Футбол • 06 Қазан, 2018

«Астана» «Реннге» азуын көрсетті

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңінің екінші туры аясында елорданың «Астана» командасы өз алаңында Францияның «Ренн» командасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.   

«Астана» «Реннге» азуын көрсетті

Екі команда арасындағы кездесу басталмай тұрып футбол сарапшыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі чемпионаты жағынан, деңгейі жағынан және халықаралық тәжірибесі жағынан жоғары «Ренн» командасы басым түседі десе, екіншілері «Астана» өз алаңында жеңіле қоймайды, тым құрығанда тең нәтижеге қол жеткізеді дескен болатын. Ал тіпті букмекерлік кеңселер матч басында-ақ «Астана» жеңіске жетеді деп есептеген. 

Кездесуге бір сағат қалғанда екі команданың бас бапкерлері негізгі құрамның тізімін жария­лады. Григорий Бабаян алаң­ға бірінші минуттан бастап венгриялық жартылай қорғаушы Ласло Кляйнхайслерді емес, Қазақстанның болашақ үміті санал­ған Бақтиер Зайнутдиновті шығарды. Қалған футболшы­лар негізгі құрамдағы өз орын­дарын сақтап қалған. «Ас­тана» бас бапкері алаңда шап­шаңдығымен көзге түсіп, кейде екі футболшының мінде­тін атқаратын Ласлоны алаңға неге шығармағанын былай түсіндірді. «Ласло кешегі жаттығу кезінде өзін жайсыз сезін­гендіктен, оны алаңға шығарып, тәуекелге барғымыз келмеді».

Ал қарсылас команда сапынан негізгі құрамда Францияның бес дүркін чемпионы атанып, биыл ғана ПСЖ командасынан «Реннге» ауысқан Хатем бен Арфаны көре алмадық. Баспасөз мәслихатында бас бапкер Сабри Лямуши «Оны Қазақстанға әдейі әкелген жоқпыз. Өйткені оған демалыс бергенді жөн санадық. Оның үстіне бұл матчтан кейін бізді Франция чемпионатында «Монакоға» қарсы маңызды кездесу күтіп тұр», деді мән-жайды түсіндіріп.

Енді аз-кем «Астана» – «Ренн» матчына тоқталып өт­сек. Кездесуді елордалықтар ша­буылмен бастап, қарсылас командаға қарағанда жеңіске ынтасы бар екенін бірден бай­қатты. Ойынның басында-ақ екі бұ­рыштама және бір айып добын орындап, Марин Томасов пен Педро Энрике «Ренн» футболшыларын аздап састырғаны бар. Бірақ матчтың 13-минутында Мбай Ньянг алыстан соққы бағыттап, доп Эрич қорғаған қақпаның бағанына тиіп кері серпілді. Тайм аяғына дейін ойын орта деңгейде өрбіп, екі команда да айтарлықтай қауіпті шабуыл ұйымдастыра алған жоқ. 

Екінші таймды да «Астана» шабуылмен бастап, ойынның 65-минутында ақыры дегеніне жетті. Кезекті бұрыштама сәтінде Марин Томасов әуелете тамаша пас асырып, допқа бірінші жеткен Бақтиер Зайнутдинов басымен допты қақпаға топ еткізді. Есеп – 1:0. Қақпасына гол өткізіп алған соң қонақтар жиі шабуылдаумен болса, біздікілер осы есепке де «қанағат» дегендей қорғанысқа мықтап «жатып» алды. «Реннің» шабуылы қақпамызға үдей түскенінен сес­кенген Бабаян алаңға бесінші қорғаушы Юрий Логвиненконы шығарды. Матч осы есеппен аяқталуына екі команда да іштей келіскен сыңай танытқан болатын. Алайда ойынға қосылған 

4 минуттың 1-минутында қарсы­ластың қателігін тиімді пай­даланған Марин Томасов есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша, «Астана» өз алаңында «Реннді» тізе бүктірді. 

Матчтан кейін екі команда бас бапкерінің пікірін тыңдадық. Бірінші болып сөз алған «Ренн» бапкері футболшылары допқа жақсы иелік еткенімен, жеңіліске ұшырағаны қынжылтатынын айтты. «Біздің жеңілісімізге Қазақстанға дейінгі алыс жол әсер етті. Дегенмен, «Астана» қолайлы сәттерін жақсы пайдаланды. Ал біздің командаға тепе-теңдік, сенім, қорғаныс пен шабуыл­дағы нәтижелілік жетіспеді», деді ол.

Григорий Бабаян өз шәкірт­теріне көңілі тоқ екенін жет­кізді. «Бүкіл Қазақстанды «Ас­тананың жарқын жеңісімен құттық­таймын! Ойын соңына дейін жанкештілік танытқан жігіттерге ерекше алғысымды білдіремін.  «Астана» өте керемет еуро­па­­лық футбол атмосферасын ту­ғыза алды», деді Григорий Бабаян.

«Астана» – «Ренн» матчынан кейін Чехияда топтағы екінші ойын өтті. «Яблонец» командасы өз алаңында Украинаның «Динамо» клубымен 2:2 есебімен тарқасып, төрт ұпайы бар «Астана» «K» тобында көш бас­тады. Енді елорда командасы келесі ойынын 26 қазанда сырт алаңда «Яблонец» клубымен өткізеді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»