– «Нұр Отан» биліктегі партия болғандықтан, қоғамда болып жатқан жетістіктерге, қандай да бір кемшіліктерге алдымен жауапты екені белгілі. Сондықтан партия тарапы ғалымдардың алдынан шығып жататын кейбір мәселелерге бейжай қарамайды. Партияның орталық аппаратына ғылыми кеңестің өкілдерінен, 2018-2020 жылдарға арналған ұлттық ғылыми және ғылыми техникалық жобаларға гранттық және бағдарламалық мақсатта қаржыландырылған конкурсты іріктеуді жүзеге асырудағы шешімдермен келіспейтіндігі жайлы бірнеше өтініш келіп түскен. Олар ғылыми жобаларға бөлінетін мемлекеттік қаржыландыру жүйесі көңілдерінен шықпағанын айтады. Тіпті мемлекеттік сараптамадан төмен баға алған жобалардың да жеңімпаздар қатарында жүргенін айтып шағымдануда. Өтініш иелерінің айтуынша, кеңес құрамын таңдау тиісті ережеге сай жүргізілмеген. Ереже бойынша кеңес құрамында бір ұйымнан бірнеше қызметкерден болмауы тиіс, сонымен қатар кеңеске әлемдік білім беру ұйымдарының өкілдерін қосу керек деген сияқты ұсыныстар түсуде, – деді ол.
Жиында негізгі баяндаманы Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов жасады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан экономикасын құру бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін мемлекеттік деңгейде белсенді қадам жасалып келеді. «Бүгінге дейін 2015-2017 жылдар бойынша гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында орындалған 1111 ғылыми жоба мен ғылыми-техникалық бағдарламаға мониторинг жүргізілді. Сарапшы топтар барлық басымдық бойынша ғылыми зерттеулердің негізінен күнтізбелік жоспарды сақтау арқылы және жоғары ғылыми деңгейде орындалғанын атап өтті», деді Талғат Ілиясұлы. Вице-министр кейбір проблемаларды ашып көрсетті. Мәселен, зерттеулер мен әзірленімдерді орындау үшін қаржыландырудың жеткіліксіздігі және кешеуілдеуі, жас ғылыми кадрлардың тапшылығы, заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі сияқты бірқатар өзекті мәселе орын алған.
Министрлік берген ақпарға сүйенсек, қазіргі уақытта елде ғылыми әзірленімдермен 386 ұйым айналысады. Жоғары білім беру секторына 93 ұйым қарайды. Зерттеу және әзірленімдермен айналысушы қызметкерлер саны 22 985 адамды құрайды.
Талқылауда сөз алған техника ғылымдарының докторы Сейітқасым Байбеков елімізде ғылымға үлкен ұмтылыс барын айтады. Алайда ұлттық ғылыми кеңес жұмыстарында кемшіліктердің бар екенін де жасырмайды. «Ғылымды дамыту үшін жас ғалымдардан бастап егде ғалымдарға дейін гранттық конкурс жасап, қаржыландырудың екі бағыты бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу керек. Аталған гранттарды бөлуге байланысты бірқатар реформа қажет. Төмен баға алған ғалымның аталған гранттарға ие болып кетуінің басты себебі, соңғы шешімді кеңес мүшелерінің айтуында деуге болады. Осы ретте бағалаудың электронды жүйесін жасауды ұсынамын», деді ол. Сонымен қатар профессор отандық ғалымдардың авторлық бағдарламаларын шетелге сараптамаға жіберуге қарсы екенін білдірді. Ғалымның айтуынша, шетелдік сараптамаға кеткен жобалардың құпиялық элементтері жария болып, бағдарламаның бағасы төмендейді.
Кеңесте айтылғандай, 2018-2020 жылдарға арналған ғылымды дамытудың 7 басымдығы аясында гранттық қаржыландыру бойынша 28,65 млрд теңге сомаға 1096 ғылыми жоба және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 22 млрд теңгеге 108 бағдарлама жүзеге асырылуда.
Келелі жиында ғылым төңірегінде болып жатқан басқа да жайттар сөз болды... Өзекті мәселелер бойынша «Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті О.Әлиев, қоғам қайраткері А.Смайыл, халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі өз ойларын ортаға салды. Кеңес мүшесі Алдан Смайыл мемлекеттің жалпы ішкі өніміне отандық ғылым әкелетін табыстың аздығын сөз етсе, Дархан Қуандықұлы ғылымға бөлінетін қаржының жеткіліксіздігін айтып, мыңдаған ғалымдар мен ғылыми институттарға бөлінетін қаржының жеке-жеке қарастырылуын ұсынды. Сонымен қатар академия басшысы ғылымды дамытудың жеті бағытының ішіндегі бір ғана бағыттың гуманитарлық ғылымдарға бөлінгендігін айтып, бұл бағыттың ауқымды салаға аздық ететіндігін алға тартты.
Кеңес соңында Білім және ғылым министрлігіне ұлттық ғылыми кеңес туралы ереже, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ережесінің бірінші кезеңінде мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан төмен балл алған ғылыми жобаларды реттестіріп, електен өткізуге қатысты бөлімдерді одан әрі жетілдіру сияқты бірқатар ұсыныс берілді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»