Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Еңбеккерлер Елбасы назарында

416 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан ­Назар­баевтың жаңа Жолдауы Қазақ­стан халқының әл-ауқаты мә­селесінің басым бағыттарына арналды. Елбасы көпшіліктің көкейіндегі маңызды мәсе­ле­лерді әрдайым дөп басып біліп, көріп қана қоймай, оны шешу­дің айқын да ақылға қонымды амалда­рын алға тартып отыратын көш­басшы екені хақ. Жол­дау­­дың басты екпіні әр қазақ­стан­дық азаматқа қолдау жа­сауға ба­ғытталған.

Еңбеккерлер Елбасы назарында

Қоғамның бар­лық саласын қамтыған Жол­дау­дың негізгі мәні – адам­ның өмір сүруіне қолайлы орта қа­лып­тастыру. Себебі мемле­кет­тің басты байлығы – адам капи­талы. Мемлекетті дамы­ту жө­нін­дегі Президент ойла­ры­ның нақ­тылығы осынау күрделі кезеңде өмір сүріп жатқан халықтың көңіліне сенімділік ұялатады. 

Бұл Жолдауда елдің тыныс-тіршілігіне қатысты бірде-бір мәселе назардан тыс қалған жоқ. Соның ерекше дәлелі – Ел­басының «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдауды тапсырып, педагогикалық қызметті жоғары қоюы бүкіл ұстаздар қауымын зор қуанышқа кенелтті. Сонымен қатар ұстаздарға да шәкірттерге білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударулары керектігін атап өтті. 

Төменгі жалақының мөл­ше­рін көбейту еліміздегі 1 млн 300 еңбекшінің әлеуметтік жағ­да­йын көш-керуен көтереді. 

Бұл мәселені ірі орта және кіші бизнес өкілдері қызу қол­дап қана қоймай, жұмыс­шы­ларының төменгі жалақысын осы мөлшерге көтеретіндігін мәлімдеп жатыр. Яғни, бұл шара еліміздің барша еңбеккерлерінің әлеуметтік индексін кешенді жоғарылатуға қабілетті.

Жолдаудың басты мәйегі табыс пен тұрмыс сапасының артуына жете мән беру. Ел­ба­сы осыған орай қысқа және ұзақ мерзімдерге арналған міндет­темелерді ұсынды. Осы орайда Елбасы Жолдауы кәсіп­одақ­тардың да көзқарасы, қай­нар көзі болып отырғаны анық. 

Кәсіподақтардың ұстанымы:  «тұрақты кәсіпорын – тұрақ­ты қоғам – тұрақты ел!». Тұрақ­тылық – кез келген қоғам­ның ­басты құндылығы. Егер жұ­мыс­шы кәсіпорынның тұрақты дамуына көз жеткізсе, сондай-ақ өзінің заңды түрде қорғауға ие екенін және әлеуметтік қам­қорлықты сезінсе, мұндай жұ­мысшының отбасындағы жағ­дайы да жақсы болады. Бұл – өзара байланысты үрдіс. 

Елбасы бүгінгі жасанды интеллект, цифрлы технология, роботтандыру сияқты әлеуметтік ланд­шафтты өзгерте отырып, ең­бек қатынастарына түбегейлі әсер ететін трендтер жайлы үнемі сөз қозғап келеді. 

 Жолдауда жаhандық талаптарды ескере отырып, ел экономикасын цифрлы технология негізінде дамытып, жаңа индустрияны қалыптастыру керектігін атап өткен болатын. Алдымыздағы міндет – терең, бағыт-бағдар – сан алуан! Кә­сіп­одақты жаңғырту мәселесі осынау міндеттерді орындау үшін қажет. Бүгінгі таңда Қа­зақ­­­­стан кәсіподақтар федерация­сы – еңбек адамының құқықта­ры мен мүдделерін қорғау сала­сындағы ең ірі қоғамдық ұйым саналады. Сапында 2 миллионға жуық мүшелерді біріктіретін 22 салалық кәсіподақ, кәсіп­одақ­тардың 16 аумақтық бір­лестігі федерацияның мүше­лік ұйымдары болып отыр. Бас­тауыш кәсіподақ ұйымдардың жалпы саны 20 мыңға жақын.

Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік жауапты ұйым ретінде өз қызметін жаңғыртуға кірісті. Жаңғыру кезеңінде еліміздің кәсіподақтары заман талабына сай дамудың жаңа векторын анықтауы керек. Әлеуметтік және еңбек қатынастары мен әлеуметтік әріптестік мәселелерін көтеруге және шешуге қабілетті қуатты және жасампаз әлеуметтік инс­титут болуы тиіс. Осы мақ­сат­тарға жету үшін ең алдымен, тұжырымды диалогке, ымы­раға келуге, консенсусқа қол жеткізудің ұжымдық қабілеті қажет. Альберт Эйнштейн: «Уа­қыт пен кеңістік жоқ, бірақ олар­ды­ң бірлігі бар» деген. Азамат­тардың әлеуметтік кепілдіктерін қорғайтын кәсіподақтар «сананы жаңғырту» мен адам индексінің және мемлекеттің табысты рухани дамуына өз үлестерін қосқаны абзал. «Сананы жаңғырту» –  үздіксіз процесс, яғни біз үнемі өзгерістерге қабілетті болуымыз керек дегенді білдіреді. Біздің көз алдымызда Қазақстандағы жұмыспен қамту құрылымы түбегейлі өзгереді.

Биыл «Қазпошта» Астанада жаңа роботтандырылған офи­сін ашты. Онда консультанттар­дан бастап, доңғалақты пош­та­шыға дейін жасанды интеллект арқылы басқарылады. ERG компаниясының өзі ғана таяудағы 10 жылда цифрландыру жобаларына 800 миллиард теңге инвес­тициялауды жоспарлап отыр. Бір жағынан бұл – кәсіпорындары­мыз бен экономикамыз үшін жағымды беталыс, екінші жағынан бізге артылатын жүк, сондықтан біз жұмыстан босаған адамдардың қай жерге жұмысқа орналасатынын нақты түсінуіміз керек. Біз жұмыс берушілермен бірге, осы аспектіде жұмысшылардың әлеуметтік бейімделу мәсе­ле­лерімен айналысатын локоматив пен әлеуметтік күш ретінде әрекет етуіміз керек. Осы орайда кәсіподақтарды қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелері алаңдатпай қоймайды.

Біз үнемі ғылыми-техника­лық өрлеу өнімнің өңін өзгертіп, адам қауіпсіздігін кемел түрде қамтамасыз ететін, жаңа арнайы құрал-жабдықтар мен қорғаныс құралдарының енгізілетінін үнемі жариялаймыз. Алайда, қазіргі таңда жа­ра­қаттар мен өндірістегі жұмыс ке­зіндегі өлім азаймай отыр. Ағым­дағы жылдың тамыз айындағы мәліметке сәйкес, зар­дап шек­кен­дердің саны 842 адамды құрады, оның 114-і өлімге әкелген жағдай. Бұл жағдай осынау ауыр халге ұшы­раған әр отбасының трагедиясы. Осы мәселені кешенді шешетін уақыт жеткен тәрізді.

Біз ірі кәсіпорындардың ак­ционерлері мен менеджментіне кәсіподақтармен бірлесіп, ха­лықаралық стандарттарға сай Өндірістік кеңес жұмысының алгоритмін әзірлеуді ұсына­мыз. Мүмкін әлеуметтік әріп­тестермен, ірі өнеркәсіптік кә­сіпорындармен бірлесіп ең­бек қауіпсіздігі мен еңбекті қор­ғаудың өзекті мәселелері бо­йынша бүкіл қазақстандықтың басқосу өткізуіне бастама көтеру қажет шығар? Акционерлер мен компаниялардың басшылығы еңбек қауіпсіздігі мен еңбек­кер­лердің әл-ауқатының тұрақ­тылығы кәсіпорын табысы­ның тұрақтылығының кепілі екенін түсінуі керек. Сондықтан кəсіпорындарда заманауи əлеу­меттік даму стандартта­рын енгізу мəселесі күн тәр­ті­бі­не қойылуы тиіс. Кәсіп­­одақ­тар федерациясы әлеуметтік се­рік­­тестермен бірле­сіп, жұ­мыс берушілер мен жұмыс­кер­лер арасындағы медиация мә­се­лелерін жаңа сапалы дең­гей­ге шығаруға атсалысуда. Бұл мә­се­ле бойынша біз Жоғар­ғы сотпен бірлесе қадам жасап жатырмыз.

Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «жалпыға ортақ еңбек қоғамы» жөнінде тағы да атап өтті. Бұл – Мемлекет басшысының барша еңбеккер қауымына құрметі.

Сондықтан Жолдауда атал­ған мәселелерді кешенді іске асыру үшін кәсіподақтар қарыш­ты еңбек ететін болады.

 Халқымыз «Өнер алды – бір­лік, ырыс алды – тірлік» дейді. Ырыс арқылы жасампаздыққа ілгерілей берейік!

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,

Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы