20 Ақпан, 2010

ВИЗАНЫҢ ЖАҢА ТҮРЛЕРІ КҮШІНЕ ЕНЕДІ

1275 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Сыртқы істер министрлігінде “Қазақстан Республикасының визаларын беру ережелері” жөнінде баспасөз мәслихаты болып өтті. Бұл кездесуге Консулдық қызмет департаментінің директоры Самат Жаңабай мен Ішкі істер министрілігі Көші-қон басқармасының бастығы Серік Сайынов қатысты. Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап елімізде Сыртқы істер министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйры­ғы­мен бекітілген “Қазақстан Рес­публикасының визаларын беру ережелері” өз күшіне енетін бо­лады. Мұндай жаңа ережелерді қа­былдаудың негізгі мақсаты – оның қағидаларын бүгінгі қолданыстағы миграциялық жағдайға сәйкес ретке келтіру, сондай-ақ Қазақстан аумағына шетел азаматтары келуін бір жүйеге түсіру. Қабылданған ережелер Қазақ­стан Республикасының аумағына кәсіпкерлік, еңбек және басқа да төленетін іскерлік әрекеттермен айналысуға келетін шетел азамат­тарының ағымын қысқарту үшін шектеу қоюға бағытталған. Бұған қоса, құжатта қабылданған жаңа қағи­далар шетел азаматтарының турист ретінде, жеке сапармен, сонымен қатар, инвестициялық іс-әрекетпен айналысу үшін келуге қолайлы жағдай туғызуды көздейді, деді Консулдық қызмет депар­таментінің директоры. Бір атап өтерлігі, бұл ереже­лерге алғашқы рет визаның “мис­сионерлік” және “сыртқа шығу” секілді екі жаңа санаты енгізілген екен. “Миссионерлік виза” – елімізге діни-ағартушылық мақсат үшін келетін шетелдік азаматтарға белгілі бір мерзімге дейін беріледі. Ал “сыртқа шығу” визасы Қазақ­станда тұрақты түрде қоныстанған шетел азаматтарына, сондай-ақ шет­елге тұрақты түрде тұруға кететін және Қазақстан жерінде өз құжаттарын жоғалтып алған аза­мат­тарға беріледі, деді Көші-қон басқармасының бастығы. Жаңа ережелердің қағидалары бойынша еліміз аумағына мемле­кет­тік органдардың, дипломатия­лық өкілдіктердің, шетелдердің консулдық мекемелерінің, Қазақ­стан аумағында тіркелген халық­аралық ұйымдардың арнайы ша­қыруымен келетін шетелдік азамат­тардың визалары ұзартылады екен. Ал заңдық тұлғалардың ша­қыруымен “іскерлік” санатындағы визамен келетін шетел азамат­тарының, бұған қоса, “жеке сапар”, “туристік” “миссионерлік”, “тран­зиттік” санаттарындағы визалар ұзартылмайды. Баспасөз мәслихатында болға­нындай, ережеде жаңадан енгізіл­ген тәртіптің бірі – ол дипло­матиялық өкілдіктердің қызмет­керлеріне, шетелдердің консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне және оларға теңдестірілген тұлғаларға, еліміздің Сыртқы істер министр­лігінен берілген аккредитациялық карточкалардың негізінде олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан аумағына визасыз келуге руқсат берілетіндігі. Бұл – аккреди­та­циялық картаның дипломатиялық және қызметтік жұмыстар кезінде еліміз аумағында Қазақстан Республикасы визасының орнын алмастыра алатынын көрсетеді. Баспасөз мәслихаты кезінде ережелерде виза түрі атауының алынып тасталғандығы жөнінде де айтылды. Яғни, бұдан былай барлық визалар “сыртқа шығу” санатынан өзге “кіру-шығу” деп берілетін болады. Бұған қоса алғаш рет үш мәртелік “туристік” және “жеке сапар” визаларын беру тәжі­рибеге енгізілген екен. Бұл визалардың мерзімі – 90 күн. Жаңа ережелерге сәйкес, түрлі жеңіл­діктер беру мәселесі де назардан тыс қалмапты. Мәселен, 47 да­мыған елдің азаматтарына виза беруде жеңілдетілген тәртіп сақ­талған көрінеді. Оларға қызметтік, дипломатиялық, іскерлік, жеке және туристік визаларды шақыру қағазынсыз алуларына мүмкіндік беріледі. Дипломатиялық, іскерлік, қыз­меттік және инвесторлық санатын­дағы визаларға қатысты да арнайы тәртіп бар. Олар 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұған қоса, ха­лықаралық өзаралық қағидасы ес­керіліп, аталған санаттағы визалар­дың мерзімін ұзартуға болады. Көші-қон басқармасының бас­тығы Серік Сайыновтың айтуын­ша, қазіргі жаңа ережелер бұрынғы нұсқаулықтан шетел азаматтарына шақырту әзірлеу тәртібінің оңай­латылғанымен ерекшеленеді. Яғни, бұл ереже­лерге сәйкес, шақырушы мекеме визалық қолдауға рұқсат алу үшін жеке сапарды санама­ғанда, ми­грациялық полиция орындарының келісімінсіз тікелей еліміздің Сыртқы істер министр­лігіне өтініш білдіре алады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ЖОЛДАУ ЗАҢНАМАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУІ ТИІС Кеше Парламент Мәжілісі жанын­дағы Қоғамдық палатаның отырысы болып өтті. Отырысқа Пар­ла­мент Мәжілісі Төрағасының орын­басары, Қоғамдық палатаның төрағасы Сергей Дьяченко жетек­шілік етті. Ол күн тәртібіне шығарылып отырған мәселе­лер бойынша түсінік берді. Отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауын заңнамалық қам­та­масыз етудегі Қоғамдық палатаның рөлі мәселесі қаралды. Басқосуға Қоғамдық палатаның мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Өзін-өзі қамтушы тұрғындардың жағдайын заң жолымен реттеу тақырыбында өткен дөңгелек үстелдің қорытындысы жөнінде Қоғамдық палатаның мүшесі В.Косаревтің мәліметі тыңдалды. “Құқық қорғау жүйесін рефор­малау және оның одан әрі ізгіленуі” тақырыбында Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрік­баев баяндама жасады. “Ден­сау­лық сақтау саласының жақсаруы – өмір сүру сапасының артуы” тақыры­бы бойынша Денсаулық сақтау ми­нистрі, Қоғамдық палатаның мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі секцияның жетекшісі Жақсылық Досқалиев сөз сөйледі. Қоғамдық палатаның мүшесі, қаржы-экономикалық реформа және аймақтық даму секциясының жетек­шісі, экономика ғылымдарының док­торы Оразалы Сәбден “Экономиканы әртараптандыру – табысқа жетудің кілті”, сондай-ақ Қоғамдық палатаның мүшесі, демократияландыру және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері жөніндегі секцияның жетекшісі Ал­тын­шаш Жағанова “Ішкі саяси тұрақ­тылық – 2020 стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың сенімді іргетасы” тақырыптарында баяндама жасады. Отырыста Қоғамдық палатаның мүшесі, экология, ауыл шаруашылығы жөніндегі секцияның жетекшісі Мэлс Елеусізов “Климаттың жаһандық өзгеруі жағдайындағы елдің тұрақты дамуындағы ауыл шаруашылығының рөлі” тақырыбы бойынша сөз сөйлеп, өз ұстанымдарын ортаға салды. Күн тәртібіндегі мәселелерге орай қатысушылар да өздерінің пікірлерін ортаға салды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. КОЛУМБИЯ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ДӘРІС Оны ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов өткізді Жақында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы осынау атақты көнекөз оқу ордасында өткен дәріс тақырыбы Қазақстанның жетекші ұлттық уни­вер­ситетінің тәжірибесі негізінде білім сапасының жаһандық орталығын құру­ға арналды. ҚазҰУ басшысы Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласының реформалық кезең­деріне тоқталып, Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесі негізінде отандық білім беру саласында туын­дайтын мәселелерді шешу орайындағы ойларын бөлісті. Бір сәт көпшілік назарын Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына аударды. Талғампаз тыңдармандар қатарын­да АҚШ-тың мемлекеттік департа­ментінің өкілдері, Нью-Йорк мэрия­сы­ның қызметкерлері, Колумбия университетінің басшылары мен оқытушы-профессорлары болды. Атал­мыш шараның өтетіндігі жайлы бүкіламерикандық академиялық желі арқылы бір ай бұрын Пенсильвания, Бостон, Нью-Джерси университет­тері­нің профессорлары құлақтандырылған еді. Олар қазақстандық әріптестердің пікірлерін қолдап, қызығушылық білдірді. Бір сағатқа созылған пікір­таласта Қазақстанның білім және ғы­лым саласы, қоғамдық-саяси ахуалы, сыртқы саясаты мен еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы, т.б. өзекті мәселелер сөз етілді. ҚазҰУ ректоры жиналған қауымнан әлемге әйгілі қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің Нью-Йоркте көші-қон мәселесіне арналған дүниежүзілік ғылыми форум өткізу жөніндегі ұсынысын қолдауды өтінді. Осыдан төрт ай бұрын О.Сүлейменов Колумбия университетінде әлем халықтарының көші-қон тарихына арналған дәріс оқыған болатын. Бақытжан Жұмағұлов Нью-Йоркте білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақстандық студенттермен жүздесті. Шет елдегі жас отандастарымыз өркендеп өскен Қазақ елінің соңғы жетістік-жаңалықтарын естіп төбелері көкке жете мерейленді. Жиынға қатысқан Колумбия университеті профессорларының бірі – атақты ғалым, Кеңес Одағы кезінде АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Джек Мэтлок қазақстандық әріптестермен шүйірке­лесе әңгімелесті. ҚазҰУ басшылығы биылғы жылдың мамырында халық­аралық қатынастардың теориясы мен практикасын жете меңгерген профес­сор Д.Мэтлокты тәжірибе алмасу мақ­сатында Қазақтың жетекші универ­ситетіне қонақтап қайтуға шақырды. Колумбия университетінде өткен кездесу барысында екі жақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында жүр­гізілген келіссөздер негізінде арнайы құжаттамаға қол қойылмақшы. Қорғанбек АМАНЖОЛ. КӨРМЕГЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ Биыл 26-29 мамыр аралығында Астанада елімізде тұңғыш рет әскери техника, қару-жарақ пен дүние-мүліктің “KADEX – 2010” халықаралық көрмесі өтпек. Әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтата түсетін шаралардың бірі болып саналатын осы көрмеге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осыған орай, еліміз Қарулы Күштері әскерлерін пәтерлерге орналастыру бас басқармасының бастығы, полковник Әбдіхалық Базарқұловпен болған әңгіме көрмеге дайындық жұмыстары төңірегінде өрбіді. – Полковник мырза, алғашқы сұрағымыз көрменің өткізілу орны жөнінде болмақ.. – Еліміздің әскери саласында бұрын-соңды көлемі әрі сипаты тұрғысынан мұндай шара өткізіліп көрген емес. Сондықтан бұл шара­ның ұйымдастырылуын мемлекет­тік деңгейде қарастыруға болады. Бұл игі іс ел Қарулы Күштерінің Жо­­­ғар­ғы Бас қолбасшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың төл әскеріміздің беделін арттыру мақсатында алға қойған тапсырмасын орындау шеңберінде іске асып отыр. Сон­дық­тан көрменің өту орны басын­да-ақ белгіленіп қойған болатын. Ол – Астана халықаралық әуе­жайы­ның іргесінде орналасқан Қор­ғаныс министрлігіне қарасты әскери сектордың аумағы. 3 ұшақ ангары мен авиациялық-техника­лық қызмет көрсету бөлімінің ныса­ны болып табылатын аумақ көлемі – 7 700 шаршы метр. Бұған қосымша 61 560 шаршы метр жерді қамтыған ұшақтар тұрағына жал­ғасып жатқан территорияға да көр­­меге қойылатын өнімдер орнала­сатын болады. – Халықаралық дәрежеде көрме ұйымдастыру оңай шаруа емес. Көрме өткізу жұмыстарының жауапты бөлігі сіз басқарып отырған бөлімге міндеттеліпті. Соларға тоқталып өтсеңіз. – Көрменің негізгі ұйымдас­тыру­шысы Қорғаныс министрлігі болғандықтан, атқарылар жұмыс ауқымын еліміздің Қорғаныс ми­нистрі Әділбек Жақсыбеков ай­қын­дап, нақты тапсырмалар берді. Ат­қарылар жұмыс ауқымы жет­кілікті. Атап айтсам, ұшақтар тұра­тын орынды кеңейту мақ­сатын­да 1 620 аэродром плитасын төсеу қажет. Ұзындығы 270, ені 6 метр­ бола­тын кіреберіс жолды жасау үшін де 135 плита төсемекпіз. Су құбыр­лары мен жарық желілерін жет­кізу де біздің міндетімізде. Көрмеге қаты­су­шы­лармен бірлесіп, тауар­ларын көрсетуге арналған орындар­ды жа­сақ­тауымыз қажет. Бақылау ала­ңы, мінбелер, тұғыр­лар, түрлі қалыптағы құрастыр­ма­лар. Ондаған тонна салмағы бар ауыр қару-жарақтан бастап, ала­қан­ға сыйып кететін коман­дир дүр­бісіне дейінгі тауар­ларды мамандар назарына ілігетіндей етіп орналас­тыру керек. Кейбір өнімдер үшін ашық аспан асты немесе жабық алаң тәрізді арнайы жағдайлар жасай­мыз. Оған қоса, көрме жұмы­сы бары­сында келіс­сөздер жүргізіп, жасалған келі­сім-шарттарды рәсім­деуге қажетті кеңсе орындары керек­тігі тағы бар. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаруа сан алуан. Сондай-ақ, әскери бөлім­дердің бір­қатар нысан­дарын күрделі жөн­деу­ден өткізу керек. Көрме аумағының төңірегін көгал­дан­дырып, жоғары деңгейдегі талап­тарға сай безендіру де бізге жүктеліп отыр. Бұл жұмыс­тарға мемлекеттен 42 млн.теңге бөлінген. Біз өз міндеті­мізге асқан жауапкершілікпен қараймыз. Әскери тәртіпке үйрен­гендіктен, берілген тапсырманы барынша нақ­ты, дәл орындаймыз деп сендіргім келеді. – Әбдіхалық Әбдірайымұлы, “KADEX – 2010” халықаралық көрмесі аяқталған соң атқарылған жұмыстар нәтижесі не болмақ? Көр­меге арналып жасақталған аймақ одан әрі қандай мақсатта қолданы­ла­тын болады? – Жоғарыда айтып өткеніміз­дей, дайындық жұмыстары Қор­ғаныс министрлігіне қарасты әс­кери бөлім жанында жүзеге асыры­луда. Демек, бұл көрме аймағына арналып жасақталатын аймақ бұдан соң да әскери саланың кәдесіне жарайды деген сөз. Басқаша айт­сақ, бір оқпен екі қоян атып отыр­ған жайымыз бар, өйткені, мұндай орындар келешекте қажет болатын­дығы даусыз. Тұңғыш қару-жарақ көрмесі еліміз ұйымдастырып отырған маңызды шаралардың соңғысы деп ойламаймын. –  Әңгімеңізге рахмет.