақта көне қала аумағы ашық аспан астындағы мұражайға айналады деп жоспарланған.

Қала орнынан батысқа қарай 2 шақы­рым қашық­тықта орналасқан көне қорым орнында полихромды глазурмен аптал­ған екі камералы күмбезді кесененің қиран­дысы табылды. Осындай бірнеше кесене және өз заманында элиталық құры­лыс саналатын шығыс моншасының табылуы – ортағасырлық Жайық қаласы­ның Алтын Орда кезеңінде ең дамыған және қала мәдениеті гүлденген орталық бол­­­ға­нын көрсетеді. Музейде қазба жұ­мыс­­­тары кезінде табылған жәдігерлер қойылған.

«Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені. Батыс Қазақстан облысы орта­лы­ғы­нан 550 шақырым қашықтықта жат­қан Хан ордасы ауылы – 1801 жылы құрыл­ған Бөкей ордасының астанасы, іргетасын хан Жәңгір 1826 жылы қалаған елді мекен. Бұл жерде ХІХ-ХХ ғасырға жататын көптеген ғимарат – Жәңгір мектебі, қазынашылық үйі, бас­пахана т.б. 60-тан астам тарих және мәдениет ескерткіштері сақталған.

Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне ХІХ ғасырдың тарихи-мәдени ескерткіші, қазақ даласында бүгінге дейін сақталған бірден-бір Хан сарайы, 1867 жылы 1 шілдеде ашылған «Казначейство» меке­месі ғимараты, 1835 жылы Жәңгір­дің өз жобасымен тұрғызылған Хан меші­ті, 1883 жылы жергілікті қыз бала­ларға арнаулы орта білім беру мақ­сатында ашылған оқу орны – қыздар учили­щесі ғимараты, 1830 жылы салынған Жәңгір ханның отбасылық дәрігері А.А.Сер­гачевтің үйі, 1868 жылы салын­ған Тарғын мектебі ғимараты, қазақтың алғашқы ұлттық газеттері басылған Орда баспаханасының үйі, мемлекет қай­раткері С.Меңдешев тұрған үй, тұңғыш аурухана ғимараты, тағы басқа тарихи ғимараттар кіреді. Сондай-ақ Хан зираты кешеніндегі Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей Шығайұлы және этнограф ғалым Мұхамедсалық Баба­жанов кесенелері де осы бірегей кешен құрамында. Музей экспозициясында «Бөкей ордасы» тарихи-музей кешенінің макеті, құжаттар көшірмесі, көне суреттер қойылған. Айта кететін бір жайт – Хан ордасындағы Дәулеткерей Шығай­ұлының кесенесі өз алдына Жалпы­ұлт­тық қасиетті нысан қатарына енді.

Тақсай қорған кешенінен табылған Алтын ханшайым. Б.з.д VI-V ғасырларға жататын бұл кешен Батыс Қазақстан об­лы­сы, Теректі ауданындағы Тақсай оба­лар кешенінен 2011 жылы табылған. Шама­мен 20 жастағы әйелдің сүйегі 500-ге тарта алтын әшекеймен көмкерілген екен. «Тақсай ханшайымы» атанып кеткен бұл ескерткіш жәдігердің түпнұс­қасы бү­гін­де Ұлттық музейде сақтаулы тұр. Сар­­мат­тар дәуіріндегі ауқат­ты әулет­тің өкі­лі саналатын «Алтын ханша­йым» отан­­­дық археология ғылымында тең­де­с­сіз жа­­ңа­лық саналып отыр. Тақсай оба­лар ке­ше­­нінде қазба жұмыстары әлі де жалғасуда.

Теректі ауданындағы Долинное елді мекенінің маңындағы Тақсай ке­ше­­нін 2012 жылдың күзінде Батыс Қазақ­­стан облыстық тарих және архео­логия орталығының мамандары қазып бас­таған еді. Археологиялық қазба жұ­мыс­тары нәтижесінде ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерлен­ген орны табылды. Қабірден әйел адам­ның алтын әшекей бұйымдары, ерекше шошақ төбелі алтындаған бас киім қал­дығы, соғыс көрінісі бейнеленген тарақ­ша, жалпы салмағы 3 килоға жуық көп­теген алтын бұйым шықты.

Тақсай кешенінен алынған арте­фактілерді зерттеуге Қазақстанның Астана және Алматы, Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франк­фурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябі, Пущино, Новосібір қалаларынан мамандар мен ғалымдар шақырылды. Белгілі реставратор Қырым Алтынбеков­тің ғылыми-қайта қалпына келтіру шебер­ханасы мамандары алтын әйелдің киі­мін қалпына келтірді. Музейде осы қазба жұмыстарынан суреттер, қалпына кел­тірілген тарақ, тағы басқа жәдігер көрер­мен назарына ұсынылған.

Әулие Жұмағазы хазірет кесенесі тура­лы «Егемен Қазақстан» газетінің биыл­­ғы 9 тамыз күнгі санында «Ақжа­йықта Жұмағазы қазірет» атты мақала­мыз шыққан болатын. Сондықтан Қа­зақ­стан­ның Жалпыұлттық қасиетті нысан­д­ары тізіміне кірген бұл кешенге тоқталмаймыз.

Ғұмар Қараш зираты. Белгілі ақын, ойшыл-ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш – өз заманының озық ойлы өкілдерінің бірі болған еді. Төң­керіс­ке дейін-ақ «Шайыр...» және «Көк­­сілдер» жинағын, «Ойға келген пікір­лерім», «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Қар­лы­ғаш» (Қазан, 1911), «Тумыш» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914) кітап­­­­тарын басқан, 1911 жылы қазақ­­тың тұң­ғыш басылымдарының бірі «Қазақ­стан» газетін, 1919 жылы тұң­ғыш педа­­го­ги­ка­лық «Мұғалім» жур­­на­­лын шы­ғар­ған қайраткер. 1917 жылы Алаш қозға­лы­сы­на белсене арала­сып, бірін­ші және екін­ші жалпықазақ сие­зіне қатыс­қан, қази сайланған. Ғұмар Қара­ш­ты 1921 жылы 12 сәуірде Батыс Қазақ­стан облысы Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылдық округі жеріндегі Құнаншапқан деген жерде жаулары қылыштап өлтірген.

Бүгінде Жәнібек ауданы Талов ауыл­дық округінің Бірлік деген жерінде аудан тұрғындарының қолдауымен Ғұмар Қарашқа кесене тұрғызылып жатыр. Оралдағы «Рухани жаңғыру» музейіндегі Ғұмар Қараш туралы деректер «Батыс Қазақстан облысының киелі жерлері» залымен шектелмейді. Қазақ ұлттық баспасөзінің даму тарихына арналған бөлімде де Ғұмар туралы, Ғұмар мен Елеусін Бұйриннің басшы­лығымен 1911-1913 жылдары шыққан «Қазақстан» газеті, «Ұран», «Дұрыс­тық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналы туралы деректер молынан қойылған.

Жымпиты – Күнбатыс Алашорда астанасы. Алашорда үкіметінің батыс қанаты – Күнбатыс Алашордасының орталығы болған Жымпиты селосында Алаш тарихымен байланысты бірнеше ғимарат сақталған. Оның бірі – Күнбатыс Алаш­орданың кеңсесі, екіншісі – ХІХ ғасырға тиесілі мұсылмандар мешіті. Алаш жұрты азаттыққа қол созған 1917-1918 жылдары Алашорданың батыс қана­­ты ең ұзақ 19 ай – 578 күн бойы өмір сүр­ген. Бүгінде Жымпиты ауылын­да Алаш аллеясы, Алашорда музейі жұмыс істейді.

Жаһанша мен Халел Досмұхамедов­тар басқарған Күнбатыс Алашорда үкі­­меті туралы деректер «Рухани жаң­ғыру» музейінің арнайы экспозиция­лық залына арқау болған. Жалпы, Орал қала­сының қазақ ұлттық-азаттық қоз­ғ­а­лысында үлкен орны бар. Бұл жерде талай тарихи тұлғалар қызмет еткен, түрлі тарихи оқиғалар өткен. «Руха­ни жаңғыру» музейінің электронды қыз­мет көрсететін дүңгіршегінен Орал қаласын­дағы ғимараттардың тарихы, тұлғалар мен тарихи оқиғалардың өзара байланысы туралы көп мағлұмат алуға болады.

Дәулеткерей кесенесі. Ерекше тылсым лирикаға толы төре күйлерінің не­гі­зін қалаушы Дәулеткерей Шығайұлы­ның кесенесі туралы жоғарыда айтып кеткен едік. Атақты күйші әу баста өз әулетінің атақонысы Қарамола деген жерде, қазіргі Қазақстан – Ресей шекарасында жерленген. Дәулеткерей мен Мұхамед-Салық Бабажановтың сүйегін Ордадағы Хан зиратына қайта жерлеп, басына кесене көтеру – сол кездегі Орда ауданының әкімі, ұлтжанды азамат Лавр Хайретдиновтың бастамасымен жүзеге асты. Бөкей ордасының пантеоны деуге лайық Хан зиратында Жәңгір ханға Маңғыстаудың ұлутасынан ор­натылған келбетті кесене 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Арада екі жыл өткен соң Дәулеткерейге де күмбез көтерілді. Бұл салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Халық жазушысы Ә.Кекілбаев арнайы келді. Айта кетейік, Хан зиратындағы бұл кесенелер ассамблеясының авторы – белгілі маңғыстаулық шебер Көпбол Демесінов.

Міне, Батыс Қазақстан облысының байтақ даласында шашырап орналасқан Жалпыұлттық киелі жеті нысанның барлық дерегін бір жерге жинап, көрер­мен назарына ұсынып отырған Орал қаласындағы «Рухани жаңғыру» музейінің бір қызметі осындай.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы