20 Ақпан, 2010

ҚАРТ ЖӘНЕ ҚАРТТЫҚ

9747 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Адамның салыстырмалы түрде ұзақ жа­са­ған ғұмыры көп сатылы. Ғалымдар өмір жо­лын нәрестелік (бір жасар), балалық (1-13 жас), жастық (13-25), кемелдік (25-49), егделік (49-61), кекселік (61-73), қариялық (73-85) және қаусау (85-тен асқан) кезеңдерге бөліп, әр­қайсысына биологиялық және физиологиялық тұрғыда толық мінездеме береді. Бір ғажабы, ғылыми нұсқалы аталған кезеңдер қазақтың мүшел жас (13, 25, 37, 49, 61, 73, 85) өлшем­деріне дәлме-дәл келеді. Адам межелі ғұмы­рында қоян жымындай бұралаң, кедірлі-бұдырлы соқпақ, табан тірелмес тайғақ, биік асулы, терең өткелді, сондай-ақ тақтақ даңғыл, әйтеуір, қилы-қилы жолдардың талайынан өтеді. Өмірдің ең баяу сырғитын бөлігі қырық жас­қа дейін ысылады, пы­сиды. Ой және қол еңбегінде шың­далады. Ой өрісі кеңиді. Дү­ние танымы тереңдейді, мо­лаяды. Қоғамдық ортада өз орнын табады. Азаматтық бей­несі әбден қалыптасып, ке­лешек өмір нысанасы ай­қын­далады. Одан әрі тал­пыныс, ілгерілеу, жеделдеген елу, сосын алпыс. Алпыс – төре және сыни жас. Өткен кезеңдерге сарап­шы, алдағыны болжамшы шақ. Апақ-сапақ өмірдің қо­ңыр күзі, ақшамы. Егделіктің көлеңкесі ұзарып, батыс көк­жиегіне еңкеюі, қарттықтың табалдырығы, босағасы. Өмір оты ерте өшірілмесе, адам бала­сының қартаюы табиғи заңдылық. Қартаю организм мен ой сезімнің даму, жетілу үдерісі тоқырып, белсенділік мүмкіншілігі мен қарқынының үдемелі төмендеуі. Адамға қалауынсыз-ақ өзінің табиғи жолымен жетер бұл кәрілік кезең ел аузында: “Ат мініп, атан жетелеп, келмейді, сірә, кәрілік. Күтпейді оны көпшілік, сағынып не тарығып” деп сипатталады. Адам үш түрлі қартаяды. Ерте тәни қартаю – кәрілік белгілерінің мезгілінен бұрын аян болуы. Адамның биологиялық және психологиялық қорғаныс механизмдерінің шамадан тыс тотығуы. Тұқым қуалаушылық пен туабітті гендік ­– тектік мүкілік салдары. Жалпы денсаулықтың ақаулығы, ауыр, созылмалы дерт зардабы. Жеке бастың күтімсіздігі, тіршілігіне жауапсыздығы. Қалыпты физиологиялық қартаю – егделіктен кейінгі жас жігі қапелімде байқала қоймайтын, созылып барып анық белгі беретін табиғи құбылыс. Бұл кезеңге тән: дене қажып, күш-қуат кемігенмен сана мен сезім сергектігі. Төңірекке жіті көзқарас, ойға берілу. Байсалдылық, пайымдылық, шүкіршілік. Рухани қартаю ­– тән мұқалуынан бұрын жан жұталуы, жүйке жүйе түтіліп, жад кө­мес­кіленуі. Қоғамдық ортадан оқшаулану. Та­нымдық сезім тұйықталған осы психоло­гия­лық үдеріс кей жағдайда парасатсыз, келеңсіз өмір сүруге организмнің қарсылығы деп тү­сіндіріледі. Қалай дегенде де, рухани қартаю өте сирек кездесетін тіршілік. Қартайғанда адамның денесі болбырап, қимыл қозғалысы баяулайтыны, іс-әрекеті шектеліп, қоғамдық ортадан қол үзері, жүйке сыр беріп, ой өрістің торығуы, ел өмірі мен төңірегін бұрынғы көзқарасы, дүниетанымен шолатыны және түсінетіні анық. Бұл болымсыздық жеке бастың кемшілігі емес, жалпы ұзақ ғұмыр кешіп қартайғандардың барлығына ортақ көрініс. Сәнімен қартаю – абырой. Бірыңғай отбасылық өмір қалпына көшкен соң ұлдары мен қыздарының, немерелері мен шөбе­релерінің, құдалары мен жиендерінің шаршы төрінде маңғаз отыру, кіршіксіз ықыластары мен ақ ниетті қамқорлықтарын сезіну, ешнәрсеге мұқтажданбау, ауыл-аймақтың үлкендері мен жастарының инабатты сәлемі мен арнайы сыбағасын қабылдау, ақ батасын беріп, баршасын ризалау үлкен ғанибет. Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қаш­тырмай, әдемі қартаю өнеге. Ұлық жасын қа­дірлеу үлгі. Тек осы салиқалықтан жазбағай. Ел өмірінің төрін иеленген қарттық: құрметті этикалық ұғым. Болмысы тұрғысынан екі өлшемді. Адам жарық дүниеде ғұмыр кешкен ұзақ жылдар – сандық және сол сындарлы жылдарда ел игілігіне, халық мүддесіне еткен елеулі еңбегінің молдығы – сапалық өлшем­дер. Екі өлшем сабақтасып, бірін бірі то­лық­тыруы, әрлеуі мен нәрлеуі өткен, қарт­тыққа жеткен адам өмірінің құндылық сипаты; адам баласының баршасының пешенесіне жазыл­маған, бір бөлігіне ғана бұйырған өмір сыйы, мархабаты. Сәнімен жеткен ұлық жасында бір-ақ берілетін өмірдің мәні мен маңызын терең түсінуге, қилы-қилы құбылыстарын, сан-алуан қырлары мен сырын жақсы тануға, оларды қоғамдық өмірдің үдемелі дамуында ұтымды пайдаланудың төте жолдарын іздеуге, өнерлі істе ізгі еңбек үлесін қосуға, қандай да бір өшпес із қал­­ды­рып, кейін­гілерге өнеге тұт­қызуға, қатал сыннан өт­кен шынайы тір­шілік үлгі­ле­рін ұрпағына да­рытып үлге­руге берілген мұ­ра; мінсіз атқарар маңызды міндеті мен асқан жауап­кершілігі айқын­далған, тұ­нып тұрған тарихты тұтас бір дәуір; еш уақытта ортай­май­тын, уақыт өткен сайын то­лыға түсетін ақыл-кеңес қа­зынасы; адам ғұмы­рының түйінді бөлігі, бір ұрпақ өмірімен шектелмей­тін, жал­ға­сы үзілмейтін, ға­сырдан ға­сыр­ға асып, асыл қасиеттері жетіле, кемелдене, киелене түсер феномен. Қарт адамдар халық құ­рамындағы әлеуметтік топ. Бағзы заманнан қалыптас­қан, ұрпақтан ұрпаққа ұштасқан өмірлік мақсаты ел бір­­лігіне, жер тұтастығына бас-көздік, халықтың бірлігі мен ынтымақ­тастығын берік дәне­керлеу, ұлттық бай рухани қазынаны шашау шығармай сақтау және молайта түсу еді. Олар қай кезде де осы міндетті жүзеге асыруда көсемдік та­ныт­ты, бекзаттық пен мәрттіктің рухы бола білді. Дөңгеленген дүние бір орында тұрмақ емес, әрдайым уақытқа тың тыныс және бағыт береді. Әлемді ауық-ауық түлетеді, жасан­дырады, заманды өзгертеді. Тек жиыр­масыншы ғасырда қазақ халқы екі тарихи кезең – феодалдық және кеңестік социа­листік кезеңді бастан өткізді, үшінші – ел егеменді қоғамда өмір сүруде. Адам баласы замана құрылымын өз қолымен жасаушы бола тұрып, өз зама­нының сарынына қарай бейімделеді, өзгереді. Түп-тұқиян тегі мен ұлттық тамыры бір болса да, саяси-қоғамдық, экономикалық-әлеуметтік жағдайлары әртүрлі осы тарихи үш кезеңнің адамдары – қарттары бір-біріне ұқсамайды, бірін-бірі қайталамайды. Әрқай­сысы өз заманының перзенті және қариялық бейнесі, үлгісі. Өткен ғасырдағы үш кезеңнің қарттары бір-біріне жалғасқан үш толқын. Алдыңғы ұрпақ қарттары таза қазақылық нұсқалы, ру-тайпа­лар­дың, ауыл-аймақтың, үлкен әулеттің жетек­шілері, жол сілтер көшбасшылары, ақылшы-кеңесшілері. ­Өмірлік таңдауы Хақ жолы. Ұстанымы Шариғат заңы мен әз-Тәуке ханның “Жеті жарғысы”. Азаматтық жолда атқарары мұсылмандықтың бес парызы. Бір бөлігі діни сауатты. Тақуалықтан шет емес. Жан тазалығы – имандылық, ар тазалығы – мәрттік, тән тазалығы – харам­дықтан адалдық, қол таза­лығы – әділдік. Ырымшыл. Дінді екі дүниеде де адам рухын салауаттандырушы, демеуші және қорғаушы, дінсіздікті, кәпірлікті ата жауы санады. Ағайыншыл. Аталастарының басын бірік­тіріп қауымдастырды. Сегізінші атаға дейін туыстардың қанын араластырмай, тектік нәсі­лін таза сақтатты, некесіздікке жол бермеді. Отау тігіп, енші алған балаларын өз төңірегіне топтастырды. Қазақы қағидаларды, салт-дәстүрді, жол-жоралғыны қатаң тәртіпте іске асыртты. Ақ адал еңбекке баулыды, ала жіпті аттатпады. Жастардың, әсіресе, қыз балалардың тәрбиесіне баса көңіл бөлді, іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын қатал бақы­лады. Сондай үлгі тәлімнің әсері болар, ол кездерде ел ішінде ұсақ ұрлық, тонаушылық, қарақшылық, жезөкшелік сияқты қылмыс болған емес. Өмір қалпы жартылай отырықшы, жар­тылай көшпенді. Байлары мен кедей-кеп­шіктері аз, дені орта шаруа. Тапқа бөлін­беген. Жарлы-жақыбайлар қаналмаған. Өйткені, олар өздерінің бай туыстарының қамқорлығында малын баққан, шаруасын тындырған, тиесілі еңбек ақысынан басқа түрлі көмегін алған. Қанағатшыл, шүкіршіл. “Денсаулық, ақжаулық, он саулық” байлық саналған. Кісі ақысын жеуді арамзалыққа балаған, тыйым салған. Үй шаруасындағы билікті қолында ұстаған. Алыпсатарлықты жазғырған. Ол қарттардың өз дәуіріндегі тарихи еңбегі: орыс миссионерлері мен әкімдерінің қазақ­тарды христиан дініне тарту, шоқын­дыру әрекеттеріне қарсы батыл және жемісті күресі, ел ішіне енген татар молдаларының тіл бұзар былдырларынан жастарды сақ­тандыру, ұлт-азаттық көтерілістерін ұйым­дастыру және басшылық жасау; кедейлерді жақтап, халықтар теңдігін ұрандатқан “қы­зылдарға” бірден ықылас танытпай, мой­ындамауы; демокра­тия­лы ұлттық автономия “Алашорда” үкіметін қол­­дап, жастарды ұлы мақсатты іске жұ­мылдыруы; елдің бірлік тұтқасының беріктігін, өренді қазақылықтың мызғымас тұрақтылығын пәрменді наси­хаттауы мен өсиеттеуі. Бұл қарттар өмір мен адам танымдығы мол, ойшыл, табиғи қалыптылықтың, зер­деліліктің, табандылықтың үлгісі еді. Келесі толқын – қарттардың алдыңғы­ларынан тіні бөлек. Шала және толық сауат­тылар. Ұйымшыл, ұжымшыл. Жұмыс тал­ғамас еңбекқор. Қай салада, қандай міндет атқарса да мамандығын ұштауға, білімін же­тіл­діруге, еңбек өнімділігін арттыруға ын­талы. Тап­сырманы мерзімінен бұрын асыра орындауға дағдыланған. Ғұмыр керуен кө­ші­нің орта жолында жүк қалдырмас қажырлы қара нар. Жаңалыққа құлақ түргіш, оны әр­леп, нәрлеп қызмет тәсіліне енгізуде, жаппай таратуда бастамашыл, істе шапшаңшыл, бәсекелі және тындырымды. Табан еті, маң­дай терімен атқарылған ұлан-ғайыр еңбектің нәтижелері ел игілігіне, жемісі халық мүд­де­сіне жаратылады деп түсінетін. Саяси-қоғамдық өмірде белсенді. Мем­лекеттік міндеттерді орындауда алдарына жан салмас озат және науқаншыл, қалың бұқа­раны жігерлендіруде ұраншыл, ары мен қолы таза, ақ жүрек. Заңға қол бергіш, көнбіс. Замана ағымы мен ыңғайына бейімделгіш, көсем­шілдікті дәріптегіш. Аздап өзімшіл, аздап мақтансүйгіш. Күнделікті тұрмыста қарапайым. Барға қанағатшыл, жоққа жабықпас төзімшіл. Адамдарды алыс-жақынға бөліп алаламайтын көпшіл. Ой-пікірін әдемі сөздермен әдіптеп, сабақтап, татымды тұздықтап, дәмдеп майын тамыза айтатын әңгімешіл. Қызыл сөздерді жарыстырмай, аталы сөзге қонақ бергіш. Көңіл ашар әзілқой. Кісі кемшілігін көзге шұ­қып, мін тақпай, тек сыпайы қамшылай­тын сырбаз. Жоқ-жітікке жанашыр, қажы­ған­дарды демегіш. Жолдас-жораға қамқор­шыл. Отбасының ұйытқысы. Ұрпақ өсіріп, жа­пырағын жаюда арманшыл. Өте балажан­ды. Қаз басқан сәбидің жас ірімшік иісті тамағынан бір иіскемей, ақ маңдайынан бір сипамай, көз бен тіл тиюдің алдын ала теріс қарап бір түкірмей өтпейтін. Жастарға баталы, жарқын болашағына үмітті және нық сенімді болатын. Бұл қарттар азаматтық және адамгершілік парызын адал өтеді. Ел бірлігін кейінгілерге аманаттады. Келесі толқын... “жаңа нарықтық заман­ның қарттарын жан-жақты, дәлме-дәл сипаттау қиын. Өйткені, қоғамдық бағыты әлі нақтылы анықталмаған дәуіріндей өздері де әзір бірегей қалыптаспаған “жас қарттар”. Көрері де, көрінері де әлі алда”, – дейді кей азамат. “Көркем әдеби шығармаларда жаңа замандық негізгі кейіпкердің типтік бейнесі әлі сомдалған жоқ”, – дейді кей жазушы. Әліптің артын бағып, асықпай ой-пікірін уа­қыт сынынан өткізіп бір түйіндеуді мақсат тұ­ту жөн шығар. Бірақ кеңестік дәуірде бі­лім-тәлім алған, еңбек еткен, азаматтығы қалып­тасқан ол қарттар жаңа қоғамның бел ортасына еркін енді. Із­ба­сарлары саналса да алдыңғы ұрпақ қариялардан өзге тінділігін танытты. Шеттерінен сауатты, түрлі өндіріс салаларының мамандығын игер­мегені кемде-кем. Бұрын бой түзеген, енді ой түзеді. Аңғарымды, сезімтал, түсінігі кемел. Өмір құ­былыстарын әлемдік деңгейде салыс­тыр­­малы түрде ұғынуға тырысады. Жады мық­ты. Тарихтың ақтаңдақ тұстарын толық­ты­ру­шы, шүбәлі оқиғаларды дәлдеп анықтаушы. Тұрмыстық тапшылық пен қиыншылықта бай­салдылық үлгісі. Ұлт өнегесінің қаз-қалыпты нұсқасы. Пысық, ширақ. Зейнет­керлік жастан асып, сексенге таянғанда да ой еңбектілерінің бірқатары аттан түспеді. Іс басынан кетпеді. Өнерін жалғастыра беруде. Қол еңбектілерінің бір бөлігі қайнаған өнді­рістің символы орақ пен балғасын тоттан­дырмады. Егін егіп, мал өсіруден танбады. Шаруагер. Іс-әрекетте шау тартпаған бұл дәрменділік нағыз қариялық кезеңнің басталуын кешіктірердей әсер етеді. Қарттардың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Уайымы сырлас, сыйлас қата­рының сирегені. Олар бүгінгісін ғана ойла­майды, өткен өмір жолын зерделеп, алдын болжауға тырысады. Өздеріне тетелес келер ұрпақ – қарттардың тағдырына толғанады, денсаулықтылығын, бақуаттылығын, сергек­тігін қалайды. Ол үшін қол берер медицина ғылымдарының қарттықтың заңдылықтарын зерттейтін геронтология және кәрі адам­дардың ауруларын зерттейтін гериатрия ілімдерінің үздіксіз дамуына және жемісті жұмыс атқаруына үміттенеді. Қарттар кісіліктің төресі. Олар сыйлы ел­де халықтың бірлігі берік, тәлімділігі жоғары, адамжандылығы танымды. Олар жоқшылық көрген елде тоқшылық жоқ. Қарттардың жай-күйі, хал-ақуалы бүкіл елдің тыныс-тіршілігін айна қатесіз бейнелейді дерлік. Мұқият ескерілер жайт. Қарттарға адам баласына тән пендешілік те жат емес. Әсіре ойшыл. Байлыққа жеңсік. Ру-тайпасын, ата-бабасын асыра мақтауға, жариялауға, насихаттауға, атақтары мен даңқын тарихта хаттатуға құмар. Қарттар жарыста мүше бермес, сайыста ұпай жемес кешегі жалын атқан әмбебап жастар. Қазақ жеріндегі бүгінгінің бәрі, тұтас елдігімізден бастап, күнделікті тіршілігіміздің бүкіл қайнар көздеріне дейінгілердің баршасы түп-түгел сол ардақтылардың еңбегі. Біздер де солардың кіндігінен шыққанбыз. Әлімсақтан бері халық ел құрметтілерін қария, шал дегізбей ата, ақсақал, абыз атандырып ардақтаған. Ата – ертеде ежелгі, байырғы мағынасын берген сөз. Қазіргі түсінігімізде әкенің әкесі, белгілі бір әулеттің басшысы. Бабалар көтерген қара шаңырақтың қасиетті иесі. Өз перзент­те­рінің ақылшысы, демеушісі, одан кейінгі ұр­пақ­тарының тәлімгері, қамқор­шысы, өнеге-үлгісі. Ата мекені, ата жолы, ата кәсібі әдейі қас­терленеді, ата сыбағасы кезі келіп тапсы­рылғанға дейін мұқият сақталады. Мақал-мәтелге айналған қанатты ой-пікірі аталы, баталы сөз саналады. “Баланың балалығына атаның даналығы бар. Ата көтерген батпан жүк – атанның жүгі”, – дейді халық. Ата әрдайым құрмет иесі. Қазақы үлгілі жастар бейтаныс болса да қарияға жолықса “аталап” иіліп сәлем, бүгіліп жол береді, төріне шығарып, жылы-жұмсағын ұсынады. “Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі” осы болса керек. Ақсақал – өмірлік тәжірибесі мол, ел тарихын, рулар мен тайпалар шежіресін, ұлттық салт-сананы, әдет-ғұрыпты, жоралғы-қағиданы жетік білетін зерделі, халық ортасында абыройлы, дарындылығымен көпке танылған қадірлі адам. Ақсақалдар ұлттық болмысты, өнеге мен үлгіні халық санасына терең сіңіру, ауыл-аймақ деңгейлі шаруашылық, тұрмыстық, әлеуметтік істердің тетігін тауып, түйінін шешу, жастарды өнер-білімге, еңбекке баулу, көрші ауылдармен тату қарым-қатынас жасау, тағы басқа жүйелі мәселелермен айналысқан. Ел ішіндегі, ағайын-туыс арасындағы дау-дамай, өкпе-ренішке мәмілегерлік жасап, тыныштық орнатуға ықпал еткен. Бірде-бір ұлағатты сөзі ескерусіз, аяқ асты қалмаған, жазылмаған заңдық күші болған. Абыз – біртуар дана тұлға. Елдің пір тұтар білімдар кемеңгері, көріпкел сәуегейі. Қазақ халқының тарихындағы абыздар Қорқыт баба, Асанқайғы данышпан, Аяз би, Жиренше шешен, Атымтай жомарт, Қо­жам­берген жырау, Абай хакім, Шәкәрім қажы. Уақыт – зымыран, зулап өтуде. Ұлы ғұлама Ахмет Игүнеки: “Бұл дүние бір керуен сарай-ды, кете­тін­дер түсіп содан тарайды. Алғы тізбек көшіп ұзап кеткенде, келіп түскен тізбек соған қа­райды” дегеніндей, өмірдің керуен көші жастарға жол ашып, қарттарды құрметтеумен шартарапты дүние кеңістігінде тоқтаусыз ілгерілей бермек. Редакциядан: Жәрдем Кейкин кезінде Атырау және Маңғыстау облыстарында лауазымды қыз­мет­тер атқарды. Одан соң ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесінің вице-президенті бола жүріп, елдегі ауыл шаруашылығы ғылымы­ның дамуына айтарлықтай үлес қосты. Зейнетке шыққаннан бергі ширек ғасырдай уақытта жи­ырмаға жуық кітап жазып шы­ғарып, қазақтың қарымды қаламгерлерінің, ойшыл қазына қарт­тарының біріне айналды. Бүгін 85 жастың сеңгір биігіне шыққан шағында газетіміздің белсенді авторы, ұлттың ұстынды зиялысы Жәрдем Салих­ұлының мерейлі қуанышына біз де ақ тілегімізді қосамыз. Жәрдем КЕЙКИН.