Аймақтар • 21 Қараша, 2018

Тараздықтар халық қаһар­маны Ғазиз Байтасовты еске алды

1307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан жеті жыл бұрын қарашаның қара суығында Жамбыл жұртшылығын ғана емес, бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген оқиға орын алған болатын. Тараз көшелерінде бейбіт тұрғындардың тыныштығын бұзып, оқ атқан лаңкесті құрықтау кезінде жергілікті полиция қызметкерлері ерлікпен қаза тапты. Бүгінде бейбіт күннің батырларын жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету дәстүрге айналған. Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов, Жақсыбек Байсейітов сияқты азаматтардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Тараздықтар халық қаһар­маны Ғазиз Байтасовты еске алды

Қала орталығындағы «Желтоқсан» скверінің маңындағы Халық Қаһар­маны Ғазиз Байтасовтың бюсті маң­ы­на Жамбыл облыстық полиция деп­ар­та­­мен­тінің қызметкерлері және ба­тыр­дың туыстары жиналып, еске алу шарасын өткізді. Жиында департамент бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев сөз алып, ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын, сын сағат­та қаза тапқан азаматтардың есімі әрдайым халық жадында екенін айт­ты. «Біз тәуелсіз Отанымызға адал қыз­мет еткен ержүрек жігіттерімізді жо­ғалттық. Лаңкес қолынан қаза тапқан жамбылдық полицейлер Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов, Жақсыбек Байсейітов қиын сәтте халық мүддесін бәрінен жоғары қоятын нағыз батыл, отансүйгіш азаматтар еді. Олардың ерлігі – Отан алдындағы қызмет ету­дің на­ғыз үлгісі», деді ол. 

Сонымен қатар Халық Қаһар­манын еске алу шарасында облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың жас­өспірімдерден құ­ралған «Полиция ака­демиясының» мүшелері ант қабыл­да­ды. Өз кезегінде полиция капитаны Ғаз­из Байтасовтың жары Гүлмира Тәжиева «Әрдайым Ғазизды елі ұмыт­пай еске алып, ерлігіне тағзым етуде. Ұл­дары өсіп келе жатыр. Үлкен ұлы әке жол­ын жалғастырып, жоғары оқу ор­нында заң факультетінде оқып жүр. Бола­шағымыз қашанда жарқын болсын», дей келе батыр ұлдың рухына тағ­зым еткен көпшілікке алғысын білдірді.

Қапияда қаза тапқан бейбіт күннің батырлары рухына арнап Арман Ор­а­за­­ли­ев бас­таған жамбылдық полицейлер Ғазиз Байтасовтың бюстіне гүл шоқ­тарын қойды. Ерлік елдікпен бірге мәңгі жасай беретінін еске салды.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы