Өнер • 23 Қараша, 2018

Сөз сойыл №71

510 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №71

Бірде...

Бақытжан Момышұлы  денсаулығына бола сапарға сирек шыға­тын. Сондықтан екеуміз үшін көбінесе сыртқа мен баратынмын. Сондай бір кезекті жолсапардан келсем үйде бір өзі жұмыс істеп отыр екен. Аман-есендіктен соң Бәкеңе қарап:

 – Маған бір тиімді жақсы ой келіп тұр. Бала мен келіннің жұмыстары бар, балалары бар, бізсіз де отау үйдің тірліктері жеткілікті. Мен болсам шақырған жерге шаңырақтың атынан сен үшін де кетіп қаламын. Сондықтан екеуара бір тоқал алайық. Мен жоқта балаларға алаңдамай-ақ жағдайыңды жасайтын бір шүйкебас саған да керек, маған да керек, – дедім.

 Сонда Бәкең:

 – Айналайын рақмет! Бір бәледен құтыла алмай жүргенде екіншісін қайтем? – дегені.

 ***

Бақытжан мен досы Тельман әңгімелесіп отырып, сөзден сөз шығып Тельман досына қарап:

 – Жас кезімізде «жұмыс-жұмыс» деп шапқы­ладық, балаларды ержеткіздік. Енді қарап тұрсам адам есейген сайын, егде тартқан сайын қасыңдағы жарыңның қадірін терең түсінеді екенсің. Балаларым жақсы, қамқорлық жасайды, сыйлайды. Бірақ Мейіржанның орны ерекше, соның жанымда болғанына Құдайға тәубе, – деді.

 – Тәкетай, мен саған толық қосыламын, – деп Бәкең әңгімені жалғастырып әкетті. – Марқұм апам, Зейнептің анасын айтам, сол кісі: «Адам ешқашан тәубесін ұмытпауы керек. Мысалы, қолың шығып кетсе тәубе – сынып қалуы мүмкін еді де, қолың сынып қалса тәубе – өліп қалуым мүмкін еді де», –дейтін. Мен жас кезімде «Зейнептен қалай құтылсам екен» деп ойлайтынмын. Қазір «Тәубе! Бұдан өткен заржақ біреу кездессе қайтер едім» деп, бұрынғы райымнан қайтып, шүкіршілік етіп жүрмін, – деді.

 ***

Менің ортаншы ағайым Талғат, әкемнің сөзімен айтсам «ішегінің иірі жоқ» өте ақкөңіл, бала мінезді, аңқылдаған ақжарқын адам болатын. Бақытжанмен жастары қатар болғандықтан ба, күйеу баласы­­мен әзілдесе беретін. Бір жолы оқыстан:

 – Әй, Бақыт, сен бізге күйеу бала болғалы бері қаншама жылдар өтті. Осы маған не жақсылық жасадың? – деді әдеттегідей салдырлай сөйлеп.

 – Ой, Тәке-ай, қарындасыңызға үйлендім ғой, – дегенде алдымен ағайым өзі қарқылдап күліп жіберді.

 ***

Бізбен араласатын, бізге жақын жүретіндердің бәрі Бәкеңнің әзіліне үйренгендер әрі жақсы түсінетіндер еді. Тіпті «аға бүгін не айтар екенді» іштей күтіп, күлуге дайын тұратын. Сөйте тұра Бәкеңнің кейбір оқыс қалжыңдарына тосылып қалатын кездері де жиі болатын.

 Бір жақын адамның мерейтойына ауырып бара алмадым. Бәкең өзі кетті. Үнемі жұбымыз жазылмай бірге жүретінімізге елдің көзі үйреніп кеткендіктен бе, бәрі мені сұрапты. Бәкең сырқаттанып қалға­нымды айтады. Соны естіген Бәкеңнің жақсы көретін рухани қарындасы Нәйла Үмбетова:

 – Ой, аға, тәтем ауырып қалыпты ғой. Жаңа ғана естідім, халы қалай? – дейді.

 – Нәйла айналайын, сен қам жеме! Тәтеңнің әдеті, ылғи үміттендіріп қояды да, жазылып кете­ді, – дегенде Нәйланың көзі бақырайып не дерін білмей қалыпты.

Зейнеп АХМЕТОВА

АЛМАТЫ

        Неге?

Шешесі баласына:

– Әй, жетпегір!

Сендей пәленшенің баласының

Көкейі көкте жүр.

Сенің сілекейің ағып,

Ойың етте жүр,

Айдалада қаңғып, шетте жүр.

Көршінің баласы

Тауық шақырып тұрғанда,

Ол қозы-сиырын түгендеп,

Інілеріне бақырып тұрады.

Сен ғой түске таман

Көзіңді тырнап ашасың.

Тегіске сүйресе,

Оқалағы ұстаған буыршындай

Ойқастап, қырға қашасың.

Неге?

Шешесі бала құлағын

Осылай бұрап қойды.

Онысы жауап берудің орнына

Қарсы сұрақ қойды:

– Мендей түгеншенің баласы,

Тауық шақырмақ түгілі

Есек ақырып тұрса да,

Түске дейін пырылдайды.

Шешесі сіз құсап жұлынбайды.

Қайта, «Балам, ерте тұрдың ғой»

Деп еркелетіп, жымыңдайды.

Неге?

Күйеуі әйеліне:

– Пәленшенің әйелі –

Күндіз жұмысын,

Кешке тамағын істейді.

Тыпырлап кірін жуады,

Топырлатып қызын, ұлын туады.

Бірақ қабағы түспейді.

Күйеуінің миын жеп,

Ашудың күбісін піспейді.

Неге?

Әйелі жауап берген жоқ,

Қайта сұрақпен сабап берді:

– Түгеншенің әйелі

Менен артық қай жері?

Жаз болса теңіз қуалайды,

Мен картоп шауып,

Қоңыз қуалаймын.

Ол шапқылап, Бурабайға барады,

Мен Боралдайға да бармаймын.

Неге?

Бастығы қызметкеріне:

– Пәленшенің бөлімі,

Сүті тамған сиырдың желіні.

Себебі жігіттері құлжадай,

Біздің жігіттер майда

Бұл қалай?

Қызметкері жауап бермеді,

Ол да сауалын санап берді:

– Түгеншенің жігіттері

Сейілдеп жүреді,

Қызметке бастығынан

Кейін кеп жүреді.

Неге?

Өзің жайлы сұраса,

Осылай «Негелейміз?»

Нақты жауапты қашан шегелейміз?!

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ,

Алматы

Тікенек сөз

Рас, бақытты ақшаға сатып ала алмайсың, бірақ та белсебеттің үстінде отырып жылағаннан «Мерстің» ішінде  отырып еңіреген артық.

***

Жауыңды кешірсең – кешіре сал, алайда аты-жөні мен түр-түсін мықтап есіңде сақтап қал.

***

Жалқаудың ертеңі бітпес, қабілетсіз басшының жоспары  бітпес.

***

Қиялы – көкте, құйрығы – төсекте.

***

Алдағы уақытта әскери флотқа тек жүзе білмейтіндерді қабылдайтын көрінеді... Өйткені олар өз кемесін барын салып қауіптен қорғайтын көрінеді.

***

Ең төменгі еңбекақы адамды маймылға айналдырып жіберетін көрінеді.

Ердің «құны»

Сусағанда сыра ішіп, байқаусызда басқа тілде боқтап қоятыны болмаса, Сәкең өзін «қара тырнағыма дейін қазақпын» деп ойлайтын кісі. Және соны жұртқа жұқалап жарнамалап жүреді. Арғы-бергі тарихта ол білмейтін шешен жоқ. Қасына жолай кетсең, құлағыңның құрышы қанды дей бер. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы...» деп Майқы биден бері қайқитқанда, көмейден лықсыған соншама мол мақалға қалай қақалып қалмайтынына еріксіз таңғаласың. Бір-екі ғасыр бұрынырақ туса, би қамшысын білегіне ілердей тұрпаты да бар. Нағыз «кебеже қарын, кең құрсақтың» өзі.

Көлігіне мініп көрші ауылға барып келсе, әңгімесінің әлқиссасын «Балқан, Балқан, Балқантау, ол да біздің барған тау» деп бастайтынына күмәндана көрмеңіз. Көлік демекші, Сәкеңнің былтырға дейін қайықтай қара «мерседесі» болған. Өткен күздегі көктайғақта «абайсызда» ағашқа соғып, содан бері күні жигулиға қарап қалды. Оған қыңатын Сәкең бе, «байға тай мінсе де жарасады» деп миығынан күліп, мұртын ширатып отырғаны.

Қысқасы, бұл кісі өзін бүгінгінің Сырымы сезінеді. Тарихтағы Датұлынан бір айырмашылығы, бұны сөзден тосуға ешкімнің батылы бармаған. Пір тұтатын тұлғасының шөлдеп жүріп, қайдағы бір «шөпжелкеден» «жеңіліп» қалғанына іштей наразы. Сол жерде өзі болғанда, әлгі «сумақайды» қақ маңдайдан мақалмен «ұрып», «сылқита саларына» Сәкең тым сенімді.

Сіздерге түсінікті болсын, еске сала кетейік, баяғыда Сырым батыр шөл далада адасып жүріп бір қараша үйге түссе керек. Таңдайы қаталап келіп, қара көжеден қанғанша ішкен шешен: «О, тоба-ай, бір аяқ көже бір кісінің құны екен-ау. Егер осы сусын болмаса, мен шөлден өлер едім-ау» депті тамсанып. Сонда әлгі қыз жұлып алғандай: «Бәлі, батыр, бір аяқ көже екі адамның құны. Бұл сусын болмаса шөлден сіз, ұяттан біз өлер едік» деген екен. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген Сырым жарықтық, сол жерде айтарға уәж таппай жерге қарапты. Осы әңгімені естіген сайын Сәкең он сегізінші ғасырда тумағанына өкініп кетеді. Бұл заманда өйтіп сөйлейтін қыз қайда?.. Шетінен шалатілді, шолақ етек, шолтиған шаш, шоштаң-шоштаң еткен шөпжелкелер...

Сүйткен Сәкеңнің өткенде аяқ астынан аңқасы кеуіп, үйінен бошалаған інгендей безіп шықты. Шыжынаған ыстықта майы шыжып, қабақтай қарны тырс-тырс, қос өкпесі ырс-ыс еткен ол, қарсы беттегі кафеге борша-борша терлеп әрең жетті. Тілі желім шайнағандай жабысып қалған ол «сыра» деді сыбырлап. Сосын мәзірден «250 теңге» дегенді көзімен меңзеп, бес жүз теңгені үстөлге лақтыра салды. Сұлуша келген аққұба даяшы сұрағанын әп-сәтте даяр етті.

 – Уф, – деді Сәкең көбігі басылып үлгірмеген сыраны мейірі қанғанша бір сіміріп алды да, алдындағы аруға сынай қарап:

 – 250 теңге бір ердің құны екен-ау! – дей салды.

Даяшың да нағыз безбүйректің өзі екен: «Смотря, қандай «ер», – деді беті бүлк етпестен. – Анау сыптығардай қара сантехниктің «құны» 25 мың теңге. Күнің түсе қалса, одан кемге тұяғын қимылдатпайды. Ал, сөзбен басқаға ебі жоқ сіздің бағаңыз, айтқаныңыздай болса болар-ақ!

Сәкең жұтқыншағы жұмыс істемей қалғандай, саптыаяқты көтере берген қалпы, «әу» деуге шамасы келмей, мүсіндей мелшиіп қатты да қалды...

Абылай МАУДАНОВ

ҚОСТАНАЙ

*Татар әзілдері

Қораны кім тазартады?

Кедей, бір-біріне туысқан үш кісі жұмыс іздеп алысқа аттаныпты. Жолай үлкені Ғабди арманға беріліп:

– Жұмыс істеп байысақ, ат пен сиыр алсақ, – дейді.

Ең кенжесі Әбди:

– Сиырдың сүтін кім ішеді? – деп сұрайды.

– Мен! – деп айқайлап жіберді жалқау, ортаншысы Фағди.

– Қаймағын ше?

– Мен! – дейді ол тағы да.

– Ал қораны кім тазартады?

– Иә-ә-ә. қашанғы осы мен бола беремін? – дейді Фағди туысқандарына алма-кезек қарап, – Бұл жолы енді екеуіңнің біреуің ұмтылсаңдаршы...

***

Төзімді көрермін

Қалалық аудандардың бірінде ән байқауы өтіпті. Соңынан комиссия төрағасы жақсы деп табылған нөмір иелеріне мақтау қағаздарын үлестіріпті.

Сол кезде залда отырған жалғыз көрермен комиссия мүщелерінің жанына келіп:

– Маған мақтау қағазын бермейсіздер ме? – деп сұрайды.

– Не үшін дейді олар таң қалып.

– Не үшін болушы еді, төзімділігім үшін, – депті сонда көрермен. Өйткені концерттеріңізді бастан-аяқ көріп, тыңдап оытруға менің ғана шыдамдылығым жетті емес пе?

***

Үш жалқау

Үш жалқау алма ағашының түбінде демалып жатыпты. Нарттай қызарып піскен жеміске қарап бірі айтыпты:

– Уай, мына алмаларды жер ме еді?

– Сабағынан үзіліп, өздері ауызға түссе ғой! – депті келесісі армандап.

Сонда үшіншісі:

– Қалай ғана ерінбей, сол сөздерді айттыңыздар? – депті.

***

Амал

Дәрігер бір науқасқа тілін шығартып қойып, өзі рецепт жазуға кірісіпті.

– Дәрігер жолдас, он минут болды тілімді шығарып тұрғаныма, – дейді науқас. – Ал сіз бұрылып та қарамайсыз.

Дәрігер:

– Оқасы жоқ. Рецепт жазған уақытта болса да сіздің сөйлемей тұрауыңыз керек, – депті.

Тәжімалаған

Шырынхан АЛАШ,

АЛМАТЫ