
Сабаққа сергек болу үшін...
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымынша, денсаулық – аурудың және тәндегі кемістіктің жоқтығына ғана емес, физикалық, рухани және әлеуметтік жағдайының жақсы болуына да байланысты. Осы қорытындыға сәйкес, денсаулықтың негізгі көрсеткіштерінің бірі – дұрыс тамақтану. Оның ішінде мектеп оқушыларының дұрыс әрі уақтылы тамақтануы маңызды мәселе. Өкінішке қарай, еліміздегі кейбір білім ошақтарындағы ас мәзірінде бала денсаулығына зиянды өнімдер кездесіп қалып жатады.
Аталған мәселе туралы Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. Сенатор мектеп жасындағы балалардың қалыпты физикалық және ақыл-ойының дамуы, бірқатар ауру түрлеріне жақсы қарсылық көрсету үшін негізгі қоректік заттарды күнделікті тұтыну және олардың тағамдық рациондағы теңгерімділігі арқасында жағдайлар жасалуы қажеттігін көтерді. Депутаттың айтуынша, мектеп оқушысының тамақтануы рационалды және саламатты болуы қажет. Себебі кәмелеттік жасқа дейін ағзаның қалыптасуы жүзеге асады.
«Соңғы уақытта жеке кәсіпкерлер қызмет көрсететін бірқатар мектеп асханаларындағы ас мәзірі әрдайым талапқа сәйкес келе бере бермейді. Тағамды технологиядан ауытқып әзірлейді, есептен алдау және кем өлшеу фактілері орын алады. Бұл салада жұмыс тәжірибесін жинақтап үлгерместен мектептегі тамақтануды ұйымдастырушы жыл сайын дерлік ауысып тұрады. Нәтижесінде оқушылардың мектеп асханаларындағы сапасыз тамақтан улану жағдайы жиі кездесуде», дейді Б.Әйтімова.
Ал «Ұлағатты жанұя» қорының президенті Марианна Гурина болса, мектеп асханасы бизнес көзіне айналып бара жатқандығын айтып дабыл қағады. «Әрине пайда табу компаниялар үшін маңызды. Бірақ бұл жағдайда коммерциялық көзқарастан гөрі болашақ ұрпақтың денсаулығына көбірек алаңдаған дұрыс. Тіпті төменгі сынып оқушыларына арналған сапалы тамақ 300-400 теңгелік бюджетке сай келмейді. Мемлекет тиісті тамақтануды ұйымдастыру және оны тиімді бақылауды қамтамасыз ету үшін қалалық бюджеттен қаражат бөлу тәжірибесін қайтаруға тиіс. Балаларды емдеуден гөрі, дұрыс тамақтандыру арзанырақ түседі әрі маңызды», дейді М.Гурина.
Бұл мәселеге байланысты бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин тамақтанудың ұйымдастырылуын бақылау және қадағалау ерекше тәртіп пен жоспардан тыс тексерулер бойынша, сондай-ақ халықтың және мектеп персоналының арасында түсіндіру жұмысын жүргізе отырып жүзеге асырылатындығын айтады. «Ерекше тәртіп бойынша мектептің ас блоктары жылына 2 рет жүргізіледі. Жалпы білім беретін мектептерде оқитын оқушылардың тамақтануына қойылатын талаптарды қайта қарау кезінде қызметтердің өнім берушісін таңдау бойынша конкурстың ұйымдастырушысы ретінде мекеме басшысы айқындалған. Сондай-ақ ата-аналар комитеті өкілдерінің, мектеп әкімшілігінің, медицина қызметкерінің және басқа да тұлғалардың қатысуымен тамақтың сапасын мониторингілеу жөніндегі комиссия құрылады. Бүгінде әр кәсіпкер өндірістік бақылау жүргізу мүмкіндігіне ие. Бұл кәсіпкерге заң бұзушылықтың туу тәуекелін төмендетеді», дейді Ж.Бекшин.
Мектептегі дұрыс тамақтануға байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Жамиля Баттақова бірнеше ұсыныстарын жеткізді. «Балалар мен жасөспірімдердің дұрыс және пайдалы тамақтануында фастфуд, тәтті сусындар, кофеиннің көп мөлшері, консерванттар, бояғыштары бар тағамдардың болмауы өте өзекті. Қант және тұзы көп тағамдарды шектеу де өте маңызды. Мектеп оқушыларының тағамында тұздың ұсынылған мөлшері күніне – 5 грамм немесе 1 шай қасықтан аспауы тиіс», дейді ол.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті де «бос» калорияға бай фастфудтарға және басқа да өнімдерге қарағанда теңдестірілген ыстық тамақ баланың өсіп келе жатқан организміне әлдеқайда пайдалы екендігін ескертеді. «Ыстық тамақ ішетін оқушы оқу материалын жақсы игереді және сабақ аяқталғанша сергек болады, аз шаршайды. Мектеп асханаларында ыстық тамақты чипсымен, кептірілген нанмен, шоколадпен алмастыру балалардың денсаулығына өлшеусіз зиян келтіреді», дейді Ж.Бекшин.
500 мыңға жуық оқушы тегін тамақтанады
Мектептегі оқушылардың тамақтануы – басты назарда тұрған бағыттардың бірі. 2015 жылы «қазақстандықтар мектеп оқушыларының ас-суын өздері төлеуі тиіс» деген шешім қабылданған болатын. Сол жылдан бастап, бастауыш сынып оқушыларына арналған тегін түскі ас берілмейтін болды. Тек әлеуметтік жағдайы нашар кейбір отбасылардың, атап айтқанда, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекке зәру отбасылар, сондай-ақ жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар ғана мектептен тамақтануға құқылы болды. Алайда кейбір аймақтар бюджеттен қаржы бөліп, бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыруды жалғастыра берді. Соның өзінде жыл сайын тегін тамақтанатын балалардың саны төмендеп келеді. Елімізде 2014-2015 жылдары 700 мың оқушы тегін тамақтанса, былтыр бұл көрсеткіш 300 мыңға дейін азайған.
Бұл өзгеріс онсыз да тамақтандырудың сапасына шағымданып жүрген ата-аналардың наразылығын тудыратыны белгілі. Тіпті биыл көктемде Астана қаласында мектептерде тамақтандырудың сапасын бақылау бойынша тәуелсіз қалалық комиссия құрылды. Комиссия құрамына білім беру басқармаларының қызметкерлері мен ата-аналар кірді.
Ата-аналар балаларының физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес келмейтін, құрамында құнды дәрумендері аз ас мәзірі жайлы айтып, дабыл қаққан еді. Ал Астана, Алматы қалаларымен қатар, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарының мектептерінде зерттеу жүргізген Қазақ тағамтану академиясының мамандары 7 мен 15 жас аралығындағы балаларға көкөністер мен жемістер, балық, жұмыртқа және сүт өнімдерінің аз мөлшерде берілетінін, сәйкесінше олардың ағзасында А, С, B1, PP дәрумендері, селен және кальций микроэлементтерінің аздығын айтқан. Тағамтану академиясы енді өсіп, қалыптасып келе жатқан бала ағзасына қажетті барлық дәрумендер мен микроэлементтерді есепке ала отырып әрі ыстық тағамдарды енгізіп, барлық мектептерге арналған тамақтану кестесі бойынша бірыңғай стандартты түзіп шығарды. Биыл сәуір айында аталған академия маманы Гүлнәр Берденова «Барлық тамақтар суға немесе буға пісірілген көкөністерден дайындалады. Қуырылған тағамдарды тамақтандыру стандартынан ысырып тастадық» деген болатын.
Енді Білім және ғылым министрлігінің жаңа стандарты бойынша барлық мектептегі бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанатын болады. Ведомство басшысы Ерлан Сағадиевтің сөзіне сүйенсек, жергілікті бюджеттің және демеушілердің есебінен, барлығы 495 086 оқушы, яғни барлық оқушының 17,6 проценті тегін тамақтандырылады, тағы 9535-і буфеттік тамақтандырумен қамтылған, оның ішінде әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың және бастауыш сынып оқушылары да бар. Қалған оқушылар ата-анасы төлем жасаған жағдайда тамақтандырылады. Республикамыздың үш өңірінде әкімдердің бастамасы бойынша барлық бастауыш сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Мектептегі тамақтану мәселесі туралы «Нұр Отан» партиясы жыл басында мектеп асханаларын жабдықтауға қатысты жаңа жоба ұсынған болатын. «Атамекен» палатасының өкілдері балалардың тамақтану орындарын жаңғырту мақсатында, жоспарға сәйкес бірыңғай стандарт бекітіліп, тағам әзірленетін комбинаттар ашылады делінген. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, оқушыларды тамақтандыру бағдарламасы ортақ мемлекеттік сатып алулар тізімінен алынды. Сол себепті бұл міндетті арнайы комбинат мамандарына жүктеуге болады. Әр комбинаттың жанында зертхана ашып, тағам сапасын күнделікті тексерген жөн.
Мектептегі тамақтанудың кешенді мәселелерін шешу қоғам, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар, мамандар, ғалымдар мен практиктердің ортақ жұмысы екенін ескерген абзал.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»