Театр • 26 Қазан, 2018

Тарихын тағылым тұтқан театр

1619 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемле­кеттік ака­де­миялық қазақ музыкалық драма театрында соңғы 10 жылға тарта уақыттан бері қалтқысыз жалғасып келе жатқан жақсы бір рухани дәстүр бар. Ол – шығармашылық ұжымның әрбір театр маусымын Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай» трагедиясымен ашып, дәл сол қойылыммен түйіндеуі дер едік.

Тарихын тағылым тұтқан театр

Қарқаралыдан жеткен құнды жәдігер

ХХVІІІ театр маусымының шымыл­дығын түрген ұжым бұл жолы да сол үрдіс­тен жаңылмады. Оның үстіне биыл­­ғы жылашардың қазақ өнерінің қара- нары, актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі де – осынау мәдени шараның мә­ні мен маңызын арттыра түскендей. Ай­тулы күнге театр ұжымы жан-жақты әрі тыңғылықты даяр­ланыпты. Еңбек демалысынан оралған шығармашылық құрам киелі сахнасымен сағыныса қауышып, «Абай» қойылымы арқылы өнерге өзге­ше өрнек сыйласа, театр директоры Ай­болат Сексенбаевтың бастамасымен қасиетті Қарқаралы өңірінен арнайы шақырылып, қарашаңырақ төріне қойыл­ған Қалибек Қуанышбаевтың өмірі мен өнерінен сыр шертетін көр­менің көркемдік әлемі жаңа маусымды асыға күткен талғампаз көрермен үшін үл­кен тарту болды. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Ақжол ауылы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Асхат Амангелдіұлының 500 шақырым қашықтықты артқа тастап, өзімен бірге аңыз актердің туған топырағынан ала келген сирек фотосуреттері мен тұ­тын­ған заттары, сондай-ақ өнер ие­сінің даусы жазылған Абайдың қара сөз­дерін оқыған 25 минуттық аудиотас­па, сахнагердің қойылымға киген киім­дері мен өзге де құнды мұрасы көру­шісіне қайталанбас әсер сыйлағаны сөзсіз. Жәдігерлер арасындағы, әсі­ресе Мұхтар Әуезовтен Шәкен Ай­ма­нов­қа, ал Аймановтан Қалибек Қуа­нышбаевқа мұра болып қалған қол таяқ пен актердің 1940 жылы Асқар Тоқ­пановтың режиссерлігімен сахнаға тұңғыш шыққан «Абай» спектакліне киген костюмі де қазақ театр тарихының тағылымды беттерінен сыр шерткен, көрермен көңілін толқытқан ерекше сәт болды. Сөйтіп елордалық өнерсүйер қау­ым бұл күні тек кітаптан оқып, біліп кел­ген аңыз актерді құнды жәдігерлер ар­қылы өзгеше қырынан таныды. Жаңа мау­сымның көрерменіне сыйлаған ең бағалы сыйы да осы.     

Таланттар тандемі

Театр ұжымының «Абай Құнан­байұлы – Мұхтар Әуезов – Қалибек Қуаныш­баев» үштағанына оқтын-оқ­тын оралып, өнердің рухани нәрін атал­ған таутұлғалар тағылымынан із­деуі­нің де айтулы һәм салиқалы се­бебі бар. Олай дейтініміз, Қалибек Қуа­нышбаев – Абай бейнесін ең ал­ғаш сахнаға шығарған актер. Өткен ғасырдың 40-жылы режиссер Асқар Тоқпановтың қолтаңбасында сахна көрген трагедияның қазақ театр өнері тарихындағы орны айрықша. Әсіресе Қалибек Қуанышбаев нұсқалаған Абай­дың аңыз бейнесі ішкі тереңдігімен өнер­сүйер қауымды айрықша тәнті еткен еді. 
«Қалибектен кейін Абайды талай дарынды актерлеріміз ойнады, бі­рақ Қалибек – Абай біреу-ақ! Ол – Хан­тәңірінің биік шоқысында оқшау тұрған бейне». Қойылым режиссері Асқар Тоқ­панов талант табиғатын дәл осылай таразылайды.  

Ал ғалым, профессор Тұрсын Жұрт­байдың: «Өткен ғасырда, жалпы қазақ тарихында ұлтымызды дүниежүзіне таны­тып қана қоймай, әлемді ресми түрде мойындатқан үш адам бар. Олар: ғылымда – Қаныш Сәтбаев, қалам­герлікте – Мұхтар Әуезов, өнерде – Қалибек Қуанышбаев. Осы үш адамның есіміндегі «ұлы» деген сөзді біз ғана емес, бүкіл Еуропа халқы мойындайды. Солардың ішінде жаһандық ауқымда ең алғаш мойындалғаны –  Қаллеки – Қалибек Қуанышбаев», деп  актер қарымына берген бағасы бүгінде саңлақ есімін иеленген өнер ұжымының ғұмырлық ұстанымына айналғандай. Олар да Қаллеки шыққан биікке ұмты­лады, актер бағындырған бейнелілік жолында тынбай тер төгеді. Режиссер Әлімбек Оразбековтің қолтаңбасында өнерсүйер қауыммен қауышқан, бұл күнде театрдың бойтұмарына айналған  «Абай» трагедиясы – жоғарыда тілге тиек еткен пікіріміздің айғағы. 

Қуанышбаевтан Өтеуіловке дейін

Иә, сахна өнерінде Қалибек Қуаныш­баев шыққан шың – Абай рөлі десек, бүгінде сол биікті бағындыруда Қазақ­­станның еңбек сіңірген қайраткері, актер Нүркен Өтеуілов жемісті еңбек етіп жүр. Абай – жүрдім-бардым қарайтын кезек­ші рөл емес, күрделі бейне. Алып бейнесін сахнаға шығару әртістен ішкі зиялылық пен тереңдікті талап етеді. Үздіксіз ізденіске жетелейді. «Мыңмен жалғыз алысқан» ақын бейнесінің сахнагерге артар зіл батпан ауыртпалығы да, ешбір атақпен өлшенбес абыройға бөлейтін құдіреті де қатар жүреді. Жас та болса ак­тер Нүркен осы жауапкершіліктің сал­мағын жете түсінеді. Өзін үнемі Абай шығармашылығымен сусындатып келе жатқан өнер иесінің кейіпкер бейнесін ішке сіңірудегі сол ізденісі әр сөзі мен әрекетінен, әр демі мен үнсіз­дігінен сезіліп тұрады. Сахнагердің сомдауындағы ақын бейнесі сол бір ішкі иірімдерімен, күрделі күңіреністерімен бірден көз алдыңызда биіктей жөнеледі. Нүркеннің Абайынан сіз ақын заманы­ның надандық пен тоғышарлық қатар шарпысқан зарлы мұңын ғана емес, бүгінгі күннің қоғам келбетін де жазбай танисыз. Өз әлеміңізге іштей үңіліп, өзіңізше қорытынды түйесіз. Бұл – ең бірінші классиканың құдіреті болса, екіншіден, актер ізденісінің жемісі деп бағалау керек. 

Режиссер Әлімбек Оразбековке дейін де Абай тақырыбына соқпаған сахна суреткері сирек. Әйгілі Асқар Тоқпанов қолтаңбасынан бастап, Ш.Айманов, Ә.Мәмбетов, Ғ.Хайруллина, Ж.Омаров, Е.Обаев, Н.Жақыпбай, Ә.Оразбековтен бері қарай да тізбектеліп кете береді. Әр дәуірдің Абайы сахнаны өзінше түрлен­діріп, талғампаз көрермен көңіліне өзгеше өрнек салса, ақын бейнесінің әйгілі Қаллеки дәстүрін жалғаған жаңа заман бедеріндегі кемеліне келген үз­дік келбетін актер Нүркен Өтеуілов ізде­нісінен тануға болады. Ол сахнада ақын болып, адам болып ғұмыр кешеді. Бұл спек­такльде сіз қазақ театрларынан тым жиі көретін сақалын салалап, алысқа көз тігіп, шексіз-шетсіз ой тұңғиығына беріліп, жансыз һәм жаттанды пәлсапа соққан «мүсін Абайды» емес, өмір ұсынған тағдырдың түрлі тәлкегіне жер басып жүрген жұмыр басты пенде, ет пен сүйектен жаралған жүректі жан иесі ретінде үн қатқан ақынның көңіл күй құбылуына, қуанышы мен қиналысына, даналығы мен күрескерлігіне, қысқасы, бір адамның бойына тоғысқан сан түрлі мінездің жан-жақты  кескінделуіне куә боласыз. Нүркеннің Абайы сахнада қарапайымдылық пен шынайылыққа барынша екпін түсіреді. Сондықтан да актердің қаһарманы тұлғалар жайлы сахнаға жиі шығатын атауы өзге болғанымен, кейіптелуі бірдей, бірін екіншісінен даралайтын ерекшелігі кемшін біртипті мінез иесі емес, өмір­дің бар сынағына сергек қарап, жан жү­ре­гімен қуанып күле де білген, егіліп жы­лай да алған пенде Абай. Қойылым соны­сымен жүрегіңді қозғайды, ойыңды оятады, жаныңды толқытады. 

Кіл мықтылар – «Қаллеки» сахнасында

«Абайды» бекер мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Дәл қазіргі таңда қазақ сахнасында қаһарман, батырлар тұлғасын кескіндеуші актерлер тап­шылығы, типтік көркем бейнелердің с­арап­талу солғындығы айналасынан өр­битін түйткілдер жиі айтылып, жазылады. Мәселе етіп көп көтеріліп те жүр. Әйтсе де бұл түйткілдің Қ.Қуанышбаев театры актерлеріне қатысы аздау. Се­бебі сайдың тасындай әртістер ойынына біз дәл осы театр қойылымдары арқ­ылы куәміз: Толғанай, Зере сынды аналар галереясын кемеліне келтіре кейіптеген Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова, Бұқар жырау, Ваня ағай, Лукьянов, Брабанцио бейнелерін соны бояуда бедерлеген – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Абай тұлғасын нағыз өнер биігіне көтерген Нүркен Өтеуілов, хан Абылайға айбын сыйлаған Қуандық Қыстықбаев, ақиық ақын Мұқағали болмысын парасат шыңына шығарған Жанқалдыбек Төленбаев, жалын жұтқан Жанна Д’Арк­тің өр рухын өткір өрнектеген Ай­нұр Бермұхамбетова, Гамлет болып күңіренген сан сырлы терең талант Сырым Қашқабаев сынды суреткер актерлердің шебер ойыны қай уақытта да көрерменін көркем ойлауға, зиялы пайымдауға жетелеп келеді. Қаһарманы бар театрдың қарымы да алымды. Бұл тұрғыдан келгенде, Қаллеки театрының бәсі биік, ұпайы түгел. Оны біз жаңа маусымдағы сахнаға жарқырай шыққан жалынды әртістердің жүрек лүпілі мен отты жанарынан да айқын сезіндік. 

Тарихқа тағзым

Қаллеки театрының елордамыз – Астананың рухани-мәдени өмірінде ала­­тын орны айрықша. Осыдан тура 27 жыл­ бұрын режиссер, қайраткер тұл­­ға Жа­­қып Омаровтың бастамасымен бас шаһар төрінде ту тіккен мәдени ошақ бү­гінде шығармашылық қанатын кеңге жайып, өнердің үлкен ордасына айналды. Мұнда қазақ театр өнері режис­сурасының реформаторы,  КСРО халық әр­тісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреа­ты, Халық Қаһар­маны Әзірбайжан Мәм­бетовтің, Қа­зақ­станның халық әртісі Қа­дыр Жет­піс­баевтың ізі сайрап жатыр. Ұлт теа­тры­ның абыз ақсақалы Қалибек Қуа­ныш­баевтай аңыз актердің аяулы есімі һәм тағылымды жолы менмұндалап шақырады әр көрерменін. Бұл жерде арғысы – Рымкеш Омарханова, Гүл­жан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Түй­­механ Атымтаева, Жанат Шайкина, Кеңес Нұрланов, бергісі – Нүркен Өтеуі­лов, Қуандық Қыстықбаев, Ержан Нұрымбет, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Айнұр Бермұхамбетова, Асылбек Қапаев бастаған талантты актерлер шоғыры шы­найылық пен шеберлік егіз өрілген ғажап тандемде қызмет етеді. Бұл театр­да әр жаңа маусым шымылдығын  М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашып, жабатын тарихтан тамыр алған әде­мі үрдіс бар. Ең бастысы – теа­тр­ ұжымы «өнердің тек қана мұзартын ба­ғындырсам» деген шығармашылық қанағатсыздық, өнерге деген өлермендік сезіміне ие. Қаллеки театры бізге сонысымен бағалы, сонысымен ардақты. 

Талантты труппаның бар мүмкіндігі мен шеберлігін шыңдап, жаңа белес­ке шығаруда Әлімбек Оразбеков, Нұр­­­­лан Жұманиязов, Болат Ұзақов бас­таған ойлы, ізденімпаз режиссерлер еңбегі орасан. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер Талғат Теменов­тің басшылығымен қол­­ға алынып, жүзеге асып жатқан жар­­қын ойлар мен жүйелі жоспарлар жемісті нәтижесін беріп, Қаллеки театры өнерінің ел ішінде ғана емес, халық­­аралық масштабта мойын­далуына тікелей ұйтқы болып келеді. Қалибек Қуанышбаевтай абыз актер жолын жалғаған дарынды ізбасарлар өнерін бүгінде жаһан танып жатса, ол да талантты ұжым ізденісінің нәтижесі.

Иә, әңгімеміздің әлқиссасын Қалибек Қуанышбаевтан бастап, сол негізде тарқатып, түйіндеуіміз бекер емес. Қазақ сахна көгіне Абайдай алыптың көркем бейнесін тұңғыш шығарған актер қарымы ішкі тереңдік, қазақы бай құнармен астасып, замандастары арасынан оза шауып, жарқырай көрінді. Тіл өнерінде де Қаллекиден асқан талант болмаған деседі көзкөргендер. Мұның барлығы өнерпаз ізін жалғастырушы жастарға – Қ.Қуанышбаев театры ұжымына үлкен өнеге, ғұмырлық тағылым.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»