25 Сәуір, 2012

Ұстазым менің, ұстазым…

958 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұстазым менің, ұстазым…

Мен Казталов ауданындағы Ақпәтер ауылының түлегімін. Бұрынғы «Красный партизан» совхозының онжылдық орта мек­тебін 1968 жылы тәмамдап, ауыл тарихында тұңғыш рет «орта мек­тепті бітіру­ші­лер» деген ат еншілеген­біз. Бұл елді мекен 1932 жылы құры­л­ған, осындағы орта мектеп жетіжылдық еді. Кейіннен сегізжылдық болды. Оқу­шылар 9 және 10-шы сыныпты әр жерде жүріп бітіретін. Кейде үйден қа­­­шық­та­маймыз деп сегізінші сыныптан ары оқ­ы­майтын да. 1966 жылы Орал облыстық оқу бөлімінің «Красный партизан» совхозында онжылдық мектеп ашылсын деген ұйғарымы шықты. Ел адамдары, әсіресе әке-шешелеріміз қалай қуанды десеңші.

 

Мен Казталов ауданындағы Ақпәтер ауылының түлегімін. Бұрынғы «Красный партизан» совхозының онжылдық орта мек­тебін 1968 жылы тәмамдап, ауыл тарихында тұңғыш рет «орта мек­тепті бітіру­ші­лер» деген ат еншілеген­біз. Бұл елді мекен 1932 жылы құры­л­ған, осындағы орта мектеп жетіжылдық еді. Кейіннен сегізжылдық болды. Оқу­шылар 9 және 10-шы сыныпты әр жерде жүріп бітіретін. Кейде үйден қа­­­шық­та­маймыз деп сегізінші сыныптан ары оқ­ы­майтын да. 1966 жылы Орал облыстық оқу бөлімінің «Красный партизан» совхозында онжылдық мектеп ашылсын деген ұйғарымы шықты. Ел адамдары, әсіресе әке-шешелеріміз қалай қуанды десеңші.

Ұлы Отан соғысының ардагері Алдан Әлмұқанов мектеп директоры әрі тарих пәнінің мұғалімі болатын. Сабақ өткізу әдісінің тамашалығы соншалық, тапсырманы үйде оқып машақат­­­­тан­бай­тынбыз. Мектепте сүйсіне құлақ қойып тыңдағаны­мыз­дың өзі жарап жататын да, оқу қонбайтын­дардың өзі толық «үштік» алатын. Тарих пәнінен сабақ беретін тағы бір мұғалім – Мәдияр Қор­жынбаев ағай да сабақ беру мәнері жағынан мықты болатын. Ол кісі сабақ түсіндіргенде тарихи оқиғалардың ішін­де өзіміз жүргендей күй кешетінбіз. Сон­шалықты әсер алып тыңдағасын ба, біз де тарих пәнінен өте жақсы оқыдық. Осындай ұстаздарды қалай оңайлықпен ұмы­тарсың? Өздері бұл өмірде жоқ болса да, жұбайлары мен бала-шағалары, ізбасар­лары бар. Соған қуанамыз.

1966 жылы совхозымызға жоғары оқу орнын бітірген бірталай жас мамандар келді. Солардың ішінде 23 жастағы ұстаз Құрманғали Едіресқалиев мен оқитын 9-шы «а» класына жетекшілік етті. Өзі физика-математика пәнінің мұ­ға­лімі және велоспортты ерекше сүйеді екен. Бізге жақсы білім берумен қатар, керемет психолог екенін көрсетті. Бір сыныпта отыз оқушымыз. Отызымыз отыз түрлі қылық көрсетіп, оны әуелі жас көріп қиқаңдай­тынбыз. Құрмаш мұ­ға­лім сабырлылық танытып, өзін нағыз Макаренко секілді ұстады. Осы жерде бір айта кететін жайт, жергілікті ауыл мұғалімдері де жаңадан келген жас мамандарды жылы шыраймен қабыл­дап, ортаға сіңіп кетуіне жағдай жасай білді.

Сегізінші сыныпты бітіргенге дейін физика пәнінен Ғалиахмет Әміров деген ұстаз сабақ берді. Ол кісіге бәріміз қызығып, еліктеп өстік. Жүрісі шапшаң, қимылы ширақ, мінезі тік, өзін нағыз ерлерше ұстайтын. Пальтосының жаға­сын көтеріп алып, бас киімінің құлақ­­шынын түсірмес­тен боранға да, желге де қарсы жүріп кете беретін. Қысты күні біз ағай­­дың ық жағын ала отырып, мектепке дейін пысылдай жүгіріп баратынбыз. Әрине ол кісі мұндайда тек жай басып бара жатады. Ал біз соның өзінде оған ілесе алмаймыз. Әлі күнге дейін есімде, қар қалың жауғанда ол кісінің ық жағында кетіп бара жатқан біз қарға омбылап қалатынбыз да ағайымыз бізді қардан суырып алатын.

Дене шынықтыру пәнінен сабақ берген мұғалімдерді қалай ұмытайын? Бірі Са­ғатбай Төлегенов – Ұлы Отан соғы­сының ардагері, тез қимылдайтын, дене бітімі сымбатты кісі еді. Белтемір, брусия, арқанмен өрмелеу секілді спорт снарядтарында міндетті түрде әртүрлі жатты­­­ғуларды өзі істеп көрсетіп, үйре­­тетін. Мен сол кісіден көп нәрсе алдым. Кейін ұшқыштар даярлайтын жерде бәрі пайдаға асты. Екінші мұғалім Қадырғали ағай еркін күрестен бірінші разрядты спортшы болатын. Күрестің негізгі тәртібі мен әдіс-тәсілдерін сол ағайдан үйрендік.

Мектебіміздегі оқу ісінің меңгеру­­ші­лері Ор­ын­ғали Иманғалиев пен Тасқали Сейітовті де естен шығару мүмкін емес. Бұл кісілер таза «дипломаттар» еді. Дауыс көтеріп сөйлеуді білмейтін, бізге көздерінің қиығын салғанының өзі жетіп жататын. Сонда небір тен­­­тек­тер­дің өзі тәртіп сақтап, ығысып кететін. Бұл жерде Тасқали мұғалімнің география пәнін соншалықты қызықты етіп өткізгенін айтпауға болмайды. Ұш­қыш­тар мектебінде жүргенімде де, ұшу тәжірибелерінің кезінде де ағайдың өзі мен ол үйреткен география пәніндегі атауларды жиі-жиі еске алып жүрдім. Бұл кісі менің тура жолмен жүруіме әсер еткен абзал адам еді. Орынғали ағай мектепте орыс тілінен сабақ берді. Бірде-бір адам орысша сөй­леспейтін қазақы ауылдың балаларын сол тілде жақсы сөйлей алатын деңгейге жет­кізді.

Мектеп жанындағы жатақханада ауыл шаруашылығында қызмет істейтін және ор­талықтан біршама шалғай тұра­тын адам­дардың балалары жатып оқы­ды. Сол кездегі «Красный партизан» орта мектеп-интер­натының тәртібі мен тәрбиесі әлі күнге жадымда. Жасөспі­рімдерді болашақ өмірге тәрбиелеудегі өте күшті орта болды десем, қате­лес­пей­мін. Бас тәрбиешіміз Ұлы Отан со­ғысының гвардия капитаны, «Қы­зыл жұлдыз» орденімен екі мәрте мара­патталған әскери-әуе десантшысы Сәлім Сұлтанов болатын. Тазалыққа, тәртіпке мән беруі ерекше еді. Шашымыздан бастап аяқ киі­мімізге дейін тексеріп, қо­й­ған кекіліміз мектеп ережесіне сәйкес келмесе алдыртып тастайтын да, аяқ киі­міміздің батпағын сол заматта жуғы­затын. Абзал ұс­таздың тәртіп пен таза­лыққа деген көзқа­ра­сы біздің өміріміз­ге үлкен септігін тигізді.

Сәрсекей мұғалім 9-шы сыныптан бастап ауылшаруашылық техникасы мен трак­тор айдауды үйретті. Жазғы демалыста ДТ-75-ті айдап, пішен үюші­­лерге көмек­тестік. Ол кісі мектепте музыкадан да сабақ берді. Арамыздан домбырашылар мен сырнайшылар шыққа­ны сол кісінің еңбегінің жемісі деп білемін.

Бұл тұста ең тұңғыш ұстазым – Қысмет Нұғманов ағайды міндетті түрде айта ке­туім керек. Ұстазым өткен жылы 80 жасқа толды, соған байланысты Білім және ғы­лым ми­нистрлігінің Ы.Алтынсарин ме­да­­лі­­­мен марапатталды. Осындай абзал жан­дардың өмірде бар екені қандай қуаныш!

Құрметті ұстаз апайларым! Шәкір­ті­­міз неге тек ағайларды айтты екен деп сөк­­пе­ңіздер. Сол мектептен тәлім алып шық­қан оқушылардың бәрінде апайла­ры­мыздың да үлесі бар, оны әлі де жазармыз. Бірақ қа­зіргі күнде орта мектептерде сабақ беретін ер азаматтар азайып кетті деген ойлар айтылып жатқан соң, сабақ берген ағайларым туралы жазуды өзіме парыз санадым. Мектеп қабыр­ға­сында ер азаматтардың көп болғаны дұ­рыс деп ойлаймын. Олардың сол жерде көрінген «көлеңкесінің» өзі-ақ бар­лық жеткін­шек­терге, соның ішінде ер балалар тәрбие­сіне аса маңызды. Биік тұ­ғыр­дан көрі­ну­ге, атпал азамат болуға тырысады.

Нұрлан АҚМҰҚАНОВ, 1-сыныпты ұшқыш.

АСТАНА.