Қазақстан • 15 Қазан, 2018

Агроөнеркәсіпке де екпін беріледі

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халыққа биылғы Жолдауы еліміздің дамуына тың серпін береді. Осы маңызды құжат аясында Атырау облысында да бірқатар игі істер қолға алынады. ­Об­лыс активінің жиналысында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Жолдауда айқындалған міндеттерді жүзеге асыру жайын ­баяндады. 

Агроөнеркәсіпке де екпін беріледі

Мұнайлы өңірде халықтың жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 2 638,5 мың теңге көлемінде қалыптасты. Бұл – еліміз бойынша ең жоға­ры көрсеткіш. Атырау аймағы әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыдан табысты дамып келеді. 

– Мемлекет басшысы «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Бұл тағы да көп жобаларды жүзеге асыру­ға, сол арқылы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама іске аса бастаған уақыттан бері, яғни 2010-2018 жылдар аралығында 1158 кәсіпкер 81,3 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды, – деді Нұрлан Ноғаев. – Бұл 5,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізді.

Жыл басынан бері аймақтағы бизнес-құрылымдармен жалпы сомасы 182,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары кәсіпкерлерге жаңа өндіріс орындарын ашуға серпін беріп отыр. Қазір өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 57 мыңға жетті. Бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау үшін облыс орталығында, барлық аудандарда кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылды. 

– Елбасы халықты алаңда­татын мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Бірінші кезекте тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласындағы тарифтер мәселесі маңызды. Атырау облысы бойынша коммуналдық қызмет тарифтері, соның ішін­де электр энергиясы, су және кәріз қызметтері бойынша биыл өсу деңгейі болған жоқ, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев. – Жол­даудың тағы бір бағыты экс­портқа бағдарланған индустрия­ландыру мәселелері. Облыс­та 44 кәсіпорын экспортқа бағыт­талған өнім шығарады. Жыл басынан бері 152,4 млн доллар­дың тауары өндірілді. Атал­ған кәсіпорындардың белсен­ділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Атырау негізінен мұнайлы аймақ болғанымен, ауыл ша­руа­шылығын дамытуға да айрық­ша көңіл бөлінеді. Жолдауда көрсетілген агроөнеркәсіп ке­шенінің әлеуетін іске асыру бойынша еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға 2,5 есе көбейту жоспары қойылып отыр. Облыс әкімі 7 075 гектар егістік алқабы электронды картаға енгізілге­нін айтты. Жолдау жүктеген міндеттер қатарында дәстүрлі емес энергия көздерін енгізу, халық тұтынатын тауарларды шығаруды дамыту да бар. Облыс көлемінде жаңартылған энергия көздерін дамыту мақсатында Исатай ауданындағы Манаш елді мекенінде қуаты 52,8 МВт жел электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. 

Атыраудағы білім беру саласының өзекті мәселелері – апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды мектептер. Қазір бес апаттық жағдайдағы мектеп бар. Бұл жағдайдан шығу мақсатында бір мектеп құрылысы жүруде, екі мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайын, екі мектеп құрылысының құжаттары жасақталуда. Облыста үш ауысымда оқитын 14 мектеп бар. Бұл мәселені де шешудің жолдары қарастырылып, жаңа мектептер салынып жатыр. 

Жолдауда өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру туралы да айтылған. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясын­да басталған «7-20-25» бағдар­ламасы өңірде сәтті іске асырылуда. Бүгінге дейін 1024,9 млн теңгеге 80 өтінім түсіп, 707 млн теңгенің 55 өтінімі мақұлданған. 

Актив жиынында аумақтық даму, полиция қызметін оңтай­ландыру туралы да айтылды. Ал биылғы Жолдаудың ерекшелігі – Елбасы халықтың тұрмыс-тіршілігін одан әрі жақсартуға, табыс көзін молайтуға бағыт­тал­ған бірнеше міндетті алға қойып отыр. Ал оларды атқаруға мұнайлы аймақта мүмкіндік жеткілікті.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

Атырау облысы