30 Желтоқсан, 2011

Джонатан АЙТКЕН: Дала төсінде жаңа держава қалыптасып келеді

287 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Ел биігінің бір өлшемі – әлемге та­нылуы, дүние­жү­зілік қоғам­дас­тық тарапынан мойындалуы. Бұл тұрғыдан да жа­қын­да Тәуелсізді­гінің 20 жылдығын атап өткен Қазақ­станның абыройы асқақ. Жаһанға аты мәлім саясаткерлер, қоғам­та­нушылар, қа­лам­герлер елі­міздің жемісті жо­лын, елді бір асудан бір асуға бастаушы Елбасымыздың ерен еңбегін айтып та, жазып та келеді. Солардың бірі  – Ұлы­бри­та­нияның белгілі жазушысы әрі қоғам қайраткері Джонатан Айт­кен. Оның алдымен ағылшын тілінде жарық көрген «Нұрсұл­тан Назарбаев және Қазақ­стан­ның қарышты қадамы» атты кітабы Батыс оқырмандары ара­сында кең тараған еді. Бұл кітап  орыс және қазақ тілдеріне ауда­рылып, өткен жылы Мәскеудің беделді «Художественная литература» баспасынан шыққан. Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы тұсында Джонатан Айткен жаңа еңбегін оқырман қауым назарына ұсынды. Қазірше орыс тіліндегі нұсқасы «Казахстан. Сюрпризы и стереотипы» деген атпен жарияланған бұл кітап автордың Елбасымызға арналған еңбегінің заңды жалғасы болып табылады. «Д.Айткеннің жаңа деректі туындысы белгілі бір дә­режеде мұның алдындағы кітапта публицистикалық тұрғыдан зерт­­телген тақырыптарды өрбі­те­ді. Жазушы Ресей ғасырлар бойы тату көршілік пен ынты­мақ­тастық арқауларымен байла­нысып жатқан елдің жиырма жылдық тәуелсіздік тәжірибесін жинақтайды. Кітап авторға тән еркін мәнерде жазылған. Бұл ту­ын­ды, елдің өткені мен бола­ша­ғына көз салдыра отырып,  бүгінгі Қазақстанға өзінше бір саяхат жасатады, ол саяхаттың бары­сын­да мүдделі оқырманның алдынан  талай жа­ңалық пен то­сын тартулар шы­ғады. Мұнда қыз­дыр­маның қызыл сөзі жоқ, мұнда, бірінші кітап­та­ғы­дай әлемдік саясат пен эконо­ми­каның алдыңғы легіне шыға бастаған далалық держава туралы, сол елді тұрақты да лай­ық­ты болашаққа сенімді бастап бара жатқан тұлға туралы боямасыз, дабырасыз әңгіме бар», делінген кітаптың аннотациясында. Джонатан Айткеннің өзі кітаптың кіріспесінде былай дейді: «Батыс демократиясы елдеріндегі жұртшылық билік ал­дын­да шексіз шімірікпеушілік таны­тып, саяси көшбасшыларға сенімсіздік көрсетіп жатады. Қа­зақстандағы қоғамдық пікір керісінше үрдісті ұстануда. Бұл біршама дәрежеде жасы үлкендерді  сыйлайтын, лауазымға құрмет­пен қарайтын  дәстүрдің арқасы, ал негізгі себебі – адамдардың өз Президентіне шынайы сенетіндігі». Біз бүгін, Тәуелсіздіктің жиыр­ма жылдығы түйінделер тұста «Егемен Қазақстан» газеті оқырмандарының назарына Джонатан Айткеннің «Қазақстан. То­сын тартулар мен қасаң қа­лыптар» атты жаңа кітабының кіріспесінен үзінді ұсынып отыр­мыз. Мұнда автор сөз басында Батыстағы жұртшылықты Қа­зақстан  тарихының өзіндік ерекшеліктерімен таныстырып алу­ды мақсат тұтқан сыңайлы. Жал­пы, Джонатан Айткен бұл кітап­ты жазудағы мақсатын «Өзімнің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» атты соңғы кітабымды аяқтаған кезде менің бірнеше достарым оны жалғастыруды ұсын­ды. Олардың айтуынша, Пре­зиденттің батыс оқырман­дары­на арналған алғашқы саяси ғұмырбаянын жазғаннан кейін мен елдің өзінің келбетін көрсетіп шы­ғуға тиісті екенмін» деп тү­сін­діреді. Қазіргі Қазақстан туралы әңгімелеу адам аяғы баспаған жерлерге сапар шегу сияқты – бұл кеңестен кейінгі кеңістік­те­гі әлі де көп таныла қоймаған, сонымен бірге ең бір таңқаларлық елдердің бірі. Тегінде, дәл қазір осы жас елдің портретін көрсететін кез, өйткені ол өзінің тарихи белесінің – Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойының табалдырығында тұр. Қазақстан Кеңес Одағының күйреуі кезіндегі астан-кестен берекесіздікте 1991 жылдың желтоқсанында тәуелсіз­ді­гін алған тұста бұл жас ел еңсесін тіктеп кету үшін тым кедей,  саяси тұрғыдан тым тұрақсыз деген пікір белең алған еді. Кейіннен «Борат» фильміндегі кемсітушілік сөздер мен қисынсыз хикаялармен үстемелене түскен ол пікір біраз жылға дейін орнығып келді. Бүгінде халықаралық қоғамдастық елдің өсе түскен экономикалық және саяси мәнінің арқасында Қазақстанға бай­ыпты көзбен қарайды. Әйтсе де, қазірдің өзінде Батыстағы адамдардың көпшілігі бұл халықтың тарихы, мәдениеті, мінез-құлқы және елдің әлеуеті туралы өте аз біледі немесе тіпті ештеңе білмейді. Алай­да, уақыт өте бере әлемде дала төсінде жаңа держава қалыптасып келетінін ұғыну кеңейе түсуде. Ресей, Қытай, Орталық Азия және Батыс өркениеттері тоғысатын стратегиялық қиылыста Қазақстан тұрақты әрі елеулі егемен мемлекет ретінде орнықты. Бұндай өзгерістердің бір белгісі Қа­зақстанның халықаралық танымалдығы­ның арта түсуі болып табылады. ЕҚЫҰ саммитін жарқын күйде өткізуден бастап шығармашылық ұжымдар мен музы­канттардың табысты өнер көрсетулеріне дейін бұл ел өзін әлемдік аренада бар дауыспен танытып келеді. Оның  мұнай­дың, бидайдың, уранның әлемдік рынок­тағы мен қор биржаларындағы конъюнк­тураға әсер ете алатын экономикалық әлеуеті  бүкіл әлемдегі коммерсанттарға жақсы мәлім. Әлемді көбірек аралап, шет елдерде көбірек оқыған сайын қазақ­стандықтар дүние дидарында өздерін еркінірек сезіне түсуде. Қазір бұл ел де, бұл халық та өрлеп тұр. Әлемдік БАҚ-тардағы ел туралы көбіне біліксіз және бірсарынды берілетін репортаждарға қарамастан, Қазақ­стан­дағы мемлекеттік басқару тетіктері мен саяси үдерістер де өзінше қызғы­лықты. Әлгі  репортаждарда «полицейлік мемлекет»; «аяусыз диктатура»; «түнер­ген режім», тіпті «Солтүстік Кореядан да жаман» деген сияқты қатып қалған  қасаң қалыптар мен күйдіргі  клишелер өріп жүреді. Мен осындай сілтемелер мен ебедейсіз журналистік еркінсулерге кешіріммен күле қараймын. Өйткені, мен осы елге етене еніп, оның еңбекпен түзеу мекемелері немесе құпия қызметі сияқты қапас «қуыстарын» көрсетуге, тамаша ғалымдары мен студенттері туралы, театр­лары, балеті, музыкасы мен басқа да мәдени құндылықтары жайында қалам тербеуге, алыстағы ауылдар, зияткерлік мектептер, аса бай кәсіпорындар, қажырлы  жас кәсіпкерлер, елдің екі ірі қаласы туралы жазуға,  аса көрнекті мемлекеттік қайраткерлермен сұхбаттасуға мүмкіндік алдым. Осынау жазушылық саяхатымның соңында мені бір жерге кіргізбеді немесе маған бір нәрсені ашық көрсетпеді деп шағым айта алмаймын. Бұл кітапта сын да, қошемет сөз де бар. Алайда, ең бастысы, онда қызғылықты жаңа ашылымдар бар деп үміт етуге батылым жетеді. Сол ашылымдардың ең бойды баурап алатыны, әйтеуір маған, авторға осылай көрінеді, жаңа ұлттық сана-сезім мен қайта өрлеу нышандарының пайда болуы. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғын мерекелеу тұсында ұлттық сана-сезімді суреттеу оңай да емес, өйткені оның суретінің өзі өзгеріп тұрады. Бұл елде талай нәрсе даму үстінде, тез өзгеру үстінде. Сөйте тұра, көз алдымызда өсіп бара жатқан дәулетке қарамастан, Қазақстанның ең маңызды ресурсы оның адамдары болып отыр. Адамдардың бой­ында дарын мен дәстүрдің таңқаларлық тоғысуы бар, олар болашаққа кеудешіл жоспарлар белгілеуде, сонымен бірге өздерінің ата-бабаларымен, өздерінің ежел­гі мәдениетімен терең тамырлас­тық­ты да сезінеді. Мұндай тамырларға дәл анықтама бере қою қиын, өйткені мұның өзі Даланың көне құндылықтарының, түркі-ислам мұрасы мен кеңес дәуі­рін­дегі кереғар тәжірибенің қорытпасы. Қазақстанның өткені мен болашағын жақсырақ пайымдау үшін бір-бірімен байланысып жатқан үш нәрсені: азап пен ауыртпалық арқылы алға жылжуды, жанталаста жан сақтау мен табысқа жетуді ескерудің маңызы өте үлкен. Халықтың мінезі қилы замандарда шыңдалады. Қазақ этносының пешенесіне мұндай қилы замандар аз тап келген жоқ, халықтың табандылығы ХХ ғасыр­дағы трагедиялық жағдайлар  барысында жеріне жеткізе сынға түсті. Мұндай алғашқы трагедия 1917 жыл­ғы большевиктер революциясы болды. Ре­волюция құйыны мен Ресей империя­сы­ның күйреуі өздерінің атамекендерінен түбірімен жұлып түскен 1,5 миллион көш­пенді қазақтар 20-шы жылдардың ба­сында үйірімен, табынымен малын айдап, Қытай мен Моңғолияға қарай қашты. Екінші трагедия ауыл шаруашылығын ұжымдастыру болды, ол елде қалған көшпенділер мен олардың малына күйре­те соққы берді. 1930-1933 жылдар аралы­ғында үш миллионнан астам қазақ аш­тық­тан қырылды, өйткені олар өздерінің дәстүрлі мекендерінен қуылып, кеңес билігінің жетекшілігімен жасалған колхоздар құру жөніндегі өлімші экспери­ментке айдап тығылған  болатын. Ұжымдастырумен қоса-қабаттасып Ио­сиф Сталин заманының террор мен ре­прессия сұмдығы келіп жетті. Ол қа­зақ­тарды аяусыз басып-жаншыды. 1937-1954 жылдар аралығында 300 000-нан кем түспейтін адам қырылды немесе түр­ме­лерде көз жұмды. Оған қоса Кеңес Ода­ғының әр өңірлерінен сталиндік сүр­гіннің 500 000 құрбандығы Қазақстанға әкелінді. Депортациямен келгендердің көпшілі­гі ГУЛАГ жүйесіндегі қанқұйлы түзету лагер­лерінің тұтқындары болатын. Елдің теріскейдегі территориясы Сібір сияқты сондай лагерлердің ордасына айналғаны Қазақ­станның ХХ ғасырдағы жан жарасы еді. ГУЛАГ-тың сұмдығынан ба, колхоз­дар­ға күштеп қуып тыққандықтан ба, әйтеуір  КСРО-ның көптеген халықтары өкілдерінің еркінен тыс миграциясы түп­кілікті жер иесі – қазақтарды одан сайын араластырып жіберді. Сталин тұсындағы депортацияланғандарға қоса Никита Хрущев басқарған кезде Кеңес Одағында 1,5 миллион адам қазақтар жерінде тағы да бір күмәнді ауыл шаруашылық экспериментін – тың және тыңайған жерлерді игеру жобасын жүзеге асыруға қоныс аудартылды. Бұл кезде қазақтар өз елінде азшылыққа айналып, іс жүзінде өздерінің дәстүрлі өмір салтынан айырылған еді. Халықтың 37 пайызына дейін түскен қазақтар кеңестік кезеңде ұлт ретінде қатты кемсітілді – мысалы, 1961 жылы Алматыда қазақша оқытатын жалғыз ғана мектеп болды. Әйтсе де, Қазақстанның кеңестік ке­зеңдегі ең сұмдық трагедиясы Семей об­лысын ядролық қаруды сынау полигоны ретінде пайдалану еді. 1949-1989 жылдар аралығында сынақтар әр үш апта сайын ұдайы өткізіліп тұрды. Қырық  жылдың ішінде Қазақстанда 752 ядролық жары­лыс жасалды – оның 114-і атмосферада немесе жер бетінде тұрғылықты халықты ешқандай қорғаусыз жасалды. Мұндай сынақтардың ұдайылығы және олардың ауаға радиоактивті заттар шығаруы қор­шаған ортаға және тұрғылықты халық­тың денсаулығына сұмдық әсер етті. Осының салдарынан ядролық қаруды сынаудың мәскеулік бағдарламасының құпиялары жергілікті халықтың ішінде туабітті кеселдер пайда болуымен, рак ауруларының қатты өсуімен, астықтан уланумен және басқа да бәлелермен бірге шыққан кезде үрей мен наразылық ауаны Кеңестік Қазақстанды  кернеп кетті. Радиация әсерінің  психологиялық және тәни салдарлары әлі де қазақ қоғамының жанының түкпірінде жатыр. ХХ ғасырда елдің үлесіне тиген ауыр сынақтардың мәнін түсіну оның ХХІ ғасырдағы болашағы жайында айқын пайымдауға мүмкіндік береді.  Қазақтар даланың экстремалды климат жағдай­ында және кеңестік кезеңдегі саяси қы­сым ахуалында арпалыса жүріп аман қалудың амалдарын тапқан мойымас, берік халық болып шықты. Жойып жіберуге талай рет әрекет жасалғанына қара­мастан, қазақтың тілі, поэзиясы, музы­касы мен ұлттық мінез бітімі азапты жылдарда да аман қалды, енді өрлеу мен табыс кезеңінде өркендей бастады. Кеңестік кезең келмеске кеткеннен кейінгі 1991 жылы осы арпалыса жүріп аман қала алу қайта қажет етілді. Құ­лаған  алып державаның қирандыларына тұрғы­зыл­ған тәуелсіздік әуелде қуа­ныш­тан гөрі проблеманы көбірек туындатты. Ел банкрот болып, тиісінше әрекет ете алмай жатты. Елдің өз валютасы бол­мады, инфляция ауыздықталмады, азық-түлік өнім­дері жетіспеді, зауыттар тоқтап қалды. Үкімет зейнетақы мен жалақыны төлей алмады. Талайлар ішер асқа жарымады. Ел экономикалық және саяси берекет­сіз­діктің жар жағасына тірелді. Алайда, өзін өзі басқарған алғашқы бірнеше жылдың ішінде-ақ Қазақстан халқы елге көптеген дағдарыстардан ойдағыдай өтуге көмек­тес­кен материалдық тетіктерге ғана емес, моральдық сипаттарға да ие бола алды. Мұндай сипаттардың алғашқысы – толеранттылық. Қазақстанда 138 ұлт пен этностық топтардың өкілдері өмір сүреді. Бүгінгі буынның әкелері мен аталарын жалпыға ортақ бақытсыздық біріктірген. Олардың ұрпақтары өркендеу жағдайын­да тату тұруға үйренген. Икемділік пен толеранттылықтың осынау әмбебап ұлт­тық қорытпасын халық екі дәуірдің тәжі­рибесінен – тирания мен еркіндіктің қо­сындысынан құйып шығарған. Иә, Қа­зақстан Азияның бірегей қайнатпа қаза­ны­на айналды, қазір сол азапты жылдар естеліктер  елесіне көміліп барады. Бұл жас ел, 16 миллион адамның орта жасы – 31 жас. Жастар өміршеңдікпен болашақ­қа көз тігеді, ұлттық толеранттылық адам­дардың бір-біріне және ел көш­басшысына деген сенімінің арқасында нығая түсіп келеді. Табыс нақты көрініп тұрса, жаңа державаны тұрғызу ісі құштарлықпен жүреді. Нәтиже бар жерде сенім де арта түседі. Жиырма жыл бұрын Қазақстан КСРО-ның кедей әрі артта қалған ортаазиялық шет аймағы еді. Бүгінде ол экономикалық қуаты артып, халықаралық қоғамдастықтың құрметіне бөленіп келе жатқан өңірдегі ықпал орталығы. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі он екі есе артып, 9 000 доллардан асты – бұл Малайзия деңгейіне тең өркендеу көрсеткіші (2011  жылдың алдын ала қорытындылары бойынша ішкі жалпы өнімнің халықтың жан басына шаққандағы қайта есебі 11 мың АҚШ долларына жетеді деп шамаланып отыр  – Ред.). Бұл көрсеткіштің басқа дамушы елдердің көбімен салыстырғанда тез өсетіні сондай, 2020 жылы, болжам бойынша, жан басына шаққандағы ІЖӨ 28 000 долларды құрайды. Жұмыссыздықтың 5,6 пайызды құрай­тын ағымдағы деңгейі қысқаруда, ол АҚШ-тағыдан, Британиядағыдан, Фран­циядағыдан, Германиядағыдан тө­мен. Өсудің неғұрлым  қуанышты әрі көп үміт еткізетін белгісі жас әрі кеудешіл орта таптың пайда болуы. Рас, оның көптеген өкілдері қазірше кәсіпкердің бизнестегі мансабынан гөрі мемлекеттік құрылым­дардағы қауіпсіз мансапты тәуірлеу  көреді, дегенмен бұл да өзгеріп жатыр. Экономикалық статистика жалпы жағдайдың бір бөлігін ғана көрсетеді. Мына кітаптың тақырыбынан байқалып тұрғандай, мен Қазақстанның тосын тар­туларға толы екенін көрсетемін. Бұл елдің адамдары қайырымды, қонақжай, ақкөңіл, ашық, мәдениетті, өзінің тарихын сүйеді, талайы ән салады, араласып-құраласуға бейім, көңілді, өмірге құштар. Бұл –  сүйкімді ұлт, оның дидарынан сан түрлі сипатты – тән сұлулығы мен далалық романтизмді қатар көруге болады. ---------------------------------------- Суретте: Н.Ә.Назарбаев пен Дж. Айткен.