Қазақстанда биология ғылымының даму тарихы ең қиын кезеңдердің бірі – Ұлы Отан соғысы кезінен бастау алады. Сол кездегі экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан, бірқатар ғылым саласын, соның ішінде биологиялық бағытты қарқынды дамыту туралы республика басшылары нақты шешімдер қабылдады. Бұл экономиканы дамытудағы негізгі қажеттілік, сондай-ақ халықты өнеркәсіптік тауарлармен, дәрі-дәрмек, азық-түлікпен қамтамасыз етуге тікелей байланысты еді.

Елімізде биология ғылымының негізгі салалары – ботаника, зоология, микробиология, вирусология, физиологияның қарқынды дамып жатқандығын, сондай-ақ жаңа заманауи бағыттары – молекулярлық биология, генетика, биотехнология сияқты салалардың өз дәрежесінде орын ала бастағанын атап өту қажет. Сонымен қатар өткен ғасырдың 70-90-жылдары арасында биотехнология саласы қарқынды дами бастады. Ал 90-жылдардың басында Қазақстанның биология ғылымы айтарлықтай жетістіктерге ие болды. Атап айтқанда ғылыми-зерттеу институттары қажетті құрал-жабдықтармен, заманауи өндірістік базалармен жабдықталып, ғылыми инфрақұрылымы дамыған және жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз етілген ғылым саласы болып қалыптасты.
Қазір Білім және ғылым министрлігінің құрамында – 13, Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында 22 ғылыми ұйым биологиялық бағытта жұмыс істейді. Алайда, биылғы ғылыми жобаларға өткізілген конкурс нәтижесі бойынша республикалық бюджеттен өз дәрежесінде қаржыландырылмай қалған бірқатар ғылыми-зерттеу институты бар, ал ғылыми институттар үшін бұл қаржының негізгі көзі саналады. Бұдан шығатын қорытынды біреу ғана – институттардың келешегі не болмақ? Одақ кезіндегі ғылыми мекемелерде еңбек еткен ғалымдардың тағдырына кім жауапты? Енді ғылыми жобаларға конкурс үш жылдан кейін ғана болатынын ескерсек, осы күнге дейінгі дайындаған мамандардан айырылып қалуымыз әбден мүмкін.
Нақты дәлелдерге сүйенер болсақ, қазіргі уақытта Ғылым комитетінің «Зоология институты» ШЖҚ» РМК-да жалпы сомасы 8 млн теңге болатын 1 жоба ғана іске асырылуда, ал 6 зертханадан тек 1 зертхана қалған, оның құрамында 12 адам ғана еңбек етеді. Ал «Биобақылау, сертификаттау және клиника алдындағы сынаудың орталық зертханасы» РМК-да еш ғылыми жоба жоқ. Қызметкерлері жұмыстан босатылған, ал кейбірі жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген. «Микроорганизмдердің республикалық коллекциясы» РМК-ның 19 млн теңгені құрайтын 2 жобасы бар, 2 зертханасы қысқартылған. «Адам және жануарлар физиологиясы институты» ШЖҚ» РМК жалпы сомасы 40 млн теңге болатын 4 жоба бойынша еңбек етіп жатыр. Міне, цифрлар осылай жалғаса береді. Институттардың мүшкіл жағдайына дер кезінде назар аудармасақ, онда Қазақстандағы дамыған ғылымның тұтас бірнеше саласын жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Атап айтсақ, биологиялық әртүрлілікті сақтау мен оларды пайдалану, физиологиялық күйзелістерге қарсы тұрақтылықты арттыру, азық-түлік пен қайта өңдеу өнеркәсібін аса маңызды өндірістік микроорганизмдермен қамтамасыз ету және т.б. өзекті мәселелермен айналысатын ғылыми мекемелерден, онда еңбек етіп жүрген мамандардан, әсіресе жас ғалымдардан түбегейлі айырылып қалуымыз ғажап емес. Сондықтан қиын жағдайға тап болған биологиялық институттарға қолдау көрсетуге және еліміз үшін қажетті әрі өзекті саналатын ғылыми бағыттарды сақтау мақсатында мемлекет шұғыл түрде шара қолдануы қажет. Сонымен қатар кей институттар «мемлекеттің мойнына» отырып алмай, бәсекелестік ортаға шығуы тиіс. Оның ішінде ғылыми мектебі қалыптасқан, білікті мамандары бар және ғылыми еңбектерін өндіріске енгізіп, экономикаға пайда келтіріп отырған ғылыми мекемелер дербес орталық болып қайтадан құрылуы қажет, мұндай мекемелер мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы тиіс. Ал ғылыми зерттеу нәтижелері төмен, мамандары жеткіліксіз кішігірім институттарды ұқсас бағыттағы мекемелермен біріктіру немесе университеттер құрамына беру қажет.
Заманауи постиндустриалды қоғамда «білім мен ақпарат» негізгі өндірістік ресурс болғандықтан, ғылыми жаңалықтар – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан дамыған және дамушы көптеген елде ғылымға жұмсалатын шығын мөлшері үнемі өсіп отырады. ЭЫДҰ, ЮНЕСКО және Еуростат деректер қорында ұсынылған статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2017 жылы ішкі жалпы өнімнен (ІЖӨ) ғылымға жұмсалған шығын пайыздық үлеспен есептегенде: Израильде – 4,3%, Оңтүстік Кореяда – 4,2, Швейцарияда – 3,23, Жапонияда – 3,21, Швецияда – 3,2, АҚШ-та – 2,79, Қытайда – 2,07, Ресейде 1,1%-ды құрайды. Ал Қазақстанда stat.gov.kz порталындағы ресми статистика бойынша 2017 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған қаражаттың мөлшері ішкі жалпы өнімнің бар-жоғы 0,13%-ын құрады. Демек, бұл отандық ғылымның сапасын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылымға жұмсалатын қаражатты әлі де болса көбейту қажеттігін меңзейді.
Биологиялық ғылыми зерттеулер, әсіресе биотехнология саласы қазіргі заманғы ғылыми-техникалық революцияның негізі. Ғалымдардың жүргізген сараптамалық бағалауының нәтижелеріне сүйенер болсақ, 2025 жылы ғаламдық биоиндустрия нарығының деңгейі 2 триллион долларға жетеді, ал жеке нарық сегменттерінің өсу қарқыны жыл сайын 5-7-ден 30 пайызға дейін болатындығы анықталды. Бүгінде биопрепараттардың негізгі өндірушілері АҚШ, Канада, Жапония және Еуропа елдері. Соңғы 10 жылда олардың қатарына ауқымды ғылыми өндірістік бағдарламалармен айналысқан Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты дамушы елдер де қосылды. Ал еліміздегі отандық биопрепараттар өндірісі (ауыл шаруашылығы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау, экология және медицина) баяу дамып келеді, тіпті жоқтың қасы деуге болады, яғни әлі импорттық өнімдерге тәуелдіміз.
Кеңестік кезеңде Қазақстанда биопрепараттар өндірісі жоғары дәрежеге ие болған. Степногор қаласындағы «Прогресс» өндірістік кешені одақтағы ең ірі кәсіпорын болатын және ауыл шаруашылығына арнап шығарған препараттары (жемдік ақуыз, аминқышқылдар, өсімдікті қорғау құралдары) сол кездегі биопрепаратқа деген қажеттіліктің басым бөлігін қамтып отырды. Ал Алматыдағы биокомбинат Орталық Азиядағы ветеринария саласында қолдануға арналған, оның ішінде бруцеллез, Марек, Ньюкасл аурулары сияқты қауіпті инфекцияларға қарсы вакцина өндіретін ең ірі мекеме болды. 90-жылдары бұл кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстан Президентінің 1993 жылы 21 қаңтардағы №1090 Жарлығымен республиканың ғылыми-техникалық әлеуетін көтеру мақсатында, сондай-ақ ғылыми-техникалық прогрестің негізгі бағыттарын дамыту үшін бірқатар мамандандырылған ұлттық ғылыми жаңа орталық құрылды. Оның қатарында Степногор қаласындағы ғылыми-өндірістік Ұлттық биотехнология орталығы бар. Орталықтың даму стратегиясына сәйкес, қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін өндіріске енгізу, жаңа отандық технологиялар мен биопрепараттар өнімдерімен ауыл шаруашылығын, медицинаны, экологияны және т.б. салаларды қамтамасыз етуде негізгі алаң болуға тиіс-тін. Соңғы 25 жыл ішінде отандық биотехнологияны дамытуға мемлекет үлкен қолдау көрсетті, яғни құрылыс ғимараттарын салуға, заманауи жабдықтарды сатып алуға және ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру бағыттарына бірнеше ондаған миллиард теңге жұмсалды. Алайда, осы мекемені құру кезінде алға қойылған талаптар мен мақсаттарға қол жеткізілді ме? ҰБО көмегімен жүзеге асырылған жаңа отандық ғылыми зерттеулердің нәтижелері өндіріске неге енбейді? Мақсатты ғылыми бағдарламаларға бөлінген қаражат шеңберінде жасалған жаңа отандық биопрепараттар шығарылып жатыр ма? Міне, сұрақ көп, жауап аз. Әзірге ҰБО жұмысының айтарлықтай нәтижесі көрінбей отыр. Әрине ҰБО-ның негізгі мақсаты – отандық биотехнологиялық өнімдерді шығару және коммерцияландыру. Яғни Ұлттық биотехнология орталығының қызметін қайта қараған абзал және басқа биологиялық бағыттағы мекемелердегі ғылыми жетістіктердің нәтижелерін өндіріске енгізу һәм коммерцияландыру қажет. ҰБО негізінде Степногор қаласындағы филиалдарымен бірлесе отырып, шетелдік биотехнологиялық өнімдердің орнын алмастыру үшін биопрепараттарды шығаруға арналған заманауи өндірістік модульдер құру қажет.
Бұл мәселе фармацевтика өнеркәсібіне де тікелей байланысты. Дәрінің көпшілігі шетелден келеді. Елімізде дәрі-дәрмек өндірісі 11-12 пайызды ғана құрайды. Отандық дәрі-дәрмектің басым бөлігі шетелден сатып алынған шикізат негізінде жасалады. Мұны ғылыми тілде «дженериктер» деп атайды. Көптеген қазақстандық фармацевтикалық өндірушілер шетелден сатып алынған дәрінің шикізаттарымен тек таблетка немесе жақпамай жасаумен ғана айналысады, сондықтан да таза «отандық» деген сөз бұл препараттарға қолдануға келе бермейді. Шын мәнінде зертханалық үлгіден өндірістік желіге дейін жеткізілген, яғни шикізатынан бастап дәріге дейін қазақстандық ғалымдардың әзірлемелеріне негізделіп жасалған отандық түпнұсқалық дәрі-дәрмектер саусақпен санарлық. Сондықтан мемлекет фармацевтикалық өнеркәсіптің қарқынды дамуына және дәрілік заттардың отандық үлгілеріне мейлінше қолдау көрсетуі қажет. Бұл негізгі әрі басым бағыттардың бірі болуы тиіс.
Білім және ғылым министрлігінде гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру конкурстарына өтінім қабылдау мен қарастыру кезінде жеткілікті бақылаудың болмауы да жеке мәселе. Бүгінгі тәжірибеден байқағандай, айтарлықтай қайтымы жоқ шағын, нәтижесі бұлыңғыр ғылыми жобалар мен бағдарламалар Ғылым комитетіне жиі тапсырылып, кейде қаржыландыру үшін мақұлданып та жататыны баршаға аян. Ал шетелдерде нәтижесі мен практикалық маңызы жоқ жобалар мүлдем қаржыландырылмайды. Көптеген жағдайда ғылыми жобалар білікті мамандары жоқ, ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін заманауи құралдар мен жабдықтармен қамтамасыз етілмеген белгісіз ұйымдардың атынан беріліп, кейбір сапасыз жобалар қаржыландырылып та жатады. Сондықтан ғылыми жобаларды қаржыландыру үшін іріктеу жүйесінің тиімділігін жетілдіріп, сапалы және түпкілікті нәтижеге қол жеткізуде жобаларды орындайтын ұйым басшылары мен жоба жетекшілерінің жауапкершілігін арттыру қажет. Іргелі және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыруға да көңіл бөлу керек. Іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру есебінен қарастырған жөн және оған жалпы ғылымға бөлінетін қаржының 30%-ына дейін бөлу қажет. Ғылымға қисыны келмейтін, жанаспайтын және күмән келтіретін ұсақ жобалардан аулақ болған абзал. Ал қолданбалы зерттеуге келетін болсақ, мемлекеттің тапсырысымен ғылыми мақсатты бағдарламалар Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия (ЖҒТК) арқылы қаржыландырылуы тиіс. Бұл бағдарламаларға ғылымға бөлінетін қаржының жалпы сомасынан 30%-ға дейінгі мөлшерін бөлу орынды. Мақсатты бағдарламалар мемлекеттің өзекті әрі күрделі мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. Яғни тәжірибелік-өнеркәсіптік технологияларды әзірлеу, биопрепаратты өндірістік жағдайда сынақтан өткізу, оның нәтижелері өндіріске енгізілумен аяқталуы керек.
Келесі кезең – «Ғылым қоры» АҚ көмегімен ғылыми немесе ғылыми-техникалық зерттеулердің нәтижелерін (жаңа технология, мал тұқымы, дақылдардың жаңа сұрыптары, биопрепараттар, медициналық дәрілер және т.б.) коммерцияландыру, өндіріске енгізу және сату. Ғылым қоры арқылы коммерцияландыруға берілетін жобалардың ерекшелігі – бизнес-серіктестің жобаны қосымша қаржыландыруы. Бұл жоба нәтижесін пайдаланатын бизнес өкілдерінің қызығушылығын арттырады, кейбір қажетсіз жобаларды қаржыландырудан сақтайды. Сонымен қатар ғылымды нақты өндіріспен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұған тағы бір қосымша шарт қойылуы тиіс. Жобадағы талаптар орындалмаған жағдайда, бөлінетін қаражаттың 20%-дан 30%-ға дейінгі мөлшерін мемлекетке кері қайтаруы керек. Бұл ұйым басшыларының және жобаның ғылыми жетекшілерінің өтінімдерді беру, жүргізген зерттеулерінің нәтижелерін экономиканың тиісті секторына енгізу кезінде де жауапкершілігін арттырады. Демек, тұтынушы тарапынан түпкілікті өнімге деген сұранысын қанағаттандыра алатын және мем- лекет мүддесіне сай келетін инновациялық маңызды жобалар ғана қаржыландырылуы тиіс. Ал осы инновациялық ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға бөлінетін жалпы қаржының кемінде 40%-ын бөлу керек. Осылайша ғылымға арналған бюджет қаражатын бөлу келесі тізбек бойынша жұмыс істеуі тиіс: іргелі зерттеулер – гранттық қаржыландыру негізінде; қолданбалы ғылыми мақсатты бағдарламалар – Үкімет жанындағы ЖҒТК арқылы мемлекеттік тапсырыспен; ғылыми зерттеудің нәтижелерін коммерцияландыру – Ғылым қорының жобалары арқылы.
Еліміз егемендік алғаннан бері ғылым мен техниканың дамуына мән беріп отырғаны баршаға мәлім. Әрі қарай да ғылымға қаржы бөліне бермек, тек сол бөлінген қаржыларды тиімді пайдалану ғалымдардың өздеріне байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев V Астана экономикалық форумында «Бүгінгі таңда тек ғылым ғана әлемнің барлық елдеріне қатысты көкейкесті мәселелерді шешуге қабілетті локомотиві болуы керек», деп айтқан болатын. Ғалымдардың міндеті – әлемдік экономикалық жүйенің заманауи талаптарына сай болу және өздерінің ғылыми зерттеулерінің өнімділігін барынша арттыруға ықпал ету.
Аманкелді САДАНОВ,
Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, биология ғылымдарының докторы, академик
Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы «Grand Slam» турниріне қатысады
Спорт • Бүгін, 16:15
Қарағанды облысында құлағы үсіген ер адам ауруханаға түсті
Қоғам • Бүгін, 16:14
Шымкенттегі медицина қызметкерлерінің еңбекақысы өсті
Аймақтар • Бүгін, 16:14
Қазақстандықтардың несиесі 7,6 трлн теңгеге жетті
Қаржы • Бүгін, 16:13
Атырауда қоршаған ортаға 1 млрд теңгенің залалы келгені анықталды
Аймақтар • Бүгін, 15:57
Түркістанда құдалық өткізгендер жауапқа тартылды
Аймақтар • Бүгін, 15:52
Шымкенттен шалғай орналасқан ауруханаға КТ аппараты орнатылды
Аймақтар • Бүгін, 15:50
Алматыда қосымша жұмыс орындары ашылады
Аймақтар • Бүгін, 15:44
Әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 91%-ы цифрландырылды
Қоғам • Бүгін, 15:36
Жаттықтырушылардың кәсіби мерекесі 7 сәуірде атап өтілуі мүмкін
Спорт • Бүгін, 15:30
«Теңізшевройлдан» экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл өндірілді
Аймақтар • Бүгін, 15:23
Бір тәулік ішінде қар құрсауында қалған 132 адам құтқарылды
Қоғам • Бүгін, 15:18
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету үшін арнайы орталықтар ашылады
Қоғам • Бүгін, 15:08
Қазақстанда көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді
Қоғам • Бүгін, 15:01
Шымкентте 1 сәуірден бастап оқушылар мен студенттер үшін қолма-қол төлем 100 теңге болады
Аймақтар • Бүгін, 15:01
Аймақтар • Бүгін, 14:56
Вакцинациядан кейінгі иммунитет, электронды паспорт жайлы не білеміз?
Аймақтар • Бүгін, 14:56
Аймақтар • Бүгін, 14:52
Алматылық студенттің ғылыми жобасы халықаралық байқауда бағаланды
Аймақтар • Бүгін, 14:41
Алматыда халықаралық форум өтті
Аймақтар • Бүгін, 14:27
Азаматтарға арналған үкімет өзінің кадрлар резервін жасақтайды
Аймақтар • Бүгін, 14:25
Сенат Үкімет сағатының қорытындысы бойынша 20-дан астам ұсыныс дайындады
Қазақстан • Бүгін, 14:09
Мемлекеттік хатшы Жамбыл ескерткішіне гүл шоғын қойды
Фотогалерея • Бүгін, 14:05
Батыс Қазақстанда жол апатынан 4 адам қаза тапты
Аймақтар • Бүгін, 14:00
Екі қазақстандық дзюдошы әлемнің үздік ондығына енді
Спорт • Бүгін, 13:40
ШҚО ауыл шарушылығы бойынша алдыңғы қатарда
Аймақтар • Бүгін, 13:21
Шығыс Қазақстанда 2100 орындық 3 мектеп салынып жатыр
Білім • Бүгін, 12:58
Экология вице-министрі жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды
Экология • Бүгін, 12:49
Сайын Мұратбетковтың әңгімелері ағылшын тіліне аударылды
Әдебиет • Бүгін, 12:41
Сенаторлар көлік қауіпсіздігі деңгейін төмен деп санайды
Парламент • Бүгін, 12:40
Елорда әкімі оңалту орталықтарын кеңейту туралы айтты
Қоғам • Бүгін, 12:28
2020 жылы 13 мың этникалық қазақ көшіп келді
Қоғам • Бүгін, 12:24
«Antiparacraft-2021»: Студенттер жемқорлыққа қарсы квест өткізді
Аймақтар • Бүгін, 12:14
Алматыда армиялық қоян-қолтық ұрысынан Қарулы Күштердің чемпионаты аяқталды
Спорт • Бүгін, 12:04
Алматыдағы NIS Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті
Аймақтар • Бүгін, 11:57
Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады
Қазақстан • Бүгін, 11:56
Ш.Қалдаяқовтың өмірі жайлы мюзиклдің премьерасы өтеді
Театр • Бүгін, 11:54
Түркия туристер үшін ПТР-анықтама талабын ұзартты
Әлем • Бүгін, 11:53
«Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы талқыланады
Қоғам • Бүгін, 11:51
Алынған зейнетақы жинақтарынан жеке табыс салығы қалай ұсталады?
Қаржы • Бүгін, 11:39
Дәрігер болу үшін – жүректілік пен мейірім керек
Медицина • Бүгін, 11:32
Шымкентке биыл 330 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда
Аймақтар • Бүгін, 11:25
«Nur Otan»-ның Партиялық бақылау комитетінің төрағасы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 11:21
Алматыда мектепке дейінгі білім берудің өзекті мәселелері бойынша кеңес өтті
Аймақтар • Бүгін, 11:19
СҚО ПД бастығы халықпен кездесті
Аймақтар • Бүгін, 11:17
Бейбіт Атамқұлов қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының өкілдерімен кездесті
Экономика • Бүгін, 11:11
Банк тонамақ болған күдіктілер ұсталды
Оқиға • Бүгін, 11:04
Сенаторлар көлік қауіпсіздігі деңгейін төмен деп санайды
Қазақстан • Бүгін, 11:00
Елімізде сұйытылған газдың бағасын уақытша реттеу тоқтатылады
Қазақстан • Бүгін, 10:57
Парламентаризм институтының директоры тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 10:39
Мемлекет басшысы Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушыларды қабылдады
Президент • Бүгін, 10:36
Сирек кездеседі, бірақ жалғыз емес: Орфандық аурулар туралы не білеміз?
Медицина • Бүгін, 10:32
Шетелден келген жолаушылардан коронавирус анықталған жоқ
Коронавирус • Бүгін, 10:30
Нұрлан Нығматулин: Мәжіліс депутаттары тауар белгілері туралы халықаралық келісімді қарайды
Парламент • Бүгін, 10:21
Ана мен баланы әлеуметтік қолдауға қанша қаражат бағытталды?
Қоғам • Бүгін, 10:17
Кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғау мәселесі талқыланды
Қоғам • Бүгін, 09:58
Алматыда Крылов атындағы балалар кітапханасы жаңартылды
Аймақтар • Бүгін, 09:56
Қытайға бару үшін виза беру мүмкіндіктері талқыланды
Қазақстан • Бүгін, 09:41
Бүгін Нұр-Сұлтан және Көкшетау қаласының оқушылары қашықтан оқиды
Білім • Бүгін, 09:34
Шымкенттік ұстаз «даму» қоры арқылы оқу орталығын дамытқан
Білім • Бүгін, 09:30
Қазақстандықтар наурыз айында қанша күн демалады
Қазақстан • Бүгін, 09:28
Ахметжан Есімов БАӘ-нің әл-ауқат қорының басшылығымен кездесті
Экономика • Бүгін, 09:23
Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті
Аймақтар • Бүгін, 09:21
Коронавирусқа тағы 51 адам шалдықты
Коронавирус • Бүгін, 09:18
Қазақстан-Қытай арасындағы консулдық консультациялардың 19-шы отырысы өтті
Саясат • Бүгін, 09:17
ҰБТ тапсыру ерекшеліктері «Ашық есік» күнінде талқыланды
Білім • Бүгін, 09:16
«Өрлеуде» инклюзивті білімге арналған курс ұйымдастырылды
Білім • Бүгін, 09:12
Астана мен Ақмола облысындағы оқушылар қашықтан оқиды
Білім • Бүгін, 09:08
Ұқсас жаңалықтар