24 Ақпан, 2010

ӘКЕ МЕН БАЛА

1286 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Әр адам ата-анасын қадір тұтады. Әке-шешеңді көзі тірісінде құрметтей білгенге не жетсін! Біздің қызметтес жолдасымыз Жі­гер де өзінің әке-шешесіне қолынан келгенше қам­қор­лық жасап жүрген жанның бірі. Әкесі Тумырза Қо­зы­кеұлы 1930 жылы Ресейдегі Челябі облысы, Варна ауданында туған. Ата-анасы ерте қайтыс болып, же­тімдіктің ащы дәмін татқан. Жастайынан Челябі, Маг­нитогор зауыттарында еңбек еткен. Краснояр өлкесінде Отан алдындағы борышын өтеген соң, қазақ жолдастарымен бірге Алматы қаласын тамашалауға келген. Кейін осы өңірде үйленіп, тұрақтап қалған. Новосібір байланыс институтын бітірген соң, Жетісу өңірінде телефон, пошта қызметіндегі байланыс торабы саласында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагері. Анасы Күлпаш Керімқұлқызы Алматы облысының Дегерес ауылында туып-өскен. Қазір бұл әулет Алматы қаласында тұрады. Жігер сол қала іргесіндегі Ақсеңгірде туған. Бір жолы Жігердің әкесі бір басылымды оқып отырып: “Мә, оқы мына газетті”, деп оның қолына беріпті. Ол Жігердің екінші сыныпта оқып жүрген кезі. Журналистика жолына түсуге сол оқиға әсер етіпті. Сол кезден бастап газет-журналдарға, ондағы шыққан мақалаларға ынтасы ояна бастаған екен. Еңбекке ерте араласып, 14 жасынан бастап поштада шабарман қызметін атқарған. Сабақтан кейін әр үйге жеделхаттарды жеткізіп, үлкен адамдардың баталарын алған. Айына 20-30 сом табыс тауып, анасының қолына әкеліп беретін болған. Сол тұста қызықты газет-журналдарды пошта тасушылардан сұрап алып, оқуды әдетке айналдырған. 14 жасында өз мектебі туралы жазған шағын мақаласы “Ленинская смена” газетінде жарық көреді. Кейін Жігер ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскенде, әкесі әріп­тестеріне: “Балам осындай бір оқуға түсті, кім болып шығады?” деп сұрапты. Сонда қызметтес адам: “Журналист дегенің бай да болмайды, кедей де болмайды. Әйтеуір өз нанын дұрыс тауып жеп жүретін адам болып шығады”, – деп жауап берген екен. Айтқандай-ақ, Жігер орыс тілінде шебер жаза білетін журналист. Ол оқу бітірісімен Алматы облысы, Іле аудандық газетіне тілші болған. Келе-келе газетке басшылық жасады. Қазақ ақпарат агенттігінің Алматы облысы бойынша тілшісі болды. Жиырма жылдан астам уақыттан бері Парламент аппаратында қызмет атқарып келеді. Соңғы жылдары әкесі сусамыр дертіне ұшырап, көп қиындық көрді. Әне бір жылы төсек тартып жатып қалды. 2005 жылы бір аяғын кестіріп, мүгедектер арбасына отыруға тура келді. Егер аяғын кеспесе, дерт жоғары өрлеп, жүрекке шауып, өмірін қиып тынады екен. Әкесі бастапқыдағы қиындықтарға төзе білді. Уақыт өте келе арбамен жүруге де әбден дағдыланып алды. 2008 жылы Астана күні мерекесіне арнайы келіп, сәулетті жаңа елорданы өз көзімен көріп кетті. Аз уақыттың ішінде осындай ғажайып қалаға айналған Астанаға таң-тамаша қалды. Бір жолы жазда Жігер еңбек демалысын алып, Алматыға барғанда, әкесінен қайда барғысы келетінін сұраған екен. “Тауға алып шықшы”, – депті. Содан Жігер автокөлікке отырғызып алып, Медеу мен Шымбұлақ жаққа алып барады. Алматыны жоғарыдан көріп, жас кезі еске түскен шығар, әкесі көзіне жас алып: “Мен енді тауды ешқашан көрмейтін шығармын деп ойлап едім”, – деген екен. “Тағы қайда барғың келеді?” – деген ұлының сұрағына “Зообаққа алып баршы”, – депті. Алматы зообағының кіреберісіндегі баспалдақтарда мүгедектер арбасына арналған жол жоқ. Жігер әкесін арқалап шығарыпты. Ал арбаны жиені Қуандық көтеріп алып жүрген. Әкесі аң-құстарды, табиғатты жаны сүйетін болуы керек, зообақты аралай келіп, ұлы Жігерге: “Өмір деген осы екен-ау. Кішкентай кезіңде сені қолыма көтеріп осында алып келуші едім. Енді сен мені арқалап алып келіп тұрсың”, – депті тебірене сөйлеп. Міне, осындай оқиғаларды жаза келіп, қадірлей білсек, арбада отырып: “Мүгедек болып қалдым-ау”, – деп қамығатын қарияның да көңілі көлдей болатынына көзіміз жеткендей. Айбатыр СЕЙТАҚ, Астана. “ТЕНДЕР” МЕ, “ЖЕҢДЕР” МЕ? Адамзаттың зерттеліп бол­маған тұстары көп. Солардың бірі еш тыйым салынбайтын, тоқтау қойылмайтын бір құ­былыс бар. Ол – ой еркіндігі, ойлау шексіздігі. Ой мен ой­лаудың өрісінде, шындығында, қисап жоқ. Ең жүйрік дейтін шіркіндеріңіз де ой шапшаңдығына ілесе алмайды. Сол ойлар бізді де мазалай беретін әдет тапты. Әсіресе, оңаша қалғаныңда тым меңдеп алады. Сонымен... “Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды”. Ел арасында гулеген сөзге құлақ салсаңыз, ба­лабақша, мектеп, арнаулы кәсіби және жоғары оқу орындарының басшылары, олардың маңында жүрген жандайшаптары әбден парақор болып алған. Балабақшаға бала берер болсаңыз белгілі мөлшерде ақша дайындаңыз. Балаңыз тәуір мектепке барғысы келеді екен... ақшаңыз болсын. Колледж, жоғары оқу орнына студент болу арманы о да ақшасыз орын­дал­майды. Анығы – балаңыздың оқу орны биіктеген сайын төлейтін қаржы мөлшері де өсе беретін көрінеді. Не деген сұмдық бұл? Қыл­­мыс үстінде ұсталған бірен-сараны бол­маса, басқалары “мен – ақпын”, “мен – адалмын” дейді. Қыл­мыс­тарының жымын білдірмеуге әбден машық­танып алған. Ел де, Елбасы да мұн­дай­лармен күресудей кү­ресіп-ақ жатыр. Бірақ тыйылар түрі жоқ. * * * Бір институттың жаны­нан өте бергенде тойға жиналғандай самсаған көп көлікке көзім түсті. Таң қалдым. Үлкен жиын өтіп жатқан болар деп ішке ендім. Бірақ ешқандай жиын жоқ екен. Ректорына жолығайын деп ем, есігі жабық. Таныс про­рек­тор кездесіп қалды. Сәлем­де­сіп, жөн сұрастым. Кабинетіне шақырды. – Сіздер алатын ақшаның “күші” қалай осы? – дедім. – Ойыңызды түсіндім, – деп күлді ол. Сыртқа шықтық. Ол сам­саған жеңіл көліктерге бір қарап, тағы да жымиып күлді. Мен де оны түсіндім. * * * Мемлекеттің қыруар қар­жысын қалтаға басып, шетел асып кететіндер көбейіп барады. Кө­бісінің аты-жөндерін ел де біліп отыр. Сонда азуларын айға білеген ор­ган­дарымыз қайда қарап отыр? Халық аң-таң. * * * Елдің еңсегей бойлы азамат­тарын тәрбиелеу үшін спорт­­тың орны бө­лек. Мұны мойындамау мүмкін емес. Бірақ, соның уағызы, наси­хаты жеткіліксіз. Үкімет осы­ны түзеу керек. Мұның басты бір шарасы – теледидардан тек спортқа ғана арналған арна ашу қажет. Ол спорттың тарихы мен бүгінгі жетіс­тіктерін, ертеңгі болашағы­ның жайын күндіз-түні ай­тумен болсын. Барлық спорт түр­лерінен тікелей немесе алдын-ала жазылып алынған жарыстар тұрақты түрде беріліп тұрса. Мы­салы, көрші Ресей елінде бір емес, он­шақты спорт арна­лары күн­діз-түні жұмыс істеп жа­тады. Керемет! Жаның сүйсінеді. Бұл ел спортының бұқа­ралығын арттырудың, спорт­тық табыстарға жетудің үлкен шарасына айналар еді. * * * Осыдан біраз жылдар бұрын бір газет азулы ақын Қасым Аман­жоловтың, енді бірде Иса Байзақовтың тіршіліктегі пен­де­ліктерін еске алды. Сәбең мен Ғабеңді де түйреңкіреп кетті. Бекер-ақ. “Бақилық болғандардың жаманы жоқ, ті­рілердің қаңқу сөзден аманы жоқ”, демеуші ме еді халқымыз. Әруаққа айналған азаматтарымызды маза­ламайықшы. * * * Соңғы кездерде ел ара­сында “тендер” сөзінің “жең­дер” деген баламасы тарап ке­тіпті. Оның мәнісі бар. Мол ақша қарастырылатын тен­дер­ді материалдық-тех­никалық мүмкіндігі барлар емес, оң-солына ықпалы күшті ептілер немесе биліктің белгілі бір биігінде отырған сыбайлас жемқорлармен дәмдес-тұздас жоғарыдағы басшылардың тілін тапқыш “мырзалар” жеңіп алатын болды. Оның “10”, “15” пай­ыз деген “шәп­кесі” болады екен. Міне, былық-шылық, қыл­мыс дегенді ендігі жерде осы төңіректен іздегендер адаспайды. Оймен алыс­қанда не істерсің, “іш қазандай қай­найды, күресерге дәрмен жоқ” дейсің де қоясың. Баттал ЖАҢАБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысының құрметті азаматы. Жамбыл облысы.