Сексенінші жылдары Чехословакия, Болгария, Үндістан, Бангладеш, Германия, Польша мемлекеттеріне ән сапарымен барып, Ермек Серкебаев, Нұрғиса Тілендиев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев сияқты қазақ өнерінің нар тұлғаларымен бірге өнер көрсету мәртебесіне ие болды. Бір айта кетерлігі, «Алатау» қазақ даласында құрылған алғашқы трио болатын. Сондықтан да қазаққа бұрында таңсық дүние көрерменнің көңіліне көркемдік ұялатып, тыңдарман талғамын тәнті етті. Оның құрамында сол кездегі жас өнерпаздар Алтынбек Қоразбаев, Мұхтар Рахманқұлов және Алтынбек Бекмұратов үшеуі өнер көрсеткен.
Жетпісінші жылдардың орта шенінен бастап қазақ сахарасын әнмен әлдилеген трионың тағдыры бүгінде көпшілікке беймәлім десе де болғандай. Кезінде халқымыздың ән өнерін биік белеске көтеруге талпынған тұңғыш трио өзінің негізгі міндетін орындап та үлгерді. Кеңес дәуірінің өзінде халық әні «Әләулім-әй», Кенен Әзірбаевтің «Көкшолақ» әндерін халыққа кеңінен таныстырды. «Алатау» триосы өзінің шығармашылық жолын Алтынбек Қоразбаевтың «Әгугәй, домбыра» әнімен бастаған.
Бүгінде әйгілі әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев сол бір аяулы жылдарды сағынышпен еске алады. Бала күнінен қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен ол «Алатау» триосы арқылы халыққа танылды. Жамбыл жерінде жүрген өнерпаз жігіттердің үштік құрып, үлкен үмітпен ұлы жолға қадам басқаны кімді де болсын қызықтырмай қоймайды. Айта кетерлігі, сол «Алатау» триосы Алтынбек Қоразбаевтың идеясымен құрылған екен.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылы Жамбыл жеріне Ресейден «Ярославские ребята» триосы келіп, жергілікті театрда өнер көрсетеді. Балалайка тартып, орыстың халық әндерін, атақты композиторларының шығармаларын орындаған топтың өнері жас өнерпаздарға ерекше әсер етеді. Арада біраз уақыт өткен соң «Алатау» триосы құрылады. Сөйтіп олар Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әнін топтың гимні етіп алады. Бұл уақытта Алтынбек Қоразбаев Жамбыл облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Ғайникен Бибатырованың шақыруымен осы қаладағы мәдени-ағарту училищесінде қызмет атқарады. Ал трио мүшесі Мұхтар Рахманқұлов «Алатау» ән-би ансамблінде өнер көрсетсе, Алтынбек Бекмұратов Жамбыл техникалық институтының студенті екен.
«Ол кезде Жамбыл техникалық институтының үйірмесінде өнерлі қыздар мен жігіттер көп болатын. Трио мүшесі Алтынбек Бекмұратовты институт қабырғасынан іздеп таптық. Шыны керек, сол жылдары ансамбль мен трио жұптасып, елімізде ғана емес, шетелдерде де өнер көрсету бақытына ие болды», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов.
Жалпы, «Алатау» триосы жайлы әңгіме болғанда, «Алатау» ән-би ансамблі туралы да айтпай кетуге болмайды. Жетпісінші жылдары композитор Садыхан Әубәкіров, сол кезде Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры қызметін атқарып жүрген ақын Жақсылық Сәтібеков сынды азаматтардың бастамасымен құрылған ансамбль құрамында отызға тарта өнерпаз қызмет атқарады. Алматы қаласындағы «Гүлдер» ансамблінен Әулиеатаға арнайы келіп, өнер көрсеткен балетмейстер Елдос Усин, «Гүлдер» ансамблінен келген режиссер Серік Елеусізов, виолончель аспабында ойнаған шебер Шекер Ахметжанов, әнші, Таластың тумасы, Манарбекше шырқайтын марқұм Алтынбек Оразбеков, Құттыбай Тілеумұратов, Гүлнәр Өтепова, Асылбек Жанғарин сияқты өнерпаздарды халық әлі күнге дейін іздейді. Ал көпшілік үшін күйші Сақып Әбдірәсілов, қобызшы Бекет Жетпісов, сырнайшы Әуесбай Бақбергенұлы сияқты азаматтардың орны бір бөлек. Сағындырған сахна саңлақтарының кейбірі бүгінде тағдырдың жазуымен өмірден өтіп кеткен болса, кейбірі тіршіліктің бұйрығымен өзге салада қызмет атқаруда.
Осылай «Алатау» триосының жұлдызды шағы шарықтап кете берді. Әулиеата аймағынан ән бұлағы ағытылып, әуен құдіреті шарықтап тұрды. Әзілдері жарасқан өнерпаздар Алтынбек Қоразбаевты «Сары Алтынбек», ал Алтынбек Бекмұратовты «Қара Алтынбек» деп атайтын болды. Сонымен қатар ансамбльде өнер көрсетіп жүрген Алтынбек Бекмұратовты қосқанда, көпшілік арасында «Үш Алтынбек» деген ұғым қалыптасты. Дей тұрғанмен, өмір бір орнында тұрмайды. Өзгерістің өзі уақыт талабы. 1979 жылы Алтынбек Қоразбаев Жамбыл облыстық филармониясының директоры болып тағайындалды. 1978 жылдан бастап Жамбыл гидромелиоративтік институтының студенті болып жүргенде «Алатау» ән-би ансамбліне жұмысқа қабылданған Асылхан Шүңіреков трио құрамына алынды. Сол уақыттарда «Алатау» триосы халықаралық, республикалық түрлі конкурстарға қатысып, жүлдегер атанды.
Жыл өткен сайын «Алатау» аты асқақтап, оның құрамында әр жылдары Пернебек Оспанов, Берік Қалиев сияқты өнерпаздар өнер көрсетті. Бұл сексенінші жылдардың орта шені еді. Ал тоқсаныншы жылдары елімізде орын алған қиындықтарға байланысты таратылған өнер ұжымдарының қатарында «Алатау» ән-би ансамблі мен трио да бар еді. Тараз қаласының 2000 жылдық тойының қарсаңында байырғы «Алатау» триосы «Тараз» болып өзгертіліп, оның құрамында Асылхан Шүңіреков, Берік Қалиев, Ноян Сейділдаев өнер көрсетеді.
Бүгінгі таңда мәдениет саласына тиісті деңгейде қаражат бөлінеді. Дей тұрғанмен, кезінде қазақ өнерін әйгілеген атақты «Алатау» ансамблінің және қазақ даласындағы тұңғыш трионың тағдыры көпшілікті ойлантпай қоймайды. Тіпті осы салаға жеткілікті деңгейде қаражат бөлініп жатса да, ансамбльдың жабылып қалуы көңіл көншітерлік көрініс емес. Бүгінде өңірімізде талай мәдени шаралардың өтуіне мұрындық болып келе жатқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан ансамбльды қайта құруға, оған қаражат бөлуге ниеті болса дұрыс болар еді. Кезінде асқақтаған «Алатаудың» арыны қазақ даласынан жарқыраған жұлдыздай көптеген елдерге қазақ өнерінің рухын шашқан сәуле сияқты көрінгені де рас. Сол рухани сәуленің сынығы Әулиеата өңірінде әлі де сақталған.
Суретте: «Алатау» триосының мүшелері: сол жақтан бірінші Алтынбек Бекмұратов, Мұхтар Рахманқұлов, Алтынбек Қоразбаев
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы