Кең-байтақ Қазақ елінің жеті қыры – Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны екенін нақты айғақтармен дәлелдейді.
Президент келтіріп отырған «Түркі әлемінің бесігі» жан-жүрегімізді тебіреніске бөлейді. Мақалада айтылғандай, біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, күллі әлемге ілімін таратты.
ХХІ ғасыр түркілер ғасыры болады деп үміттенер болсақ, осынау ұлы жолда облыс орталығы, рухани астанамыз – Түркістанның атқарар рөлі айрықша екені айқын. Ұлы ойшыл әл-Фараби мен рухани көсем Қожа Ахмет Ясауидің шапағатымен нұрланған қазақ халқының атақ-даңқы асқақтап, мәртебесі биіктей түсері сөзсіз. Осындай терең мағыналы еңбегі үшін Президентке шексіз алғыс айтамын.
Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,
Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы