Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2018

Жамбылда жержаңғақ өседі

1537 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қасиетке толы қара жердің қой­науын­да адамзат баласына қажетті көпте­ген өсімдік пен дәнді дақыл өседі. Ғалымдардың мәлімдеуінше, жержаң­ғақтың құрамы пайдалы дәруменге өте бай, ол көптеген дертке ем болатын дақыл. Жержаңғақ егетін шаруалар еліміз бойынша аз деуге болады. Алайда қара жердің құпиясын ұғынатын, одан шығатын өнімнің табиғатын түсінетін диқандарымызға жержаңғақ өсіру әлі де болса таңсық сияқты. 

Жамбылда жержаңғақ өседі

Жамбыл өңірі ауыл шаруа­шы­лығына қо­лай­лы аймақ бол­ғанымен, мұнда да жер­жаң­ғақ өспейтін. Жергілікті халықтың күн­делік­ті тұтынып отырған жер­жаңғағы өзбек жері­нен жет­кізіледі. Осы олқылықтың орны то­лып, бұдан былай өңірде жержаңғақ өсіріл­мек. Нақты айтсақ, Шу ауданының Қора­ға­ты ауылында орналасқан «Анар-1» өнді­ріс­тік кооперативі осынау шаруаға өт­кен жыл­дан бері бел шеше кірісіпті. Аталған агроқұрылым жержаңғақ өнімін өткен жылы 25 гектарға еккен болса, биыл бұл көрсеткішті екі есеге дейін арттырыпты. 

Кооператив басшысы Ербол Ерғазиев бізге таңсық өнім түрін әуелі жеке бақшалығына егіп көргенін айтты. Бұл әңгіменің басы да негізінен ала шапанды ағайындардың осы Қорағаты ауылына келуінен, өздерімен бірге жержаңғақ әкелуінен бас­тал­ған екен. Құрылғанына он жыл­дан астам уақыт өткен атал­ған агроқұрылым жержаңғақты әуел­гіде шағын алқапқа егіп көріп, оның өнімінің мол екеніне көз жеткізген соң ғана әрі қарай алқапты ұлғайтуға тәуекел етеді. Осыған дейін жержаңғақ өсірудің қыры мен сырын мең­геріп алған Ербол Ерғазиев ал­да­ғы уақытта осы шаруашы­лықты жалғастыруға ниет етіп отыр. 

Оның айтуынша, жержаңғақ тұқымы бірнеше түрге бөлінеді екен. Ал аталған өндірістік коопе­ратив өзбек ағайындардың жер­жаң­ғағын егіп отыр. Бұл өнім түрі төрт айға жуық уақыт ішін­де пі­седі. Тәжірибе ретінде жер­жаң­ғақтың аргентиналық және крас­нодарлық тұқымдарын да егеді. 

– Негізінен аргентиналық және крас­но­дар­лық жержаңғақ тұқымдарына күн көзінің көбірек түскені жақсы. Тәжірибеміздің жетіс­пей жатқанынан болар, әйтеуір өткен жылы өнімді аз жи­над­ық. Биыл тәжіри­бемізді одан әрі арттырып, жаңа тұқымның қалып­ты өсуін бақы­лауда ұстап келеміз. Биыл әр гек­тар­дан шамамен 25-30 центнерден өнім аламыз деп жос­пар­лап отырмыз, – дейді Е.Ер­ғазиев.

Аталған агроқұрылым өткен жылы өнімді аз алғанымен, оған деген сұраныс көп болыпты. Шаруасын одан әрі шалқытқысы келген кооператив өткен жылғы өнімнің көбін тұқым ретінде алып қалған. Сонымен қатар аталған агроқұрылым мемле­кет тарапынан жеткілікті дең­гейде несие алыпты. Демеу­ші­лердің көмегімен шаруашы­лық­қа қажетті трактор, дән сеп­кіш, қатараралық кескіш, жаңбыр­латып суаруға арналған құрыл­ғы және тағы да басқа керекті дүниелерді сатып алып, тірлігін тіктеп отыр. 

Қазір егістік алқабында жержаңғақ жапырақ жайып, жайқалып тұр. Қазақ даласына таңсық көрінетін бұл дақылдың топырақпен бауырласып, ауа райымен үйлесіп тұрғаны да керемет. Жиналған дақылды өткізу мәселесі де оңынан шешіліп келе жатқанға ұқсайды. Себебі кезінде Қорағаты ауылына жержаңғақтың тұқымын алып келген өзбектер екі тонна дақылға тапсырыс беріп қойыпты. 

Шынында да сырттан келген өнімді екі есе бағасына сатып алып тұтынғанша, өзімізден ар­зан бағаға алып пайдаланған дұ­рыс қой. Бұл қарапайым халық үшін де олжа. Қалай болғанда да, бере­келі істің бастауы Жамбыл өңір­ін­де басталып, өзге жақтарда да жал­ғасын тауып жатса, тіпті ғажап.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы