28 Желтоқсан, 2011

2011

400 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
2010 жылдың соңында, дәлірек айтсақ, жел­тоқ­сан айында Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына бір жыл бойғы төр­аға­лығы­ның жемісті қорытындысы ретінде Сарыар­қа төрін­де бой көтерген егемен елдің жаңа ел­ор­да­сы – Астана қаласында 56 елдің мемлекет және үкіметтері басшыларының қатысуымен ЕҚЫҰ Сам­митін та­бысты өткізген және ұзақ уақыттар бо­йына бас­қосу­дың реті келмей жүрген осы ал­қа­лы жиынның 11 жылдан соң өтуіне мұрындық бо­лып, сонымен бірге Астана декларациясының қа­былдануына да қол жеткізген тәуелсіз Қазақстан мемлекеті 2011 жыл­дың табалдырығын үлкен абыроймен аттады. Сөз жоқ, бұл іргесін жаңадан тіктеп, қа­быр­ғасын енді ғана қатайта бастаған жас мемлекет үшін орасан зор жеңіс еді. Бұл пікірді төмендегі мына бір дәйектермен-ақ дәлелдеуге болады. Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев аталған саммитте сөйлеген сөзінде «Бү­гін­гі саммит – ЕҚЫҰ кеңістігінің шығыс ай­ма­ғын­да бірінші рет өтіп отырған форум... Қазақ­стан төрағалығының қуатты іс-әрекеттері, саяси күш-жігері жалпыеуропалық үдерістерге жаңаша серпін берді...» десе, Түркия президенті Абдулла Гүл «Мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы­ның міндетін атқару барысындағы Президент Назарбаевтың рөлін айрықша атап өткім келеді. Бүгінгі саммит Орталық Азияның Ұйымның бо­ла­шағын анықтауда белсенді рөл атқаруға дайын екендігінің бір көрінісі» деп атап көрсетті. Ал Еуропалық одақтың президенті Херман ван Ромпей өз ойын «Мен Президент Назарбаевты ЕҚЫҰ-дағы көшбасшылығы үшін құттықтағым келеді. ЕҚЫҰ-ның Орталық Азияда өтіп отырған бірінші саммиті – айта қаларлықтай оқиға. Біз үшін Қа­зақ­стан дәстүрді жалғастыру мен өзгерістердің сим­волы болып отыр...», деген сөздерімен жеткізді. Тарих еншісіне көшкен жылды осындай ай­ту­лы да айшықты саяси оқиғалармен түйіндеген Қазақ елін жаңа басталған 2011 жылда да дүбірлі жаңалықтар, маңызды міндеттер күтіп тұрған болатын. Олардың алғашқысы – еліміздің екі ірі мегаполистері – Астана мен Алматы қалаларында осы жылдың ақпан айында өткен VII Қысқы Азия ойындары еді. Дегенмен, Қазақстан шежіресінде елеулі орын алатын осынау оқиғаға тоқталмас бұрын сәл шегініс жасауға тура келіп тұр. «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылдың 24 желтоқсаны күнгі санында «Біз қуатты Қазақстан үшін Елбасымен біргеміз!» атты материал жа­рия­ланды. Осы мақалада Өскеменде еліміздің Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың өкі­лет­тігін 2020 жылғы желтоқсанға дейін ұзарту мақ­сатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде республикалық ынталы топтың жиыны болып өт­кен­дігі туралы хабарланды. Осы жиынға еліміздің 16 өңірінен жиналған 800 адам­ның арасында белгілі ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, «Халық Қаһарманы», ауған со­ғысының ардагері Ба­қыт­жан Ертаев, Парламент депутаттары Наталья Геллерт, Розақұл Хал­мұрадов, Анатолий Башмаков, «Егемен Қазақ­стан» республикалық газеті» акционерлік қо­ғамы­ның президенті Сауытбек Абдрахманов және бас­қа да республикаға кеңінен танымал адамдар бол­ды. Шығыстан бой көрсеткен осы бастама Қа­зақ­стан халқы тарапынан кең қолдау тауып, Елба­сы­ның өкілеттігін ұзартуға үн қосқан хаттар легі газет редакциясына 2011 жылдың қаңтар айын­да да толассыз келіп жатты. Ақыры 15 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкі­лет­тігін ұзартуға мүмкіндік бере алатын өзгер­ту­лер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдау туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Айта кету керек, Парламент сәл бұры­ны­рақ Елба­сы­на осындай ұсыныспен шыққан бо­латын. Бірақ Ел­басы бұл ұсынысты қабылдамады. Дегенмен, Пар­ламент Конституцияның 91-ба­бы­ның 1-тар­мағына сәйкес палаталардың әрқай­сы­сын­дағы депутат­тар­дың жал­пы санының бестен төрті дауыс беру ар­қылы Ата Заңға өзгерту енгізу туралы заңды қа­был­дай алатын еді. Іс жүзінде солай болды да. Парламент өзінің осы өкілеттігін толық пайдаланып «Қа­зақстан Рес­публикасының Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» заңды қа­былдады. 17 қаңтар күні Мем­лекет басшысы атал­ған заңның Конституцияға сәй­кестігін қарау жөнін­де Конституциялық Кеңеске өті­ніш беріп, ол өтініш қабыл алынды. Бір айдан астам уақытқа со­зылған осы мәселенің тоқетерін ақы­ры Прези­дент­тің өзі айтты. Мемлекет басшысы Қа­зақ­­стан хал­қына Үндеу жолдап, онда бүкіл­ха­лық­тық ре­фе­рен­думға қатысты өзінің көзқарасын ашық мәлімдеді. «Мен бүкілхалықтық сенім білдіргені үшін барша қазақстандықтарға шынайы ризашы­лы­ғым­ды білдіремін... Бұл – экономикалық даму және елімізді әлеуметтік жаңғыртудағы бағда­ры­мызға бүкілхалықтық қуатты қолдау мен сенімнің айғағы. Мен үшін халқымның қалтқысыз қол­дауы­нан артық биік баға болмайды... Бір жағы­нан, мен сайлаушылардың басым көпшілігін құ­рай­тын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмаймын. Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ сая­саткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын», деп атап көрсетілді Үндеуде. Осыларды айта келіп, Мемлекет басшысы өз өкі­леттігінің екі жылға қысқаратынына қара­мас­тан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгізетінін жеткізді. Осылайша, 2010 жылдың соңында қазақстан­дық­тардың басым көпшілігінің қолдау білдіруімен күн тәртібіне шығарылған мәселеге, яғни Бүкіл­ха­лықтық референдум өткізу ісіне 2011 жыл­дың ақ­панында нүкте қойылып, ол жаңа сип­атқа ие болды. 2011 жылдың 4 ақпаны күні Қа­зақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­зақстан Республикасы Прези­денті­нің кезектен тыс сайлауын тағайындау ту­ра­лы» Жарлығы шық­ты. Дей тұрсақ та, әр нәрсені ретімен баяндау үшін бұл әңгіменің жалғасын кейінге шегере отырып, жыл басында болған оқиғаларға қайта оралуға тура келіп отыр. Ол – Президенттің жыл сайынғы дәстүрлі Қа­зақ­стан халқына Жолдауы. 2011 жылғы қаңтар айының 28-і күні жасалған Жолдау Қазақстанның қол жеткізген табыстарға тоқмейілсіп тұрып қалмайтынын, өзі белгілеген даму бағытымен алға қарай қарышты қадам баса беруге ниетті екенін тағы да көрсетіп берді. «Біздің бағдарламаларымыздың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын нығайту» деп атап көр­сетіл­ді құжатта. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Үкі­метке 2011 жылдың 1 мамырына дейін жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылықты жаңғырту және халық­ты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағ­дар­ла­ма­ларын әзірлеуді тапсырды. Алға оза отырып айта кету керек, бүгінде Президент тапсырмасына орай «Жұмыспен қамту-2020», «2011-2020 жыл­дар­ға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығын жаңғырту», сол сияқты «Ақбұлақ» бағ­дарламалары қабылданып, жұмыс істеуде. 2011 жылдың өзінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ла­масы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтитын­дар­­ды, жұмыссыздарды және аз қамтамасыз етіл­­ген халықты оқыту және олардың еңбекке ор­наласуына жағдай жасау үшін 14,6 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Ал республикалық бюд­жеттен ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға – 5,3 миллиард теңге, еңбек ресурстарының жұмыл­ғыш­­тығын арттыруға 18,2 миллиард теңге, сол сияқты, жұмыс іздеп өзге жерлерге қоныс ау­да­ру­шыларға тұрғын үй салуға немесе арендалық тұр­ғын үй алуларына 11,5 миллиард теңге қарас­ты­рылды. Барлығы осы аталған бағ­­дарламаны жүзе­ге асыру үшін 2011 жылға бюджеттен 40,2 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. «Ақбұлақ» бағ­дар­ламасы 2011 жылдың мамыр айынан бастап іске қосылды. Екі кезеңді – 2011-2015 және 2016-2020 жыл­дар­ды қамтитын құжат­та барлық ауылдық елді-м­е­кен­дердің орталық­тан­дырылған сумен қам­ту жү­йелеріне қолжетім­ді­лігін 80 пайызға жеткізу көз­дел­се, қалалық жерлерде бұл көр­сеткіш 100 па­йыз­ды құрауы тиіс. Бүтін­дей алғанда, «2011-2020 жылдарға арна­ған халықты сумен қамту жөнін­дегі «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдар­ла­масын» жүзе­ге асы­руға 900 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Жолдауда білім беру, денсаулық сақтау сала­лары мен тілдерді дамыту мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақ­стандықтың жеке кре­до­сына айналуы тиіс деген сөз алғаш рет осы құжатта көрініс тапты. «Біз уни­вер­ситеттік білім беру мен ғылымды да­мы­ту­дың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бүгінде жаңа «Назарбаев университеті» арқауын­да нарық сұранысына бағ­дар­ланған жоғары оқу орнының инно­ва­циялық моделі қалып­тас­ты­ры­луда. Ол бар­лық жоо-лар үшін үлгі болуы керек», деп атап көр­сетілген Жолдауда. Денсаулық сақтау сала­сы­на қатысты Қазақстанда халықтың мақсат­ты топ­тары­ның денсаулық жағ­дайын бақылаудың ұлт­тық бағдарламалары кешенін енгізу қажеттігі айтылды. Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аударылатындығын да осы Жолдау жол­дары­нан оқуға болады. 2011 жыл туралы әңгіме қозғай отырып, осы жылдың айтулы оқиғаларының біріне айналған VІІ Қысқы Азия ойындары туралы айтпай кету мүлде қисынсыз болар еді. «Жексенбі күні бірнеше жылдан бері тағатсыздана күткен күніміз де келіп жетті. Осы күні Астанадағы «Астана-Арена» жабық стадионында Қысқы Азия ойындары сал­танатты жағдайда ашылып, Әл-Кувейт қала­сы­нан бастау алған Азиаданың алауы алып аренада орнатылған Ойындардың бас қазандығында тұ­тан­ды», деп жазды әрқашанда жан жұбатар жа­ңа­лықтардың жаршысы болуға ұмтылатын «Егемен Қазақстан» газеті 1 ақпан күнгі санында. Азиа­да­ның ашылу рәсімі елімізде бұрын-соңды болып көрмеген орасан зор ауқымды салтанатпен ұйым­дас­­тырылды. Жердің киесі мен елдің иесін таныт­қан фольклорлық қойылымдар бірінен соң бірі тізбектеліп өтіп, стадионға жиналған 27 мыңға жуық көрерменнің көзайымына айналды. Қазақ­стан­ның халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев, атақты спорт­шылар Әмин Тұяқов пен Жәнібек Сауранбаев, күміс көмей әншілеріміз Нұржамал Үсенбаева мен Роза Рымбаева сияқты халқымыздың аяулы ұл-қыздарының осы салтанатты шараның төрінен табылуы, оның мән-маңызы мен ұлттық нақышын арттыра түсті. Ойындардың ашылу салтанатына орай Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Әлем халқының тең жартысы мекендейтін Азия құрлығындағы бұл дүбірлі жарыс – биылғы жылдың ең үлкен спорт мерекесі. Біз мұндай құрлықтық шараны ТМД және мұсылман елдері арасында тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Бұл жасампаз шараның Қазақ жерінде өтуі – елімізге көрсетілген құрмет пен сенімнің жарқын айғағы деп білемін. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесінің беташар оқиғасы болады», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы осы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде. Шынын айту керек, елі­міздің қос қанатындай Ас­тана мен Алматыда қап­тал­даса өткен Қысқы Азия ойындарын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Несін айтасың, қуа­ныш­тан халқымыздың төбе­сі көкке жеткендей болса, жастары­мыз­дың кеудесін мақта­ныш сезімдер кернеді. Со­ған сәйкес, сайыстарға бап­тап қосқан спортшы­лары­мыз да намысты қол­дан бер­мей, өздерінің қабілет-қарымдарын ба­рын­ша көрсете білді. Жарыстар кезінде көк бай­ра­ғы­мыз­дың қайта-қайта желбіреп, әнұраны­мыз­дың жиі-жиі шырқалуы оған айғақ. Айтары жоқ, кеудеміз биік, мерейіміз үстем болды. VІІ Қысқы Азия ойын­дары­ның қорытындысында Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола – барлығы 70 медальді жеңіп алып, бірінші орынға шықты. «Әділдік пен шеберлік астасқан дүбірлі дода нағыз мықтыларды анықтап берді. Азиада бары­сын­да достықтың ізгі жалауы желбіреп, құрлық ел­дерінің әнұрандары шырқалды. Бұл спорт мерекесі Тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттеріне айналады деп сенемін», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев VІІ Қысқы Азия ойындарының жабылу сәтінде сөйлеген сөзінде. 12 ақпан күні Астанадағы Тәуелсіздік сара­йын­да «Нұр Отан» халықтық-демократиялық пар­тиясының кезекті ХІІІ съезі болып өтті. 600-ден астам делегат қатысқан съезде Мемлекет бас­шы­сы, «Нұр Отан» пар­тия­сының Төрағасы Нұр­сұл­тан Назарбаев сөз сөйледі. Ел­ба­сы өз сөзінде партия съезі­н­ің еліміз үшін қас­тер­лі меже – Қазақ­стан Тәуел­сіз­ді­гінің 20 жыл­ды­ғы қар­саңында өтіп отыр­ған­­ды­ғын, осыдан 20 жыл бұрын дербес даму жо­лы­на түс­кені­­мізді айта келе, бұл жол­­дың шын мәнінде ел тарихындағы жаңа дәуі­рі­нің бас­тауына – жасам­паз­дық пен қарышты даму­дың даң­ғылына айнал­ған­дығын атап көрсетті. Осы съезде сөз сөйлеген нұр­отан­­дықтар бірауыздан Нұр­сұлтан На­зар­баев­ты «Нұр Отан» ХДП атынан президенттікке кандидат етіп ұсынды. Сөз орайында Қазақстан басшысының Бүкіл­ха­лықтық референдум өткізуден бас тартуының әлемдік саясаткерлерді де бей-жай қалдыр­ма­ған­дығын айта кету қажет. Мәселен, «Референдум туралы идеяның жан-жақты қолдау табуы Қазақ­стан халқының Президентке үлкен сенімін ай­ғақ­тай­ды. Соған қарамастан аталған шешімнен бас тарту, оның үстіне мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсынысы Қазақстан басшысының демократия құндылықтарына деген адалдығы мен өз халқының демократия мақсаттарына сенімін көрсетіп берді. Президенттің демократияны ны­ғайту мақсатында демократиялық қағидаттарды тұ­рақты қолдауы өте мақтанарлық қадам және батыл шешім болып табылады», деп білдірді өз пікірін АҚШ-тың Нью-Джерси штатында тұра­тын саяси ғылымдар докторы Руфь Нильсен. Көктемнің жер-жаһанға шуағын шашқан ал­ғаш­қы күндерінің бірінде Астанада Қазақстан әйел­дері­нің тұңғыш съезі өтті. Бұл да Тәуелсіз Қазақ елі өмі­рін­дегі елеулі оқиғалардың бірі бо­лып табылды. Тағылымды тарихымыз қайрат­кер­л­ік қасиет қонған аналардан кенде болған емес. Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткен. Олардың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі жаңа Қазақстанда жа­рас­ты жалғасын табуда. Ел мен ерге сын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қа­йыс­пай көтере білді. Сіздер отбасы берекесін сақ­таумен бірге, тәуелсіздікті нығайту ісіне де еселі үлес қосып келесіздер, деп жеткізді өз ойын Мемлекет басшысы осы съезде сөйлеген сөзінде. Съезге Нидерланды Корольдігі Лейден қалалық уни­верситетінің докторы, философия ғылым­дары­ның кандидаты, шығыстанушы Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова арнайы келіпті. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің немересі өз сөзінде қазақ әйелдерінің осындай алқалы жиы­ны­на қатысқанына дән риза екенін білдіріп, Қа­зақстанның бүгінгі атақ-абыройы төрткүл дүниені баурап тұрғанын айтып, өзінің қазақ жұртын батысқа таныту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқанын мақтана хабарлады. Осының алдындағы жылы ғана ЕҚЫҰ-ға та­быс­ты төраға болып, әлем назарын өзіне аударған Қазақстан 2011 жылдың ортасынан бастап тағы бір жауапкершілігі мол міндетті атқаруға кірісті. Ол – 57 мемлекет мүше болып табылатын Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету құрметі болатын. Осы жылдың 28 маусымында Астанада аталған ұйымның Сыртқы істер министрлері ке­ңе­сінің 38-ші сессиясы өтті. Онда Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Өз сөзінде Қазақстан басшысы «жауыр­ды жаба тоқу» жолын таңдамай, Ислам әлеміне қатыс­ты көптеген ащы шындықтың бетін ашты. «ИКҰ-ға мүше елдер әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызын бақылауында ұстап отыр. Алайда, оларға әлемдік ІЖӨ-нің тек 2,5 п­а­йы­зы және әлемдік тауар айналымының 11 пайы­зы ғана келеді. Жағдайдың бұлай қалыптасуы біз үшін мүлдем орынсыз деп санаймын. Біздің ұйым­ға мүше әрбір мемлекеттің, тұтастай алғанда Умманың бәсекеге қабілеттігін жоғарылату қа­жет», деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде. Бұл айтылғандарды бір ғана ұлттың үде­сінде шектеліп қалмай, жер шары халықтарының, соның ішінде, мұсылман әлемі жұртшылығының мүддесі үшін жүрегі сыздайтын адамның сөзі деп ұққан абзал. Сессияда ИКҰ шеңберінде азық-түлік бойынша өзара көмек көрсету жүйесін жөнге келтіру, энергетика саласына ауқымды инвестициялар тарту, Ислам әлеміне дамудың шикі­зат­тық бағытынан индустриялық-инновациялық жолына қарай көшу, Ұйым аясында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жүйесін қалыптастыру, исламдық қаржыландыру жүйесін одан әрі да­мыту және басқа да көкейкесті мәселелер жан-жақ­ты әңгіме өзегіне айналды. Өз сөзінде Қазақ­стан Президенті Ислам Конференциясы Ұйымы атауын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы деген атау­ға өзгерту жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл жылы Семей ядролық полигонының жа­был­ғанына да 20 жыл толып отыр. Семей поли­го­ны сияқты «адамзаттың аждаһасын» құрсаулау да Н.Назарбаевтың батыл шешімінің арқасында мүм­кін болды. Сондықтан да Біріккен Ұлттар Ұйымы 2010 жылы ядролық полигон жабылған 29 тамызды «Жаппай қырып-жою қаруынан бас тар­тудың бүкілдүниежүзілік күні» деп жария­ла­ды. Осыған орай осы жылдың 27 тамызында Ядро­лық сынаққа қарсы іс-қимылдың халықара­лық күніне арналған халықаралық конференция болып өтті. Осы басқосуда Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кон­ферен­ция­ға қатысушыларға арнаған жолдауын оқып берді. «1991 жылдың 29 тамызында менің Жарлы­ғым­мен Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл адамзат тарихындағы халықтың қалауымен жа­был­ған ең алғашқы полигон. Ядролық сынақ­тар­дың зардаптарын өзінің басынан өткерген Қазақстан халқы бүкіл әлемдегі полигондардың жабылғанын қалайды», деп атап көрсетілді Елбасы жолдауында. 2011 жылдың соңында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғанына 20 жыл толмақшы. КСРО-дай алып империяны құлату белгілі бір дәрежеде оңайға түскенімен, ТМД сияқты құ­ры­лым­ды құру соншалықты оңай бола қойған жоқ. Өйткені, 1991 жыл бұрынғы одақтас респуб­ли­ка­лар­дың КСРО-дан құтылуды жеті басты аждаһадан құтылғандай көріп, енді қайтып одаққа бірікпеспіз деп, әрқайсының дербес мемлекет болуға талпыныс жасап жатқан шағы болатын. Осындай сәтте оларға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрайық деу жаңағы өзіміз айтқан «аждаһаның» аузына басымызды өз еркімізбен сұғайық дегенмен бірдей еді. Бірақ дәл осындай сындарлы ке­зең­де де Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың істің жайын алыстан ойлайтын көре­ген­дігі үлкен рөл атқарды. Сөйтіп, Н.Назарбаев 1991 жылдың 13 желтоқсанында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Ашғабаттағы басқосуын­да КСРО-дан бөлінген республикалардың бас­шы­ларын 21 желтоқсанында Алматыда жиналуға ша­қырды. Ақыры Қазақстан Президентінің баста­ма­сымен Алматыда бас қосқан бұрынғы одақтас республикалардың (Балтық бойы республи­ка­лары­нан өзге) басшылары Алматы декларация­сы­на қол қойғаны бүгінде көпшілікке мәлім. 2011 жылдың 5 қыркүйегінде Тәжікстанның ас­танасы Душанбе қаласында өткен ТМД-ға мү­ше елдердің Мемлекеттер басшылары кеңесінің отыры­сын­да да біз атап көрсеткен мәселелердің маңызды­лы­ғына мән беріліп, 20 жылдық мерейтой қарсаңын­да Достастықтың жүріп өткен жолына тағы бір шолу жасалды және алға тың мақсаттар белгіленді. Қыркүйек айының ортасында Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 66-сессиясын да 2011 жылдың басты оқиғаларының бірі ретінде бағалауға болады. Дүние жүзі мемлекеттерінің басшылары бас қосқан осы алқалы жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. «Нұрсұлтан Назарбаев сөз басында Тәуелсіз­дік алғанына 20 жыл толған Қазақстан Респуб­ли­касы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын ұдайы берік ұстанумен келе жатқанын қадап айтып өтті. Елбасымыз еліміздің әлемдік қоғамдастық үшін аса маңызды екі ірі істі бастап бергенін орынды еске салды. Оның біріншісі – Қазақстанның Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарусыз әлемге адамзат тарихында алғаш қадам бас­қан­дығы. «Бұл менің елімнің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан ұлы үлесім», деді Назарбаев дүние жүзінің ең мәртебелі мінберінен. Артық-кемі жоқ, дәл солай. Өткен жылы осында, Вашингтондағы ядролық қарусыз­дану жөніндегі жаһандық саммиттен жазған ма­қаламызда: «Бүкіл әлем тарихы – соғыс тарихы, қарулану шежіресі. Мыңдаған жылдар бойы адам­дар адамдарды қырып-жоюдың жаңа жол­дарын ойлап табу үшін жанталасты, мемлекеттер жойқын қару-жарақты көбейткен үстіне көбейтуге ұмтыл­ды. Мыңдаған жылдар бойы халиф, патша, король, император, генсек атаулының бәрі өз елінің бес қаруы бойында болуын, жатжұрттықтарды жаппай қырып-жоюға дайын тұруын көздеді. Тек бір ел ғана жаңа қаруға ұмтылу былай тұрсын, қолына келіп түсіп тұрған аса алапат қарудан өз еркімен бас тартты. Тек бір ер ғана айрықша ай­бын болатын қатерлі қарудың өңешіне өз қолы­мен құм құйды. Ол елдің аты – Қазақстан. Ол ердің аты – Нұрсұлтан» дегеніміз сондықтан еді». Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзі де, Қазақ елінің қарусыздану бағытындағы қайран қал­дырарлық қадамдарын жеріне жеткізе бейнелеген газетіміздің 2011 жылдың 22 қыркүйегі күнгі «Сенім мен бірлік адамзатқа ауадай қажет» деп атала­тын мақала да қазіргі заманның қауіп-қатерлерінің ауқымы мен оның алдын алудың адамзат үшін қан­шалықты маңызды екенін соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп тұр. Шынымен де, небір тар жол, тай­ғақ кешулерден өткен Қазақ елінің, сол зобалаңды да зардапты жылдардан қоры­тынды шығара білген Қазақстан басшы­сының қарусыздану, бейбітшілікті сақтау ісіне қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Содан тек адамзат баласы сабақ ала білсе деп тілейік. Мемлекет басшысының Жарлығымен Семей яд­ролық полигонының жабылуына 20 жыл толуы­на бай­ланысты қазан айының 12-13-і күндері Астана мен Семей қалаларында «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты аса ірі форумның өтуі де Қазақ­стан үшін 2011 жылдағы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған алқалы жиын­ның күн тәртібіне Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімнің тезірек күшіне енуіне тың серпіліс беру, Ядролық қарулар мен өзге де ядролық жарылғыш құрылғылар үшін ыды­рағыш материалдар өндіруге тыйым салу туралы келісімді әзірлеу, ядролық қарудан ада аймақтар принципін тиімді енгізу жөнінде прак­ти­калық нұсқаулықтар қалыптастыру және Қазақ­стан Президентінің бастамасына сәйкес Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ дек­ларациясын қабылдау сияқты мәселелер шығарылды. Осы қарал­ған мәселелер бойынша бірқатар маңызды құжаттар да қабылданды. Олардың ішінен Ядро­лық қарусыз әлем үшін деп аталатын қорытынды құжат – Астана декларациясын айрықша атап өткен жөн. ГФР-дің экс-министрі Г.-Д.Геншердің, ОАР-дың экс-президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Ф. Де Клерктің, МАГАТЭ басшысы Ю.Аманоның, сол сияқты АҚШ-тың, Қытайдың, Ре­сей­дің ресми өкіл­дерінің қатысуының өзі-ақ атал­ған форумның ауқымы мен маңызын айғақтай түседі. Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдар ішінде жаһандық деңгейде қаншама маңызды істерге бастамашы болып, бұл тұрғыда қыруар жұмыстар тындырып үлгергенін қаншалықты келістіре баян­дасақ та, егер тіршілік тірегі саналатын ел эко­­но­ми­касының өркендеуі туралы деректерге жүгінбесек, айтқандарымыздың бәрі әншейін сыл­дыр сөзге ұқсап кетуі де мүмкін. Бұл бағыт­тағы жетістіктерден, яғни еліміздің экономикалық даму деңгейінен төмендегі азды-көпті цифр­лар­дың өзі-ақ қанағат­та­нарлықтай мағлұматтар бере алады. Бюджет саласы қызметкерлерінің орташа ең­бек­ақылары 2007 жылға қарағанда 2011 жылы екі еседен астамға өсіп, 67 мың теңгені құрады. Жұ­мыс­сыздық деңгейі айтарлықтай кеміді. Ол 2007 жылғы 7,3 пайыздан, 2011 жылдың екінші тоқсанында 5,4 пайызға дейін қысқарды. Осы кезеңде 1млн. 170 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұр­ғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде ғана 19,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайда­ла­ну­ға берілді. Осы кезеңде 535 мың қазақстандық тұрғын үй жағдайларын жақсартты. 2008 жылдың қаңтарынан бері жаңа туған балаға төленетін бір жолғы жәрдемақы мөлшері 2 есе өсті. Жаңа туған сәбидің бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақы 2,6 еседен астамға артты. 2011 жылы төрт және одан да көп бала туғандарға берілетін жәрдемақы 2007 жылмен салыстырғанда 4,6 еседен астамға өсті. Білім беруді қаржыландыру шығындары іс жү­зінде 2 есеге ұлғайды. Егер 2007 жылы ол 480,7 млрд. теңге болса, 2011 жылы 898 млрд. теңгеден ас­т­ы. Мектепке дейінгі ұйымдар қатары 4000 ны­санға көбейді. 137 балабақша салынса, 2011 жыл­дың соңына дейін тағы 65-і іске қосылады. 2007 жыл­дан бері 343 мектеп және 49 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары салынды. ЮНЕСКО есебіне сәйкес, 2008 жылы Қазақстан Білім беруді дамыту индексі бойынша 129 елдің ішінде төртінші орын алды. Денсаулық сақтау саласын мемлекеттік бюд­жет­тен қаржыландыру көлемі 2 еседен астамға өсіп, 2007 жылғы 311 млрд. теңгеден 2011 жылы 640 млрд. теңгеге жетті. Кепілді тегін медици­на­лық көмек көлемі айтарлықтай ұлғайды. Жыл соңына осындай жетістіктермен жеткен Қа­зақстан 16 желтоқсанда өз Тәуелсіздігінің 20 жыл­­дық мерейтойын лайықты атап өтті. «Жұл­дыз­ды жиырма жылда біз елдің көшін аудармай, шаңырағын шайқалтпай, іргесін бекітіп, шекарасын заң жүзінде шегеледік. Мемлекеттік құрылымдарын негіздеп, алтын арқауы үзіліп қалған елдік дәстүрді қайта жалғап, оны берік орнықтырдық. Елтаңбаны айшықтап, күн астында алтын қыраны қалықтаған көкбайрақты шарықтатып, әнұранды шырқаттық. Жұлдызды жиырма жылда ұлтты ұйыстырып, қай­ма­ғы бұзылмаған берекелі бірлік орнаттық», деп атап көрсетті Президент 15 желтоқсан күні ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде. Осындай даңқты күнге орайлас­ты­рылып Астанада бой көтерген «Мәңгілік ел» Салтанат қақпасы да қазақстандықтардың 20 жылда қол жеткізген зор табыстарын паш ететін белгі ретінде 2011 жылдың айтулы оқиғаларының біріне айналды. Сөзімізді түйіндей келе, 2011 жылдың бірінші жартысында ғана үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы шеңберінде елімізде 75 жобаның іске қосылғанын айту қажет. Осы бір азғантай мәліметтерден-ақ Қазақ елінің қазіргі таң­дағы қарышты қадамының қандай екенін бағамдай беруге болады. Қазақстандықтар бола­шақ­та бұл қарқынның еселене түсеріне де кәміл сенеді. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.