Конференциядан бір күн бұрын Кеңес Одағының Батыры, академик, педагог, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің Көкшетаудағы музейінде «Мәлік Ғабдуллин – қазақтың Оқжетпесі» атты альбом-кітаптың тұсаукесері өткізілді.
Тұсаукесер рәсімінде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин құттықтау сөз сөйлеп, «Мәлік Ғабдуллин – қазақтың Оқжетпесі» атты альбом-кітапты Батыр атындағы музейге табыс етті. Одан әрі «Алтын кітап» баспа үйінің директоры Вячеслав Титенов, қоғам қайраткері, жазушы-драматург, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев және музей директоры Құдайберлі Мырзабек сөз сөйлеп, бұл шараның Мәлік Ғабдуллиннің есімін ел есінде сақтау бағытында жасалған игі қадам екендігін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Осынау айтулы еңбекте батырдың өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметі және М.Ғабдуллин музейінің экспозициялық залдары туралы толық мағлұмат берілген. Альбом-кітап Алматы қаласындағы «Алтын кітап» баспасынан 1000 данамен жарық көрді.
Келесі күні конференцияға қатысушылар батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының беделді қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері мен студенттері қатысты. Институт басшысы, техника ғылымдарының докторы Сырым Шәріпханов конференцияны ашып, жүргізіп отырды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғалымдары Қаржаубай Сартқожа мен Жамбыл Артықбаев ерлік үлгісімен, сол ерлікті жасаған қайтпас қайсар ерлер туралы тұщымды баяндамалар жасады.
Конференцияның екінші жартысында секциялық отырыстар өткізілді. Жұмыс қорытындысы бойынша шешім қабылданып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Бұл бір ерлікке үндейтін, ел халқын жаңа қазақстандық патриотизмге баулитын өнегесі мол шара болды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы