Тұрмыс сапасының артуы –даму кепілі
Бұл орайда Жолдаудан туындайтын міндеттер Жамбыл облысында жүзеге асырыла бастады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен осы мақсатта барлық сала бойынша бірқатар жоба қолға алынды.
Елбасы Жолдауындағы бірінші басымдыққа сәйкес, Жамбыл облысында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 101 мыңға жуық қызметкер үшін ең төменгі жалақыны 28 284 теңгеден 42 426 теңгеге дейін өсіру үшін облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстары қайта қаралатын болады. Осыған орай өңірдегі бизнес өкілдері де бұл шешімді қуаттау үшін еңбек өнімділігін арттыруды бастады. Екіншіден, Жолдауда бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қажеттілігіне басымдық берілген.
Бүгінде өңірде шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» қорымен бірлесе қаражат бөлу қағидасымен 2018 жылы облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, «Даму» қорынан 1 миллиард теңге қарастырылған. Ал ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1 миллиард теңге бөлініп, жалпы сома 5 миллиард теңгеге дейін жетті. Келесі жылы бұл қаржылардың көлемі барынша көбейетін болады.
Сонымен қатар бүгінгі таңда жылдық қуаттылығы 800 тонна болатын «Әулие-Ата Феникс» – «Құс шаруашылығындағы қайта өңдеуде жаңа автоматтандырылған технологиялық желіні енгізу» жобасы жүзеге асырылса, жыл соңына дейін 6 жоба іске қосылады. Іске асырылатын жобалардың ішінде экспортқа бағытталған «Казфосфаттың» аммофос өндірісінің көлемін көбейту жобасы да бар.
Жолдау барысында Елбасы шикізаттық емес секторға серпінді жобаларды іске асыру үшін шетел инвесторларымен бірлесіп, тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 87 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға артқан. Қазіргі таңда облыста шетел инвесторларының қатысуымен құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда.
Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімнің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті тұр. Бұл орайда жыл басынан 1,8 мың тонна ет экспортқа шығарылғанын айта кету керек. Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бірақ Асқар Мырзахметов сапалы, терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың саны аз екенін атап өтті. Енді олардың санын көбейту үшін үстіміздегі жылы жүзеге асатын 4 жоба өңірдің арнайы картасына енді. Бұдан бөлек, құны 8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық бастама қолдау тапты.
Білім бәсекесіндегі белсенділік
Президент әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындардың тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп, 5 жыл ішінде білім беру, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 7,4 пайызынан 10 пайызына дейін жеткізу туралы міндет қойды. Сонымен қатар, Елбасы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту әдісі мен жүйесі басқа мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екендігін баса айтты. Бұл жұмыс облыста тиісті деңгейде жүзеге асырылуда.
Өткен жылы өңірде 45 мектеп жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытса, биылғы оқу жылында 277 мектепте 4 пән ағылшын тілінде оқытыла бастады. Облыста Назарбаев Зияткерлік мектебінің озық тәжірибесі 7 мектепке енгізілген. Алдағы уақыттарда Назарбаев Зияткерлік мектебінің алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибесін барлық мектепке енгізу жұмыстары жүргізілетін болады.
Мәселен, 2018-2019 оқу жылында облыстың барлық мектебінде 1-ден 8-ге дейінгі сыныптарда оқушылардың өз әрекетін бақылау мен бағалай білуге, функционалдық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік беретін жүйе енгізілді. Бұған 2019-2020 жылдары қалған сыныптар көшетін болады.
Жаңа оқу жылында облыста 9 мектеп пайдалануға берілді. Үш ауысымда жұмыс істейтін 3 мектептің, апатты жағдайдағы – 3, орын тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешілді. Бүгінгі күні 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 1 үш ауысымды, 4 орын тапшылығы бар мектептің мәселесі шешілетін болады. Ал әлеуметтік саладағы нысандарды қажеттілігіне қарай салу бойынша өңірде қызу жұмыс басталып та кетті.
Бұдан бөлек, Елбасы тапсырмасына сәйкес балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер мен балабақшаларды 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамту шаралары қолға алынып отыр. Бүгінгі күні облыстағы білім мекемелерінің 90 пайызында бейнебақылау камералары орнатылған.
Мемлекет басшысы ұстаз беделін арттыру мәселесін ұдайы көтеріп келеді. Жолдауға сәйкес «Педагог мәртебесі туралы» заң дайындалуы тиіс. Биыл педагогтарға ұлттық біліктілік сынағы енгізілді. Аттестаттау нәтижесінде облыстың 2 мыңнан астам мұғалімінің лауазымдық жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемеақы биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап төленіп келеді. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейді. Мұның барлығы білім бәсекесіндегі қабілеттілікті арттыратыны сөзсіз.
Денсаулық – зор байлық
Елбасы Жолдауында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті екендігін және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді болуы тиіс екендігін атап өтті. Бұл ретте Жамбыл облысында 95 алғашқы медициналық көмек нысанын салу қажеттігі туындап отыр. Жыл соңына дейін мемлекет-жекешелік әріптестік шеңберінде 30 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, бюджет есебінен 9 нысан пайдалануға берілмек. Бюджет қаражатын үнемдеу негізінде 95 нысанның құрылысын жүргізу мерзімі 8-10 жылдан 3 жылға қысқарғанын айта кету керек. Нәтижесінде құрылысқа жұмсалатын 6,5 миллиард теңге мемлекет-жекешелік әріптестік аясында 2,3 миллиард теңгеге дейін қысқартылып, қаржы едәуір үнемделеді.
Ал Жолдаудағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру және ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көбейту бағытында емдеу ісін басқару бағдарламасы өңірдегі 20 емханаға жүктеліп, 180 маман оқытылды. Осы бағдарламаның жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтілетін болады.
Сонымен қатар облыс бойынша 11 медициналық ұйымға «Е – Kezek» электрондық кезекті енгізу үшін жергілікті бюджет есебінен 73 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда облыстағы 43 денсаулық сақтау мекемесінде 8686 медициналық қызметкер ақпараттық жүйелер бойынша жұмыс істейді. Ақпараттық жүйелерге 732 946 электрондық денсаулық паспорты енгізілген.
«Халықты тіркеу регистрі» ақпараттық жүйесіне тіркелгендер халық санының 65,9 пайызын құраса, 2019 жылдың 1 қаңтарына 100 пайызды құрайтын болады. Қатерлі ісіктердің аурушаңдығын, өлімін төмендету және онкологиялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында облыста онкологиялық диспансердің құрылысы жүргізілуде.
Спорт саласын дамыту басты назарда
Жолдауда бұқаралық спорт пен денешынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажеттілігі де кеңінен айтылды. Бүгінде облыс тұрғындарының жүйелі түрде денешынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін қолжетімді 1605 спорт нысаны анықталған. Олардың 517-сі Тараз қаласында, 1088-і аудандарда орналасқан. 2019 жылы орта мектептердің спорт залдарының тұрғындарға қолжетімділігін толығымен қамтамасыз ету жоспарланған.
Сонымен қатар саланы дамыту мақсатында 2019-2021 жылдары өңірде 30 спорт кешенін салу жоспарлануда. Оның ішінде, Тараз қаласында жеңіл атлетика мен гимнастикаға арналған манеждер құрылысы бар. Келесі жылға жалпы сомасы шамамен 4 миллиард теңгеге 11 жобаның құрылысын, 2020 жылға 2 930 миллион теңгеге 11 денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын және 2021 жылға 1 040 миллион теңгеге 8 денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Бұған қоса аулаларда, саябақтарда 29 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Олардың ішінде 14 әмбебап спорт алаңшасы, 6 шағын футбол алаңшасы және 8 стритворкаут алаңшасы бар.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы