Қазақстан • 08 Қараша, 2018

Өңіраралық ынтымақтастық форумы

608 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресей арасындағы Өңіраралық ынтымақ­тастықтың  ХV форумы  8-9 қараша күндері «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» деген тақырыпта өтіп, оған екі ел президенттері қатысады деп күтілуде. 

Өңіраралық ынтымақтастық  форумы

Былтыр Өңіраралық ынты­мақ­тас­тық форумы екі мемлекет басшылары­ның қатысуымен шекаралас аймақ­тағы Челябі қаласында өтіп, келесі жиын о­р­та­лығы Петропавл қаласы болып белгі­ленген еді. Оның өзіндік мәні бар. Солт­үстік Қазақ­стан – туризм әлеуеті өте зор өңірлердің бірі. Тарихи ескерт­кіштерге, кие­лі орындарға, табиғаты тамыл­жыған көрікті жерлерге бай. 

Соңғы жылдары ішкі, сырт­қы туризм жанданып, шетел­діктердің де назарын аудара бастады. Бұл бағыт­тағы атқа­рыл­ған кешенді шаралар­дың нәти­жесінде туристік кластердің тартым­дылығын арттыруға, инвестициялар тартуға үлкен мүмкіндіктер берілді. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жан­­дар­бек БАҚ өкілдерімен өткен брифингте алқалы бас­қосуға әзірлік барысы жайлы баяндап берді. 

Оның айтуынша, форум мемлекеттер арасындағы екіжақты іскерлік бай­ланыс­тардың тың жолдарын іздес­тіру­ге серпін береді. Халықаралық шараның шымылдығы жаңадан бой көтерген Теннис орталығында ашылады. Онда орналасатын туристік көрме әсе­рлі голлографиялық шоу түрін­де ұйым­дастырылып, қос ел тара­пынан экспонаттар, сондай-ақ турис­тік өнім­дермен қатар экологиялық, спорт­тық, емдік-сауық­тыру, тағы басқа туризм қызметтері ұсынылады. Елі­міздегі туристік әлеуеті жоғары, табиғаты шұрайлы өңірлер мен нысандар таныс­тырылады. Олардың қатарында респуб­ликалық маңызға ие Иман­тау-Шалқар курорттық ай­мағы, Қарасай мен Ағын­тай батыр­лардың мемориалдық кешені, Ботай қонысы бар.

Халықаралық «Маккензи» компаниясы Имантау-Шал­қар курорттық мекенін жаң­ғыртудың кешенді жоспарын әзірлеп қойыпты. «В2В» форматында қос тараптық кездесулер, үздік инвест-жобалардың таныстырылымы, губернаторлар мен әкімдердің қатысуымен ауқымды пленарлық отырыстар өтеді. 

Екінші күні форум шең­бе­рін­­­дегі іскерлік кездесу­лер Оқу­­шылар сарайында жал­­­­­ға­­­са­­ды. Қазақстан Рес­пуб­­­ли­­ка­сының Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Феде­ра­ция­сының Пре­зи­денті В.Пу­тинді ғимарат­тың бас ала­ңында 17 тілде сөй­лейтін «Тhespian» есімді драма­лық актер-робот қарсы алады. Ол екі тілде сәлемдесіп, шара­ның маңыз­дылығын тү­сін­діреді. Үлкен залға үлкен бей­не­қабырға мен екі LED-экран қойылады. IT-кабинеттері заманауи техникалармен жабдықталған. Мемлекет басшыларының қатысуымен туризмді дамытудың ішкі-сыртқы мүмкін­діктері, алдағы бағыттары талқыланып, бірқатар маңызды шешім қабылданады. Министрліктер, ведомстволар, туристік компаниялар тәжіри­белерімен алмасып, әріптестікті одан әрі дамытуға арналған мемо­рандумдарға қол қояды. 

Дәурен Жандарбекұлы шаһар бір мыңға жуық форум меймандарын қазақ­­стан­дықтарға тән қонақжай­лы­лық­пен қарсы алуға сақадай-сай екенін жеткізді. Көшелер абаттандырылып, «Жас өркен» шағын ауданы, бірегей мәдени, спорт ғимараттары бой көтерді. Олардың ішінде әмбе­бап теннис корты мен IT-орта­лық қоныстанған Оқушылар сарайы ең айтулысы саналады. Соңғысын толыққанды жаб­дықтау үшін 2 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Жиырмаға жуық мейрамхана мен қонақүй ағымдық және күрделі жөн­деу­ден өтті. Тасжолдарды қалпына кел­тіруге 4 миллиард теңге жұм­салды. Екі демалыс кешені салынды. Театрлармен, музейлерде мәдени бағдарламалар тамашаланады.

«Алдағы шараның негізгі мақсаты – туристік саладағы өзара іс-қимылды кеңейту, оның ішінде іскер топтар мен мем­­лекеттік құрылымдар ар­асын­дағы кооперациялық бай­ла­ныс­тарды тереңдету арқы­лы туризмнің түрлерін өркен­дету, туристік индустрияға инвес­тициялардың құйылуын ынталандыру», деді Д.Жандарбек сөзінің соңында.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы