Семинария 1920 жылы халыққа білім беру институты болып өзгерді. 1922 жылы осы оқу орнының негізінде екі педтехникум (қазақ, орыс) ашылды. Ал 1937 жылы педтехникум базасында дербес екі педучилище құрылды. 1953 жылы екі педучилище біріктіріліп, «К.Д.Ушинский атындағы педагогикалық училище» атанды. 1957 жылы оқу орны жабылып, 1963 жылы жұмысын қайта жалғастырды. 1967 жылы оқу орнына Мұхтар Әуезов есімі берілді. Семейдің Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық училищесі білікті кадрлар даярлауға қосқан үлесі үшін Қазақ КСР-нің ағарту ісі қызметкерлері кәсіподағының ауыспалы Қызыл Туымен үш рет марапатталды. 1992 жылы 22 мамырда педучилище колледж болып қайта құрылды.
Педагогикалық колледждің тарихы Н.Құлжанов, Н.Құлжанова, И.Тарабаев, Алаш қайраткерлері Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Қ. Нұрмұхамедұлы, А.Дүйсебаев, Б.Сәрсенов, А.Барлыбаев, Т.Жарқынбаев, И.Әлімбеков, Қ.Мұздыбаев, М.Тұрғанбаев, С.Мұстафин, М.Малдыбаев сынды көрнекті қоғам қайраткерлері мен ағартушы-педагогтердің, сондай-ақ ел ғылымының дамуына қомақты үлес қосқан оқу орны түлектерінің есімдерімен тығыз байланысты. Олардың бір парасы – Қазақ КСР ҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері М.О.Әуезов, Қазақ КСР ҒА-ны ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР ҒА академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қ. Сәтбаев, т.б.
Сондай-ақ әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, филология ғылымының докторы, Қазақстан ҒА академигі, Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңірген ғылым қайраткерi Ә. Марғұлан, абайтанушы ғалым М.Бөжеев, Абайдың шөбересі, ғалым-зерттеуші Б.Ақылбаев, Кеңес Одағының Батырлары І.Айтықов, В.Бунтовских, В.Шулятиков, Социалистік Еңбек ерлері Ж.Шайжүнісов, М.Носова, Д.Парий, қоғам қайраткерлері Ж.Аймауытов, Т.Жомартбаев, Т.Қасенов, жазушы Ә.Нұршайықов, тұңғыш қазақ генералы, Қазақ КСР-ы Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаев, Қазақ КСР-ы білім министрінің, КСРО ҒА-ның тұңғыш мүше-тілшісі А.Сембаев, білім беру ісінің көрнекті ұйымдастырушысы К.Дәукеев, қазақ тіл білімінің маманы, педагог, филология ғылымдарының кандидаты, диалектолог, қазақ диалектологиясы ғылымының негізін салушылардың бірі Ж.Досқараев, Бүкіләлемдік әйелдер конгресінің мүшесі, қоғам қайраткері Ф.Халитова сияқты елімізге белгілі тұлғалар бар.
115 жылдық тарихы бар колледжде оқу-тәрбие үрдісін инновациялық тұрғыда ұйымдастыру, орта кәсіптік педагогикалық білім беруді халықаралық стандарт талаптарына сәйкестендіру жүйелі жолға қойылған.
Педагогикалық колледж ұжымының барша қажыр-қайраты еліміздегі білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама мазмұнындағы сындарлы саясаты мен тың бастамаларының барынша сапалы жүзеге асуына бағытталған. Жаңартылған білім беру талабына сай кәсіби құзырлы маман дайындауды негізгі міндеті деп есептеген ұжым ұдайы прогрессивті даму қағидаларын берік ұстанып келеді. Соған орай кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізуді, білім берудегі жаңашыл үдерістер мүмкіндігін пайдалана білуді күн тәртібінен түсірген емес.
Әлемдік білім беру кеңістігіне ену жағдайындағы отандық білім беру жүйесінің басым бағыттарын ойдағыдай жүзеге асыруда оқытушылар кәсіби шеберлігін, оқу-әдістемелік тәжірибелерін ұдайы жетілдіріп отырады. Колледжде 108 оқытушы қызмет атқарады, оның ішінде 1 филология ғылымдарының кандидаты, 46 жоғарғы санатты (43%) ұстаз бар. 2014-2018 жылдар аралығында педагогикалық құрамның сапалық динамикасы өсті. Магистрлер үлесі 2014 жылы 10,37 % құраса, 2018 жылы 40%-ке жетті. Қазіргі таңда онлайн оқу арқылы 17 оқытушы арнайы магистратура кафедраларында біліктілігін көтеруде.
Колледж оқытушыларының кәсіби сапа көрсеткіші ретінде дәстүрлі «Бейбітшілік әлемі» халықаралық ұйымының мұғалімдер байқауына, республикалық «Үздік оқу орны», «Үздік педагог», «Ең үздік маман», Оқыту және дамыту орталығы ұйымдастыратын «Профессионалы», облыстық «Жыл мұғалімі», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік электронды бағдарлама» байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленуін айрықша атауға болады.
Қазір Білім және ғылым министрінің қолдауымен білікті мамандарды шет мемлекеттерге іссапарларға жіберіп, олардың халықаралық жобалармен танысуына мүмкіндіктер қарастырылуда. Мемлекеттік қаржыландыру есебінен колледж оқытушылары А.Аралова, Г.Нұркенова Ресейдің Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінде, ағылшын тілі пәнінің оқытушысы А.Дюсебаева Финляндияның ХАМК университетінде біліктілігін көтеріп, педагогикалық тәжірибе жинақтап қайтты.
Қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес, ТжКББ жүйесін жаңғырту шеңберінде тұлғаның зияткерлік мүмкіндіктерін, көшбасшылық қасиеттерін, дарындылығын әрі кәсіби құзыреттілігін дамытуды қамтамасыз ететін уәждемелік кеңістік қалыптасты. Сапалы адами капитал қалыптастыру аясында колледж оқытушылары смарт-техникаларды қолдана отырып, студенттердің мәдениетаралық коммуникативті құзыреттілігін қалыптастыру бағытында оңтайлы жұмыстар атқарады. «Негізгі орта білім беру» мамандығының «Шетел тілі мұғалімі» біліктілігі бойынша оқитын ІІІ-курс студенті А.Шалқарқызы Анкара қаласында «Just English» курсында білімін жетілдірсе, гранттық негізде Кипр халықаралық университетінде білім алып жатқан ІV курс студенттері А.Нұртөлеу, А.Орынбекова мен ІІІ-курс студенті Ж.Касенова «Бейбітшілік әлемі» (World of Peace) Халықаралық бірлестігінің ұйымдастыруымен 2017 жылы өткен «ДУБАЙ-2017» Халықаралық достық форумы, өнер фестивалі мен ғылыми конференцияға қатысып, ғылыми жоба қорғаудан I орын иеленді.
Мәдениетаралық коммуникацияға қабілетті мамандарды дайындау – колледждегі оқу-тәрбие үдерісінің басты бағыты. Мемлекеттің үш тұғырлы тіл саясаты аясында оқу орнына 2013 жылдан бастап «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығында көптілді білім беру жүйесін жүзеге асыратын қанатқақты жоба енгізілді. Студенттердің коммуникативтік дағдыларын, іскерлігі мен креативтілігін дамыту мақсатында 2010 жылы құрылған «Conversational club» үйірмесі қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебімен ынтымақтастық туралы меморандум негізінде шетел еріктілерімен «Еркін сұхбат» алаңын құрып, полимәдениетті кәсіби тұлға қалыптастыруда.
Шығармашылыққа бейім, талантты, үздік білім алушыларға халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарына, олимпиадаларға, спорт жарыстарына қатысу барысында оқу орны әрқашан қолдау көрсетеді. Білім алушылар Барнаул педагогикалық колледжінде өткен халықаралық «Моя будущая профессия – учитель!» байқауы мен тарихи-өлкетану «Наш Алтай – от истоков к современности» конференциясына, халықаралық серіктестер қатысуымен Семейде өткен республикалық «Мұғалім – мәртебелі мамандық» және республикалық «Үздік инновациялық сабақ» кәсіптік байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Колледж студенттері түрлі спорт сайыстарына қатысып, еліміздің туын биік тұғырға көтеруге әрдайым атсалысып келеді. Мәселен, семсерлесуден спорт шебері К.Тусупбекова, каратэдан спорт шебері М.Дүйсенғазин, таэквондодан еліміздің үш дүркін жеңімпазы, Қырғызстан Республикасының екі дүркін жеңімпазы, қара белбеу иегері Н.Әбдрахым, самбодан ел чемпионы Н.Жұмай, киокушинкай каратэдан халықаралық турнирдің екі дүркін жеңімпазы, қоңыр белбеу иегері М.Құмарова, шаңғыдан ел жеңімпазы Е.Қайыңбай, таэквандодан спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ел жеңімпазы Т.Серікханов, футболдан «Алтай» құрамасының мүшесі, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегері Ғ.Сұлтанов және А.Аманжол, Қ.Саин сынды саңлақтар колледж мерейін асқақтатуда.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру барысында студенттердің ел Үкіметі мен БҰҰ жүйесі агенттіктері арасындағы бірлескен бағдарламаға сәйкес ашылған (UNFPA) Y-PEER («Жас құрдастар») ресурс орталығы және спорт, гимнастика, жаттығу залдары, «Спартак» стадионы мен «Дельфин» бассейні, «Тисса» шаңғы базасы, спорт секциялары тұрақты қызмет атқарады. Y-PEER (Жас құрдастар) қала көлемінде колледж студенттеріне репродуктивті денсаулықты қорғау мәселелері бойынша кеңес беріп, орталық еріктілерін даярлауды жүзеге асыруда. Маралсай республикалық жазғы лагерімен өзара серіктестік те кәсіби білім беруге әсерін тигізіп, сапалы білім мазмұнын толықтырып отыр.
Колледж қабырғасында сапалы маман даярлау үшін қажетті материалдық-техникалық тұтас база құрылып, кабинеттер, зертханалар, шеберханалар талапқа сай жасақталған. Колледж кітапханасындағы 51 404 дана кітап қоры қазақстандық автоматтандырылған ортақ ақпарат бағдарламасына (КАБИС) енгізілген. Колледждегі 33 оқу кабинетіне мекеменің айтулы түлектері мен оқытушыларының есімдері берілген. Студенттің ақпараттық мәдениеті мен компьютерлік сауаттылығын дамытып, цифрлы білім беру ресурстарын дайындау сияқты сан салалы міндеттерді орындау мақсатында, еліміздің қоғам қайраткерлері мен ұлтжанды кәсіпкер-меценаттарының қаржыландыруымен Wi-Fi нүктесі арқылы интернет желісіне қосылған М.О. Әуезов атындағы электронды ақпараттық зал, 9 атаулы кабинет және 30 орындық интернет зал ашылды. Бұдан басқа мультимедиялық-лингафондық аудиториялар және заманауи аудио-видео құралдарымен жабдықталған интерактив тақталы дәрісханалар студенттердің сұранысын қанағаттандырып отыр.
Кәсіби-функционалдық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие, кәсіби әлеуеті берік мамандар даярлау үшін «Халықаралық экология және инженерлік ғылым академиясы» ЖШС, еліміздің ТжКББ жүйесіндегі іргелі оқу орындарымен келісімшарт және ынтымақтастық туралы меморандум аясында халықаралық деңгейге дейінгі ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, кәсіптік байқаулар мен олимпиадалар, ғылыми консультациялар, инновациялық жобаларды бірлесіп өңдеу мен өткізу бағытындағы жұмыстар да тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Оқу орнының халықаралық білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмысы уақыт талабына сай атқарылуда.
2013 жылы Ресей Білім академиясының теория және педагогика тарихы институты және Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясымен үш жақты келісімшарт, Түркияның ДОГУ Акдениз университетімен және 2017 жылы Ресейдің Алтай өлкесіндегі Барнаул, Рубцовск, Славгород, Бийск, Каменск педагогикалық колледждерімен ынтымақтастық туралы ортақ меморандум жасалып, өзара әріптестік-серіктестік байланыстар мығым орнықты.
Жеке тұлға тәрбиесін ізгілендіру – бүгінгі заманның басты талабы. Колледж ұжымы студенттердің білім сапасына айрықша мән бере отырып, олардың инновациялық ойлау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы адами капитал сапасын жақсартуға байланысты білім беру ісіндегі өзгерістерді меңгеруге бейім кадрларды дайындауға да колледж ұжымы үлес қосуда. Оқу орнының басты мақсаты – кәсіби білім беру жүйесін озық методологиямен ұдайы жүйелеп отыру, білім берудегі жетілген дағдылар түрін меңгерген білікті мамандарды даярлау.
Шағангүл ЖАНАЕВА,
М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры,
Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері
СЕМЕЙ