Міне, Астананың жұпар ауасын жұтып, ақынның өлең жолдарындай сұлу ғимараттарына тамсанып жүрміз. Күні кеше келген қонақтар Бурабайға, Баянауылға барып, қазақ даласының қасиеті мен қастерін ұғынғандай болып қайтты. Әсіресе, шетелден келген қонақтардың әсері ерекше.
Біздің ұлттық мақтанышымызға айналған Астана – асыл тастан тұрғызылған асқақ қала. Ерке Есілдің жағасында орналасқан, жаңа ғасыр ғажабынан жаралған ертегідей елорда, әлемдегі ең жас қала. Кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер, үкілі үміт, көркею, тәуелсіздік көрінісінің нышаны.
Астана шаңырағы әлі де шарықтай түспек. Жаңа астананың келешегі толығымен XXI ғасырдың еншісінде. Астананың әлі де болса көркейе түсуіне біз, қаламгерлер қауымы да өз үлесімізді қосып келеміз. Елордамыздың аңызға бергісіз келбеті мен сұңғақ күмбездерін жырға қосып, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін, өмірін арқау еткен шығармаларды көптеп жазып, Астанамыздың мерейін үстем ету жолында еңбектенудеміз.
Осынау жас қала атауының өзінде сакральдық мән бар. «Астана» негізінен парсы сөзі, қазақша түсінігі астана – табалдырық, босаға, кіреберіс, сарайдың қақпасы, салтанатты орда есігі деген ұғымдарды білдіреді.
Тарихқа бай Сарыарқаның ұлан-байтақ жерінде, қазақ жерінің қасиетті орталығында мемлекетіміздің жаңа астанасының бой көтеруі, жаңа бір мәдени-ғылыми, саяси ортаның шоғырлануы, Отанымыздың көркем, сәулетті, қуатты орданың дүниеге келуі игіліктің нышаны деп білеміз.
Астанаға қыдырып келген әрбір адамның көңілінде ерекше бір сезім мен толқу, асқақ мақтаныш пен сарқылмас ән тербеліп жатады десек қателеспеген болар едім.
Ару қаланың әрбір оралымын ашық бұрқақты аулалар мен әсем безендірілген гүлзарлар көмкерген. Шаһардың төрінен бой түзеген «Нұр Астана» мешіті мен «Бәйтерек», «Тәуелсіздік және келісім сарайы», «Хан Шатыр», тағы басқа саяси және мәдени орталықтар мен түрлі тарихи мемориалды кешендер жаңа ғасырдағы Қазақстанның ажар-келбеті деп нық сеніммен айта аламын.
Астана қаласында өткен ЭКСПО бүкіләлемдік бірегей көрмесі маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, туристік тартымдылығымен әлемдік деңгейде көрініс тапты. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Көрме әрине, елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық және экономикалық жағынан жаңғырту жолында үлкен прогресс болды деп білеміз. Астана қаласы әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәдениеттер үніне толуымен қатар, әсем қала өзінің көрікті бейнесімен қызығушылық әсерін мол туғызды деп сенемін.
«Астана бүгінде – Қазақстан жетістігі мен жеңістерінің символы», деп Елбасымыз Н.Назарбаевтың айтқаны еш шүбәсыз шындық. Жаңа астана салу идеясының авторы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» тарихи стратегиялық бағдарламасы міне, қазірдің өзінде нәтижесін беруде.
Бұл шара да «Рухани жаңғырудың» көрінісі. Ақындар да, халық та іштей түлеп, жандары нұрланып жатқаны көздерінен-ақ көрініп тұр.
«Ақ ордалы Астанам» жыр кешіне жиналып, ақындардың жырына сусап отырған астаналық ағайынның ақеділ көңіліне мың алғыс!
Ұлықбек Есдәулет,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы