Медицина • 12 Қыркүйек, 2018

Әкенің шапағаты

1009 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұм жүрек» деп, қазақ бекер айтпаса керек. Біздің қоғамда әдетте бала тәрбиесіне ана жауапты, одан соң балабақша, мектептегі тәрбиешілер мен мұғалімдерді атаймыз. Әкенің бала тәрбиесінде ерекше орны бар екенін ескермейтініміз рас. Өйткені ер-азаматты үйдің емес, түздің адамы деп санайтындықтан, жұмыс істеп, отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз ету ғана оның міндеті тәрізді. 

Әкенің шапағаты

Жасыратын несі бар, еліміз­дегі әкелердің көпшілігі бала­­ларымен жиі бас қосып, әңгі­мелеспейді. Талай әке жұмыс бабымен сыртта жүретіндік­тен бала­ларын сирек көреді. ЮНИСЕФ Балалар қоры ұсын­ған баяндамаға сүйенсек, әлем­дегі 74 мемлекетте 3-4 жасар бал­дырғандардың жартысынан астамы әке мейіріміне зәру. Әке­лер негізінен бар ойын қыз­­меті мен сырттағы мәсе­ле­лерді шешуге арнайтын­дықтан отба­сына көңіл бөлуге уақыт тап­пай жатады. Отбасылы ер-азамат­тардың талайы демалыс саналатын сенбі-жексенбі күндері бар уақытын достарымен өткізуге тырысады.

Шетел ғалымдары жарық дүние есігін жаңадан ашқан сәбиге де әке махаббаты аса қажет екендігін айтуда. Туған ананың шуаққа толы мейірі­мі өз алдына, әкенің балаға деген сүйіспеншілігі оның адам ретінде қалыптасуына ғана емес, денсаулығына да үл­кен әсер етеді. Алайда елімізде балдыр­ғандардың 49 проценті әке махаббатына зәру екен. ЮНИСЕФ мәліметі бойынша бұл көрсет­кіш Украинада – 29%, Грузияда – 40%, Белорусьта – 32%. Көрші Өзбекстанда кішкентай ұл-қыздардың 46 процентіне әкесі жеткілікті көңіл бөлмейді, яғни әке тәрбиесі жетпейді.

Баланың ер жетуі үшін ең маңыздысы, әрине ана тәр­биесі дег­енімізбен, әкенің адам өмі­­рінде алатын орны ай­рық­­­­ша. Ғалымдар әкесі бар бала мен әкесіз өскен бала­ның ой­­лау қабілеті, тұлға болып қалып­тасуын­да үлкен айырма­шы­лық болатынын айтуда. Әке тәр­биесін көрген ұл мен қыз жалғыз анасымен тұрған бала­­ларға қарағанда батыл келе­ді, өзіне өзі сенімді болады. Батыс ға­лымдары мектеп оқу­шы­­ларын зерттей келе, әкесі көп кө­ңіл бөл­­­­ген балалардың оқу үл­ге­рімі де бас­­қа­ларға қара­ғанда жақ­сы бола­­ты­нын анық­таған. Әке­нің иісін сезіп өскен бала ер жет­кен­де кездескен қиын­дық­тарға морт сынбай, өмірден өз ор­нын адас­пай табатыны да белгілі.

Мамандар бала психология­лық күйзеліске ұшырамай, толық адам болып ержетуі үшін ана мейірімін жеткілікті деңгейде алып қоймай, әке ұлағатын да көруі қажет дейді. Қанша шаруабасты болғанның өзінде ұрпағының болашағын ойлайтын әке оған жиі уақыт бөлуге тырысу керек. Баланы материалдық тұрғыда қамтамасыз ету бір басқа да, оның тәрбиесін уыстан шығарып алмау бөлек дүние. Ғалымдар сондай-ақ сәбидің тілі дұрыс шығуына анасынан гөрі әкенің вербалды әрекеттерінің әсері көбірек екендігін айтуда.

Ұлыбританиядағы Эволю­ция және қарекет орталығының ғалымдары 50 жыл бойы 17 мың нәрестеге әке тәрбиесінің әсері қандай болатынын зерттеген. Сәбилер өсіп, ержеткенде олардың өмірде қандай адам болып қалыптасқанына зерттеу жүргізген. Сол 17 мыңның іші­нен адамның кемелденген кезі саналатын қырықтың бел ортасына жеткен 5 мың адамды «тексергенде» мынандай қорытынды шыққан: әкесі нәресте кезінен көңіл бөлген адамдар жалғыз ана тәрбиесін көргендерге қарағанда өмірден өз орнын дұрыс тауып, алға қойған мақсаттарына адас­пай қол жеткізген.

Ағылшын жазушысы Д.Гер­берт «Бір әке жүз ұс­таз­­дан ар­тық» деген екен. Иә, әке ұла­ғаты­на еш нәрсе жет­пейді. Әкесі жоқ балалар күй­зеліс­ке бейім болады. Еуро­па ғалымдары тіпті әкесіз өс­кен­­дердің семіздікке жиі шал­дығатынын да анықтаған. Ерте жастан бұзылатындар да әкесі жоқтар немесе әкенің қатал қабағы жетпейтіндер санатынан екені белгілі. Нашақорлық, ішімдікке салыну тәрізді дерт түрлері де арқа сүйер әкені көр­мегендерге үйір көрінеді.

«Әкенің шапағаты таудан биік, ананың шапағаты теңіз­ден терең» дейді жапондар. Балаңызды әкелік мейірімге бөлеп жүрсіз бе, азамат?

 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

журналист