![Еуроодақтың «Қазақстандағы қылмыстық әділ сотты жетілдіру» жобасы талқыланды](/article_photo/1538628062_article_b.jpeg)
Жиын барысында Сәуле Мектепбаева EUCJ жобасының негізгі мақсаты Қазақстан Үкіметіне халықаралық стандарттарға сәйкес қылмыстық сот төрелігін реформалауға көмектесу екенін алға тартты.
«Жоба шеңберінде жоспарланған міндеттерден басқа, біз серіктестерге даму үшін тиімді өзгерістерді басқару әдіснамасы мен жүйесін енгізуге көмектестік. EUCJ – Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және тиісті академияларға институционалдық өзгерістер саласында сараптамалық қолдау көрсететін алғашқы жоба. Жаңа форматтағы прокуратура құруға мақсат қойған Өзгерістер бағдарламасы нәтижесінде «Прокуратура туралы» жаңа заңда бекітілген бірқатар үлкен өзгеріс орын алды. «Құқық қорғау қызметтері орталығы», «Халық қауіпсіздігі мен құқық қорғау органдарына сенім» зерттеуі, «Азапсыз қоғам» ортақ жобалары, кадрлық және байланыстық өзгерістер жүзеге асырылды. EUCJ жобасы ІІМ-ге полиция модернизациясы стратегиясын құрастыруда және 27 бас жобаны анықтауда қолдау көрсетті. Жоғарғы сотпен бірлесе атқарылған ортақ жұмыстың нәтижесінде, сот жүйесінің дамуы және коммуникациялық стратегия бойынша 7 бағдарлама әзірленді. EUCJ-мен серіктестік барлық аталған үш органға өз жобалық кеңселерін ашуға мүмкіндік берді. Қазақстандық пробацияның ең үздік модельдерін іздестіруде, ҚАЖК заң бұзушылардан туындайтын қатерді бағалау жүйесін және пробация офицерлерінің сотпен жұмыс істеу механизмдерін алғаш рет EUCJ жобасы қолдауымен сынақтан өткізді. Жалпы алғанда, мемлекеттік органдардағы өзгерістерге қатысты бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге 60-тан аса жоғары білікті EUCJ сарапшылары қатысты. Ірі социологиялық және эмпирикалық зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ ҚАЖК, Құқық қорғау органдары академиясына және Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясына оқытуға арналған жаңа жабдықтар сатып алынды», деді жобаның операциялық жетекшісі С.Мектепбаева.
Ал EUCJ жобасының стратегиялық жетекшісі Билл Мейзер қазақстандық серіктестері – Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Құқық қорғау органдары академиясымен және Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясымен келісілген жобаның барлық міндеттерін мерзімінен бұрын аяқтағанын жеткізді.
Сарапшылар EUCJ жобасының осы және басқа да нәтижелерін, сот және құқық қорғау жүйесін одан әрі дамытудың стратегиясын 4 қазан күні «Қазақстандағы қылмыстық әділ сот келешегі: ізгілендіруден өзгерістерді басқаруға өту» тақырыбындағы халықаралық конференцияда талқылайды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»