Президент • 10 Қыркүйек, 2018

Теміртаудағы тарихи кездесулер

523 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды өңіріне жұмыс сапарының екінші күні жас жұбайлардың неке қию рәсімі өтіп жатқан жаңа «Ақ сарай» салтанат сарайына барды. Қазақстан Президенті жас отау иелерін құттықтап, оларға бақыт, шаңырақтарына береке тіледі.

Теміртаудағы тарихи кездесулер

– Ертең Қазақстанда Отбасы күні аталып өтеді. Көп адам үшін бақыт дегеніміз – отбасы және балалары. Сіз­дерді өмірлеріңіздегі ең жарқын оқи­ғамен құттықтаймын! – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы отба­сы институтын нығайтудың және еліміз­дің жас ұрпағын тәрбиелеудің маңыз­дылығын атап өтті.

Жас шаңырақ иелері Қазақстан Президентіне жас отбасыларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан саясаты үшін, соның ішінде «7 – 20 – 25» бағдарламасы үшін алғыс білдірді.

Жаңа салтанат сарайы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкердің қаражатына салынған.

Қазақстан Президенті сондай-ақ «Ар­селорМиттал Теміртау» акцио­нерлік қоғамына барды. Нұр­сұлтан Назарбаев қара металл прока­тын шығаратын Қарағанды облы­сын­дағы ірі кәсіпорындардың бірін аралап көрді. Елбасы сұрыпты прокат өндіру технологиясымен және металлургия комбинатын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына ЖЭО-1 және ЖЭО-2 кәсіп­орын­дарын қайта жөндеу жос­пары, сондай-ақ өңірдің экологиялық қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге қатыс­ты шешімдері туралы баяндалды.

Елбасы кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесіп, әңгімелесті.

– Қазір зауыт аумағында мені ерекше бір сезім баурап алды. Мұнда алғаш рет 1958 жылы кірген едім. Ол кезде бұл жерде ештеңе болған жоқ. Барлығы менің көз алдымда салынды, – деп еске алды Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев комбинат ме­таллургтері мен еңбеккерлерінің жұмысы ауыр екенін атап өтіп, Теміртау қаласы мен зауыттың ахуалын үнемі өз бақылауында ұстайтынын айтты.

Әңгіме барысында Елбасы компания басшылығына қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі зор екенін ескертті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы қалада медициналық, білім беру және спорт нысандарының санын көбейту қажеттігін атап өтті.

Зауыттың еңбек ұжымы өкілдері Қазақстан Президентінің бастамаларына және елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қарағандыға жұмыс сапарының соңында Теміртау қаласындағы мәдениет және демалыс саябағын аралап көрді.

Онда Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілген қайта жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

Мемлекет басшысы бюджеттен тыс қаражат есебінен саябақ аумағында са­лы­н­ған нысандарды аралап көрді. Соны­мен қатар Нұрсұлтан Назарбаев саябақта қаланың өткен ғасырдың 50-60-жыл­дарындағы тарихын бейнелейтін театрландырылған қойылымды тамашалады.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті өз замандастарымен және металлургия комбинатында бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптестерімен жүздесіп, әңгімелесті.

Қайрат Әбілда,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы