Үш ғасырға сапарға шақырған Әбекеңнің кітаптарын қызыға оқыдым.
Көз алдымнан қазақ даласының жан жабықтырар трагедиясы өтіп жатты.
Сұраусыз қалған қанды оқиғалар желісі жүректе беріш болып қатып қалған кек пен намысты тағы бір түртіп оятып кеткендей.
Назалы жүрек тынши алмай, өткеннің көмескі елестері әуре-сарсаңға салды.
«Талауға түскен қазақ халқының тағдыры азаға толы-ау», деп күрсіндім.
Бірақ ол жанға жұбаныш бола алмайтыны белгілі еді.
Ноғайсібірде Сібір жазушыларының съезі өткен күннің кешінде, оңаша қалған сәтімізде орыстың ХХ ғасырдағы ең көрнекті, шыншыл жазушыларының бірі Виктор Астафьев әдебиет жөнінде айтып отырған әңгімесін күрт үзіп: «Осы мен соңғы кезде тым жиі ойлайтын болып жүрмін. Соғысты... Соғыстан соңғы жылдарды... Байқалды. Сендердің елдеріңдегі тың жерлерді игеруді, кешегі БАМ-ды... – сәл бөгеліп барып – Мен қартайған болсам керек. Ертеде өліп кеткен анам түсіме жиі кіреді. Мені шақырады, білем... Соғыс туралы біз көп жаздық. Оның ішінде жақсысы да, жаманы да жетерлік. Тіптен соғыс туралы соғысқа бармағандар да жазды. Жазғышқа не қылмақсың? Жазушы ретінде Отан соғысын, сол соғыста қанға бөккен кеңес солдатының шын бейнесін толық ашып бере алмадық-ау деп қиналамын. Соғысты біз өлген солдаттардың санымен жеңдік. Сол майдан даласында көрген қырғын да қайта-қайта ойға орала береді», деп ойланып отырып қалып еді.
Әбжаппар Жылқышиев − Берлиннің тас көшелеріне батыл табан тіреген ер жауынгер. Ол кісінің кітаптары да Кеңес Одағы солдатының рухы қонған кітаптар. Сол кітаптардың қай бетін ашып оқысаң да шиеленіскен адам тағдырына тап боласың. Жазушы барынша шындықты жазуға жанын салады.
Ол алғашқы кітабы «Айтолқында» анық аңғарылады. Тұңғыш шағын кітапқа енген әр әңгіме өмірді танып-білген, көргені көп, айтары мол жазушының әдебиет аясына ұзаққа келгенін ашық танытқан.
«Айтолқын» таза махаббатқа толы, мөлдір, шынайы әңгіме. Өмірдің өзінен суырып алып, кітап бетіне еркін қоя бергендей. Кітапқа енген жеті әңгіменің жетеуі де өмір көріністері. Шұрайлы тіл, ұстамды стиль, адам тағдырын өз қалпында көрсетуге ұмтылған суреткерлік қазақ әдебиетіне жаңа есімнің келгенін аян еткен. Әбекеңе ешнәрсені ойдан шығарып керегі жоқ еді, өйткені ол кісінің, өмір сүрлеуі талай қомақты қалың кітаптарға сюжет болуға әбден жетерлік болатын.
Әбекең әдебиетке кеш келді. Алғашқы кітабы елу алты жасқа толғанында ғана жарық көрген.
Әдебиетке кеш келгенімен әдебиет пен өнер киесі Әбекеңнің бойына тумысынан дарыған. Сол асыл киені ардақтай білген.
Сол киені көзінің қарашығындай көріп жанына да, жадына да берік сақтаған. Бұл асқан ерлік еді. Әбекеңдей арлы, жігерлі, мойымас тұлғаға ғана тән қасиет болатын.
Әдебиетке келген адам сый дәметпейді. Жазушы үшін сый дәмету − әбестік. Әдебиетке келген адам өзін қоршаған орта − табиғаттың, жеке адамдардың, қоғамның барлық ауыртпашылығын жүрегі мен жанынан өткізуі керек. Жазушы билік жағында емес, адам жағында. Өйткені жазушы адам жанын зерттейді, адам жанының көзге көрінбейтін тылсым сезімдерін қалт жібермей бағып отырады, адамды адам қылып суреттеу үшін жазушы осы өмірде өз басын бәйгеге тігеді.
Сабырлы, сабаз қалпынан бір танбаған Әбекең дарынды адам. Маған Әбекеңнің атақ-даңқ қумаған тума дарын болғаны ыстық, жаныма жақын.
«Жаныңды, арыңды салып атақ-даңқ қума, атақ-даңқ сені өзі іздеп тапсын. Сонда ғана ол саған абырой болады», дейді Шығыс даналығы. Ерін сыйламаған елдің ұлы болған соң бұл ойды ерекше нықтап айтпақпын.
Әбжаппар Жылқышиев − өмірдегі өз бағасын жақсы білген адам. Сонан да ол кісінің бойында даңғазалық, өркөкіректік атымен жоқ. Қарапайым да шынайы. Бойында ешқандай жасандылықтың да ізі жоқ. Бұл асыл қасиеттері ол кісінің прозасына да тән.
Әбекең бұл дүниенің опасыздығын да жете таныған. Еш уақытта сейілмейтін қалың тұмандай болған адам бойындағы надандыққа қарсы суреткер ретінде сөз қозғады. Қимыл-әрекет жасады. Жауыздық, іштарлық, пасықтық, жершілдік, рушылдық сияқты тайпалық сана-сезімге жүрегінің бар қуатымен қарсы тұрды.
Адамның терең ұйқыда жатқан рухын оятпайынша адамның толық адам болуы екіталай. Өйткені адамның дүниелік құндылықтарға деген құштарлығы өте күшті. Жазушы үні, жазушы дауысы адам бойындағы жақсылықты оятуға, адамның жаны мен жүрегіне есті сәуле құюға бағытталған қуатты құрал. Дәл бүгінгі күнде қазақ елінде жазушы еңбегін бағалаудағы көзқарас өзгертілуі тиіс. Қазақ рухын көтеретін тек қана қазақтың ақын-жазушылары. Көркем сөз өнерінен асатын күш жоқ. Жазу-сызу, кітап болмаған замандарда да қазақ сөзді қару еткен, дұшпанын сөзбен тоқтатқан халық.
Сөз қуаты біздің қанымызда. Бүгінгі билік басындағылар осы жайды терең сезініп, тың көзқараспен қараулары керек-ақ.
«Бар өнері – еліктеушілік өнеріне айналған ел сорлы», − деген дана сөз бар. Біздің эстрада, кино, театр, суретшілік өнерімізде Батыс мәдениетіне еліктеушілік тым басым. Әдебиетте де сол қауіпті тенденция бар. Осы күнде өздігімізден іздеп-тапқан ешнәрсеміз жоқ, тек біреудің істегенін қайталаумен әлекпіз. Ол жайында бас ауыртып, ойланып жатқанымыз да шамалы.
Ақиқатшыл көркем сөз шебері халқын нұр мен жарыққа тартады. Әбекеңнің повестеріндегі осындай соны ұмтылыстар адамды өміршеңдікке шақырады. Қыран құсты баптағанындай, Әбекең оқырмандарын текті сөзбен, тілеулес жайсаң көңілмен, өмірге деген, туған топыраққа деген шексіз махаббат сезімімен қанаттандырады. Егер Әбекең жас күнінен тек әдебиетпен қана айналысқан болса, бүгін біз қазақ әдебиетінің алыбына кездескен болар едік деп ойлаймын.
Жазушының ең үлкен мақсаты − артына сөз қалдыру. Халқына есті сөз бағыштау. «Мен де бұл өмірде қонақ болғанмын. Тындырған ісім мыналар», деп тиянақтап айтып кету аманаты бар. Өзінің жүрегімен, пендешілік тірлікпен арпалысқа түскен жазушының тағдыры − қиямет десе болады.
Жазушының тірлігі − есек тірлік қой.
Егер маған Алла Тағала тағы да бір өмір берер болса, ол өмірімде тағы да жазушылықты тағдыр етіп бұйыртқан болса, мен екеуінен де бас тартқан болар едім. Әрине, егер ондай таңдау менің еркімде болса...
«Мен көрдім дүние деген иттің көтін» деп зарлаған Абай бабамның сөзі ойға оралады. Бұл тірлікте түбегейлі бостандықтың жоқтығы да жанды қинайды. Өмір болған соң оның өкініші де қатар жүреді. Сол өкініш көңілден де, ойдан да кетпейді. Бұл да өз-өзіне қатал қарайтын, адал адамдардың жанкештілігінен туатын жай.
Шыңғыс Айтматовпен асыл ағамыз дүниеден өтер алдында кездескем. Ойға алған жоспарлары көп, сексен жылдығын өткізуге дайындалып жүр еді.
Кеңес Одағы кезінде Шыңғыс Айтматовтан асқан жазушы болған жоқ. Хас жазушының адамгершілігі, адамға деген көңіл жылылығы ерекше еді. Сол кездесуде айтқан бір сөзі есімде қалыпты. «Таяу күндерде Германияға жүремін. Соңғы жылдары ойымнан кетпейтін, тіпті, кейде қажытатын тынымсыз бір сұрақ бар. Ол: «туған елдің қасіретін тура, толық жазып жеткізе алдық па, жоқ па?» деген сауал. Мені осы ой қинайды...», − деді.
Осы біз дәл Виктор Астафьев немесе Шыңғыс Айтматов сияқты жазушы ретінде жазғандарымызға асқан жауапкершілікпен қарап, қиналдық ба?..
Қарап отырсаң үлкен адамдардың махаббаты да, қайғысы да үлкен-ау!..
Әбекең секілді мәрт қазақ жер бетіндегі өз миссиясын адал, әділ орындап өтті. Әбекеңмен кездесу маған бұйырмапты. Бірақ, кітаптарымен оңаша сырласуым жазушының көзін көрмесем де, өзін көргендей әсер қалдырды.
Тағдыр маған осы сыйын қиыпты, Әбекеңнің әдеби қаһармандарымен жүздесуім ой толғаған автордың өзімен еркін отырып сырласқанмен тең болды-ау деп ойлаймын.
Әбекең мен Шырынкүл шешейдің арасындағы асыл сезім жарты ғасырдан соң да жарығы сөнбей, ерекше сыйласымды, берекелі бірлікке айналып кете барғанына сүйсінесіз.
Бұл да жеке адамдардың тағдыры. Қазақ халқының басына түскен зобалаң кезінде де ғарыштық, адамгершілікке толы ыстық махаббат сезімін аялап, кіршіксіз алып өту әркімнің қолынан келе бермеген. Бұл − өткен ұрпақтан қалған тазалық, адалдық тағлымы.
Біздің заманымызда қоғам алдында отбасын сақтау сияқты күрделі мәселе тұр. Бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін, оның шешімінің қаншалықты қиын екенін, оның себебі – ұлттық салт-дәстүрімізден айырыла бастауымыз екенін біз әлі де жетік түсінбей келеміз.
Төзімділік, беріктік, жанкештілік, кешірімділік, кеңдік сияқты халқымызға тән мінез-құлықтың құндылығын бағалап, оны жазу енді жастардың еншісінде.
Оқшау тұрған Сұлутөр шоқысы қандай сұлу болса, Әбекеңнің жан сарайы да сондай сұлу. Төсінен тепсініп көз шығып, бұлақтары сайрап жататын жер жаннаты да Сұлутөр екен. Әбекең дүниеден өткен соң Шырынкүл шешейдің туған жері Сұлутөрмен сырласуы, көңіл бөлісуі қандай тартымды, қандай тылсым сезімге толы. Бір пірі Әбекең кеткенімен, Сұлутөрі мәңгі қос ғашықтың киелі бесігіндей сағым құшағында тербеліп тұрғаны Шырынкүл шешейдің жан дүниесіне қуаныш, жүрегіне сенім ұялатқан.
Сұлутөр қазақтың киелі мекені екеніне Әбекең бізді сендірді. Оған өзі де сенген. Сұлутөрін жанындай жақсы көрген. Сонан да Сұлутөр туралы сөз қозғаса өзі де тебіренеді, бізді де тебірентеді.
Туған жердің киесі дарыған Әбжаппар Жылқышиев жан бақпаған, ар баққан бабамызға айналған. Қасиетті Сұлутөрдің, бүтін Оңтүстік өлкесінің сыры мен сымбатын кітаптарына сыйдырып бағыпты.
Ерен еңбек! Әлі жарық көрмеген, сарапталмаған қолжазбалары қаншама!
Алла қаласа, сол туындылары да жарық көрер. Біздікі жазушының құнды еңбектері оқырманға жетсе деген тілеу ғана.
Қаламының ұшы шындық пен бостандыққа суарылған жазушы азбайтын әдеби туындыларын дүниеге әкелді.
Біз ендігі тұста Әбжаппар Жылқышиевтің уақыт пен кеңістік аясында қазақтың асыл ұлдарының біріне айналып кетіп бара жатқанының куәгеріміз.
Әбекең Сұлутөрінен айырылған.
Сұлутөр Әбекеңнен айырылған.
Адам мен табиғаттың осынша мейірлі махаббатына, берік достығына, айнымас туыстығына куә болған –
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ