Әдебиет • 05 Желтоқсан, 2018

«Алтын тобылғы» байқауының жеңімпаздары анықталды

2479 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Назарбаев орталығында «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауы қорытындыланды. Оған түрлі жанрда қалам тербеп жүрген 18 бен 35 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты.

«Алтын тобылғы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры жас әдебиетшілердің еңбегіне осымен төртінші рет қолдау көрсетті. Жылдан жылға байқауға деген қызығушылық артып келеді.

Биылғы бәйгеге елдің түкпір-түкпірінен 108 шығарма жіберілді. Жеңімпаздар  «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы», «Жылдың үздік драматургиясы» дәстүрлі аталымдар бойынша белгіленді. Әр номинация бойынша сыйақы қоры 1 миллион теңгені құрайды.

Сонымен қатар байқау Астананың мерейтойына арналған «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы аталыммен толықты. Оның жүлде қоры 1,5 миллион теңге.  

Марапаттау рәсіміне ҚР Парламентінің депутаттары, белгілі қоғамдық, мәдениет, өнер қайраткерлері, сондай-ақ оқытушылар мен  жоғары оқу орындарының «журналистика» факультеттерінің студенттері қатысты.

Байқаудың маңыздылығы мен қазақ әдебиетін дамытуға қосатын үлесіне тоқталған Тұңғыш Президент Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев: «Жыл сайын «Алтын тобылғы» байқауы бізге қазақстандық жаңа ақындар мен жазушыларды танытады. Бұл өз кезегінде жастар мен қоғам арасында қазіргі заманғы әдебиетті оқуға ынталандыруға, жаңа буын авторларының жарқын өкілдерін анықтауға ықпал етеді. Біз басты құндылық деп осыны  санаймыз», - деді.

Ұсынылған жұмыстар – адамдар арасындағы қарым-қатынас, олардың іс-әрекеттері, ұлттық болмыс пен ел дамуы туралы сыр шертетін  шынайы немесе ойдан шығарылған оқиғалар.

«Байқау аталымдары белгілі бір дәрежеде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған халқымыздың рухани құндылықтарын айшықтайды. Сол себепті ұлтық мәдениетті, тарихты және ел жетістіктеріне арналған шығармашылық жұмыстарды біріктіріп, жаңа аталымды қосу мүмкіндігі қарастырылуда», - деді Қанат Жұмабаев.

«Жылдың үздік прозасы» аталымында «Адасқандар» шығармасымен Айзат Рақышева үздік шықты. «Жылдың үздік поэзиясы» аталымы бойынша Қайсар Қауымбек («Күңіренбе, молалар») және Айбол Исламғалиев («Жалғыздық картинасы») қатар жеңімпаз атанды. «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Алина Гатина жеңімпаз болды. «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» аталымының иегері болып Талап Шерхан («Астана бояулары») танылды.

Биылғы жылы «Жылдың үздік драматургиясы» аталымы бойынша ұсынылған жұмыстардың қойылған талаптарға сай келмеуіне байланысты, жеңімпаз анықталған жоқ.

Сондай-ақ «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша Тұрсынбек Башаровқа («Чириме») және «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Ақан Марғұланға («Жетіқарақшы») көтермелеу сыйақысы ретінде 500 мың теңгеден берілді.