31 Желтоқсан, 2011

Елге жасаған жақсылық еселеніп қайтатыны анық

442 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТУ АЯСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСУДЕ

  Бұрын да бірнеше рет айтқанымдай, әділ әлеу­мет­тік қорғау, білім беру мен денсаулық сақ­таудың әділ жүйесі, әділ жастар және тұрғын үй саясаты – қазақстандық дамудың жаңа күн тәртібінің мәселелері, міне, осы­лар. Сондықтан Қоғамды әлеумет­тік жаңғыртудың нақты стра­тегиясын әзірлеу қажет. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. _____________________

«АЙНАЛАЙЫННЫҢ» БАЛАЛАРЫ АЯЛЫ АЛАҚАНДА

Талдықорған қаласындағы «Ай­налайын» атты үлкен шаңы­рақ­тың іргесі қаланғанына 15 жыл болыпты. Бұл «отбасында» әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық жарасым тауып, қазіргі кезде 230 түлек қанаттары қата­йып, еліміздің түкпір-түкпірінде ең­бек етіп, білім алса, 119 бала балалар үйіндегі тәрбиешілердің аялы ала­қанын сезінуде. «Айналайын» деген құдіретті сөздің тек жылы жүректен, ыстық көңілден шығатыны белгілі. «Адам қандай сөзді пиғылымен айтса, сон­шама қуат үйіріледі» дейді ха­лық даналығында. Жылылық, қа­йы­рым­ды­л­ық пен мейірімділік ша­ңыра­ғы­ның астына біріктіруді мұ­рат еткен, көңілі жетім, тағдыр тәл­кегіне бұ­ға­насы қатпай жатып ұш­ыраған ба­ла­ларға арналған үй­дің «Айналайын» деп аталуының мәні осында екенін түсінесіз. Бала көңілі – шыныдай мөлдір. Абайламасаң шытынатып аласың. Ал, ата-анасыз баланы тәрбиелеу үл­кен шеберлікті, төзімділікті қажет етеді. «Айналайын» балалар үйінің директоры Жамал Қасымбекқызы Баймадиевамен пікірлескенде оның өз ісіне деген ерекше ықыласы бай­қал­ды. Баланы бақытты ету үшін ана­лық махаббатыңды арнап, өмірге бейімдеу мен дайындау, уақыт тала­бы­на икемдеу көп ізденістерді талап етеді, деді ол ағынан жарылып. Осы міндет тұрғысында педагогикалық ұжым «Жүректен-жүрекке» атты тәр­бие жұмысын жүйелі басшы­лық­қа алған. Мақсат денсаулыққа қам­қор­лық, тәрбиелеу-үйірмелер, клубтар, лагерь, балалардың өзін-өзі бас­қа­ру, оқыту, олимпиада, қосымша оқы­ту, оқу-өндірістік ком­бинаты мен пән үйірмелері, пе­дагогикалық ке­ңес, әдістемелік бірлестік, «Жас тәр­биеші» мектебі, психологиялық-пе­да­гогикалық диагностика, директор жанындағы оты­рыстар, басқа тү­йін­ді мәселе­лері қамтылады екен. Осы жұмыс­тарды орындай оты­рып, бала­ның жағымсыз қасиет­тер­ден өзін-өзі аулақ ұстауына қол жеткізілгенін де Ж.Қасымбекқызы әңгімесінің түйініне айналдырды. Сондай-ақ, нарықтық қатынас жағ­дайына әлеуметтік бейімдеу, оқу­ға қызығушылығын, білім сапа­сын арттыру, еңбекке тарту және кәсіби бағдарлау мен ұлттық салт-дәстүр, ізгілікті тәрбие, балалар­дың бос уақытын тиімді пайда­ла­ну­ды ұйымдастыруға назар ауда­рып, әр жеткіншектің өз пікірін қа­лыптастыруына ерекше қамқор­лық жасалатынын ұғындық. Жұмыстың бір бағыты – бала денсаулығы. Жыл сайын балаларға тереңдетілген дәрігерлік көмек көрсетіледі. Тәжірибеден байқал­ға­ны отбасынан тыс тәрбиеленетін балалардың көпшілігінде әртүрлі жүйке аурулары кездеседі екен. Бала жаны тез жарақаттанып, тез айы­ғатынын ескерсек, дұрыс ұйым­дас­тырылған күн тәртібі, үлкендердің қамқорлығы, екі арадағы жылы қа­рым-қатынас, тамақтану бала­ның тез сауығуына ықпал жасайтын қа­жеттіліктер болып табылады. Қазақ халқының ән-күйі, өнері балалар тұрмысынан берік орын алып, сенімді серігіне айналған. Ба­ла­ларды музыка терапия арқылы тәрбиелеудің маңыздылығы басым. Осы бағытта жеткен жетістіктер ай­тарлықтай. Балалар үйінің домбы­рашылар, хор, би ансамбльдері қала­лық, облыстық, республикалық бай­қау­лардың бірнеше дүркін жеңім­паз­дары. Бүлдіршіндердің өнерге деген қы­­зығушылығын арттыру мақ­са­тын­дағы жұмыстар жүйелене түсуде. Облыстық балалар ассамблеясының «Достық әуендері» фестивалі әрда­йым жарыс жеңімпазы болса, об­лыс­тық «Талдықорған шұғыласы» жас таланттар байқауында орындау­шы­лық шеберлігі үшін Әлібек Ақыл­беков дипломмен марапатталған. Рес­публикалық «Өмірімді өнерге ар­наймын» атты балалардың шығар­ма­шылық байқауында да олар жеңіс­ке жетіпті. «Бейнелеу өнері» номи­на­циясы бойынша Мария Щелчкова, Ұлан Қожахметов бірінші және екінші орындарды өзара бөлісіпті. Өткен жылы облыстық «Таң­шол­пан» ән байқауында бас жүл­де­ге ие болған балалар, респуб­ли­ка­лық «Таңшолпан» ән байқауында арнайы дипломға тағы да ие бол­ғаны балғындардың өнерге деген асқақ сезімінің дәлеліндей. Ағымдағы жылы өткен об­лыс­тық «Жетісу өрнегі» би байқауын­да «Айналайын» үлгілі халықтық би ансамблі І орын, Станислав Чер­нов «Ең үздік биші» атағына ие болып, тәрбиешілердің сан қырлы жұмы­сы­ның нәтижесін көрсетті. Алматы облыстық Қазақстан хал­қы Ассамб­л­ея­сы өткізген «Өнерім-өмірім» ат­ты вокальды-хорео­гра­фия­лық бай­қау­да тағы да бас жүл­де алған өнер­паздардың еңбегін ән мен биді, тәтті күйді сүюі, жаны сұлу, жүрегі нәзік, әсемдікке құш­тар, өмірді құлай сү­йетін адам бо­лып шығуының ал­ға­ш­қы баспал­дағы, жемісі деген жөн. Балалар үйі жанында ашылған «Пана» және «Сезам» қуыршақ театр­ларының өнерпаздары көптеген көрермендердің алғысына бөленіп жүр. Сондай-ақ, отбасынан тыс ғұ­мыр кешкен балаларды еңбекке баулу, тәрбиелеудің бір тармағы үй тұр­мысының шаруашылығына «Ал­тын қасық», «Алтын ине» үйірме­лерін­дегі ұлттық тамақ түрлерін жасау мен іс тігу, қолөнердің айшықты әдіс-тәсілдерін үйретуге баулиды. Қоғамда еңбек ету арқылы адам­ның өмірге дағдылануы қа­лып­­тасады. Ал, еңбектің қарапа­йым түрінен күрделі түріне көшу жолында оның ойлау қабілеттері одан әрі дамып, жетіле түсетінін айналайындықтар сезінгендей. Ал өз бойындағы табиғи қабілетін да­мыту, сол жолда тынымсыз еңбек­тену әр адамның өзіне байла­ныс­ты. Тәрбиеленушілердің басты ең­бегі жақсы оқу, сапалы білім алу екенін сезінуіне мұнда барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда көңілімізді күн шуағындай жылытатын оқиғалар, өзгерістер, жағдайлар баршылық. Хал­қымызда «Жыртық үйдің құда­йы бар» деген нақыл сөз бар. «Ай­налайын» үйі қалталылардың қа­йы­­ры­мы түсетін шаңырақ. Бірін-бірі толықтырып, барымен бөлі­су­ге ба­ла­лардың жоғын толтыруға асыға­тын­дар мұнда жиі атбасын бұрады. Жабырқаған жанарларға күлкі үйі­ріліп, олар базарлыққа кенеледі. Бұған дейін облыс әкімі болған Серік Үмбетов тәрбиеленушілерге пәтер бөліп, жан-жақты көмек көр­сет­кенін айту парыз. Облыс әкімі Анзар Мұсаханов жұмысын «Ай­на­л­айын» балалар үйінен бастады. Тәр­биеленушілерге киім-кешек, спорт­тық құрал-жабдық, бөлмелерге кілем, тағы басқа қажеттіліктер бөл­­ген, балалармен әңгімелесіп, олар­­дың арман-мақсатын білген әкімнің бұл бастамасы жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр. Жаңажылдық Президент шыр­ша­сында тағы да бүлдіршіндер әкімдік тарапынан сыйлыққа кенелді. Жеке кәсіпкерлер де балдыр­ған­дарды қуантты. Жылы, жарық бөл­ме­лерде балаға қажетті заттар орна­лас­тырылып, компьютер, саламатты өмір салтын қалыптастыруға бай­ла­нысты спорттық құрал-жабдық пен барлық жағдай жасалған. Жыл сайын «Үздік интернат­тық мекеме» байқауының бас жүл­десін жеңіп алатын ұжым мүше­леріне тек табыс тілейміз. «Үлкен­нің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген екен бабалар өсие­ті. Дұрыс әрі тауып айтылған тәмсіл. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.