Басқасын айтпағанда, іштей бекем болуға тиіс көптеген отбасы осы өзара сенімнің жоқтығынан зардап шегіп келеді: ажырасу, ұрыс-керіс, аңдысу, арбасу. Бала-шағасы өтірікпен өзектенген, ерлі-зайыптысы бір-бірін алдаған, өзара алданған, содан келіп үй ішілік сенім туы қайта көтерілуден кетіп, аңдысу мен арбасумен күн өткізуден өзге амалы қалмаған отбасылар қаншама. Қоғамымыздағы некелі жұптардың ажырасу саны артқаны, ең жақын адамдардың бір-бірін сот пен отқа сүйреу таңғаларлық жайт болмай отырғаны, мемлекеттік қызмет сеніп тапсырылған кейбір азаматтардың сыбайлас жемқорлықтың шылауында кетуі үйреншікті көрініске айналғаны біз сөз етіп отырған СЕНІМНІҢ құндылық ретінде бағаланбай, шала-жансар күй кешуінен. Сенім туы өздігінен құламайды. Ол тәрбие ісінің нашарлығынан құлайды. Басқаны айтпағанда, өз отбасынан сенім құндылығын сезінбей, көрмей өсіп келе жатқан балғын ұрпаққа обал-ақ. Бұған бүгінгі іс басындағы аға буын жауапты.
Сенім білдіргің келеді, бірақ үдеден шықпайды немесе сеніміңді пайдаланып, «лақтырып» кетеді. Содан келіп, өзгеге сенуден сақтанасың, қорқасың. «Аузың күйіп қалған, үрлеп ішуге» мәжбүрсің. Айнала толы сенім артылып көрмеген, үдеден шығудың жауапкершілігі қандай болатынын білмейтін, оның тәжірибесінен өтпеген адамдар. Жетектеп өсіру, желкесінен қарап тұру, нұсқаумен жатқызып, тұрғызу – кеңге қанат жайған. Ұрпақ тәрбиесіндегі «жетістігіміздің» бірі осындай.
Талай жыл ел алдында емірене сөйлеп жүрген адамың кенет жемқорлықпен ұсталып жатады, «О, тоба кімге сеніп келгенбіз?» дейсің де қоясың. Ұрланып барып ойынхана жағалайтын, тиісті мақсатта пайдалансын деп әперген құрылғыдан көзіңді ала бере «көксегенін» тамашалап таңды атыратын, онысын өліп бара жатса да мойындамайтын бала-шағаға қарап қолыңды бір-ақ сілтейсің. Уәдені үйіп-төгіп, онысын сол сәтте ұмытып кететін замандас көп, «мұның не?» десең өзіңе аларып қарайтын. Тізе берсең көп-ақ.
Жалпы, біз балаға тәрбие берудегі ең маңызды іс сенім білдіру екенін естен шығарғандаймыз. Жас өскінге өз жасына, қабілет-қарымына орай белгілі бір деңгейде сенім арқалатудың қаншалықты маңызды екенін түсінуіміз керек-ақ.
Осындайда, бүгін мен өткен шақтағы өмір көріністері көз алдыңа келеді.
Сегіз-тоғыз жасар бала талтайып тұр. Алдында еңгезердей әкесі ырс-ырс ете отырып бәтеңкесінің бауын байлап жатыр. Екі не үшінші сыныптағы баласының сөмкесі мен пакетін көтеріп алған келіншек «құлынын» жетектеп алып мектеп есігінен енгізіп, одан әрі сырт киімін шешіп, «топылыйын» кигізіп берді. Мыңдаған ата-ананың күн сайын қайталап істейтін шаруасы бұл. Баламызды өзі-ақ атқаратын өте қарапайым тірлікке жолатқымыз жоқ. Өз бәтеңкесінің бауын байлауға мүмкіндік бермейміз. Ойбай-ау, ең құрығанда сөмкесін өзіне арқалатып, мектеп ауласына кірген соң ары қарайғы жолын өзі жалғастыруға сенім білдіруге болады ғой. Жоқ, сенбейміз. Қандай да бір істе сенім білдіріп көру керектігін ұмытқанбыз. Бізге салса, бала-шағамызды отызға дейін бесікте бөлеп ұстағымыз бар.
Таяуда бірінші сыныпта оқитын балама үйді құлыптап шық деп кілтті тастап кеттім. Көзі жайнаң қақты. Бұрын-соңды артылмаған сенім. Сыртта күтіп тұрмын. Әншейінде көптеу уақыт күттіріп барып шығатын балам лезде төбе көрсетті. Танауы делдиіп кеткен. Еңсесі тік. Ол өзіне сенім, жауапкершілік жүгі артылғанына масаттанып қалды. Оның үй есігін дұрыстап жауып шыққанына күдігім бар. Өйткені, өмірінде бір рет те есік құлыптатпағанбыз. Бірақ есікті қалай бекітетінімізді күнделікті көріп жүр. Тәуекел, ешкім тонап кете қоймас қас пен көздің арасында дедім. Балама сенім білдірдім. Бірер сағаттан кейін үйге келсем, балам мен сияқты біреуін ғана емес, екі құлыпты да іске қосыпты. Сол күні ол өзін сергек әрі маңызды сезініп жүрді... Сенімнің күші.
Өзімнен екі жас үлкен Бекарыс деген ағама қатысты мына жайтты айтудың да реті келіп тұрғандай.
Бірінші сыныпқа әлі бара қоймаған, жетіге енді толатын Бекарыс ағамды әкем Бетпаққа мал айдасуға ертті. Күн ыстық, малды асықпай айдағанға бір апталық, асыққанға төрт-бес күндік жол. Анау-мынау ересек адам шыдауы қиын мехнатты сапар. Өзіне сенім білдірілгеніне ағам мәз. Басқамызға үстем қарайды. Әкем, ағам, туысқан ағамыз Бейсенбай бар, үшеуі отар қойды, оған қоса бір табын сиырды айдап кетті. Қалғанымыз шешемізбен бірге жүк артылған көлікпен кеттік. Дөңгелекті көлік қойсын ба, жер апшысын қуырып, Бетпақтағы белгіленген қонысымызға бес-алты сағатта жеткізіп салды. Жабылып жүріп киіз үйімізді тіктік, біздер, майда-шүйделер сым қораны құрып қойдық. Шешеміз үй шаруасымен әлек.
Алты күн дегенде біздің отар Тоқпан артезианына жеткенін естідік. Жаңа қонысымыз Теріскен сайға әлі бір күндік жол бар... Ертесіне түстен кейін жалғыз қарайған көрінді. Біз соны бетке алып жүгірдік. Жақындағанда білдік, әлгі қарайған түйе екен, жадыда бір шөкім болып Бекарыс ағам отыр. Алдына жаңа туған бұзау өңгеріп алған. Көкем ертерек үйге бара бер деп бағыттап жіберіпті. Бет аузы шаң-шаң, көзі жылт-жылт етеді. Ерні кезеріп кеткен. Алты күн үзіліссіз мал айдау жас балаға оңай ма, ағам бұрынғысынан әлдеқайда азып кетіпті. Шаршап келе жатса да, бала неме бізді көріп қуанып кетті...
Мына бұзауды қайдан тауып алдың демедік. Өйткені, үлкен ала сиырымыз тууға жақындап қалған. Сол сиырдың бұзауы екені анық. Ағамның айтуынша, ала сиыр Қоңқабай қыстауына келгенде туыпты. Содан бергі жолда Бекең табынға ілесе алмайтын жас бұзауды түйеге өңгеріп келеді екен. Сол кезде біз оның бұл ісіне таңғалған жоқпыз, өйткені, бұл ағамның жасындағы екінің бірі атқара алатын іс еді. Ал бүгінгі балалармен салыстыра келіп оның сол «ерлігіне» қазір таңғаламын. Кейін сол бұзауды Қоңқабай атап кеттік.
Әрине, бүгінгі жас ұрпақты шаруақор, малсақ болмады деп кінәлай алмаймыз. Өйткені, қазіргі өмір сүру ауаны өзгеше. Көбіміз қалаға тығылдық. Ауылда қалған ағайынның жартысы шаруашылықтан қол үзіп кеткен. Тек біз бұл арада бұрынғы ата-аналардың өз балаларын қандай да бір істе сенім білдіріп, сол қадамы арқылы тәрбиелегендерін, жетектеп, үлбіретіп өсіру, оларға тән болмағанын айтқымыз келген еді.
Құдай сенімнен шығарлық әлеуетке ие етсін. Біреудің сенімін арқалаудың жауапкершілігін жан-дүниемен түсінерлік сана берсін. Бәрінен де Құдай сенім білдіруге лайықты ұрпақ нәсіп еткей.