Кеңеске қатысқан облыс әкімі Е.Қошанов, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова сөз сөйледі. Сондай-ақ семинар-кеңеске Астана қаласы әкімінің, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің әлеуметтік әріптестікке жауапты орынбасарлары, «Атамекен» ҰКП, Кәсіподақтар федерациясының, 100-ге тарта ірі отандық кәсіпорындардың басшылары да келді.
Кеңесте өндірістік кешенде жұмыс істеп жатқан қазақстандық компаниялардың әлеуметтік-еңбек саясатына жаңа қадамдар әзірлеудің маңызы аталды. «Өндірістік сектордағы еңбек өнімділігінің өсімі жұмыс күшінің біліктілігі мен жағдайының жақсаруымен анықталатын факторларға байланысты», дей келіп, А.Мамин осы орайда «бұл ең алдымен Мемлекет басшысы Жолдауда атап кеткен негізгі элемент – адами капиталдың жиынтығы, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы» дегенді ерекше айтты.
Мемлекет басшысының Жолдауы шеңберінде 2019 жылдың қаңтарынан ең төменгі айлық жалақы 1,5 есеге өседі. ERG, «Қазмырыш» ЖШС, «Казминералз», «Арселор Миттал Теміртау» сияқты компаниялар және өзгелері де өз жұмысшыларының жалақысын көтеру ниетінде.
Бірінші вице-премьер атап кеткендей, Үкімет тарапынан еңбек дауларының алдын алу сапасын арттыру жөніндегі шаралар қабылдануда. Жұмысшылар, жұмыс берушілер және мемлекет арасындағы үнқатысудың қолжетімділігі мен сапасын түбегейлі арттыру жөніндегі шаралар қарастырылып жатыр. «Жұмысшылардың еңбегін дер кезінде төлеу мен құқының сақталуы күшейтілетін болады», деді А.Мамин осы орайда.
ТМК ірі компания жетекшілері кеңес барысында «әлеуметтік жауапкершілікті бизнесте нәтижеге жетудің ең басты тәсілі, барлық басымдықтардың ядросы деп санайды» дегенді баса айтып өтті. «Біздің кәсіпорындардың әлеуметтік бағыты сан қырлы және адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған», деді «Қазмырыш» ЖШС тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.
Өңірлерде көшелі кәсіпорындар балалар бақшаларын, медициналық мекемелерді күрделі жөндеуден өткізу, спорт нысандарын салу, оларды заманауи да дәлдігі жоғары құрал-жабдықтармен қамту сияқты әлеуметтік жобаларды белсенді жүзеге асыруда. Балалар үйіне, көпбалалы отбасыларға, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсетіліп келеді.
Сонымен қатар өмірдің барлық саласындағы цифрландыру мен жаңа технологиялардың қарқынды дамуы еңбек нарығы мен жұмыспен қамтуға тікелей ықпал етуде. Осыған байланысты экономиканың жаңа қажеттіліктеріне еңбек ресурстарының бейімделу механизмдері енгізіледі. Еңбек ресурстары ағынын басқару жөніндегі шаралар әзірленуде.
А.Мамин «Бұл мақсаттарға жету үшін Үкімет Республикалық кәсіподақтар бірлестігімен, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлесе 2018-2020 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік жөніндегі басты келісім әзірледі», деді. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың кәсіпорындармен шамамен 700-ге тарта компания жұмысшыларын қамтитын жол картасы жасалды. Қысқартуға түскен жұмысшыларды қайта даярлауға және олардың әрі қарай жұмысқа тұрып кетуіне бірлесе инвестиция салу қарастырылып отыр.
Жиын барысында қатысушылар жұмысшылармен ұжымдық-келісімдік қатынасқа кәсіподақтардың қатысуы, корпоративті әлеуметтік жауапкершілікті дамыту мәселелеріне, еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі шараларға назар аударды. Сондай-ақ кен-металлургия саласында салалық комиссиялар жұмысы, ERG, «Қазақмыс» ЖШС, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазмырыш» ЖШС әлеуметтік жауапкершілігі тәжірибесі, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі қабылдап жатқан шаралары қаралды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ