25 Желтоқсан, 2011

Саба мен торсық

2715 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қымыз құятын саба, сүйретпе, торсық, көнек, бұлқыншақ сияқты ыдыстар жылқы терісінен жасалады. Этнографиялық әдебиеттерде саба туралы көп жазылғанымен, бес биенің, одан да көп жылқы терісінен істелген алып сабалар жөнінде өте сирек кездеседі және зерттелмеген. Мысалы, Арқада Шұбартпалы Ағыбай батырдың бес биенің терісінен жасалған сабасын екі түйе көтеріп жүрген екен. Екі түйенің ортасына керегені жалпағынан жатқыза байлап, үстіне сабаны қойған. Түйелер бір-бірінен озып кетпей, қатарласа жүруі үшін тізелерін құрмалап байлап, жетелеп отырған. Мұндай сабаны киіз үйдің жабығынан атқа мініп тұрып піскен. Ағыбай батыр осы сабасын 1853 жылы Абайдың арғы атасы Өскенбайдың асына апарған екен. «...Терісін бес айғырдың саба қылып, Сабасы атаныпты Түйемойнақ, – » деп «Айман-Шолпан» дастанында Маман байдың сабасының үлкендігі, байлығы дәріптеледі. «Бес биенің сабасы, бес күн саусаң толмайды, Жаманды қанша мақтасаң, жақсылардай болмайды», – дейді халық мәтелі. Сабаның бұдан үлкен «Тай жүзген» дегені болады, мәлімет берушілердің көрсетуінше, он жылқының терісінен істелген. Қымызды тасымалдайтын ыдыстардың ішіндегі сыйымдылығы жағынан ең кішісі (5-10 л), сонымен қатар, ең әдемісі – торсықтар. Торсық: шимай торсық, мүйіз торсық, өрме торсық, өркеш торсық, жан торсық деп бөлінеді. Шимай торсықтың пішіні табақ сияқты дөңгелек, екі бүйіріне мүйіз шапқымен әртүрлі ою-өрнек салады. Мүйіз торсық қазақтың ежелгі қошқар мүйіз оюы, екі жағы екі иық түрінде, ал түбі дөңгеленіп жасалады. Екі торсық та ең мықты теріден тігіледі. Мүйіз торсықтың екі жағына ою салып өрнектеп, тігіс жиектеріне күміс жүргізсе, өте әдемі болады. Өркеш торсық – түйенің екі өркешін бітеу сойып, ашық жағын екі терінің арасына шүберек салып, біз арқылы тарамыс таспамен тігеді. Түйенің екі өркеші қымыз, шұбат, айран құйғанда томпиып тұрады, мінген аттың арқасына келтіріп теңдеуге өте ыңғайлы. Өркеш торсықты көбінесе малшылар мал айдағанда атқа, өгізге артып алады. Бір өркешті нар түйенің өркешінен жасалған торсық сопақша, өркештің жалпақ жағы торсықтың түбі, жіңішке жағы аузы болып келеді. Жан торсық – қарапайым, терінің жұмсақ түрінен тігіледі, ешқандай ою-өрнегі болмайды, қойшылар жаяу және көлікпен жүргенде белдеріне байлап алады, сусын біткенде бүктеп салып алуға ыңғайлы. Ішіне шалап, айран немесе өрісте сауып алған қой-ешкінің сүтін құйып қояды. Мүйіз торсық пен шимай торсыққа тек қымыз ғана құйылып, қанжығаға байланады. Біз бүгін қымыз құятын екі ыдыс туралы айттық. Тарата берсек, мұндай ұлттық құндылықтар көп. Тәуелсіздік алып мәртебеміз өскеннен бері жәдігерлеріміз қайта жаңғырды. Солардың қатарында осы ыдыстардың жөні бөлек тұр. Әсіресе, хас шебердің қолынан шыққан торсықтың жөні бөлек. Болашақта бұл құндылықтарымыздың ұлт мақтанышы боларына еш шүбә келтірмейміз. Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымдарының докторы. Суреттер: forum-eurasica.ru, adyrna.kz