Қазақстан • 03 Қазан, 2018

3 қазан – Түркітілдес елдердің ынтымақтастық күні

709 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2009 жылы 3 қазан күні Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне қол қойылды. Сол уақыттан бері 3 қазан Түркітілдес елдердің ынтымақтастық күні ретінде аталып келеді.

3 қазан – Түркітілдес елдердің ынтымақтастық күні

2009 жылдың 3 қазанында Әзірбайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады. Бұл келісімнің қабылдануы түркі халықтарының бірлігін нығайтуды көздеген аймақтық һәм еларалық бірлестікті құруға негіз қалады. ТМЫК ұйымына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия мүше. Хатшылықтың штаб-пәтері Ыстамбұл қаласында орналасқан.

Ал Түркі тілдес мемлекеттердің Ақсақалдар кеңесі ТМЫК аясында жұмыс істейтін, тұрақты түрде әрекет ететін консультативтік-кеңесші институт ретінде жұмыс атқарып келеді. Бауырлас төрт елдің ерікті түрде құрған бірегей халықаралық ғылыми ұйымы — «Халықаралық Түркі Академиясы» 2014 жылдың 28 тамызынан бастап халықаралық мәртебеге ие болды.

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі тараптар арасындағы өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту; өңірде және тұтас әлемде бейбітшілікті қолдау және қауіпсіздік пен сенімді нығайту; ортақ мүдде тудыратын сыртқы саяси мәселелер бойынша, оның ішінде халықаралық ұйымдар шеңберінде және халықаралық форумдарда ортақ көзқарасты іздестіру; түркі халықтарының ұлы мәдени-тарихи мұрасын насихаттауда, көпшілікке танытуда және таратуда бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара іс-қимылды және байланыстарды көтермелеу сынды бірқатар міндеттерді мақсат еткен.