Мәселен, Айнабұлақ ауылында 70, Кеңсайда 79, Қарабұлақта 62 үйге газ қосылыпты. «Жуықта аудандағы тоғыз елдімекенді аралап, газдандыру мәселесі бойынша тұрғындармен кездесу өткіздім. Газ тарту жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілетінін түсіндірдім. Биыл аудандағы 9 елдімекен газбен толық қамтылады», - дейді Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов.
Үйлеріне газ жеткізілген ауыл тұрғындары дән риза. «Міне, үйімізге газ кіріп, бар қиыншылықтан арылғалы отырмыз. Енді от жағып, көмір тасып әуре болмаймыз. Қай жағынан алып қарасақ та газға қосылу тиімді. Қазір қатты отынның бағасы шарықтап тұр. Соның бәрін ескерсек, газдың пайдасы өте мол. Ауыл тұрғындары атынан мемлекетке, аудан, облыс басшылығына ризашылығымызды білдіреміз», - дейді алғашқылардың бірі болып газ тартқан Айнабұлақ ауылының тұрғыны Бақытбек Саспаев.
Қазіргі уақытта Зайсанда ауылдарға газ тарту жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілуде. Біріншісі, негізгі құбырдан ауылдарға жеткізу болса, екіншісі, кентішілік және кварталішілік газ құбырын тарту. Аудан әкімінің айтуынша, 2020 жылға дейін аудандағы 37 елді мекеннің 18-ін газбен қамту жоспарланған. «Ауданды газдандыру туралы арнайы бағдарлама бар. Сол бағдарлама бойынша Зайсан қаласын толығымен аяқтадық. Биылғы басты мақсат – 9 елді мекенді газға қосу. Бұл дегеніңіз – 10 мың адам. Бұған қаладағы 16 мың адамды қоссаңыз, биыл 26 мың адам көгілдір отынға қол жеткізеді», - дейді Темірбек Қасымжанов.
Зайсанның газын облыстың өзге де аудандарына жеткізу жоспарланып отырғаны белгілі. Іркіліп тұрған бұл іске «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» серпін бергендей. Сәуір айында облысымызда маңызды бес бастаманы іске асыруға арналған «Жол картасы» әзірленген болатын. «Жол картасы» бойынша аймақтың оңтүстік өңірлерін газдандыру мәселесі жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылып, іске кірісіп кетті. Зайсан, Тарбағатай, Үржар және Күршім аудандарының ауылдық елді мекендеріне магистральды желілерді және автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) салу жобасын халықаралық қаржы институттарын тарту арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба бойынша газ құбырлары 4 бағытта салынып, ұзын саны 95, 314 мың адамды көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік тумақ.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы