Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Сараптама: «Ақылды» ауыл шаруашылығы

2251 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлемдегі дамыған елдердің ауыл шаруашылығында қазір буырқанған өзгерістер жүріп жатыр. Ауқымы жағынан мұндай өзгерістер әлемде капитализм орнап, ауыл шаруашылығы алғаш рет механикаландырыла бастаған кезден бастап болған емес. Бір сөзбен айтқанда, саладағы қазіргі өзгерістерді жаңа технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде пайда болып, эволюциялық жолмен жүзеге аса бастаған революциялық өзгерістер деп айтуға болады. 

Сараптама: «Ақылды» ауыл шаруашылығы

Олар екпін алған сайын ауыл шаруашылығы «өзгерістерге баяу бейімделетін ең консервативті сала» деген ғасырлар бойы қа­лыптасып, санада әбден сүрленіп бекіген бұрынғы түсініктің өзі жоққа шығарылуда. Сөйтіп бұл сектор осы істе әлеуеті мол елдер экономикасының келе­шегі мығым ең прогрессивті сала­ларының біріне айналуда.

Елбасының бұл мәселеге күні бұрын мән беріп, саланы цифр­ландыру туралы ел Үкіметінің алдына жаңа мақсат пен міндет белгілеуінің нәтижесінде осы өзгерістер дүмпуі Қазақстанда да сезіле бастады. Еліміз Кеңес өкіметі кезінде жүргізілген механикаландырудан кейін бірінші рет әлемдік стандарттарға сәйкес кең ауқымды жұмыстарды қолға алып, саланы автоматтандыру, роботтандыру, еліміздегі ғарыш қызметінің мүмкіндігін пайдалана отырып мониторингті спутник арқылы жүргізу, салаға қызмет көрсетуді электронды форматқа көшіру мәселелеріне мән беруде. Оның алғашқы нәтижелері қазір­дің өзінде бой көрсете баста­ғандығын біз осының алдын­дағы «Есепке құрылған егінші­лік» атты мақалада жазып (6 тамыз, 2018 ж.) әлемде орын ала бас­таған озық үрдіс – дәлме-дәл егін­шіліктің елімізде орнығу жайын баяндаған едік. Енді мал ша­руашылығындағы осындай жа­ғымды жаңалықтарға тоқтал­мақпыз. Бұл қандай жаңалықтар?

Мәселен, Түркістан облы­сының Ордабасы ауданындағы «Бөр­те милка» ЖШС-нің робот­тан­дырылған тауарлы-сүт фер­­масы бүгінде елімізде жаңа тех­но­ло­гиялық тұрғыда жарақ­тан­­дырыл­ған ең алдыңғы қатарлы үш ша­руашылықтың бірі болып отыр. Бұл фермада сүт бағы­тындағы 400-ден астам «Гольш­тейн» тұқымдас сауын сиырлары ба­ғы­луда. Бұзауларымен қоса алғанда оның саны қазір 700-ден асып түсті.

Мұнда швед өндірісінің ең соңғы технологиялары орна­тыл­ған. Сиырларды роботтар сауады, малдың күтімін де ро­бот­тар жасайды. Робот сиыр­ларды жуып, шайып денесін таза ұстайды. Ал малдың күті­мі мен денсаулық жағдайы, алы­­натын сүттің сапасы мен көлемі бір желіге бірік­тіріл­ген ком­пьютерлік құрал­дар арқы­лы ба­қы­ланып, басқа­рылады. Әр сиырдың құла­ғына чип орна­тыл­ғандықтан есептің бәрі толықтай жүргізіліп, әрқай­сысы туралы ақпарат базасы қа­лыптасады. Егер жазды­гүні ыс­тық болса, мал тұ­­ратын кешеннің қабырғалары дереу автоматты түрде жабылып, желдеткіш іске қосылады. Ірі қа­раның астын тазалау да авто­мат­тандырылған. 

Осындай қамқорлыққа сәйкес мұндағы мүйізді ірі қараны курортта жүргендей деп әзілдеуге болар. Әзіл болса да, осының бәрі шындық. Сиырларды мәжбүрлеп сауу, мәжбүрлеп азықтандыру мүлдем жоқ. Желіні сүтке толған кезде олар сауу аппараттары – ро­бот­тарға қарай өздері-ақ ұмтыла­ды. Өйткені сауылмас бұрын олар­дың желіндері жылы сумен авто­матты түрде жуылып, сүрті­леді. Желінін сүт кернеген сиыр робот сауа бастаған кезде тағы ра­қаттанады. Осы әрекеттердің бәрі дұрыс иіп, сапалы сүт беруіне ықпал етеді.

Аталған жағдайға орай кейде алты бірдей сауын станогының алдында ұзын-сонар кезек те пайда болып қалады. Бір қызығы, желіні толмаған сиыр роботқа жіберілмейді. Оның барлығын сиырға орнатылған электронды қондырғы реттеп отырады. Ал ав­то­маттандырылған жемдеу қон­дырғысы әр сиырдың берген сүті­не қарай жем береді. Яғни, көбі­рек сүт берген сиыр жемді де кө­бірек жейді. Міне, жүйелі қайта­ланып отыратын осындай үдеріс­тен кейін мал екеш малдың өзі ақылды да тәртіпті болмай қайтсін?! 

«Бөрте милкада» бағылатын әр сиыр күніне 30 литр сүт береді. Арасында күніне 50 литрге дейін сүт беретін ірі қаралар да бар.

Әрине біздің жағдайымызда осының бәрі ертегі секілді көрінуі мүмкін. Бұл көрініс түптің түбін­де елімізде қалыптасуы тиіс «ақыл­ды» мал шаруашылығының басы ғана. Болашақтағы «ақылды» мал шаруашылығы «Бөрте милка» секілді көптеген «ақылды фер­ма­лардан» құралатын болады. Фер­малар бір ақпараттық жүйе­ге біріктірілетіндіктен, ондағы са­уылған сүттің көлемі мен сапа­сы жөніндегі мәліметтер тұтыну­шы­ларға дереу жеткізіліп отырады.

Әрине «ақылды ферманың» әрекеті мұнымен де бітпейді. Сиырлардан сауылған таза сүт одан әрі күтіп-бапталып, сапасы келістіріліп, өңдеу өндірісіне жіберіледі. Осы жерде қаймақ, сары май, ірімшік, балмұздақ және басқа да өнімдерге айналып, тұтынушыларға қарай жол тартады. Яғни, «ақылды фермалар» өңдеу өндірісімен тығыз байланыс­та немесе бір циклға біріктіріліп жұмыс істейді. Сөйтіп, сиырдың жайылым кезіндегі күйсеген шөбі көп кешікпей-ақ дастарқанға қо­йы­латын дайын тағамға айналып шыға келеді.

Қазір осы мақсатта «Бөрте мил­каның» қасынан оның сүт зауы­ты салынуда. Фермадағы сиыр­лардан күніне 27-30 тонна сүт сауылса, зауыттың күндік қуа­ты 50 тонна сүт өңдеуге негіз­деліп отыр. Зауыт өзінің басы ар­тық өндірістік қуатын ферма маңайында орналасқан шаруа қожалықтарынан сүт қабылдау арқылы толтырмақ. Сөйтіп ферма өзіне жақын жерде шоғырланған шаруа қожалықтары мен шағын шаруашылықтардың дамуына да өз үлесін қоспақ. Бұл зауыт та толықтай автоматтандырылған жағдайда жұмыс істейтін болады.

 «Бөрте милка» тауарлы сүт фермасының құрылтайшысы Нұралы Әбішев тыңнан түрен салғанмен тең істі алға бастыруда ел Үкіметі қабылдаған ауыл ша­руа­шылығы саласындағы бағдар­ламалардың көмегіне жүгін­ген­дерін айтады. «Қазір тағы бір бағдарлама басталып жатыр. Үкіметтің кіші кәсіп­орын­дар­ды біріктіру бағытын­дағы бағ­дарламасы біздің айна­ла­мыздағы шағын қожалықтар өндірген сүтті өзіміздің зауытқа сатып алып, өңдеу көлемін кеңейтуімізге жақ­сы мүмкіндік береді» дейді ол. 

Сонымен «Бөрте милка» ЖШС-тың «ақылды фермасын» дамыған елдердегі дәлме-дәл мал шаруашылығын, яғни «ақыл­ды ауыл шаруашылығын» құру­да­ғы еліміздің алғашқы нақты қадам­дарының бірі ретінде бағалауға болады. Осындай істі одан әрі дамытуға еліміздің әлеуеті де жеткілікті.

Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев Үкіметте жа­са­ған баяндамасында еліміздегі та­биғи жайылымдардың жал­пы көлемі 180 млн гектарды құ­райтындығын, Қазақстан бұл көр­сеткіш бойынша әлемде Қытай, Аустралия, АҚШ, Бразилия ел­дерінен кейін бесінші орын ала­тын­дығын, егер істі дұрыс ұйым­дастыра білсе аталған аумақта 25 млн шартты мал басын өсіруге болатындығын айтқан-ды. 

1 шарт­ты мал басы дегеніміз, шамамен алғанда, 1 сиыр немесе 10 қой. Сонда 180 млн гектар же­рімізге 25 млн мүйізді ірі қара немесе 250 млн қой өсіруге болады екен. Әрине бұл тым үлкен көр­сеткіш. Өйткені бізде осы жа­йылымдықтардың бәрі бірдей суландырылмаған. Жалпы, 110 млн гектар жерде су көздері бар деп есептеледі екен. Мұнда ке­мін­де 12 млн шартты мал басын өсі­руге болады. Осы көрсеткіштің өзі бізге жетіп артылады. Өйткені Қазақстан жерінде 50 млн қой өсіру кешегі Кеңес үкіметінің де қолынан келмеген болатын. 

Екіншіден, елімізде «ақыл­ды» ауыл шаруашылығын қалып­тастыру үшін бірінші кезекте қаржы тауып, шетелдік жаңа тех­нологияларды әкелумен қатар, малдың сенімді жем-шөп базасын қамтамасыз ету керек. Өйткені ондағы малдар көп жағдайда қолдан азықтандырылатындығын естен шығармауымыз қажет. Мә­се­лен, Голландия бар-жоғы 41 мың шаршы шақырым аума­ғы­мен және бар болғаны 4,5 млн мүйізді ірі қарасымен ауыл ша­руашылығы өнімдерін өнді­руде әлемде екінші орын алады. Со­ның ішінде май мен ірімшік, қа­тық шығару жөнінен Еуропада ал­ғаш­қы орындардың бірін еншілейді.

«Голландия ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің экспортынан жылына 100 млрд доллардай кіріс табады. Себебі мұнда бәрі жол­ға қойылған. Салаға «ақылды тех­нологияларды» енгізу ісі жыл­дан жылға дамып келеді. Қазір Голландия өздері жасап шы­ғар­ған осындай технологияларды сыртқа саудалау арқылы да мол табыс тауып отыр. Яғни, мұн­дай іс аграрлық, техникалық ғы­лым­нан бастап ауылдағы шаруа қожалықтарына дейін жан-жақты ұйымдастырылуы керек. Оларды қанаттандыратындай шаралар қолға алынуы қажет. Әйтпесе еліміз­дің мал өсірудегі табиғи әлеуе­ті алақандай Голландияға қара­ғанда әлдеқайда зор екендігі анық. Олқылықты «ақылды ауыл шаруа­шылығын» ұйымдастыру арқы­лы ғана толтыра аламыз» дейді елімізде «ақылды ауыл ша­руа­шы­лығына» негізделген дәл­ме-дәл егіншілік жүйесін енгізу жө­нінде тұжырымдама әзірле­ген ғалым Оңғарбек Әліпбек.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев та электроника мен электротехника саласының жетістіктерін ұтымды қолданудың ауыл шаруашылығы саласы үшін ерекше маңызды екенін айтады.

Қазіргі автоматтандырылған жүйелер бұрын адамдар қолымен істелген жұмыстарды компьютер арқылы мыңдаған шақырымнан басқаруға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, компьютер адам­ға қарағанда жерге қандай тыңайт­қыш керек, қанша суару керек екенін дәл есептейді. Бұл тыңайт­қыштарды қолдануды 30 процентке азайтуға, өнімнің өзіндік құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Әрі қоршаған орта үшін де қауіпсіз. Осын­дай озық технологиялармен та­нысып, оны Қазақстан жағ­дайы­на бейімдеу қажет. Демек заман та­лабына ілесу үшін аграрлық ғы­лымды қоса дамыту қажет. Бә­рін бірдей көшіріп әкеле саламыз деу­ге де болмайды. Себебі ауыл ша­­руа­шылығы тірі организмдермен жұ­мыс істейтін сала», дейді ол.

Сарапшылардың пікіріне қа­ра­ғанда, 60 сиыры бар шағын фер­мада сүт саууды роботтар арқылы жүргізу фермердің 2 сағат уақы­тын, ал автоматтандырылған технологиялық жүйе арқылы малды азықтандыру тағы 3 үш сағат уақытын үнемдейді екен. Егер қалдықтарды шығару ісі авто­мат­тандырылған болса, тағы біраз уақыт үнемделеді. Шетелдік фермерлер осы үнем­дел­ген уа­қытты оқуға, ізденуге, өнім­дер­ді өткізу ісімен айналысуға жұм­сайды екен.

Елімізде «Бөрте милка» се­кілді тағы үш «ақылды ферма» жұмыс істейтіндігін жоға­ры­да айтқан едік. Енді осы шаруа­шы­лықтардың негізінде арнайы семинарлар ұйымдастырып, басқа фермерлер мен шаруаларға көр­сеткен жөн болар еді.

Еліміз ерте заманнан бері мал өсірумен шұғылданып келеді. Қазақтың сайын даласы мен қой­науы құтты таулар, қолат-сай­лары мал өсіруге ыңғайлы. Демек мал шаруашылығы атакә­сіп қана емес, елімізді заман талабына сай дамытудың мызғы­майтын берік іргетасы болып қала беретіндігі анық. Енді міне, әлем бойынша алғанда нақ осы салада революциялық мән­дегі өзгерістердің басталып, дүние­де жаңадан пайда болған тиім­ді технологиялар мен құрал-жаб­дық­тардың оған қарыштай даму кіл­тін ұсынуы еліміздегі осы бір байырғы салаға және оның бо­лашағына мүлдем жаңа көзқа­распен қарауға жетелейді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»