Әдетте біз кітаптан оқып келген жазба тарихта отырықшылық мәдениетіне тән тұрмыс нышандарының түпкі ізін Еуропаға апарып тірейтіні рас. Мұның астарында дала мәдениетін жоққа шығару жатпаса да, көшпенділер тіршілігіне деген кемсітушілік көзқарасының аңғарылатыны анық. Бірақ біз қоғамдық сана мен тұтас адамзат мәдениетінің дамуына ықпал ететін дала өркениетінің ғылым мен білімге қатысты жарқын мысалын былай қойғанда, қарапайым тұрмыстық қажеттілік үшін қолданылатын озық әдістердің әуелгі үлгісі табанымыздың астындағы топырақ үйінділеріне көміліп жатқанын енді ғана мойындай бастағандаймыз. Мәселен, отырықшы мәдениет кейінгі кезеңдерде ғана қол жеткізген қала құрылысының жетістігі қазақ даласындағы ежелгі елді мекендердің орнын аршу барысында көптеп кездесуде. Иә біз қазіргі тілде инфрақұрылым атап жүрген үрдіс ежелгі қалаларда осыдан ғасырлар бұрын қолданыста болғанына дәлел жеткілікті. Мысалға, Ұлы Дала төсіндегі кенттер мен қалаларда орталықтандырылған су жүйесі мен ағынды су жинайтын кәріз жүйесі жұмыс істеген дегенге сенесіз бе? Мұның ар жағында Еуропаға кейінгі дәуірде ғана жеткен, оның өзінде шығыс мәдениетінен ауысқан бу хауыздары мен хамам-моншалар құрылысы, тіпті жеке әжетханалардың қызметі әуелгіде көшпенділер әулетінен басталғандығын ұғыну керек. Бұл – бабаларымыздың жеке тазалық пен гигиена талаптарын сақтауда бұзылмас қағида ұстанғандығымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мен сақтау дәстүріне берік екендігін де айғақтайды.
Мысалға оралайық. Алысқа бармай-ақ, өзіміз көзімізбен көрген бір-екі қазба жұмысы жүріп жатқан ежелгі өркениет ошақтарының маңынан сөзімізге дәлел іздейік. Біз бұған дейін де Жетісу жерінде 5 тарихи нысанға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқанбыз. Солардың қатарында Сарқан ауданындағы көне Қойлық қалашығының орны бар. Бұл қазба орны ЮНЕСКО пәрменімен «Дүние жүзінің мәдени мұрасы» тізіміне енген тарихи нысанның бірі. Осы Қойлық қаласының орнын аршу жұмыстары кезінде біз жоғарыда сөз еткен қала құрылысының озық үлгілері қолмен қойғандай айқындалып, нақты дәлелмен анықталып жатыр. Мәселен, қаланың сумен жабдықтайтын құбыр жүйесі сақталған. Құбырлар дерлік қыштан жасалған екен. Тіпті кейбір қазба орындарын аршу барысында мұндай қыш құбырлармен ыстық су жүруі мүмкін деген де болжам айтылуда. Шығыс моншасы, түрік хамамы сияқты орындар да табылған. Қала ішінде коммуникация желісі де болғанына айғақ бар. Терең көмілген топырақ астынан шыққан қыш құбырлар ғимараттарға су жеткізу жүйесінің дамығанынан хабар берсе керек.
Мұнан бөлек, Жетісудағы Қойлық қалашығын осыдан 7 ғасыр бұрынғы ежелгі қала мәдениетінің үлгісі ретінде ғана емес, сауда-экономикалық қатынас нүктесі мен саяси, дінаралық диалог алаңы ретінде қарастыруымыз керек. Мәселен, сол тұста Жетісу алабында будда, христиан және ислам діндері өркениетінің қатар дамығанына дәлел жеткілікті. Аршылған топырақ астынан мешіт, шіркеу, храм қалдықтарын көзбен көруге болады. Бұл туралы Франция королі IX Людовиктің елшісі, саяхатшы Вильгельм де Рубруктің жазбаларында айтылады.
Алматы облысында қазба жұмысы жүріп жатқан тағы бір көне орын – Жаркент қаласы маңындағы Ілебалық қалашығы. Ұлы Жібек жолы бойындағы керуен сарайларының қызметін атқарып, сауда мен мәдениет ошағы болған шағын қалалардың дәл осы Іле өзені аңғарында ғасырлар бойы тіршілік еткені анық. Қазіргі Ақкент, Түргенкент, Басқұншы ауылдарының маңындағы обалардан жиі табылатын ежелгі дәуір жәдігерлері мен Қойбын шатқалы, Шолақсу жотасы аңғарындағы балбал тастар тарихи сырды бүгіп жатқандай. Осы маңның тұрғындары арагідік көне тиындар мен басқа да тұрмыстық заттарды тауып алып жүреді екен.
Тіпті Шоқан Уәлихановтың Қашқарға сапары барысында қазіргі Үшарал ауылының маңында көне қорымдарға арнайы барып, Ілебалық, Ақкент қалашықтары туралы жергілікті халықтан мәлімет жинағаны жайлы жазба деректері бар. Қазір осы Шоқан тәу еткен Ілебалық қорымында қазба жұмыстары жүріп жатыр.
– Ілебалық қорымы – ХІІІ ғасырға жататын ежелгі қаланың орны. Қазба барысында біз өте қызықты дерек таптық. Қазір табылған жәдігерді толықтай аршыдық. Сызбаны қалыпқа келтіру барысында бұл ежелгі моншаның орны деген тұжырымға келдік. Бір ғажабы, қазылған жерден жүздеген жыл бойы топырақ астында жатқан қыш құбырлар шықты. Олар бүлінбеген, зерттеу жұмыстарына жарамды. Біздің болжам бойынша бұл жерде ауқатты адамның жеке моншасы болғанға ұқсайды. Құрылыстың дәлдікпен есептеліп салынып, дерліктей сақталуына қарағанда әуелгіде өте ұқыптылықпен қаланған әрі су жүйесі де өте шеберлікпен жүргізілген. Тіпті жер астынан сарқынды су ағып кететін кәріз жүйесіне дейін сақталыпты, – дейді қазба жұмысына жетекшілік етіп жүрген археолог Әли Серәлиев.
Демек, бір ғана Жетісу өлкесіндегі 2 қазба жұмысының нәтижесінде осыдан он ғасырға жуық уақыт бұрын қолданыста болған өркениет белгісі, оның ішінде қала құрылысына қатысты қаншама сенсациялық деректер табылып отыр. Бұл біз жоғарыда сөз еткен отырықшылық мәдениетінің Ұлы Дала өркениетінің алдындағы борышы туралы дәйектерді растай түседі...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы