
– Елу жылдық актерлік кәсібіңізде 100-ден аса фильмге түсіп, әр елдің жиырмадан артық киностудиясынан шақырту алыпсыз. Қазақ актерлерінің ішінен КСРО Кинематографистер одағына мүшелікке қабылданған санаулының бірісіз. Сізді танымал еткен «типаж» бейнеңіз бе?
– Елу жылдық актерлік қызметімде «Мосфильм» мен «Ленфильмнен» бастап, Довженко атындағы киностудия, Свердловск, Рига, Ялта, «Беларусьфильм», «Өзбекфильм», «Тәжікфильм», «Қырғызфильм» секілді кешегі кеңестік елдердің 13 студиясында және АҚШ, Жапония, Италия, Иран, Франция, Бельгия секілді 9 алыс шетелдің киностудияларында фильмге түсіппін. Алексей Герман, Сергей Шакуров, Болат Мансуров, Всеволод Шиловский, Али Хамраев, Төлемуш Өкеев, Ходжакули Нарлиев, Бахтиор Худойназаров, Федор Бондарчук секілді ең мықты режиссерлердің назарына іліккенім тек менің түрім мен тұрпатымның типаждығына ғана байланысты емес деп ойлаймын. Ал қазір А.Сатаев, Р.Әбдіраш, А.Ұзабаев, Н.Адамбай секілді қазақстандық жас режиссерлермен жұмыс істеп жүрмін. Танымалдылық кілті тек типаждықта емес, егер бойыңда таланттың ұшқыны болмаса, типаж болмақ түгілі, Геракл болсаң да, елден ерекше жаралған тұрпатың саған тіреу бола алмайды. Типаж бол-болма, таланттың кілті мына жүректе, ішіңді ашып, ақтара алсаң ғана актердің шын қасиеті мен шеберлігі танылмақ. Сыншылар тарапынан рөлдерімнің көпшілігі әділ бағасын алды, образ жасаудағы шеберлік сырын талдап көрсетті, бұл мені сөзсіз қанаттандырады.
– Жүзден артық фильмге түстіңіз, бірақ танымалдылық сізге қай фильмнен кейін келді?
– Ел есінде болар, белгілі режиссер Амангелді Тәжібаевтың «Охрана бастығы Құрымбай» деген ғажап фильмі бар. Бастықтармен ғана араласып, өзін большевикпін деп санайтын, сол себепті екі сөзінің біріне «понимайыш», «так ышто жолдас қатындар» дегенді қосып, халықты «біздікі» немесе «контра» деп бөлетін ұр да жық, сыңар езу Құрымбайдың алдына салып айдап жүретін Омар деген батырағы бар. Алпаң-салпаң, жүрісі арбаң-арбаң, ебедейсіздеу қозғалатын аңғал Омардың рөліне режиссер мені бірден таңдап алған еді. Қой сияқты жуас қазақтың аңғал мінезін, қорғансыз халін, 1932-нің аштығы мен 37-нің қызыл қырғыны осындай шаш ал десе бас алатын, әкіреңдеген әпербақандардың кесірінен болғанын әжуамен астарлап жеткізетін осы фильмдегі Омардың бейнесі мені бірден танымал етті. Сол сол-ақ екен, орыс, тәжік, өзбек, түрікмен, қырғыз киностудияларынан бірінен соң бірі үздіксіз шақырулар келе бастады дейсіз. Тіпті бір ағаларым сол кездің өзінде «саған шетелге кету керек» деген ақыл да айтқан болатын. «Тек сөйлеме, сөздің де салмағы болады» дегенді осы ақылдан аңғардым, өзім тыраштанып іздемесем де, шетелдің режиссерлері мені өздері тауып алатын болды.
– Актерге ширақ, еті тірі болмаса болмайды ғой, ал сіз өте аңғал, мейірбан кейіпкерлердің рөлінде жүресіз. Бұл соқпаққа қалай түскен едіңіз?
– Әкем 4 жасымда қайтыс болып, мектепке баруға да жағдайым болмай, алғаш бірінші сыныпқа 9 жасымда бардым. Актер боламын деп ойламақ түгілі ондай сөзді өмірі естімегенмін де. Алматыға келгендегі мақсатым Денешынықтыру және спорт институтына түсу болатын. Бірақ жолым болмады, алғашқы емтиханнан-ақ сүріндім. Көңіл күйім болмай, темекіні құшырлана сорып: «ертең енді ауылға қайтамын ғой, барып бір отар қой алып, әкемнің ақ таяғын қолыма аламын ғой» деп ойланып тұрғанымда, кенет көзім көше бойындағы терекке жапсырылған жарнамаға түсе кетті. Үйме-жүйме болып жатқан елдің жанына ентелеп келіп мен де әлгі қағаздағыны оқи бастадым. Орысша жазылған хабарландырудан ұққаным, «Қыз Жібек» деген фильм түсірілгелі жатыр, соған «атқа отыра алатын, ұзын бойлы, шымыр, қайратты жігіттер керек». Күн ыстықта жаяу-жалпы, екі күн табанымнан тозып жүріп «Қазақфильмді» әрең дегенде таптым. Сақал-мұртым өсіп кеткен, иықтан асып, беліме түскен қалың шашыма тарақ тимегеніне талай күн болған, екі жауырыным қақпақтай, алпамсадай денем ел назарын аударатынын байқап тұрмын. Келгенімді қайтейін, орыс тілін білмегендіктен келген шаруамды айта алмай тағы екі күн жүрдім. Екінші күні ішке кіріп бара жатқан бір қазақтың жігітінің алдын кес-кестеп тұра қалдым да, «Қыз Жібекке» келгенімді айттым. Басын изеген күйі ішке кіріп кеткеніне бес минут өтті ме, өтпеді ме, «где этот гигант?» деп арғы жақтан орыстілді біреу маған қарай сөйлеп келе жатты. Кинодағы жіңішке жол, алғашқы қадам осылайша «Қыз Жібектің» өзінен бастау алды. Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев та «Қыз Жібекке» түсіп жүрген еді, екеуміз Қапшағайдың жағасына тігілген қазақ үйдің ішінде қатар жатамыз, жақын дос болып кеттік. Қол босаған сәттерде оның қағазға, кітапқа үңіліп, күбірлеп бір нәрселерді жаттап жүретінін байқаймын. Оңашаланған сәттің бірінде «бұл не?» деп сыр тартып едім, «келер жылы актерлік мамандыққа тапсырамын, соған дайындалып жүрмін», деді. «Мен де бақ сынап көрсем қайтеді?» дедім Құдайбергенге. «Әрине тапсырып көр» деді де, ол маған «Абай жолындағы» Қодардың монологін тауып берді. Осылайша менің КСРО халық әртісі Х.Бөкееваның класына қабылданып, қызық та қиын актерлік жолымның басталуына Құдайбергеннің де септігі тиіп еді.
– Сіз режиссерлік факультетті бітіре тұра неге режиссер болмадыңыз?
– Режиссерліктен бұрын 1974 жылы ВГИК-тің актерлік факультетін бітірдім. Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтына түсуімнің өзі бір хикая. Құдайбергеннің септігі, Хадиша апайдың «театрға батырлар мен хандардың рөлін ойнауға Димаш секілді актерлер керек» деп тікелей жанашырлық танытуымен түскен консерваторияның театр факультетімен бір себептерге байланысты көп ұзамай қоштасуға тура келді. Келер жылдың көктемінде Мәскеуден ВГИК-ке қабылдау үшін арнайы келген комиссияның алдында тұрып орыс тілінде жаттаған мысал, мәтіндерімізді судыратып айтып, сынақ тапсырдық. Нәтижесінде біраз қыз бен жігіт қабылданды, ал менің фамилиямның тұсына бадырайтып тұрып сұрақ белгісін қойыпты. Мың болғыр Шәкен ағамның орыстың алдындағы беделі күшті еді ғой. «ВГИК-те қазақ жастарын көбірек оқыту керек» деп анау-мынауды босағасынан аттатпайтын белді оқу орнынан ойып тұрып 15 орын алған екен. Бұл аз болса, «осы жіберген жастар Мәскеуден оқуын бітіріп келгенше Алматыдағы баспанасы дайын болып тұрсын» деп Орталық Комитеттің бірінші басшысына кіріп, тура «Қазақфильмнің» желке тұсынан актерлерге арнап бес қабатты үй құрылысын бастатты. Не керек, комиссияның не істерін білмей әрі-сәрі болып отырған түрін байқаған Ш.Айманов: «Орыс тілін білмейді дегендеріңіз себеп емес, жетім өскен бала ғой, орта табылса, тез-ақ үйреніп кетеді. Батырлардың рөлін ойнауға осы типтес актер біздің киномыз үшін аса қажет» деген уәж айтты. Шәкен аға айтты ма, ол – заң. Сөйтіп мен ВГИК-ке оқуға түсіп кеттім. Мәскеуге аттанатын кезде Шәкен аға барлығымызды жинап алып: «оқуды зейін қойып дұрыстап оқыңдар, біздің киномыз әлі жас, дамытатын, өсіретін сендерсіңдер, жолдарың болсын!» деп ақылын айтып, шығарып салды. Ал режиссерлік – менің екінші мамандығым. 1991 жылдары тоқырау басталып, дағдарыстан ел есеңгіреп, киностудия «әне жабылады, міне жабылады» деп тұрған кезде режиссерлікті тәмамдадым. Кино түсіргенді айтасың, елде қаржы жоқ. Бірақ басқа елдің киностудияларынан шақырулар келіп жатты. Тоқтамай киноға түсе бердім. Режиссерлікті бітіре тұрып кино түсірмеген жалғыз мен емес, менімен бірге оқыған Панкратов-Черный да актер болып кетті. Өкініштен не пайда, заман солай болды.
– Ш.Айманов неге сізді өз киноларына түсуге шақырмады?
– «Шәкен аға тірі болғанда сөзсіз мені шақырар еді» деп жүз пайыз сеніммен айта аламын. Әттең, үлгермеді. Кабинетіне шақырып Мәскеуге ақ жол тілеп аттандырып салатын күні ағамызбен қоштасып, есікке беттеп бара жатқанымыз сол еді, соңымыздан естілген «Әй, бала» деген дауысқа жалт қараған едік, Шәкен аға сұқ саусағын шошайтып маған қарап тұр екен. «Сен қала тұршы» деді. Іркіліп қалдым. Үстелінің үстіндегі телефонның құлағын бұрады да, әлдекімге: «Зәке, маған келіп кетіңізші», деді. «Зәкесі» «Атаманның ақыры» картинасының директоры екен. Мені таныстырды да: «Зәке, бұл бала Мәскеуге оқуға кетіп барады. Жетім өскен бала екен. Ертең бұл баланы мен «Атаманның ақырына» бір эпизодқа түсіріп алып қаламын. Сіз осы жағын реттеңізші», деп маған түсініксіздеу бір әңгіменің шетін шығарды. Не керек, «Атаманның ақырында» әлдекімді өлтіріп кете ме, өртеп кете ме, сол қандықолды іздеп: «мынау ма, әлде мынау ма еді?» деп бірнеше адамды қаз-қатар тұрғызып қойып бетіне шам түсіріп үңіліп қарайтын кадр бар. Солардың ішінде мен де тұрамын. Сенесіз бе, сол екі-үш секундтық эпизод үшін әлгі Зәкең ертеңінде қып-қызыл он сомдық «червонецтің» жиырмасын, тұп-тура 200 рубльді санап тұрып қолыма ұстатты. Менің жүрегім тоқтап қала жаздады. Шәкен ағамның осы жақсылығын есіме алсам, әлі күнге көзіме жас келіп, көңілім босайды. Менің жолыма сол ақшаны беру үшін ғана «заңға қайшы болмасын» деген ниетімен түкке татымайтын болмашы эпизодқа түсірді. Қарапайымдылығы сондай, қараша айының соңында қысқы сессия басталар кезде Камал Смайылов, Қанымбек Қасымбеков және Шәкен аға үшеуі «халдеріңді білейік деп келдік» деп біз тұрып жатқан жатақханаға іздеп келіп тұр. Үшеуі бөлмемізге бас сұғып, жылан жалағандай дастарқанымызды тәтті-дәмдімен толтырып, бізбен бірге әңгіме соғып талай уақыт отырды. «Атаманның ақыры» фильмінің түсірілімі аяқталып, Мәскеудегі «Госкиноның» ең жоғары комиссиясына тапсыруға келген беті екен. Екі күннен кейін қабағы салбыраған Бабочкин аудиторияға келіп, бізге көңіл айтты. Шәкен ағаны көлік қағып кетіп, жол апатынан қайтыс болғанын естідік. Өзі зор үміт артып, үкілеп аттандырған бір топ қазақ студенттері сабағымызды тастап, әкеміздей қамқор болған аяулы адамның мүрдесін моргтен өз қолымызбен алып шығып, Алматыға аттандырдық...
– Сіз туралы мәлімет қарастырып көрген едім, атақты Борис Бабочкиннің шеберханасынан шыңдалғаныңызды біліп, қайран қалдым. Даңқты Чапаевтың бейнесін өшпестей етіп таңбалап берген осы Бабочкин емес пе еді? КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Сталиндік сыйлықтың екі мәрте, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әйгілі ұстазыңыз туралы әңгімелесеңіз де артықтық етпейді.
– Одан да қызық мәлімет айтайын. Соғыс кезінде «Мосфильм» Алматыға эвакуацияланып, Эйзенштейндер «Иван Грозныйын» Алатау бөктерінде түсіріп жүргенде, Борис Бабочкин біздің Жаркентте тұрған екен. Маған оқу оңай болмады. Режиссері бар, сценарийстері бар, оператор, актерлері, сыншылары бар, бәрін бір аудиторияға жинап, «Әлем киносының тарихы», «КПСС тарихы», «Кеңес киносы» деген пәндерді бірге оқытқан кездегі менің қиналғанымды жан баласының басына бермесін. Бұршақ-бұршақ болып аққан терден бүкіл денем шылқылдап кететін. Бәрі тілдің кесірі. Талай рет тастап кетпек те болдым. Бірақ соңғы рет тас-түйін жиналып, шабаданымды көтеріп есіктен шыға беріп, анам мен ағамның бір қойын сойып, ағайын-туысты, бүкіл ауыл-аймақты шақырып, бата бергізгенін ойлағанда, жаным ышқынып кетті. «Жоқ, Димаш, қалай да оқуың керек! Қайтсең де соңына дейін жетіп оқуың керек!» Содан бастап бүкіл оқулықтарды жаттап алатын болдым, намысқа тырысып жүріп орыс тілін үйрендім, екінші курстан бастап жоғары шәкіртақы алдым, ал үшінші курста курс старостасы болдым. Менің өзімді-өзім қамшылап, жетілуіме ұстазым Б.Бабочкиннің ықпалы зор болды. Бесінші курсты бітіретін жылы дипломдық жұмысқа дайындаған Шекспирдің «Отеллосында» ол маған Отеллоның және Н.Гогольдің «Ревизорындағы» городничидің рөлін берді. Әкем сияқты жақын болып кеткені соншалық, мен оған сырымды айтамын, ал ол маған қандай да бір жеке шаруаларын сеніп тапсыра беретін. Тіпті менің бірінші некедегі әйеліммен үйленуіме де Бабочкин себепкер болған. Ұстазым біз институтты бітіретін жылы студенттерді қабылдайтын комиссиясындағы жұмысын маған тапсырып, әлдеқандай тірлігімен қалаға шығып кеткен еді. Сол екі аралықта шашы тобығына түскен сұлу татар қызы құжаттарын құшақтап келе қалмасы бар ма? Бірден ұнатып қалдым. Ұзын сөздің қысқасы, Бабочкинге: «мына қызды қалай да оқудан құлатыңыз» дедім. Ол айтқанымды орындады. Сөйтіп татар қызды жетектеп Қазақстанға қайттым.
– «Массовканың майталманы», «эпизодтың королі» деп жатамыз, сіз кілең екінші пландағы рөлдерде жүрдіңіз. Басты рөлдерде ойнай алмауыңыздың себебі не?
– Бір мәселені білген дұрыс. Басты рөл көп жағдайда нақты бір актерге арналып жазылады. Сол актердің түрін, мінезін, талантын, мүмкіндігін бәрін есепке ала отырып, діттеліп отырып жазылады. Мысалы, Олжас Сүлейменов «Адамды қабыл алыңыздар!» фильмінің сценарийін маған арнап жазды. Әйтпесе, кешіріңіз, екі метр бойыммен кез келген рөлге келе бермеймін. Кинода «фактура» деген мәселе бірінші кезекте тұрады. Жалпы, өзім де 40 жасыма дейін көп нәрсені уыстан шығарып алдым. Ол уақытта кино тек орыс тілінде түсіріледі, киносынақ та орысша жасалатын. Тағы да сол тілдің кесірінен қағажу көрдім. Кинодағы ең негізгі сүйікті рөлдерімнің бәрі де тек 40 жастан кейін бұйыра бастады.
– Айып етпеңіз, осы уақытқа дейін есіміңіздің Адам екеніне еш күмән келтірмеген едік, Димаш екеніңізді кейінірек білдік. Сізді «Адам» десе, ренжімейсіз бе?
– Мені Адам дейтін жалғыз сіз ғана емес. Жылына кем дегенде 7-8 телеарна, газет журналистері телефон шалып, сұхбат алуға, бағдарламаға түсуге шақырады. Шырылдаған қоңырауды көтерсем: «Алло, Адам аға», дейді. Мен ешқашан өзіме-өзім жарнама жасамаған адам екенмін. «Самозванецтерді» мүлде ұнатпаймын. Сұхбатты да өте сирек беріппін, ал титрге «Димаш Акимов» деп жазылып, телеарнадан сайрап отыратындай бағдарламаларға қатысудан о бастан ат-тонымды алып қашамын. Сондықтан болар, «Адамды қабыл алыңыздар!» фильміндегі рөлім үшін көрерменім мені Адам атандырып жіберіпті. Тіпті осы күнге дейін көшеде кездейсоқ жолығысып қалатын бейтаныс жандардың өзі: «О-о-о, Адам!» дейді. Ондайда дереу: «Мен Адам емеспін» деймін қалжыңдап. Шынында да, рөл құдіреті деген осы ғой. Образ жасап, көрерменімнің көңілінен мәңгілік орын алып жатсам, актер үшін бұдан асқан қуаныш бола ма?! Міне, бүгін жасым жетпіске келіп отырса да, жан-жақтан түсетін шақыртулардан қолым бір күн босаған емес.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»