Қазақстан • 06 Қазан, 2018

Жарасымды отбасылар музей аралады

658 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Орталық музейінде «Отбасымен музейге!» фестивалі өтті. Дәстүрлі фестивальдың негізгі мақсаты отбасындағы рухани, мәдени құндылықтарды сақтау, жас ұрпақ тәрбиесін қалыптастыру мен отбасы инс­титутын нығайту дейді ұйымдастырушылар. 

Жарасымды отбасылар музей аралады

Тәлімді отбасыларды тағы­лым төріне сүйреп, отбасы мүшелеріне түгел қуаныш сый­лаған мерекелік шара аясында викториналық сұрақтар, түрлі байқаулар, шеберлік-сағаттары, музей мамандарының ел тарихы, мәдениеті туралы та­қы­­рыптық сабақтары мен экскур­сиялары жүргізілді. Фестивальға балалар клубы, шы­ғар­машылық академиялар, білім беру орталықтары, бейнелеу студиялары, суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, му­зыкалық ұжымдар мен белсенділер атсалысып, жас кө­рермендерге арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалар шараның шырайын ашты. 

Концерттік бағдарламада ха­лық әртісі Мұрат Серке­баевтың басшылығымен Алматы қаласы әкімінің концерттік оркестрі өнер көрсетіп, көпшілікті ай­рықша әсерге бөледі. Құр­ман­ғазы мен Жаяу Мұсаның атақты классикалық туындылары, опера және балет 
театры әуендерінің үзінділері орындалып, Дәрібаевтар отбасы ансамблі, «TRIBAL PRO» этноұжымы, «Айбын» балалар би ұжымы, Гук отбасылық ұжымы өз өнерлерін көрсетті. 

Музей қабырғасында салтанат құрған «Қазақстанның флора және фаунасы», «Жанданған мұра», «Орталық Азия келбеті» атты көрмелер көрермен назарына ұсынылды. Оның ішін­де жоба аясында арнайы ұйым­дастырылған отбасылық жар­қын сәттерден сыр шертіп, балалардың шығармашылық қабі­леттерін арттыру мақса­тында қойылған «Менің отбасым, менің Алматым» көрмесін айрықша атай кеткен жөн. 

Барлық келушілер арасында ел, қала тарихы туралы викториналық ойындар мен байқаулар ойнатылды. «Бұл не, ол қайда?» слайд-викторинасы, «Әкем, анашым, мен – ең керемет отбасы» атты жеке тапсырмалары бар байқау, «Музей гүлі құлпырғанда», «Шығыс аруы», «Біз – музейсүйер отбасымыз», «Біздің отбасымыздың ерекшеліктері», «Мейрамдар әртүрлі болады» айдарлары бойынша өткізілген байқаулар қонақтарға жағымды әсер сыйлады. Фестивальдың басты ерекшелігі сол, келушілердің барлығына экскурсиялар тегін. Саяхатты жақсы көретін отбасылар паспорт алып, музейдің экспозициялық залдарын аралау мүмкіндігіне ие болса, арнайы ұйымдастырылған «Қазақстан тарихы лабиринті» ойынының жеңімпаздарына музейдің есте­лік сыйлықтары үлестірілді. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ